Жұма, 22 Қараша 2024
ШОЛУ 7441 0 пікір 27 Желтоқсан, 2016 сағат 18:40

ОДАҚТЫҢ БЕРЕКЕСІ КЕТТІ

  • Саммит өткен 26 желтоқсан Ресейде қаралы күн болып жарияланды
  • Алмазбек Атамбаев Кедендік кодекске қол қоюдан бас тартты
  • Александр Лукашенко саммитке келмеді
  • Саргсянның одаққа не үшін қосылғаны белгілі болды
  • ЕАЭО кімге, не берді?

******************************************************************************

Күні кеше ғана Ресейдің Петербор қаласында Еуразиялық экономикалық одақ елдері басшылары бас қосты. Орыс территориясында кезекті рет өткізіліп отырған жиынның саяси шиеленістері көп болды. Солардың бірсыпырасын шолып өтелік.

САММИТ ӨТКЕН 26 ЖЕЛТОҚСАН РЕСЕЙДЕ ҚАРАЛЫ КҮН БОЛЫП ЖАРИЯЛАНДЫ

Әуелі саммит өтерден бір күн бұрын РФ Қарулы күштерінің ұшағы Қара теңіздің үстінде апатқа ұшырап, 8 экипажды қосқанда барлығы 92 адам қаза тапты. Бұл Сириядағы орыс әскерилеріне жаңа жыл алдында концерт қоюға бара жатқан әртістер еді.

Апат болған кезде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев саммитке келіп қойған болатын. Ресейлік әріптесі екеуі журналистер алдына шығып, қаза тапқандардың туыс-туғандарына көңіл айтты. 26 желтоқсан Ресейде қаралы күн болып жарияланды.

Айта кетейік, осының алдында Мәскеуде Ресей, Түркия және Иранның басқосуы болардан бір күн бұрын Ресейдің Түркиядағы елшісіне қастандық жасалған еді. Бұл жолғы саммит те тыныш өткен жоқ. Бәлкім бұл жай ғана сәйкестік болар.

БЕЛОРУСЬ-ҚЫРҒЫЗ ДЕМАРШЫ

Десе де соңғы уақытта тым саясиланып кеткен Еуразиялық экономикалық одақтың саммиті кейінге шегерілмеді. Өтті. Тек Белоруссия Президенті бұл саммитке қатыспады.

Бұл жолы ЕАЭО-ның жаңа кедендік кодексіне қол қойылуы керек еді. Оның үстіне Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Армения президенттері одақтың 2 жылдық жұмысын қорытындылады. Одақты алғаш құрушылардың бірі Александр Лукашенко саммитке мүлде келмеді. Бұл әрине минус бір.

«Dw.com» агенттігінің мәліметіне сүйенсек, Александр Лукашенко шақыртуды қабылдамаған. Белоруссия басшысының не үшін саммитке келмегені туралы Минск ешқандай мәлімет таратпаған.

Сондықтан Лукашенконың жоқтығын Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков былай деп түсіндірді: «Қайталап айтамын, барлық құжаттар тараптармен алдын ала келісілген. Саммитке қатысушы елдердің басшылары қол қойған соң, Александр Лукашенкоға жіберіледі. Ол сол жақтан қол қояды».

Естеріңізде болса, ЕАЭО-ның Арменияда өткен саммитіне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі мәрте бармай қойған болатын. Бұл одақтастардың ортақ келісімдерінің жоқтығын аңғартса керек.

Айтпақшы, Песков асығыс мәлімдеме жасаған екен. Тараптардың жаңа кодекс толық қолдамады. Қырғызстан Президенті Атамбаев кодекске қол қоюдан бас тартты. Ал ЕЭК мүшесі Тигран Саркисян Атамбаевтың толық келісім бермеуінің себебін түсіндіріп,  одақ аясында ашық кедендік жүйе ішкі нарыққа тиімсіз екендігін айтқан.

ОДАҚ РЕСЕЙ МҮДДЕСІНЕ ҒАНА ЖҰМЫС ЖАСАП ОТЫР

Естеріңізде болса, биыл мамыр айында Астанада өткен ЕАЭО саммитіне қатысқан Атамбаев пен Лукашенко одақтың жұмысы жүрелеп тұрғанын айтып, шамданған еді. Батьканың базынасын сөзбе сөз бергенді жөн көрдік: «Как бы наше объединение ни эволюционировало - сначала Таможенный союз, потом Единое экономическое пространство, сейчас ЕАЭС - количество торговых ограничений не изменилось, так и осталось на уровне 600. Более того - после подписания договора наш внутренний торговый оборот только падает».

Рас, ЕАЭО құрылған алғашқы жылы тауар айналымы 26%-ға, одан кейінгі жылы 30%-ға құлдыраған. Сондай-ақ, одақтас саналатын Қазақстан мен Армения немесе Белоруссия мен Қырғызстан арасында сауда саттық мүлде жоқ. Бұл өз кезегінде ЕАЭО-ның саяси мақсатта әм Ресейдің мүддесіне құрылғандығын дәлелдейді. Себебі, одақтас елдердің тауарлары тек Ресей территориясы арқылы ғана өтеді екен. Мұны «Московский комсомолец» басылымы жазып отыр.

Тіпті Арменияның одаққа қосылудағы әуелгі мақсаты ұжымдық қауіпсіздік үшін ғана болғанын Серж Саргсян Астанада айтқан еді. «Либо пространство ЕАЭС будет рассматриваться нашими международными партнерами как зона экономической стабильности и безопасности, куда можно инвестировать. Либо все будут исходить из того, что тут перманентные очаги напряжения и раздора»,-деді Армения басшысы. Тіпті «Әзірбайжанның Қарабақтағы әскері ЕАЭО-ға қауіп төндіріп тұр» деді. Өкінішке орай Саргсянның үміті Таулы Қарабақ жанжалына келгенде ақталмады. Алястағы екі ел Әзірбайжанды қолдады.

СОНЫМЕН КЕДЕНДІК КОДЕКС ДЕГЕН НЕ?

Жаңа Кедендік кодексті қабылдайтын болса, мемлекетаралық сауда-саттық бір жолға қойылатын құсайды. «Бұл кедендік процедураларды жеңілдету, бюрократияны азайту, кедендік рәсімдеуді оңтайландыру секілді мәселелерді шешуге мүмкіндік береді»,-дейді ЕЭК сарапшылары.

Жә, сонымен Петербордағы саммитке Лукашенконың келмеуі кесірінен келер жылғы одақ басшысының кандидатурасы да бекітілмеді. Осы жолы ЕАЭО-ның ендігі төрағасын дауысқа салуы керек еді, Александр Лукашенконың жоқтығы бұл рәсімді 2017 жылдың сәуіріне дейін шегерді.

ЕАЭО КІМГЕ, НЕ БЕРДІ?

Қазақстан ЕАЭО-дағы позициясын жоғалтып жатыр, деп жазады «radiotochka.kz» порталы. Сөзіміз сұйық шықпас үшін сандар сөйлесін. 2016 жылдың 10 айындағы көрсеткіштерге сүйенсек, одақтағы тауар айналымы 20%-ға, экспорт  25%-ға құлдыраған.

Ал Ресей мен Белоруссияға сатылған шикі мұнайдың көлемі бар болғаны 44 миллион долларды құрапты. Бұл сома былтыр 506 миллион доллар болған.

Сондай-ақ, 872 тонна сирек кездесетін металл саудалай отырып, өткен жылмен салыстырғанда  251 млн долларға аз пайда тауыптық.

10 айлық есеп бойынша алтын экспортынан тапқанымыз 14 миллионнан аз болған. Былтырғы жылы бұдан 13 есе көп немесе 170 миллион долларға артық пайда тапқан едік.

Түйін: Еуразиялық экономикалық одаққа деген сенімсіздікті ендігі одақ басшыларының өздері де айта бастады. Лукашенконың саммитті елемеуі мен Атамбаевтың кідірісі саммиттің сәні кете бастағанының айқын дәлелі болды. Ендігі саммит қайда өтетіні және төрағалыққа басты үміткер кім екендігі әзірге белгісіз.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5328