Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 6401 0 пікір 12 Мамыр, 2015 сағат 15:47

«ӘДІЛЕТ ТУЫМЕН ШИРЕК ҒАСЫР»

 «Абзал-Ай» баспасынан жазушы және тарихшы Бейбіт Қойшыбаевтың «Әділет» туымен ширек ғасыр» деп аталған публицистикалық хроникасы жарық көрді.

Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы құрылғалы бері ширек ғасырдан асып бара жатыр. Ол еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың алғашқы қарлығаштарының бірі болып табылады. Бағдарламасында саяси қуғын-сүргін мен алапат ашаршылықтар сырларын ашып, жазықсыз жапа шеккендердің адал есімдерін қоғамға қайтаруды, оларға қатысты бұрмаланған ащы шындықты, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді, жалпы, сталинизм қылмыстарын жан-жақты әшкерелеуді мұрат тұтқан. Жақында осы қоғамды ұйымдастырушылардың бірі, қоғам шаңырақ көтергелі оның тұрақты басқарма мүшесі, біраз жыл президенті, соңғы кездері төраға орынбасары ретінде жұмысына белсене қатысып келе жатқан жазушы және тарихшы Бейбіт Қойшыбаевтың «Әділет» туымен ширек ғасыр» деп аталған публицистикалық хроникасы «Абзал-Ай» баспасынан жарық көрді.

Жинаққа автордың «Әділет» идеяларын насихаттауға, сталинизм қылмыстарын әшкерелеуге, тарихи білімді таратуға байланысты әр кезде жазылған мақалалары, түрлі жиындардағы сөздері, баяндамалары, әзірленуіне тікелей өзінің қатысы болған құжаттар, түрлі басылымдарға берген сұхбаттары енгізілген. Кітап қайта құру дәуірінде өмірге келіп, тәуелсіздікпен бірге даму үдерісін бастан кешіп келе жатқан қоғамның жиырма бес жылдық ғұмырынан пайдалы мағлұматтар береді.

Ширек ғасырлық ғұмырында «Әділет» тоталитарлық кезеңнің бұрмалауларын әшкерелеуді көздейтін түрлі ғылыми конференциялар, дөңгелек столдар және жұртшылықпен көптеген кездесулер өткізді. Алматы түбіндегі «Жаңалық» мемориалдық кешенін, қалада саяси репрессиялар құрбандары мұражайын  ашуға, қасіретті кезеңнен сыр шертетін алғашқы естеліктер кітабын шығаруға мұрындық болды. Жазықсыз оққа байланғандардың есімдері мен өмірдеректерін жария еткен «Азалы кітап» тізбегін шығарды. Жастарды тарихпен тәрбиелеу ісіне, қоғамдық сананы жаңаша қалыптастыруға, демократиялық құндылықтарды орнықтыруға хал-қадерінше атсалысып келеді. Осы мерейжасқа орай шығарылып отырған аталмыш жинаққа берген алғысөзінде Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының төрағасы, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес қоғамның «мемлекеттік тәуелсіздігімізден екі жыл, сегіз ай бұрын дүниеген келгенін» атап айта отырып, «Әділет» «өзінің сталинизм қылмыстарын әшкерелеу, жабық тақырып саналып келген саяси қуғын-сүргін және алапат ашаршылық шындықтарын ашу, жазықсыз құрбан болғандарды ақтау ісіне атсалысу сынды бағдарламалық жұмыстарын атқара жүріп, сол арқылы еліміздің егемендікке қол жеткізуіне белгілі бір дәрежеде өзіндік үлес қосты» дейді. 

Саяси қуғын-сүргін кезеңдері шындығын ашатын ұйым құруды көздеген 1988 жылғы бастамашыл топ пен дайындық комитетінің жұмысына Болат Ілиясұлы Жансүгіров-Ғабитов жетекшілік етіп, нәтижесінде 1989 жылы шаңырақ көтерген «Әділет» тарихи-ағарту қоғамына алғаш  мемлекет және қоғам қайраткері Санжар Оразұлы Жандосов, одан беріде академиктер Манаш Қабашұлы Қозыбаев, Мұрат  Тәжімұратұлы Баймаханов, Кеңес Нұрпейісұлы Нұрпейісов төрағалық жасаған. Басшылық құрамында Мардан Келдібайұлы Байділдаев, Александр Лазарьұлы Жовтис, Марат Жақсыбайұлы Хасанаев, Сәуле Тұрарқызы Рысқұлова секілді азаматтар болды. Бүгіндері қоғам жұмысына саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары Сәуле Рахымқызы Сүгірова-Айтмамбетова, Саят Ілиясұлы Жансүгіров, Қызғалдақ Құдайбергенқызы Жұбанова, Нәдір Әбдіқадырұлы Әзірбаев, Марат Садықұлы Нұрпейісов, Әли Оразұлы Жандосов және басқалар, сондай-ақ репрессиялар құрбандары ұрпақтарының үшінші буыны өкілдері белсене қатысуда. Қоғамның жаңа төрағасы лауазымына қазіргі таңда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Махмұдұлы Әбжанов  сайланған.

 Суретте: Бейбіт Қойшыбаевтың «Әділет» туымен ширек ғасыр»  публицистикалық хроникасы.

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5301