ОСПАН БАТЫРҒА ЖАСАЛҒАН ҚАСТАНДЫҚТАР
Алланың адал құлдарына деген мүнафихтардың жаласы мен жаулығы ежелден бар. Тірліктің қиын сынағындағы Оспан батыр да осындай от пен судың ортасында қан кешті. Және өз ақиқатын өліммен дәлелдеп, жауының алдында еңкеймеген күйі кеудесін оққа төседі. Тіпті өлер шағында басқаларға көлеңке боларлық күпір мен ғайбатқа бармастан бар кінәні өзі көтерді.
Кейінгілерге жұмбақ күйінде қалған Әлихан төренің Оспанға жазған бір хаты бар. Онда «Қорқыт өлімнен қанша қашса да құтылмаған, қайда барса да көр кездескен деген екен» делінеді. Біраз шіркіндер бұл хаттың мәнін: «Мұнысы «Қытаймен күресіп жеңіске жетпейсің, бәрібір олардың тіс-тырнағынан құтыла алмай, өлім құшасың. Сондықтан ертерек берілгенің жөн!» деген сөз» деп тұспалдайды.
Оңнан солға қарай: бірінші тұрған - Нұрғожай батыр, үшінші - Оспан батыр, төртінші - Дәлелхан Жаналтай.
Шын мәнінде Кеңес Одағы 1944 жылы 12 сәуірде өзі құрған Шығыс Түркістан Республикасын (ШТР) құлату керек деп шешкен. 1945 жылғы 11 ақпандағы Ялта басқосуынан кейін, Әлихан өз жетекшілігіндегі жас мемлекетті қорғап қалуға кірісті. Осы барыста кезектен тыс құрылтай шақырып, Оспан мен Қалибекті одаққа тартты. Оспан өз өкілі Ләтіп Мұстапаұлын, Қалибек өкілі Қамза Шөмшібайұлын құрылтайға жіберді. Әлихан мен Ләтіп ұзақ сөйлесті. Аталған хат осы жолы Ләтіп арқылы Оспанға жолданды. Оның шын мәнісі: «Қызыл өкімет жер дүниені жалмап келеді, кеңестік қызылдың итпегінен Қытай да сол жолға бейімделді. Оған төтеп беру өте қиын. Дегенмен, берілсең де, берілмесең де алдыңда өлім күтіп тұр. Сондықтан қара тұяқтан хал кеткенше күресіп өлгеніміз дұрыс қой!» еді.
Ол кезде Кеңес Одағының елшілігі Үрімжі қаласында болатын. Оның Іле, Алтай, Тарбағатайда бөлімше консулдары бар еді. Құлжа қаласындағы консулдық Әлиханның қыбыр-жыбырын күнде бағып отырды.
Оның үстіне Мәскеуден сталиндік тәлім алған Ахметжан Қасыми Үрімжідегі Гоминдаң үкіметімен келісім жасауға жіберілгеннен кейін кеңестік «сценарийді» бұза алмай, Гоминдаң өкілі Жаң Жыжұңға бүйрек бұрды. Әлихан қат-қабат қамауға қалғандай жанталасып жатқанда кеңестік қақпан оны өз уысына оңай түсірді. «1946 жылдың 17 маусым күні Құлжадағы кеңес консулы Әлихан төреге телефон соғып: «Қорғас шекарасында Өзбекстанның сол кездегі бірінші секратары Осман Юсупов күтіп тұр. Сізбен ақылдасатын маңызды мәселелері бар көрінеді. Тез барыңыз», – дейді» («Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы», 10 том, 253-бет. Әлімғазы Дәулетхан, «Шығыс Түркістан жұмхұриеті және Әлихан төре» мақаласы. «Астана полиграфия» АҚ, Астана, 2008). Сөйтіп, Әлихан төрені Жаркент қаласында екі күн ұстап тұрған соң, Алматы арқылы Ташкент қаласына ұшақпен әкетті.
ШТР таратылғаннан кейінгі ендігі үлкен жау – Оспан батыр болды. Әлиханның жасырын қолға алынып, Кеңес Одағына әкетілуімен бірге қалыптасқан Оспанға қарсылық идея бір мезет Ахметжан Қасыми, Әбдікерім Аббасов, Дәлелхан Сүгірбаевты өкіл еткен қызылшыл топтың күресін ықпалды орынға көтергендей көрінді.
Оспан батырдың көзін құрту мақсатында ұйымдастырылған кеңестік қастандықтар Моңғолия арқылы және ШТР орнын басқан қуыршақ үкімет – «Үш аймақ» арқылы іске аса бастады.
Оспан батыр (сол жақта), моңғол басшысы Чойбалсан (ортада) және Иванов (КСРО).
Бұл туралы Қожай Доқасұлы «Офицердің қойын дәптерінен» деген кітабының 120-121-беттерінде «1946 жылғы 4-айдың 15-күндері Дәлелхан Сүгірбаевтің бұйрығы бойынша Қобық атты полкінің бір батальон әскерінің көмегінде Оспан қолын құрту соғысын жүргізгендігін» жазды. Аталған еңбекте Қ.Доқасұлы Д.Сүгірбаевтің бұйрығы арқылы Ертістің Дөрбілжін аталатын керішті жотасының бауырындағы бейуаз халықты да көп қырғынға ұшыратқанын айтады. Хасан Оралтай өзінің «Елім-айлап өткен өмір» кітабының 46-47-беттерінде Оспан батырға Моңғолия арқылы Тескенбай, Сағадай, Марқаба, Тотан Хамитұлы, Тандырбат сынды баскесерлерді бірінен соң бірін жібергенін жазған.
Осындай жазба деректер мен қариялардың айтуына жүгінсек, Оспан әсте Дәлелхан қолына, немесе ол арқа сүйеген бұрынғы ШТР армиясына (қазіргі «Үш аймаққа») тікелей тиісіп көрмеген, тек өзін құртқалы келген әскерге қорғану мақсатында қарумен жауап беріп отырған. Керісінше, Оспанды жау көрсету мақсатында қарсы жағы Оспанды «жауыз», «банды», «қауіпті адам» ретінде сипаттауға тырысты. Осындай ұпай түгендескен тұста кеңестіктер мен Оспанға қарсы өзге де топтар керейше киінген жасақтар дайындап, «біз Оспан адамымыз» деп бейуаз ауылдарды да тонап шауып, әдейі арандатушылықтар тудырған.
Бұл ғана емес, Дәлелхан жене оның төңірегіндегілер қазақтар арасында іріткі салып, кей басшыларын Оспанға қарсы қоюға жанын салды. Нәтижесінде Уатхан, Қалман, Нәзір тәйжі сынды кісілер Дәлелханның тіліне еріп, Оспанға қарсы іс-әрекеттерге қатысып, онысы әшкереленіп қалды.
Бір жағынан Моңғолияның, екінші жағынан ішкі ағайынның, енді бір жағының Кеңес Одағының қысымына ұшыраған Оспанның гоминдаңшылармен одақтасуды талдауы осы кезең еді. Әрі өз талдауын: «Кезінде ортақ мүдде үшін бір-біріне жау болған қара қытай мен қызыл қытай бірлесіп, жапонға қарсы тұрды. Кеңес Одағы да Америкамен бірлесті. Мен уақыт талабы бойынша гоминдаңшылармен бірігу арқылы АҚШ сияқты сырт елдермен байланысқа шықсам не болыпты?! Бұл менің Кеңес қызылы мен Қытай қызылынан сақтануымның бірден-бір жолы!» – деп түсіндірді.
Бүгінгі шындықтың Оспан жағында екенін ескерсек, кеңес қуыршағына айналған Шығыс Түркістан үкіметіне қарсы шыққанын да әбден түсіне аламыз. Кейіннен кеңестіктер Шығыс Түркістаннан теріс айналған тұста тәлкекке түскен түркілер тағдырына ашынған Оспан Әлиханның идеясын қуаттай отырып, Шығыс Түркістанды қорғауға жанын салды. Бірақ кеш болды. Досынан жауы көбейді.
Оспанның ендігі жауы қызыл қытайлар болды. Қазақты қазаққа салу сынды ойын тағы да жалғасты. Жаңадан келген қызылдардың бірі Оспанды өз жағына тартуға тырысса, екіншісі алдаусырата тұру саясатын қолданды. Оны тарпа бас салуға әркеттенген жоқ.
Шын мәнінде қызылдар мен Оспанның бірігіп кетуі Кеңес Одағын қуаттайтын топтар мен бұрынғы ШТР-дың орнын иелеп отырған «үш аймақшылдарды» қатты алаңдатты. Кеңес Одағының жол-жорық көрсетуіне және оның идеясындағы саяси-әскери топтарға өлердей қарсы болған Оспан батырдың қызылдардың сеніміне бөленуі «жалған төңкерісшілдердің» бет-пердесін айпарадай ашып қана қоймай, олардың жау санаған адамын тарих сахнасына қайта көтеріп шығатын болды. Сыртта АҚШ және Кеңес Одағы өз ұпайларын түгендейтін күштерге қолдау көрсетуге жанталасса, іштегі ымыраға келмес алауыз топтар да бас пайдасын ойлап, бақай қулықпен арпалысқа түсті. Сөйтіп, ендігі жерде бағынышты болған Шынжаңдағы жергілікті топтар ішінде қызылдарға кім бұрын жақсы көрініп қалар екен деген қызғаныш пен бақталастық қатарынан өмір сүрген тайталасқан жағдай қалыптасты. Олардың ішінде жақсы көріну ниетіндегі жағатсығандар мен жаулық пиғыл танытып, үрке қараушылар да бар еді.
Ерлікпен басталып, өрлікпен жалғасқан ұлт-азаттық қозғалысын «бүлікке» балаған «Үш аймақ» Оспанға бұдан бұрын да шошына қарайтын еді. Бұл туралы «Шыңжаңның үш аймақ төңкерісі тарихы» («Ұлттар» баспасы, 2000 жыл) атты кітаптың 340-бетінде: «Оспан, Қалибек, Жаужап (моңғол) бүлігі арт-артынан туылғандықтан, үш аймақтың жағдайы күннен-күнге ушығып, мүшкіл халге кіріптар болды. Ұлттық армия әскери күшінің жеткіліксіздігі тұтас үш аймақ үкіметіне ауыр қатер төндірді», – деп жазады.
1949 жылы 14 тамызда Қытай компартиясы (ҚКП) өз өкілі Дың Личұнды Мәскеудегі сапарынан Алматы арқылы Құлжаға жіберді. Ол «Үш аймақтағы» қызыл қытайшыл топпен тығыз қарым-қатынаста болып, аз ғана уақыт ішінде Шынжаң жағдайы жөнінде ҚКП орталығына 85 жеделхат жолдаған екен. Демек, дәл осы кезде Кеңес Одағы мен Қытай қызыл партиясының мүлде құпия, ішкі ымыраға келе отырып, Шынжаң мәселесін біржола шешкенін анық аңғаруға болады. Осы жылы 27 тамызда «Үш аймақ» басшыларының Кеңес Одағының ұшағына отырып, Иркутск қаласынан өтіп, Байкал көлі маңына барғанда өртеніп күлге айналуы – соның бір мысалы. Әрі оқиғадан 3-4 күн өте сала, яғни, 2 қыркүйек күні Үрімжідегі Кеңес елшісінің орынбасары шұғыл түрде Құлжаға барып, Дың Личұнды Үрімжіге аттанып, Бұрхан Шаһидимен бірлікте жұмыс атқаруға шақырып, көндіреді. Демек, бұл «үш аймақшылардың» Ахметжан, Ысқақбек, Аббасов, Дәлелхан секілді «көне» басшыларының көзі құртылғаннан кейінгі іш пен сырттың сәйкесе отырып, Шынжаң мәселесін дереу қолға ала бастаған алғашқы әрекеті еді. (Бұл туралы мәліметтерді «Шыңжаңның үш аймақ төңкерісі тарихы» атты кітаптың 419-420-беттерінен табасыз). Ал ұшақтан құлағандардың өлімі Шынжаң мәселесі бір жағына шыққанша жасырын ұсталып, қазанның ішінде ғана жұртқа жария болды. Олардың «сүйегі» аталған танығысыз мүрделер 1950 жылдың 15 наурызында ғана Құлжаға жеткізілді. Ендігі жерде кеңестіктердің кеңесін бұзбайтын, қытай билігіне басы байлаулы «қып-қызыл», жаңа «үш аймақшылар» тарих сахнасына көтерілді. Сөйтіп, қыркүйектің басында «Үш аймақ» жақ ҚКП орталық комитетінің жол-жорық көрсетуіне негізделіп, Шынжаң мәселесін шешудің көп түрлі жолдарын қарастырып, ҚКП-ға жауап хат жазды. Аталған хаттың 6-тармағында: «...Жәнімхан, Қадуан, Оспан, Қалибек, т.б көп саяси және әскери қылмыстыларды жазалап, мал-мүлкіне дейін мүсәдралауды сұрады» («Жұңго Шынжаңның тарихы және қазіргі жағдайы», Шынжаң халық баспасы, 2006 ж., Үрімжі, 313-314-беттер).
1949 жылы 26 тамызда халық азаттық армиясы Ланжуды басып алды. Ендігі жерде оларды татуластыруға талпынушылардан гөрі ажыратуға, ара жігін ашуға ұмтылғандар көп болды. «Үш аймақшылардың» бар ниеті Оспанның көзін құрту еді.
Бір қызығы, оларды қызылдардан көрі «Шарқи» аталған «үш аймақшылардың» өкшелей қууы көбірек болған көрінеді. Бұл жайында Нұрғожай батыр: «Біз Сарқамыста отырғанбыз. Үш аймақ атын жамылып, орыс армиясы келіп басты. Олармен аяусыз соғысып, көп адамын қырып тастадық. Қалған әскерлері жеңіліп, Нориға шегініп кетті» десе, енді бірде: «Оспан, Жәнімхандар Тақырбастау, Сарбастауға барып орналасты. Бір жұмадан кейін орыстардың жалған Шарқи Түркістан атындағы әскерлері келіп басты», – дегенді айтады. Демек, Оспандардың әлі де болса қызылдармен тіл біріктіруінің мүмкіндігінен алаңдаған Кеңес Одағы өз армиясын кіргізіп, «үш аймақшылармен» сәйкесе отырып, қызылдардан бұрын қармануды ойлаған сияқты. Тіпті ол көмекті «үш аймақшылардың» әдейі сұрап алуы да немесе қызылдардың түртіп салып, білсе де білмеске салып, тасада тұруы да әбден мүмкін еді.
1951 жыл, 29 сәуір. Оспан батырдың атылар алдындағы суреті.
Осылайша онсыз да өрісі отқа оранған Оспанның барар жер басар тауы қалмады, тығырыққа тірелді. Оның шетелге қашу, құтылып кету ойы болған жоқ. Гансуде отырғанда шетке кететіндер Гас, Темірлік өңірінде отырған елді бетке алып, Тәйжінұр тарапқа, Оспандар Алтайға бет алуды мақсат етіп, Хайзыға қарай көшеді. Хайзыдан ары Құмыл, Баркөл, Бәйтік, Қаптық арқылы Алтайдың ұлы тауларының кең қойнауына ілініп кетіп, күресті жалғастыруды армандайды. Мүмкін болса, коммунизимге жау болып отырған АҚШ, Жапония, Германия елдерінен көмек алсам дегенді де ойлайды. Бұл Оспанның ешқандай әрі-сәрі болмастан, өз тағдырының шешімін шығарып, соңғы байламға келген кезі еді. Ер айтқанында тұрды. Тек қана күресіп өлуді қалады. Жастығын ала жатты. Қолды болғаннан кейінгі көп «жарылқауды» да қаламады.
Бүгінде көзі тірі, батырды тергеуга қатысқан Қалдыбай Қанафин атамыз осы жолдардың авторымен әңгімеде Оспанды: «Ол шындығында түрікшіл ислам елін құруды армандаған нағыз батыр, ержүрек, бөлекше жаралған жан еді», – деп еске алды. Оспан 1951 жылы ақпанның 19-ы күні қолды болып, 29 сәуірде Үрімжі қаласында пәниден бақиға аттанды. Қастандықтардың құрбандығынан құтыла алмай ерлікпен шаһит болды.
Жатқан жерің жәннат, топырағың торқа болсын!
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ
Abai.kz