Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 7467 0 пікір 29 Сәуір, 2015 сағат 11:47

СОЛ КОНЦЕРТІ – ЕЛІМЕН ҚОШТАСУЫНДАЙ ЕДІ...

Қазақтың әйгілі күйші-композиторы, дәулескер домбырашы Нұрғиса Тілендиев жайлы шағын естелік-сыр  

Азанғы астың дастарқанын жинастырып жатқанымда атаның мені шақырған дауысын естіп, бөлмесіне бардым.

– Балам, маған телефон мен телефон нөмірлері жазылған дәптерді әкелгін. Неге екенін білмеймін, бүгін ертелі бері әлгі қалқанқұлақ қайта-қайта есіме түсіп отыр. Өзіме тартқан шатақ неме еді, аман-есен бе екен, соған хабарласайын, – деді.

– «Қалқанқұлақ» деген кім? – деп сұрадым. «Соны да білмейсің бе» дегендей ата маған таңырқай қарады. Менің, шынымен, хабарсыздығымды түсінгендей:

– Ол Нұрғиса емес пе?! – дегенде, еріксіз күліп жібердім.

Себебі, даңғайыр атағы бар, әндері ертелі-кеш жұрттың аузынан түспейтін ел ардағы болып жүрген адамды кішкентай бала құсатып жібергені қызық естілді.

– Әй, балам, неге күлесің? – Неге күліп тұрғанымды біліп тұрса да, бейкүнә қалыппен аңқаулана қалатын осы бір әдеті ғажап-ақ! – Оның құлағы – ерекше асыл құлақ! Ғарыштан ба, ғайыптан ба, әлдебір жақтан келетін сиқырлы үнді біз ести алмаймыз. Ол естиді. Құлағы тура дыбыс тартқыш радар секілді қалқиып тұрады. Жасаған ием оны солай айрықша етіп, өзгеге ұқсатпай дара жаратқан. Ол – қасиет шалған дарын иесі! – деп ата көздері ұшқын шаша қызына сөйледі.

...Кейін Нұраға – Нұрғиса Тілендиев жайлы талай шығарма, мақалаларды оқыдым. Заманымыздың ұлы сазгері, қазақ халқының өнердегі жарық жұлдызы туралы қанша жазылып, қанша айтылса да, көптік етпейді. Алдағы уақытта да талай қыр-сырлары, қайталанбас табиғаты, ерен таланты жайлы әлі жаңа дүниелердің жарыққа шығарына ешбір күмәнім жоқ. Әйтсе де, атаның жүрегінен шымырлап шыққан сонау ерекше сөздері, мейірім-ықыласқа толы қызық теңеуі, күні бүгінге дейін өзге айтпаған мадақтай, басқа бере алмаған биік бағадай сезіледі де тұрады.

...1998 жылы Қарасай бабаның 400 жылдық тойында жүздеген киіз үй тігіліп, тамаша бағдарламалар жасалып, алыс-жақын елдерден меймандар келіп, ұлан-асыр той өтіп жатты. Сонда Алматы облыстық Мәдениет басқармасының бастығы Күлімхан Жәйшібекова маған:

– Бүгін Нұрғиса аға «Отырар сазымен» концерт береді екен, – деді.

– Аға көптен бері сырқаттанып ауруханада жатыр ғой, – дедім.

– Ауруханадан әдейі келіпті, «Қарасай бабамның тойына шашу шашамын» депті, қасында дәрігерлері бар. Қазір ана-а-ау киіз үйде, – деп тау жақты көрсетті.

Күлімхан екеуміз «қайтсек те ағаға сәлем беріп, жүзін көріп шығайық» деп, солай қарай тартып кеттік. Концерт болатын жер – қонақтар отырған қаз-қатар тігілген киіз үйлерден аулақта, тау етегіне арнайы сахна жасалып, отыратын орындар әзірленген екен. Келуін келдік, бірақ ағаға кіру, біз ойлағандай, оңай болмады. Киіз үйдің алдында тұрған жігіттер: «Кіруге болмайды, мазасын алмаңыздар», – деп жолатпады. Жалынып-жалбарынып, өтініштің небір түрін айтып жатып, ақыры бір минутқа әрең кіргізді.

Аға креслода фракпен отыр екен. Ауру кімді жүдетпейді, сырқат әбден меңдеп, азып, өңі боп-боз болып кетіпті. Ағаның ата жақсы көретін құлағынан күн көрініп тұр. Күлімхан жақын қарындасы болғандықтан «ағалап» барып амандасты. Мен қазақшалап иіліп сәлем салдым. Танымас деп ойлап едім:

– Рақмет, айналайын! Батыр ағам Бәукеңнің аруағы жебеп, маңдайыңа берсін! – деп тілек айтты. Көзіме жас толды. Рақмет айтып, қоштасып шығып кеттік те, енді концертті күттік. «Япыр-ай, аға тым әлсіз көрінді, оркестрді қалай басқарады?» деп қобалжып отырдық. Концертке Елбасы өзі арнайы келіп қатысты.

Нұрғиса ағаны қолтықтап әкеліп, дирижердің тепкішегіне шығарды. Аға екі қолын құлаштай жайып, жоғары көтергенде... О, Жаратқан! Тура қияға самғайтын қырандай лезде қанаттанып, көрер көзге өзгеріп сала берді. Күй артынан күй кетті. «Махамбет», «Ата толғауы», «Фараби сазы», «Аққу»... Небір ұшқыр ойды, ең нәзік сезімді, жүрек төріндегі арманды, ерлікті, өрлікті, еркіндікті құдіретті сазбен, сиқырлы үнмен жеткізіп, тамшыдан – теңіз, ұшқыннан өрт тудырып жатқандай әсер берді. Әттең, әттең, Құдай тағала ақын-жазушылық дарын берген болса, сол көріністерді, сол ғажайып үнді сөзбен кестелер едім-ау... Нұрағаңның сондағы концерті ел-жұртымен қоштасуындай, халқына деген бүкіл сүйіспеншілік мейірімін сарқып берген соңғы концерт болды. Мыңдаған адамның жүрегінде естен кетпес сол ғажайып бейнесі сақталып қалғаны ақиқат.

«Отырар сазы» оркестрінің концерттерін кейін де талай көрдік. Аға тұрған тұғырға небір дирижерлер шықты, оркестрді басқарған болды. Бірақ... Иә, бірақ «Отырар сазының» жаны, рухы Нұр-ағамен бірге кеткендей, әйтеуір басты бір тетік жетпейді де тұрады. Аққусыз көлдей жадағай көрінеді...

Зейнеп АХМЕТОВА

 БАБАЛАР АМАНАТЫ» кітабынан алынды)

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347