Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 14800 1 пікір 27 Мамыр, 2015 сағат 12:23

АЯГҮЛ МАНТАЙ . ТОМПАҚ (әңгіме)

...Біз оны келеке етіп күлетінбіз. Ол балғын жасына сәйкеспейтін шамада тым толық еді. Анасы ғана оны Айжұлдыз деп  атайтын. Самай шашы ағарған шүйкедей әйел «Айжұлдыз, қайдасың?» десе, ойнап жүрген Томпақ үйіне қарай құстай ұшатын. Анасы дауыс көтерсе, ақталмайтын не қарсы жауап қатпайтын. Кінәлі адамдай көзін жерден алмай үнсіз тұратын. Мас әкесі шешесінің шашынан сүйреп жатқанда шыр-шыр етіп араша түсетін. Анасын арашалап жүріп,  көзілдірігі сынып, әйнек сынығы бетін жырып кетсе де,  әкесінің қолы тиіп, көзі көгерсе де ол әкесін жақсы көретін. Топыраққа аунап жатқан әкесінің қасынан табылатын да Томпақ еді.

Әкешім, үйге жүрші. Сені үйде апам, аға-әпкелерім күтіп отыр. Апамның шашы ағарып кеткенін көрмей жүргенің не? Әкешім, бізді достарымыздың алдында әбден ұялттың ғой, деп мас әкесін орнынан тұрғыза алмай, жылап отырады.

Біздер Томпаққа көмектесудің орнына оның ересек адамдарша сөйлегенін, әкесінің сәбише орнынан тұруға ұмтылып, тәлтіректеп қайта етпетінен құлағанын қызық көреміз.

Бір күні Томпақтың әкесі жоғалып кетті. Шегір көзі өңменіңнен өтетін сұсты кісінің бетіне әйелі де тіктеп қарай алмайтын. Мүрдесі көрші ауданнан табылды. Досының үйінде ішіп, соңы екеуі жанжалдасып тарайды. Қақаған аязда бағытынан адасып, далада ұйықтап қалады. Ол бір қиын кез еді. Ауыл дағдарыстан тұралап, бидайды диірменге тарттырып, нанды үнемдеп жеп отырған уақыт. Бидайы жоқтар жүгері нан жесе, бидайы барлар нанды кебегімен қосып пісіреді.

Қарабай  көкемді жерлеу отбасына оңай тимеді. Бір үйлі жан жалғыз ешкінің сүті мен жүгеріден түйілген талқанды қорек етіп отыр екен. Тұяқ дегеннен сыңар мүйіз ешкі мен бөрте лағынан басқа түгі жоқ. Қарабай көкеммен өлер алдында бірге ішкен құрдасы бұзау, молда атам екі қап бидай, колхозда отыз жыл бухгалтер болған туысы бір қап күріш, тағы бір жамағаты бір қап ұн беріп, туған-туыс қол ұшын созған... Көптен бері тоқаш пен тәтті жемеген балалар Томпақтың үйін жағалады. Қара жамылған үйдегі зарлы дауыстан денем тітіркеніп әрі шешемнен қаймығып мен  балаларға қосыла алмадым.     

 Сабақтан қарным ашып келген. Бауырларым кәріс әжейден қарызға алған бес жұмыртқаны қуырып жеп, маған түк қалдырмапты. Қу тамақ үшін біраз ұрыстым. Сары май жоқ. Құр қатқан қара нанды сарымсақпен жеп едім, аш қарынға жұбаныш болмады.  Шешем берекелі болады деп кебегін тазаламапты, тамағым жыбырлап кетті. Ет дегенді ұмытып қалғанбыз. Талай жыл қасапшылықпен айналысқан әкем қатты ауырып, ажал тырнағынан аман қалған.

Молда атам:  Малдың қанын мойныңа көп жүктедің. Әрнәрсенің өз есебі бар. Ендігәрі мал сойсаң, өзіңе қиын, –  деген соң әкем тауық та бауыздамайтын болған. 

Той-жиынға барған жерінен қалтасына төрт түйір кәмпит салып келмейтін шешем өз айтуынша, «сұғанақтықты жаратпайды». Асқазаным сазып, берекем кеткен соң, қолыма үлкен табақты алдым. Құйқаңды шымырлататын зарлы дауыстан қорқып, аяғымды санап басып, Томпақтың үйіне қарай бет алдым. Үй жанында жүрген балаларға жоламай қазан басында жүрген шешеме бардым.

–       Неге келдің? деп шешем жаратпай қарады.

Қарным ашты. Балаларың маған түк қалдырмапты.  Палау салып берші, –  дедім жыларман болып.  

Шешем: –  Менің соңымнан табақ алып жүгірген әдетті қайдан үйренгенсің? – деп  қабағын шытты. Қолымдағы үлкен табақты көріп, көзі шарасынан шықты. – Үйде бұдан басқа кішкентай табақ жоқ па?

Менің қайтатын түрімді көрмеген соң: 

– Қолыңдағы табағыңды жалаңдатпай бұл жерден тайып тұр, – деп жекіп тастады.

– Мама, менің қарным аш...

Келін, әлі ол бала емес пе?! Өзің кешеден бері осында жүрсің. Бала деген қарны ашқан соң шешесін іздемей ме екен? Айналайын, әкеле ғой табағыңды, – деп Сәбира апам табағыма сәл ғана толтырмай палау салып берді.   

Сол кезде өксіп-өксіп жылаған дауысты естідім. Үйдің қабырғасына сүйеніп жылап тұрған Томпақты көріп, аяп кеттім.  

Байғұс қыздың кешеден бері көз жасы бір тиылмады-ау! Марқұмның балаларының ішіндегі ең мейірімдісі осы Томпақ. Сорлы қыз қандай толық болса, жүрегі де сондай кең екен ғой. Үлкен қызы «алқаштың түбіне ақыры арақ жетті» деп безеріп отыр. Марқұм  бұрын салынып ішпейтін. Соңғы жылдары қатты ішіп кетті. Жақсы қайным қайғысын ішіне сақтап кетті, – деп Сәбира апам жанарына іркілген жасты сүртті.  – Ешкімнің көзіне түспей тез кетіп қал, әйтпесе, балаларына палау сұрап жүрген әйелдер көп. Томпақ жұқа киініпті, ауырып қалмаса болар еді. Үйге кіргізейін.  

Шешем: – Таласпай-тармаспай бірге жеңдер. Құдайым-ай, ашаршылық болмасын, ашаршылық болса, сен бірінші өлесің, – деді зілі жоқ дауыспен.

Бір табақ ыстық палаумен үйге оралғанымда бауырларым жымың-жымың етті. Оларға ызаланып, палауды бірінші өзім тойып жеп алып, сосын берейін деп тұрдым да ойымнан тез қайттым. Қуанбағанда қайтсін, бір күні кеспе, бір күні нан салма жейміз. Көршілеріміздің көрген күні де – осы. Қап-қара ұнды суға илеп пісірген еті жоқ кеспе мен нан салма қайдан дәмді болсын?! Езіліп кеткен қамырмен күнде өзегімізді жалғаймыз. Табағын көтеріп, ұн сұрап жүрген көршілерді көріп, осыған да тәубәшілік етеміз.

Ініме: – Дастархан жай, – деп бұйырдым. – Палау жеп болған соң су тасисың. Сен су әкелгенше, мен үйді жинаймын, содан соң еденді жуып шығасың.

Ол қуана басын изеді. Тамақтанып болған соң: – Суды бірге тасимыз. Мен арбаны итеремін, сен ыдыстарды суға толтырасың. Үйді жинап, еденді жуу қыздардың міндеті, –  деп өзіме талап қоя бастады.    

Соғыс жылдарында балалар өздерінің неліктен ашыққанын білді ғой. Бейбітшілік заманның саясатын түсініп жетпеген біздер неліктен ашыққанымызды білгеніміз жоқ. Тоқсаныншы жылдары балалығы өткен біздер  қырқыншы жылдың балалары секілді ашқұрсақ жүріп, нанды тоя жеуді армандадық. Ұнның түбі көрініп қалған соң шешем нанды бөліп бере бастады. Сол күндері менің түсіме қап-қап ұн, тау болып үйілген аппақ нандар кіретін. Қуанып шешеме түсімді айтамын.

Біздің үйге береке келе жатыр екен. Түнде мен де түсімде нан көріп шықтым, дейді шешем.  

Шешем қаптың түбін қағып, төрт пәтір пісірді. Сонда шын жоқшылықты енді сезінгендей қатты әбіржіді.  Тілдей пәтір нанды әрқайсымыздың алдымызға қойып, өзі талқан жеп отырды.

Кішкентай сіңлім: – Мама, жемесең наныңды маған берші, – деді.

Шешем еркесіне аузынан жырып, өзіне тиесілі нанды берді.

– Жей ғой, күнім.

Алты жасар сіңліме: – Сен мамамның нанын жеп қойсаң, ол аш жатады. Екінші рет сұрама, – деймін оңашада ертелі-кеш мақтаны арам шөптен тазартып, шаршап жүрген шешеме жаным ашып.  Қайдағы, сіңлім шешемнің тиесілі  нанын таңертең де, түсте де, кешке де жеп алады. Бізге шешем бір тілім нанға қосып,  талқанды қара суға шылап береді. Тәтті қосылмаған құр талқанды жей алмай, тыжырынып жұтамын.     

Шешем соңғы тілім нанды тілін тістелеп, беріп жатқан кезде әкем көрші ауылдағы диірменшіден қарызға екі қап бидай алып келді. Сонда шешем қатты қуанды.  

 Сенің түсің, міне, орындалып жатыр, – деді қабағы жадырап, езуіне күлкі үйіріліп.

Мен түсімде қап-қап ұн, көп ақ нан көргенмін, – дедім екі қап бидайды қанағат тұтпай.

– Әлі-ақ бұл күндер ұмыт болады. Бұрын етті жиі ассам, «күнде ет жейміз бе?» деп ренжуші едің. Майлы деп қазы-қартаны мастанып, жемейтінсің,– деді шешем өткен күнді сағына еске алып. – Етсіз тамақ жемейтін әкең де бұл күніне мойынсұна бастады.

Маған ол күндер ертегі сияқты көрінеді. Әкемнің достары әйелдерімен біздің үйде жиі бас қосып, ет жеп, әңгіме-дүкен құратын. Біреуміз мектепте өтетін әлдеқандай жарысқа қатысып, мақтау қағазын алсақ,  шешемнің абысын-ажындары келіп, «жуасың» деп қазан көтерткізетін.    

Шіркін, тойып ет жейтін күн болса ғой, – дедім сілекейім шұбырып.  

Ондай күн де туады. Баяғыдай «күнде ет жейміз бе?» деп жыларсың әлі, – деді шешем үмітпен.

Ол күндері балалардың күндегі әңгімесі ақ нан және дәмді тамақ жайлы өрбитін.      

Көршіміздің менімен құралпас қызы Мақпал:

Біз бүгін картошкасын мол етіп нан салма жасап жатырмыз,  деп мақтанады.

Сол бір қиын-қыстау күндері біздің ауылдың тұрғындары тамаққа картошканы да үнемдеп салатын еді ғой.

Ағаларым кептер ұстап әкелді. Бүгін кешке апам картошкамен кептер етін қуырады, – дейді Ажар.

– Апам кеспе жасап жатыр. Ертең нан салма жейміз, ал арғы күні тағы да кеспе көже ішеміз. Одан соң нан салма, – дейді  Томпақ үйлеріндегі ас мәзірін боямасыз баяндап. – Үйде бір табақтай ғана ұн қалды. Апам уайымнан қатты жүнжіп кетті. Біздің әрқайсымыздың апаларымызға  қандай қиын.

Ол мақтанбайтын. Мақтанып жатқан балаларды үнсіз тыңдап тұратын.      

Бірде Мақпал: – Апам түсте картошкасын көп қосып, бәліш пісірді. Кешке қалған бәлішпен шай ішеміз, – деп мақтанып қоймады.

 «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» молшылық кезде пейілі кең Жәмилә апам көшеде ойнап жүрген біздерді шақырып алып, бәліш үлестіретін еді. Томпақтың бәлішін жемегенін байқаған Жәмилә апам:

Томпақжан, неге бәлішіңді жемейсің? – деп сұрайтын.

Апама апарып беремін, – дейтін Томпақ. 

Айналайын Томпақжан, бәлішіңді жей ғой. Апаңа да бәліш беремін,  

дейтін мейірленіп Жәмилә апам.

Бәлішімді жұрттан бұрын таусып қойып,  тағы сұраймын.

Жәмилә апам: – Айка, сен де апаңа апарғың келеді ғой, – дейді.

Өзімнің жегім келгенін қалай айтамын?

Иә, апа... – деймін қызарып.

Жәмилә апам бәрімізге қайта бәліш үлестіретін. Екінші бәлішті Томпақтардан ұзап, үйге жақындағанда асығыс жеп аламын.

Мақпал мектепке бәліш апарып, екеуміз үзілісте жейтінбіз. Жәмилә апам мен Мақпалдың баяғыдай бәліш бермейтініне ызаландым ба, әлде мақтанғым келді ме: – Әкем бүгін базардан семіз қой әкеліп, сойды, – деп өтірікті соғып жібердім. – Кешке ми жейміз.

Ми жейтініміз рас. Қалаға бір жұмыспен барып қайтқан әкем қойдың басын әкелген.

Кешке: –  Қуырдақ дайын ба? – деп  Жұмаш пен Әли көкем үйге кіріп келді. Жұмаш әкемнің құрдасы. Ажардың әкесі.

Әли көкем: – Жұмаш қуырдақ жеп қайтайық, – деп қоймады деп күлді.

Әли көкем дегенім Мақпалдың әкесі.  

– Қайдағы қуырдақ? – деп шешем әкеме, әкем шешеме қарады.

– Бүгін қой сойыпсыңдар ғой?!

Әкем мен шешем «Енді екі көкемнен ми қалмайтын болды-ау» деп  мазам қашқан маған қарады. Әкем көзімен «қызым, жоқ нәрсемен мақтанбас болар» дегенді ұқтырып, басын қынжыла шайқады да көңілденіп: 

– Қуырдақ болмаса да, бас жеп қайтыңдар, – деп шақырусыз қонақтарды дастарханға шақырды.

Ауызғы бөлмеде басты қазаннан түсіріп жатқан шешемнің: – Бұлар да жұрттың қазанын аңдып жүреді екен, деп күбір еткенін құлағым шалып қалды.   

Сығырайған білте шамның әлсіз жарығы жалп-жалп етеді. Үлкендер басты мүжіп, құр шайды сораптап отырып, ауыл-аймақтың әңгімесін айтты.    

– Жанәділдің ортаншы ұлы түнде көршісі Бердібектің сиырын ұрлап жатқан кезде ұсталыпты, – деді Жұмаш көкем.

– Сұмдық-ай!  Шешесі қатты ауырғанда сол баланы Мердібектің әйелі емізіп еді, – деді шешем қынжылып.

– Бастықтың жылқыларын ұрлаған  Сәндібек пен Төлеу екен, – деді Жұмаш көкем. –  Сәндібектің  әйелінің қайтыс болғанына жыл толған жоқ. Шиеттей балаларына обал болды. Байғұсты қандай жаза күтіп тұр екен?

– Кім білсін? – деді әкем. – Сәндібек бастықтың ағайыны ғой. Сегіз баласын жылатпайтын шығар? 

 Бастық дегені – бұрынғы колхоз бастық. Ал колхоздың тарап кеткеніне жыл асты.  

Жұмаш көкем: – Шегенің сиырын ұрлаған туған інісі Мәлік екен, – деді.

–  Шеге ел-жұртқа күлкі болмайық деп інісінің ұрлығын жасыратын көрінеді.

–  Сол әңгімені менің де құлағым шалып еді. Жоқшылық туған мен туыстың арасын алшақтатты. Ашыққан жұрт туғанының қорасына ұрлыққа түсе бастады. Дүние не болып бара жатыр? – деп басын шайқады Әли көкем.      

 Көңілсіз әңгімелер шамның әлсіз жарығындай көкейіңдегі сәулесі аз үмітті жаншып тастайды. «Е-е, әлі бізге тоя нан жеп, ет қосылған ас ішетін күн алыс екен ғой» деймін ішімнен.

Әкем: Бұл өзі жақсы отырыс болды, деген риясыз көңілмен.      

Кешке жарық жарқ етсе,  ғарыштан таңғажайып сәуле түскендей қуанамыз. Әлгі жарығы құрғыр бір сағатқа жетер-жетпес қайта жалп етіп сөніп қалады.

Қызыл иек кемпірлер: Көзіміз енді ашылып қалып еді. Әй, мұны істеп отырған Үкімет емес-ау! Колхозды жұтатып кеткен Малғат бастық қой , деп  қарғап-сілеп алады. Жастар кеш батса, көше кезіп кетеді.

Көрші ауылдан балалар есек арбамен су тасимыз. Кейде керісінше, көрші ауылдың тұрғындары суға біздің ауылға келеді. Томпақ «піләк» тола суларды есек арбаның үстіне атып ұрады. Сосын есектің басынан сипап:

Салпанқұлағым, сенің күшің көп қой. Шыдамды бол, –  дейді.

Сумұрын: – Томпақтың  өткенде құмырсқамен сөйлесіп отырғанын көргенмін. Бұл өзі барлық жан-жануардың тілінде сөйлей алады, – деп күледі.

Сумұрын, дұрыс айтасың, мен барлық жан-жануарлармен сөйлесе аламын. Тек сенімен бір тілде сөйлесе алмаймын, – деп жымияды ол.

Сумұрынға ашуланса, құлағынан тартады.  

Томпақ, сен әдемі қызсың. Тек аздап толықсың, деп Сумұрын қалжың айтқан болады. Томпақтың мөлдіреп тұратын тұңғиық қара көзі әдемі.

Қарулы қолдан оңай құтылмасын сезген Сумұрын кешірім сұрап, жалынады. Томпақ бірден жіби салмайды. Сумұрын қарғанып, қулыққа көшеді.

Оллаһи-биллаһи, енді мазақтамаймын. Менің арғы атам үлкен молда болған. Оның  барлық тілегі қабыл болады екен. Егер мен де шын тілесем, үш айдың ішінде азып кетесің, – деп көзін жұмып, күбірлеп, дұға оқиды.

Томпақ Сумұрынның құлағын тартқанын қойып, одан әлдебір үміт күтіп, көзін жұмып, үнсіз тұрады.

Сумұрынның ешқандай дұғасы қабыл болмай, Томпақ жасына жас қосылған сайын семіре берді.

Әйелдер: Томпақ бикеш жардай болып семіріп барады. Күннен күнге пішіні бөшкеге ұқсай түскендей. Бұл қандай ауру екен? деп оның семіздігінің сырын іздеді. Томпаққа бірі «қара суға тек қана қырыққабатты қайнатып іш» десе,  бірі «күнде тек қана қияр же» деді, енді бірі «алмадан басқа ештеңе жеме» деп  кеңес берді. Жаз бойы тек қана қияр жеп, қысымен қырыққабатты  қара суға қайнатып ішсе де Томпақ азбады. Семірген үстіне семіре берді. Әлде ісіп бара жатты. Томпақ семірген сайын мінезі тұйықталып, бізден бөліне бастады. Әлде біз оны шеттеттік пе екен, білмеймін...

Сабақты орташа оқитын Томпақ тоғыздан кейін мектепті тастап кетті. Қысқа шашын бұйралап, ернін қып-қызыл далаппен бояп, әдейілеп кие ме қайдам, қысқа көйлекті денесіне жабыстырып киетін. Биік өкше туфли киіп, қисалаңдап жүре алмайтын.

Еріккен есерсоқ балалар:

Біздің Томпақ гүлдей құлпырып кетіпті.

Томпақ, бүгін кешке жігітіңмен кездесесің-ау деймін. Жігітіңнің салмағы сенің салмағыңа сәйкес келе ме?

– Томпақ, бүгін кешке үйіңе барайын, томпаңдап шығасың ба?

– Шіркін, Томпақтың дүрдиген қып-қызыл шие ернінен сүйер ме еді?

– Қасын айтсаңшы, қарлығаштың қанатындай қиылған.

– Төс қандай, бөксе қандай?!   

– Шіркін, Томпақтың қыпша белін құшақтап, вальс билер ме едім.

– Бура сан қарындас апай төс, палуан жігіттерді болмаса, біз секілді арықтарды қайтсін?

– Хи-хи-хи-хи, бура сан дейсің бе? Тауып айттың, Заман. 

Әй, сен осы шынымен артиссің.

– Бура сан? Ха-ха-ха-ха-ха! Бу-у-у-ра... Ха-ха-ха-ха!

 Қыздар Томпақтың шаш үлгісі мен киім киісін кекетіп, мырс-мырс етеді.     

Ол:Көктем ұйқымды ұрлап, ай-жұлдыз сыр айтып, сыбырлайды, – деп  бәрімізге үрке қарады.  Жанары  «сендер мені бәрібір түсінбейсіңдер ғой?» деп тұрады.  –  Көктемді көп күттім. Жүрегім тоңып жүр.

Жүрек тоңа ма? Томпақтың ғана жүрегі тоңатын шығар? –  деп қыз-жігіттер қыран-топан күлкіге батты.

– Білем ғой, менің жаураған жүрегімді ешкім жылыта алмайды.

Томпақ, сені ыстық деміммен жылытар едім, бірақ менің демім сенің жүз килә денеңді жылыта алмай ма деп қорқам.  

Заман тағы да тауып сөйледім бе дегендей масаттанып жан-жағына қарады. Сабақ оқуға ықыласы жоқ зуылдақ, жіңішке дауысты жігіт Алматыға барып, актердің оқуын оқуды армандайтын.

Өзін талантты санайтын ол: – Актерлерге көп оқудың қажеті жоқ, көп оқысаң, талантың кеміп кетеді, – деп пәлсапа соғатын.   

Томпақ, сен Алматыға актрисаның оқуына барып түс. Кескін-келбетің де, сөйлеген сөздерің де актрисаға ұқсайды, –  деп миығымен мысқылдап күлді Заман.  – Кейде режиссерлер көшеден семіз жігіттер мен қыздарды іздеп, киносына түсуге  шақырады. Бір газеттен семіздігі үшін киноға түсіп, байып кеткен актер туралы оқығанмын. Киноға түсіп, көп ақша тауып, шетелге барып, мықты дәрігерлерге көрін. Ақшаң болса, азу түк те қиын емес.

 Томпақ: – Семіздіктен қорықпаймын. Ол түк те қорқынышты емес. Тіпті семіздігімнен ұялған да емеспін. Сен секілді сезімсіз, жанды қуыршақтардан қорқамын. Жіңішке дауысты еркектен актер шықпайды. Олар күш-жігерін өсек айтуға жұмсап, бойындағы бар талантын жоғалтып алады. Мен сенен актердің образын емес, өсекқұмар қатынның образын көремін, – деп сыпайы жымиды.   

Әлгінде ғана Томпақты келемеждеп тұрған қыз-жігіттер енді Томпақты көтермелеп, Зуылдақты ермек еткен.

Біздің Томпақ құдды жазушылар секілді сөйлейді ғой.

Томпақ, сенен мықты жазушы шығады. Кітапты да көп оқисың.

Томпақ, бұрын тақпақ шығарушы едің ғой. Қайда сол тақпақтарың?

Тақпақ дегенің не? Өлең десеңші.

Тақпақтың өлеңнен қандай айырмашылығы бар. Бәрі бір емес  пе?

Томпақ, сен біреуге ғашық болдың ба? Әдетте өлең біреуге ғашық болған кезде туады дейді ғой. Өлеңіңді оқуға бола ма?

Томпақ күнделік те жазады, – деп қыздар Томпақты енді танығандай дуылдасты. 

Ха-ха-ха-ха-ха! Режиссерлер Заманға тек қана әйелдердің рөлін беретін шығар.

– Мәледес, Томпақ. Дұрыс айтасың. Жіңішке дауысты еркектен актер шықпайды. 

Ол жіңішке даусымен зор дауысты Қобыланды, Тарғынның рөлін қалай ойнасын?

Орамал тағып, сиыр сауған қатынның рөлін ойнаған Заманды теледидардан көретін күн алыс емес.

 Жіңішке дауысты бұл еркек біресе Төлеген боламын деп, енді бірде Бекежан боламын деп бөсуші еді ғой. Ха-ха-ха-ха-ха!

Хи-хи-хи-хи. Ол Төлеген мен Бекежаннан садақа кетсін. Өсекші қатын десеңші.  

 Мәледес, Томпақ.

Халың қалай, Бекежан?

Оу, Төлегеннің мазасы жоқ қой.

– Актерге не болған? – деп жігіттер Заманды жер етті.  

Томпақ шошына қараған.

Бұларың не? Ол сендердің күні бүгінге дейін достарың емес пе еді? Оны бөлгендерің не? Мен жәй ашудан айтқаным ғой.

 Томпақ, оны неге кешіресің. Бүкіл балалардың алдында ол сені қорлады ғой, – деді Сумұрын күйініп.

Айтарын айтса да, сүмірейіп тұрған Заман жаққа жалтақ-жалтақ қарап қояды. Оңаша жерде зуылдақтың қолына түсіп қалам ба деп қорқады.       

– Адам түгілі көктем де мені жылатты.  Бірақ менің көзімнен бір тамшы да жас шықпайды? Неге? Білмеймін... Бүгінде көктемді емес, күзді сағынам, –  деді Томпақ қасында тұрған біздерді ұмытып.   

Томпақ, молда атама оқытылып, дем салдырып жіберші. Сөздерің жынды Қарауылбекке ұқсап бара жатыр, –  деді шыр-пыры шығып Сумұрын.  

Қарауылбек сендер ойлағандай жынды емес. Оның бар айыбы  –  бізге ұқсамайтынында, –  деді ашуланып Томпақ.      

– Сен де бізге ұқсамайсың ғой, – деді аңқау Сумұрын.

Қазір ойлап қарасам, біз –  саналы жыртқыш екенбіз, ал ол – біздің жемтігіміз болыпты.

Кім әлсіз болса, не сәл мүлт кетіп, осалдық танытса, сол адам – әлділердің жемтігіне айналады. Кім өзін қорлаған адамдарды жеңіп шықса, оған бәрі құрметпен қарайтын болады.

Сол оқиғадан кейін Заманды балалар қатарына қоспай қойды. Керісінше, олар Томпақпен жылы сөйлесетін болды. Бірақ Томпақ ешкіммен ашылып сөйлеспейтін.   

Он жеті жасында Томпақ оң жақта отырып дүниеге бала әкелді. Толғақ қысқанда шешесінің өзі қызының жүкті екенін бір-ақ біліпті.

Шешесі:

Қу қардың семіздігінен іші білінбеді, әйтпесе, ел-жұртқа күлкі болмаудың бір амалын қарастырар едім ғой. Анасы маған да баласының әкесі кім екенін айтпайды, әлде, кім екенін білмей ме? деп күйінетін көрінеді.

Томпақ: Баламның әкесі бұлт, деп есімін Бұлт қойды. 

Бұл қызды жынды Қарауылбекке қосу керек. Майы іркілдеген оны басқа кім алады? – деді  мосқал жеңгем.

Әй, ол қыз Қарауылбек жындының үйінен шықпаушы еді.  Жылбысқының әкесі Қарауылбек жынды болып жүрмесін, деп бірі іліп әкетті.     

– Қайдағы жоқты айтпа, келін. Семіздігінен қорынып, байғұс қыз құрбыларына қосыла алмады. Жынды балаға жаны ашып, «ағалап» құрақ ұшатын, – деді ешкімнің сыртынан ғайбат сөз айтпайтын Сәбира апам. 

– Әлгі жынды Томпақты көрсе жуасып қалатын, – деп қасын керіп, жымиды кербез жеңгем.

– Мүлпаш абысынның иығы еңкіш тартып, қартайып кетіпті. Томпағын ерекше жақсы көруші еді, – деді Әтіргүл жеңешем.

–  Екі қызы күйеуінен ажырасып, үйіне келіп отыр. Томпағы некесіз туып алды. Үлкен ұлы балалы әйелге үйленді. Уайымнан жүнжіп кетті ғой байғұс Күлпаш, – деп басын қинала шайқады мосқал жеңгем.

– Черныйбай қайынаға да күйіктен ішіп өлді ғой, – деді Әтіргүл жеңгем.

Біздің ауылдың келіндері Қарабай көкемді Черныйбай қайынаға дейтін.

– Баласының атын Бұлт қойғаны несі? Тағы біреуден туып алса, баласының есімін Қар не Жаңбыр деп қоятын шығар, – деп кербез жеңгем бетін шымшыды.     

– Келін шырақ, жаман сөз айтпас болар. Сенің де бетіне қарап отырған жалғыз қызың бар ғой. Бәріміз де қыз өсіріп отырмыз. Өз қыздарыңның болашағын ойлаңдар,– деп Сәбира апам сыпсың сөзге құмар жеңгелерімді тыйып тастады.      

Ауыл ішінде «Томпақтың баласының әкесі  Қарауылбек жынды екен» деген өсек  тарады. Сол Томпақ босанғаннан кейін күннен күнге азып  бара жатты. Дәрігерлер оның қатерлі  дертке шалдыққанын анықтапты. Былтыр ауылға барғанда шашы түсіп, иығы қушиып, сүйегі көрінген Томпақты көргенде шошып кеттім.  

...Біз оны келеке етіп күлетінбіз. Бірақ тағдырға ешкім күле алмайды екен.

Abai.kz  

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5324