Сенбі, 23 Қараша 2024
Өмірдің өзі 4515 0 пікір 9 Қаңтар, 2017 сағат 00:00

YЙ САЛАТЫН ЖЕРІ ЖОҚ, ХАЛЫҚ ҚАЙДА БАРАДЫ?

Бірнеше жылдан бері тұрғын үй салу үшін жер сұраған халыққа Үкімет жер беріп жатқан жоқ. Халық өсіп келеді. Шаңырақ құрған отбасылар саны артып келеді Әрқайсысына бас басына баспана керек. Үйі болмай, күйсіз жүрген отбасылар саны да көбейіп, баспана мәселесі ең өзекті мәселеге айналып отыр. Баспана мәселесін шешу үшін Үкімет түрлі бағдарламалар жасап, халыққа баспана беруге тырысып-ақ жатыр. Алайда, арзан қолжетімді баспана дегеннің өзі табысы аз қараша халық үшін шыға алмайтын шың болып тұр.

Біріншіден қолжетімді баспана алу үшін банк арқылы несие рәсімдеу керек, алғашқы кедергі табыс мөлшерінің аздығы, ал екіншісі несие тарихының мүлтіксіз болмауы. Бұл күнде несие алмаған адам кемде кем. Ал несиесін уақытылы қайтара алмай «күмәнді несиегер» болғандар да көп. Осымен несиеге баспана алу есігі жабылады.

Келесі қадам – жер алып, жеке үй салу. Бұл тұста да кедергі шаш-етектен. Заңда көрсетілген тиесілі он соттық жерге қол жеткізуге мараторий тұр. Яғни, Үкіметтен жер ала алмаймыз. Сатып аламыз. Сатып алынған жердің құжатында күмән көп. Қаланың аумағынан алып тұрған жердің өзінде құжатында «шаруа қожалығын жүргізу үшін» деген жазу бақырайып тұрады. Осы жерлердің өзіне Құдайына жалынып, қолының күшіне сеніп біздің халық балшықтан үй салып алуда. Осы орайда халықтың таң қалатын тағы бір жайы бар: жер бермейді деген Үкімет жер сатушыларға жерді қалай берді, қалай құжаттарын рәсімдеген, шаруа жүргізбек түгіл үй салуға әрең жететін 6, 8, 10 соттықтан бөлшектеп алып, қалай ғана саудаға шығарып отыр?! Әрине үлкен сұрақ. Жауап табу қиын...

Одан әрі өзі итшілеп әрең  дегенде үй салып алған шаруаға құзырлы органдардан өкіл кеп тұрғаны. «Жеріңіз жеке үй салуға тағайындалмаған, сондықтан мына баспанаңызды қиратып тастаймыз» дейді. Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады демекші, амалы жоқ ел «әке-көкеге» басады... Тағы да жүйке тоздырып, шешуі қиын түйінге жолығады.

Шындап келгенде, елге жер бермей сабылтып қойған Үкімет жер саудасына қатысты көптеген алаяқтарға жол ашып бергенін біле ме екен?!.

Жаңа заң нормасы бойынша елге жер берілсе де қалағанындай үй салып алуға мүмкіндік бермейді екен. Жоспарға сәйкес біртипті үйлер түсіріледі. Оны ірі құрылыс компаниялары салады, ал халық ол үйлерді өз қаражатына сатып алудан басқа амалы болмайды. Айтылған баспаналардың бағасы қандай болмақ, халықтың қалтасы көтере ала ма, әлде тағыда банктің табылдырығын тоздырып, әбігерге түсе ме?! Ол болашақтың еншісіндегі мәселе болғанымен, тәжірибе көрсетіп отырғандай арзан әрі сапалы баспана болуы неғайбіл. Десе де өз жеріне өзі қол жеткізе алмай отырған елдің ішінде ыза бар. Оған себеп біріншісі, өзі салған үйін құзырлы органдар бұзып тастаймын деп қорқытса, екіншісі өзгенің салып берген үйі сапасы сын көтермей, ақысын төлеуге қалтасы көтермей тұрғаны. Сонда бұл халық қайдан пана таппақ?!

Гүлжан Ізтай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364