Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 19908 0 пікір 1 Маусым, 2009 сағат 08:21

Голощекиндік геноцид

Соңғы кезеңнің өзекті проблемаларының бірі – ұлттың сақталуы, халықтың саулығы. Бұл мәселенің көтерілуі кездейсоқтық емес. Адамзат тарихында тұтас бір халықтың жойылып кеткен кездері де аз болмаған. Оның басты себептерінің бірі – зорлық-зомбылық. Ол ғылыми тілде «геноцид» деп аталады.
Жиырмасыншы жылдардың екінші жартысынан бастап қазақ аспанын бір қара бұлт торлай бастады. Ол бірте-бірте түйіле келе отызыншы жылдардың басында ызғарлы дауылға ұласты.
Даланы, қазақ сахарасын үрей биледі. Ұлы үрей! Содан да болар, Алаштың азаматтары басының ауған жағына көшті, босты. Сіңіріне ілінген сорлылардың көбі-ақ ажалдың ащы шеңгеліне ілікті. Демографтардың нақты деректеріне сүйенсек, 20-30-жылдардың бұл ойраны анау «ақтабан шұбырындыңызды» екі орап алардай тым алапат. Демек, қазақтардың тарихта бұрын-соңды өз басына түсіп көрмеген ұлы қырғынға ұшырағаны ғой. Сонда тұтас бір халықтың көз-жасын шығарып, ұлы сүргінге душар еткен кім? Ол ел жадында аса бір сүйкімсіз «Қужақ» деген лақап атпен жатталып қалған, жұрт аузында әлі сан ғасырлар бойы Қужақ аталып кете баратын кәдімгі Филипп Исаевич Голощекин еді.
Голощекин кім еді?
Ф.И.Голощекин (Шая Ицкович) 1876 жылы 26 ақпанда (ескіше 10 наурызда) Витебск губерниясындағы Невель деген шағын қаладағы ұсақ буржуаға жататын отбасында дүниеге келді.

Соңғы кезеңнің өзекті проблемаларының бірі – ұлттың сақталуы, халықтың саулығы. Бұл мәселенің көтерілуі кездейсоқтық емес. Адамзат тарихында тұтас бір халықтың жойылып кеткен кездері де аз болмаған. Оның басты себептерінің бірі – зорлық-зомбылық. Ол ғылыми тілде «геноцид» деп аталады.
Жиырмасыншы жылдардың екінші жартысынан бастап қазақ аспанын бір қара бұлт торлай бастады. Ол бірте-бірте түйіле келе отызыншы жылдардың басында ызғарлы дауылға ұласты.
Даланы, қазақ сахарасын үрей биледі. Ұлы үрей! Содан да болар, Алаштың азаматтары басының ауған жағына көшті, босты. Сіңіріне ілінген сорлылардың көбі-ақ ажалдың ащы шеңгеліне ілікті. Демографтардың нақты деректеріне сүйенсек, 20-30-жылдардың бұл ойраны анау «ақтабан шұбырындыңызды» екі орап алардай тым алапат. Демек, қазақтардың тарихта бұрын-соңды өз басына түсіп көрмеген ұлы қырғынға ұшырағаны ғой. Сонда тұтас бір халықтың көз-жасын шығарып, ұлы сүргінге душар еткен кім? Ол ел жадында аса бір сүйкімсіз «Қужақ» деген лақап атпен жатталып қалған, жұрт аузында әлі сан ғасырлар бойы Қужақ аталып кете баратын кәдімгі Филипп Исаевич Голощекин еді.
Голощекин кім еді?
Ф.И.Голощекин (Шая Ицкович) 1876 жылы 26 ақпанда (ескіше 10 наурызда) Витебск губерниясындағы Невель деген шағын қаладағы ұсақ буржуаға жататын отбасында дүниеге келді.
Голощекин 1903 жылы Ригада РСДРП қатарына кірді. Оның бұдан кейінгі Қазан төңкерісіне дейінгі өмірі қуғын-сүргінмен өтеді. Небәрі алты жылдың ішінде жеті рет түрмеге отырып шығады.
1918 жылдың ақпанынан бастап Уральск әскери комиссары болады. Сол жылдың шілде айында Екатеринбург ақ казактар мен ақ чехтардың қоршауында қалады. Урал облыстық советінің құрамындағы солшыл ехерлер, анархистер, әсіресе, қызыл революционерлер Романовтарды құртуды талап етті. Олардың қатарында Голощекин де болды. Осы кезде Урал облыстық советінің шешімі бойынша 17 шілдеде Ипатьев үйінде қамалған ІІ Николай патша атылды.
Голощекин – 1929 жылдың сәуір-маусым айларында Түркістан әскери-революциялық советінің мүшесі, ал тамыздан бастап Челябі губерниялық ревкомының төрағасы. 1920-22 жылдары Башқұртстанға, Костромада түрлі шаруашылық қызметін атқарды. 1923 жылдың қыркүйегінен Қазанға келгенге дейін Самара губерниялық атқару комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді.
Алғашқы әрекеттер
Қазақстанға келе сала Голощекин бірден өзіне тән шапшаңдықпен іске шұғыл кірісті. Ол ең алдымен «1917 жылы қазан мен 1925 жылғы қыркүйек аралығында қазақ сахарасында Совет үкіметі болмады, коммунистік партия ұйымы жоқ» деген шешімге келді. Голощекиннің командалық-әкімшілдік жұмыс әдісі етек алып өрістей бастаған кезде республикалық партия, совет активі оған қарсылық та көрсете бастады. Міне, осы тұста әккі әкімшіл, өктем Ф.Голощекин оппозиция қанатын бірден қырқу үшін жаңа саяси бағытты дәлелдеп Сталинге хат жолдады. Көп ұзамай оның арандатушылық саясатына тоқтаусыз жол ашқан: «Тов. Голощекин. Я думаю, что политика, намеченная в настоящей записке, является в основном единственно правильной политикой. И.Сталин», – деген жауап та келіп жетті. Міне, осы тұста Голощекиннің әкімшілік-әкімгер басшылық әдісіне қарсы шыққандарға неше түрлі жала жабылды. Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, С.Сейфуллин, О.Жандосов, Н.Нұрмақов, С.Сәдуақасов, С.Қожанов, С.Меңдешев, А.Әйтиев сияқты партия, Совет қызметкерлерінің, өнер қайраткерлерінің атына ғайбат сөздер, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов және басқалардың соңына шам алып түсушілер көбейді.
«Кіші Октябрь» қырғыны
1928-1930 жылдары Қазақстанда, әсіресе, солтүстіктегі аудандарда егін шықпай қалды, астық тапшылығы көбейді. Ал осы жылдардың қысы да қоғамдық малды қынадай қырып салды. Астық жинау, ет дайындау жөніндегі жоспарлар өсе түспесе, азайған жоқ. Мұның бәрі шаруаның тұрмысын күйзелте берді. Дегенмен халыққа, әсіресе, қазақ халқына ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру, көшпелі халықты бірден отырықшыландыру жөніндегі соқыр саясат тым ауыр тиді. Ф.Голощекин, О.Исаев, І.Құрамысов, Т.Голюдов, Е.Ерназаров қазақ сахарасында «Кіші Октябрьді» жүзеге асыру ниетімен 700-ге жуық байдың бар малын тартып алды.
Елдің дәулетті адамдарын тәркілеуге Т.Рысқұлов қарсы шықты. «Өйткені, – деді ол, – орта шаруа, қалың бұқара ертең өзіміз де тәркіге түсеміз бе деп секем алады. Совет үкіметінен шошынады». Расында да, солай болып шықты.
«Берсе қолынан, бермесе жолынан». Халық малы тартып алынды. Халық көшіп келе жатқан жеріне күштеп қондырылды. Не суы, не нуы, не баспанасы жоқ шөлде мал түгіл, адамдар қырыла бастады.
1930 жылы аштықтан 313 мыңнан астам адам өлді. 1931 жылы ондай өлім 755 мыңға жетті. 1932 жылы 769 мыңнан астам адам өлді немесе ата қонысын тастап көшіп кетті. Аштық, індет және басқа жоқшылықтар салдарынан толық емес деректер бойынша 1 миллион 750 мың қазақ немесе ауыл халқының 40 пайызы тікелей шығынға ұшырады… Тек 1930 жылғы қаңтардан 1931 жылғы маусым аралығында 280 мыңнан астам қожалықтан 1 млн 70 мыңдай адам көшіп кетті (М.Қозыбаев, І.Қозыбаев, Қазақстан тарихы, «Атамұра» баспасы, А., 1993,112-б).
«Жолдас Голощекин» аталатын киіз үйлі қалашықтар қаңырап бос қалды. Қалада да, далада да алба-жұлба, аш-жалаңаш босқындар көбейіп кетті. Баяғы қоғамдастырылған 40 миллион мал жем-шөбі, су-суаны, күнделікті күтімі болмағандықтан, жаппай ақ сүйекке ұшырап, 1932 жылдың аяғында оның төрт миллиондайы ғана қалды. Өзегі талған халық, сірә, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген голощекиншілдік ұранды нақ осы тұста мәтелге айналдырса керек.
Халықтың жан дауысы
Қазақ халқының басына тарихтан этнос ретінде жойылып кету қатері төнгенде, оның азамат ұлдары бас көтере бастады. Голощекиннің жүгенсіздігі жөнінде Тұрар Рысқұлов халықтар көсемінің атына екі рет хат жолдады. Сол тарихи кезеңдегі хал-ахуал мына хаттан айқындала түседі.
«Қазақстанмен көршілес өлкелерге көшіп барғандардың жерлерінен шамамен алынған соңғы деректер бойынша қазір: Орта Волгада – 40 мың, Қарақалпақстанда – 20 мың, Батыс Сібірде – 50 мың, Қырғызстанда – 10 мың, Орта Азияда 30 мың қазақ бар. Көшіп кетушілер тіпті Калмыкия, Тәжікстан, Солтүстік өлке және басқа да алыс жерлерге  барған. Байлар бастаған халықтың бір бөлігі Батыс Қытайға көшіп кеткен… Бұл әдетте жаздыгүні жақын жерлерге және мал бар кезде болатын жай көшу емес, едәуір дәрежеде аш адамдардың тамақ іздеп босуы еді.
Елдегі ашаршылық пен халықтың күйзелісін нақты деректер келтіре отырып, ВКП (б) Орталық комитетіне хат жолдаған Ғ.Мүсірепов, М.Ғатауллин, М.Дәулетқалиев, К.Қуанышев, Е.Алтынбеков сияқты азаматтар ұзақ жылдар бойы қуғындалды. Осы хаттың бес авторының бірі, 1937 жылы «халық жауы» деп қамауға алынып, сотталған, кейін ату жазасына кесілген Мансур Ғатауллин сотқа тұтылғандар орындығында отырғанда өз жолдастарын көрсетіп былай деді:
«…Мыналар – халық жаулары емес. Жау – менмін. Сондықтан да мені соттаңдар. Бірақ мен де – халық жауы емеспін, халық жауларының жауымын. Ал ондай жау болуым 1932 жылы командировкамен Кентке (Қарқаралы маңындағы елді мекен) келгенімде басталды.
Машинадан түстім, айналада тірі пенде көрінбейді. Ештеңе жоқ, ұзыннан салынған қора ғана тұр. Есігін ашсам, ішінде өліктер жатыр. Үлкен қораның іші қатар-қатар жиналған мәйіттерге толы. Кейбір адамдардың көздері ашық жатыр, бірақ әне-міне өлетіні көрініп тұр.
Айғай-шуды естіп, сыртқа шықтым. Шаштары жалбырап, көздері қанталаған, қолдарында пышақтары бар әйелдер жүргізушіге тарпа бас салып, оны бауыздамаққа әрекеттенуде. Әуеге оқ аттым, олар тұра қашты.
Жан-жағыма көз салсам, бір ошақта үлкен қазан қайнап отта тұр. Бірдеңе пісіп жатыр. Қақпағын ашсам – қайнап жатқан судың ішінен жас баланың бірде аяғы, бірде қолы, бірде өкшесі көрінеді.
Міне, сол кезден бастап мен халық жауларының жауы болдым» («Жалын» журналы, 1993, №7,47-б.).
Соған қарамастан Мәскеу мен Алматыға қарай аштық туралы жеделхаттар ағыла бастады. Қазақстанның түкпір-түкпірінен «Тезірек қол ұшын беріңіздер! Өзегіміз талып, аштықтан үзіліп барамыз» деген сипаттағы хаттар мен сәлемдемелер қардай борап жатты.
Ашаршылыққа ұшырап, босқындық күй кешкен халықтың осынау жан дауысына Голощекин құлақ аспады. Қайта елінен, жерінен ауғандарды «колхозға барасың, не өмірмен қош айтысасың» деп қорқытты. Әлдеқалай колхоздан кетпей не тұрақтап қалған шаруаларға алым-салықты шектен тыс көбейтті. «Қайдан тапсаң, оннан тап, қаптың түбін қақ!» деген қиқулы ұран атарман-шабармандардың аузынан түспейтін болды. Сталиншіл жандайшаптар жазықсыз жазалауды күшейтті. Олар екі сөзінің бірінде момын шаруаға «социализм тұсында сотталмайтын бірде-бір адам болмайды» деп көкіді.
Мұндай жағдайда, әрине, халық Совет үкіметінен үміт үзді. Ел Өзбекстанға, Қырғызстанға, Оралға, Омбыға, Құлынды даласына, Астраханьға, Еділ бойына қарай бет түзеді. Шекарада атысып-шабысып, қанды қырғынға ұшырап, Қытай, Ауған, Иран, Түркия асып кеткені қаншама.
1928 жылдан бастап жүргізілген кәмпескеден кейін жалғасқан 1931-1932 жылдардағы аштық, үсті-үстіне салынған салық ауыртпалығы халықты ашындырып, наразылық көтерілістеріне жалғасты. Кеңестік дәуірде «бандылармен күрес» аталған осы кезең – халық санының кемуіне соқтырған опаттың бірі. Қазақстанда 1929-1932 жылдары 372 көтеріліс болып, оларға 80 мыңға жуық адам қатысты. Әсіресе, Созақ, Шемонаиха, Бұқтырма, Ырғыз, Қазалы, Қармақшы, Самар, Абыралы, Шыңғыстау, Қастек, Балқаш, Шұбартау, Маңғыстау және басқа аудандарда шаруа қозғалыстары болды.
Бас көтерген халыққа аяусыз жазалау шарасы жүргізілді. 1929-1932 жылдары ірі көтерілістер мен толқуларға қатысқаны үшін 5551 адам сотталып, оның 855-і атылды.  Жалпы алғанда, күштеп ұжымдастыру кезінде 100 мыңнан астам адам жазаланды («Ақиқат», 1994 жыл, №3, 12- б.).
Жазушылар Б.Нұржекеев пен С.Елубаевтар ашаршылық жылдарын публицистикалық қырынан зерттей келіп, құрбандар санын 2 миллионнан 3 миллионға дейін есептеуде («Ақиқат», 1994 ж., №3, 7-б.).
Міне, осылайша, тарихта «Кіші Ленин» болғысы келген Ф.Голощекин қазақ жерінде «Кіші Октябрь» қызыл қырғынын жасады. Асыра сілтеушілер, шаш ал десе, бас алатын ұрдажық әрекеттер ұлтымыздың ішіндегі ұлыларын да, қарапайым жұртты да қырғынға ұшыратты.

 

Оппозиция лидері Сәдуақасов
РКП (б) Қазақстан өлкелік партия конференциясы (1925 жыл, сәуір) халық ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасовты өлкелік партия комитетінің бюро мүшелігіне сайлады. Ол енді бүкіл Қазақстан тағдыры үшін жауап беретін биік дәрежеге ие болды.
Біртұтас Қазақстан болып біріккен республиканың оқу-ағарту ісін жандандыру, жергілікті кадрды тәрбиелеу, мекемелерді қазақыландыру және тағы басқа толып жатқан мемлекеттік мәселелердің басы-қасында Сәдуақасов жүрді. 25 жасар жас жігіт осыншама жауапты жұмыстарды үлкен қажыр-қайратпен атқара бастайды. Әрине, ол кездегі республика басшылары, әсіресе, Ф.Голощекин Смағұлдың бірбеткей, өжет, тура мінезін жақтыра бермейді. Әсіресе, оның талас мәселелерінде бір айтқанынан қайтпайтын принципшіл қасарыспа мінезі де оған Голощекиндер тарапынан жақсы атақ әпере қоймады.
С.Сәдуақасов пен Ф.Голощекиннің қатты ұстасқан төрт мәселесі болған. Олар: бірінші – мекемелерді қазақыландыру, екінші – оқығандарға көзқарас, үшінші – байларға көзқарас, төртінші – өнеркәсіпті дамыту.
Ф.Голощекин: «Қазақыландыру жұмысы партиядан басқа мекемелердің бәрінде жүру керек, партияның қазақылануының қажеті жоқ, өйткені партия Россиянікі, оның тілі орысша болса да жетеді», – дейді.
Ал С.Сәдуақасов былай дейді: «Партия қазақ жұртшылығымен жұмыс істейді, қазақ коммунистерімен қарым-қатынаста болады, ол неге өз жұмысын қазақ тілінде жүргізе алмайды?»
Осы кезде аса күшті дискуссия тудырған мәселелердің бірі – оқығандар проблемасы. С.Сәдуақасов: «Партияда жоқ оқығандар туралы бір ғана саясат ұстауға тиіспіз. Олардың білімін пайдалануымыз керек. Бізде Совет тұсында білім алып, жоғарғы оқу орнын бітіргендер әлі аз, оқу орындарында сабақ беретіндері жоқтың қасы. Сондықтан өз мамандарымыз өсіп-жетілгенше, біз оқығандардан мүлдем бас тарта алмаймыз».
Ф.Голощекин: «Қазақстанда жоғарғы оқу орнын ашудың қажеті жоқ. Оқимын дейтіндер Москва, Ленинградқа барып оқысын. Оқығандар жастарды бұзады, ұлттар алауыздығын қоздырады», – деп сандырақтады.
Жиырмасыншы жылдардың орта шенінде «байларға көзқарас қандай болу керек?» деген мәселе қайта-қайта күн тәртібіне қойылады. Голощекиннің «Кіші Октябрі» қазақ қауымын қандай күйге ұшыратқанын жоғарыда айттық.
Сәдуақасовтың Голощекинмен келіспеген тағы бір мәселесі – Қазақстанда өнеркәсіп орындарын ашу проблемасы. Смағұл Қазақстан төңкеріске дейін Ресейге шикізат беретін отар ел болса, қазір де солай болып отыр дейді. Республика өндіріп отырған өнімнің бәрі орталыққа жіберіледі, өте арзанға сатылады, егер ол өнімдер жергілікті жерде өңделетін болса, Қазақстанға пай шаш етектен болар еді дейді. Ал Голощекин болса оған «Сәдуақасов Қазақстанды орталықтан бөліп алғысы келеді, Россиямен экономикалық байланысты мүлдем үзбекші» деген айып тағумен болды.
Голощекин мен оның айналасындағылардың VI партия конференциясында Сәдуақасовты қуғынға ұшыратып, оны Қызылордадан кетуге мәжбүр етті.
1928 жылы Смағұл Москвада оқып жүргенде, Голощекин оны тыныш қалдырмай, институттың партия ұйымына хат жолдап, оның мәселесін қарауды талап етті. Сәдуақасов Қазақстаннан кетсе де, Голощекин оның есімін жиналыс сайын атап, «сәдуақасовщинаның» республикаға қандай зиян келтіргені жайында байбалам салып жатты.
Сонымен, Голощекин қазақтың ең беделді деген екі мемлекет қайраткері – Сұлтанбек Қожанов пен Смағұл Сәдуақасовты Қазақстаннан мүлдем аластатты. Қарамағындағы қазақ зиялыларына Голощекин қатаң қарады. Сәл ұнамаса болды, жұмыстан босата салатын.

 

Алаш арыстарын талқандау
1925 жылы 29 мамырда И.Сталин қазақ өлкелік партия комитетінің бюросына өлкелік «Ақ жол» газетінің ұстанған саяси бағытын айыптап, арнайы хат жолдады. Онда – газетте (И.Сталин шатасып газетті журнал деп жазғанын ескертеміз) жарық көріп жатқан мақалалардың бұл кезде шетелде эмиграцияда жүрген М.Шоқаймен «үндес» және пікірлес екенін, яғни «алашордашыл, ұлтшыл идеяларды жаңғыртатынын көрсете келіп, осындай көзқарастағы партияда жоқ интеллегенция өкілдерін жастарды тәрбиелеуге жібермей, негізінен оқу құралдарын жазу тәрізді жұмыстарда ғана пайдалану қажеттігін ескертті» (ҚР Президентінің архиві. 141-қ. 479-іс,1-2-парақтар).
Көп кешікпей-ақ Сталиннің осы көзқарасын нақтылай түскен Ф.Голощекиннің өзі болды. Отқа май құйғандай, «Степная правда» тәрізді партиялық басылымдар Алаш қозғалысына қатысқан зиялылардың «ұлтшылдығын» дәлелдейтін мақалалардың бірінен соң бірін жариялауға көшті. Осылайша, Алаш қозғалысының мүшелерін қуғындау басталды. Оларға қарсы ұйымдастырылған алғашқы сот процесі 1930 жылғы 4 сәуірде болып, ОГПУ-дың үкімімен 35 адамға әртүрлі жаза тағайындалды. Дәлірек тоқталсақ, А.Байтұрсынов бастаған он адам алғашында өлім жазасына кесіліп, бірақ кейін ол үкім он жылдық мерзімге жазалау лагерінде отырумен алмастырылды. 1932 жылы 28 ақпандағы екінші сот процесінің үкімімен Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедов бастаған Алаш қозғалысы басшыларының екінші тобы бес жылдық мерзімге Ресейдің Орталық қара топырақты облысына (қазіргі Воронеж облысы) жер аударылды. ОГПУ-дың осы екі үкімі құрбандарының тірі қалып, елге оралғандары 1937-1938 жылдары түгелі дерлік «ұлтшыл» деген айыппен ату жазасына кесілді. Оларға негізінен «революцияға қарсы қызмет» дегенді білдіретін 58-бап бойынша айып тағылды. Бұлардың бәрі таныс есімдер, қазақ халқының болашағы үшін аянбай қызмет жасаған еліміздің мақтаныштары еді.
Ел басына қара бұлт төндірген қазақ халқын қырғынға ұшыратқан, жерінен безуге мәжбүр еткен, ұлт араздығын қоздырған, ұлыдержавалық шовинизмнің отына май құйған қужақ – Филипп Исаевич Голощекин Қазақстанды сегіз жыл сергелдеңге салып барып, 1933 жылғы қаңтардың 21-інде орнынан алынды. Соңғы сөзінде де ол өзінің бүкіл сәтсіздігін қазақ коммунистеріне аударуға тырысып бақты. Ол қазақ коммунистерінің бір тобын ешқандай тәрбиеге көнбейтін, пайдалануға мүмкін емес, ұлтшыл уклонистер қатарына жатқызды. Екінші категориясын жағдайға қарай бет пердесін өзгертіп отыратын хамелеонға теңеді. Әлбетте, үшінші топ – өз қателерін бір ғана Голощекинге аударғысы келетін арамзалар. Демек, ол Қазақстаннан бірде-бір ары таза коммунист көре алмаған. Мәскеуге КСРО Халық комиссарлары советінің жанындағы мемлекеттік бас арбитрі болып кетіп бара жатып та, өзінің осынау арам пиғылын жасыра алмады.
Елді қу тақырға отырғызып, халықтың аузын айға қаратқан адам ақырында өзіне лайықты жазасын алды. Ол 1942 жылдың күзінде атылды.
1934 жылы ВКП(б) Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып Левон Исаевич Мирзоян сайланды. Ұлты басқа, нәсілі өзге болса да, қасіретті көп көрген қазақ халқына ол қолдан келген жақсылығын аямады. Сонау 1937 жылдың сұрапылында жазықсыз жазаланып кетсе де, күні бүгінге дейін халық оны «Мырзажан» деп атайды.

Тілеу Көлбаев, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты
«Алаш айнасы» 30 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406