Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5008 0 пікір 23 Қыркүйек, 2010 сағат 08:19

Петропавл қаласына ежелгі «Қызылжар» атауын қайтару туралы мәселеге қозғау салуын сұрады

Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен Палатаның жалпы отырысы болып өтті. Онда депутат Жарасбай Сүлейменов оқып, 14  депутат қол қойған депутаттық сауал Премьер-министр Кәрім Мәсімовке жолданды.
Онда: Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп жатыр. Оған, әрине, тәубе дейміз. Алайда, әлі шешілмеген мәселелер де аз емес. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының орталығы – Петропавл қаласына байырғы Қызылжар атауын қайтару туралы мәселе көтерілгелі көп болды. Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қазақ тілді басылымдардың жетекшілеріне берген сұхбатында: «...Елiмiздiң зиялы қауымы бiраздан берi Петропавл, Павлодар секiлдi қалалардың атауларын өзгертсек деген ұсыныстар айтып жүр. Ленинград, Сталинград, Ульяновск секiлдi қалалар, басқа да жер аттары өзгерiп жатқанда, бұл да орынды ұсыныс шығар. Жергiлiктi әкiмшiлiктермен, мәслихат депутаттарымен ойласып көру керек. Бұл да – елмен бiрiгiп, ақылдасып шешетiн мәселе» – деп бәрімізді ақыл қосуға, ізденіске шақырған болатын. Содан бері ел тарихын, жер тарихын қастерлейтін жандардың жансебіл еңбегінің арқасында біраз жайлар анықталды, Петропавлдың түпкі атауы Қызылжар екеніне көз жеткізілді.

Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен Палатаның жалпы отырысы болып өтті. Онда депутат Жарасбай Сүлейменов оқып, 14  депутат қол қойған депутаттық сауал Премьер-министр Кәрім Мәсімовке жолданды.
Онда: Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп жатыр. Оған, әрине, тәубе дейміз. Алайда, әлі шешілмеген мәселелер де аз емес. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының орталығы – Петропавл қаласына байырғы Қызылжар атауын қайтару туралы мәселе көтерілгелі көп болды. Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қазақ тілді басылымдардың жетекшілеріне берген сұхбатында: «...Елiмiздiң зиялы қауымы бiраздан берi Петропавл, Павлодар секiлдi қалалардың атауларын өзгертсек деген ұсыныстар айтып жүр. Ленинград, Сталинград, Ульяновск секiлдi қалалар, басқа да жер аттары өзгерiп жатқанда, бұл да орынды ұсыныс шығар. Жергiлiктi әкiмшiлiктермен, мәслихат депутаттарымен ойласып көру керек. Бұл да – елмен бiрiгiп, ақылдасып шешетiн мәселе» – деп бәрімізді ақыл қосуға, ізденіске шақырған болатын. Содан бері ел тарихын, жер тарихын қастерлейтін жандардың жансебіл еңбегінің арқасында біраз жайлар анықталды, Петропавлдың түпкі атауы Қызылжар екеніне көз жеткізілді.
Әріден бастасақ, 1663 – 1763 жылдар аралығында өмір сүрген «Елім-ай» дастанының авторы атақты Қожаберген жыраудың “Қызылжар” деген өлеңі табылды. Онда ақын «Көлденең көк Есілдің жарқабағын, әкеміз Қызылжар деп атап кеткен»  деп нақ осы арада әкесі – Толыбай сыншының “Қызылжар” атты қыстауы болғанын жырлайды. Демек, сол кезде-ақ осы өңірді тұрғылықты халық “Қызылжар” деп атаған. Ал оның кейін дін апостолдары – Петр мен Павелдің есімдерімен аталып кетуі  Ресейдегі патша өкіметінің отаршылдық және орыстандыру саясаты салдарынан болған іс. Тағы бір дерек – үш жүздің басын қосқан Абылай хан өзінің 1759 жылғы 22 қазанда әскер шебінің командирі, полковник П.А. Роденге жазған хатында қырғыздардың (қазақтардың) сауда-саттыққа араласуына жағдай жасау жөнінде өтініш білдіреді. Ресей үкіметі  оның бұл тілегін қанағаттандырып, 1759 жылдың 22 желтоқсанында далалықтармен сауда-саттық жәрмеңкесін ашу жөнінде жарлық шығарады. Ел ішінде ол “Қызылжар жәрмеңкесі” деп аталады. Бұл мәліметті “Аблай настаивал на организации “сатовки” (места торговли) в крепости на Ишиме” деп белгілі қазақ ғалымы, тарих ғылымының докторы  Е. Бекмаханов та растайды.
1925 жылы кеңес елі коммунистік партиясының  бас газеті «Правда» Петропавлдың «Қызылжар» болып өзгер¬генi туралы хабар жариялаған.  Өйткені, осы жылғы шiлде¬нiң 18-iнде Ақмола губер¬ния¬лық атқару комитетiнің (ол кезде Қызылжар осы губер¬ния¬ның орталығы болған) тө¬ралқасы Петропавлды ресми түрде «Қызылжар» деп атау туралы қаулы қабылдайды, оны Қазақ Республикасы орталық атқару комитеті (Сол кездегі республика Үкіметі) бекітеді. Бұл құжаттың түпнұсқасы Мәскеу¬дегi Бүкілодақтық орталық атқару комитетіне, көшiрмесi Қызылжарға жiберілген. Бұл құжаттар Ресей мұрағатынан табылды. 
Қала атауын “Қызылжар” деп өзгертуге байланысты жергілікті “Мир труда” газетінде Андрей Бедный деген ақын “Красный Яр” деген өлеңінде тұрғындардың көңіл күйін былай  суреттейді:

Свет зори да грохот гулкий –
В октябре и здесь раскрыл глаза
А в залитых солнцем переулках
Шли сегодня русский и казах.

У казаха губы лепетали, –
Объяснил, что значит: “Кзыл – Джар”, –
– Город был Петра и Павла, –
А сегодня – он уж – “Красный Яр”.

Қазақ әдебиетінің  қос алыбы Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің шығармаларынан да Қызылжар атауын жиі кездестіреміз. Сәбит Мұқанов Шоқан Уәлиханов жайлы жазған “Аққан жұлдыз” деп аталатын тарихи романында Қызылжар атауы жайлы: “Бұл қаланың “Қызылжар” деп аталатын себебі – Есіл өзенінің топырағы қызғылт түсті жарына орнағандықтан екенін білеміз.» – деп  түсініктеме береді. Ұлы ғалым Ш. Ш. Уәлихановтың өзі де еңбектерінде Қызылжар қонысын “Қарқаралы сыртқы округы болыстарының қыстаулары” деп көрсетеді. 1911 жылы осы өңірде болып зерттеу жұмыстарымен айналысқан тау-кен инженері А.П. Нифонтов та өзінің жазбаларында: “Судя по обнажениям в берегах р.Ишим, р.Кайракты и впадающих в нее логов, по обнажениям в берегах р.Терсаккан, мы можем заметить здесь распространение пород третичного возраста, выраженных пестроцветными глинами и песчаником... Глины  плотны, пластичны, жирны на ощупь и окрашены в разные яркие цвета (белый, желтый, розовый, красный и т.д.)” деп қаланы жанай ағып өтетін Есіл өзенінің тік жарқабағының ерекшелігіне назар аударады. Халқымыз осындай географиялық ерекшеліктерді ертеден байқап, бұл жерді “Қызылжар” деп атаған.
Қазақтың тағы бір ірі жазушысы Ілияс Есенберлин өзінің Кенесары хан жайлы тарихи еңбегінде: “Он жылдың ішінде Талды-Қоянды өзенінің сағасында Қарқаралы өкірігі, Қызылжар бекінісінің жанында Көкшетау өкірігі, Семей бекінісінің тұсында Аягөз өкірігі, Жәміш бекінісінің қасынан Баянауыл өкірігі, Аманқарағайдан жоғары Құсмұрын өкірігі, Омбының Оңтүстік саласында Үшбұлақ өкірігі құрылды”, деп қазақ жерін бекіністер салу арқылы отарлап жатқан патшалық Ресейдің озбыр саясатын ашып көрсетеді.
Қала қай кезде, қалай пайда болды? Тарихқа көз жүгіртсек, ХVIII ғасырда осы аймақта қалыптасқан жағдай орыс үкіметін 1742 жылы көшпелі халықтардан қорғану үшін бекіністер салу туралы шешім қабылдауға итермелейді. 1752 жылғы наурызда Сенаттың Тобылдағы “Звериная голова” жанынан Омбы бекінісіне дейін ұзындығы 565 шақырым Новоишим немесе Қасірет белдеуін салу туралы жарлығы шығады. Арада үш ай өткеннен кейін
Қожаберген жырлаған атақонысы – Қызылжар ауылының тұсында да бекініс салына бастайды. Қазақ жеріндегі осы өзгерістер жайында жергілікті өлкетанушы М.И.Бенюх көз тірісінде көп жазған. Ол “Обращаясь к администрации, Аблай – султан Среднего жуза, часть родов которого кочевала южнее новой Ишимской линии, называл ее Красноярской (в рус-ском переводе) крепостью” – дейді. Міне, осылардың бәрі қаланың байырғы атауы Қызылжар болғанының бұлтартпас дәлелі. Демек, тәуелсіз мемлекет атанған бүгінгі таңда қалаға Қызылжар атауын қайтару тарихи әділдік болар еді. Жергілікті жерде оған қарсы шығып жатқан ешкім жоқ. Осы жазда ел арасында болып, аймақты аралағанда оған анық көз жеткіздік.
Осы жайларға сүйене отырып, табылған құжаттарға  заң тұрғысынан баға беруін сұрап, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қайрат Мәмиге депутаттық сауал жолдаған едік. Жауап алдық. Бас прокурор бастамаға қолдау білдіріпті.
Петропавл қаласының атауын Қызылжар деп өзгерту жөніндегі талабымызды қуаттайтын тағы бір уәж-біздің еліміз Ата Заңымызда жазылғандай, зайырлы мемлекет, бұл дін мемлекеттің,мемлекет діннің ісіне араласпайды деген сөз. Олай болса, еліміздегі стратегиялық маңызы бар үлкен бір аймақтың әкімшілік орталығының  дін әулиелерінің атымен аталуы қай қисынға келеді. Сайып келгенде бұл мемлекет құраушы ұлттың намысына тиетін, рухын жасытатын, халқымыздың бодандықта болған,  сорлы кезінің елесі іспетті жағымсыз құбылыс. Міне, сондықтанда сырттан таңылған, ел мен жер тарихына ешбір қатысы жоқ атауларды өзгертуге ұлттық мүддеміз деп қарап, оған қатысты сындарлы шешім қабылдайтын уақыт жетті деп санаймыз.
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, осы жайларды ескеріп, Солтүстік Қазақстан облысының орталығы – Петропавл қаласына ежелгі Қызылжар атауын қайтару туралы  мәселеге қозғау салуыңызды және оны Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қарауына енгізуіңізді сұраймыз. Бұл мәселе өз шешімін тапқанша, күн тәртібінен түспек емес. Уақыт осыны талап етіп отыр. Сондықтан ерте ме, кеш пе оны қарауға тура келеді. Осындай халық көптен күткен шешім қоғамымызда түсіністік ахуалы қалыптасып отырған бүгінгі таңда қабылданса, нұр үстіне нұр болар еді.
Осы депутаттық сауалға жауапты белгіленген тәртіпке сәйкес жазбаша беруіңізді сұраймыз.

(Сәуле Досжанова, т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратып отыр.)

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5370