Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 7054 0 пікір 23 Сәуір, 2015 сағат 10:38

ҚАЗАҚ НЕГЕ ЖӨН СҰРАСАДЫ?

Бұрын сұрасатын. Көзіміз көрді, қариялар құдаласатын жандай әңгімелерінің бісмілдәсін осыдан бастайтын. Қазір де солай, танымайтын екі қазақ қай жерде кездессін, сөздерін «қай жерденсің?» деп бастап, ағалы-інілі немесе нағашы-жиен болып аяқтайды. Әсіресе пойызда жол қысқартар әңгіме кезінде батыстан қыз алған екі жігіт бажа боп шыға келеді немесе пысық жеңгей үстіңгі сөреде соткасымен әуреленіп жатқан бала жігітті дәмге шақырып, сөзге тартып қайынды немесе інілі болып қалады.

Қазақтың үш жұрты бар, әр жұрты жеті атаға шейін аталас бауыр болғанда бір-бір қауым ел. Сөйте тұра қазақтың даладан, тіпті жүрген жерінің бәрінен туысқан іздейтіні несі деген заңды сұрақ туады.

Гәп мынада, қоғамда адам адаммен сөйлесіп, түсініспей өмір сүре алмайды. Коммуникация теориясы бойынша қоғамдағы барлық екеуара әңгіме үш түрлі деңгейде өтеді: 1) таныс емес адамдар арасында; 2) белгілі бір қоғамдық-ресми ортада; 3) етене жақын адамдар арасында. Үшеуінің сипаты үш түрлі болады. Таныс емес адамдардың демалыста, ұшақта, пойызда және т.б. жерлерде кездескендегі  әңгімесі бір бөлек те, қоғамдық-ресми ортадағы бастық пен қызметкердің немесе этикет нормалар сақталған іскери кездесулердегі әңгіменің сипаты мүлдем бөлек. Біріншісінде таныс емес адамдар әңгіменің өзегін таба алмай, көп уақытын аңдысумен өткізетін  болса, екінші жағдайда әңгімеге қатысушы екі жақ ресми нормаға бағынып, мәселен, бірі - бастықтың,  екіншісі - орындаушының рөлінде болады. Үшінші етене жақын адамдар - достар, жұбайлар, ағайындар және т.б. арасында өтетіндіктен алдындағы екеуінен бөлектеу болатындығы түсінікті.

Тіл ғылымының іштей жүздеген жүйелелерге тарамданған күрделі саласы коммуникацияның терминдік аппаратында коммуникативтік код, коммуникативтік норма, коммуникативтік мәдениет, коммуникативтік этикет, коммуникативтік арна, коммуникативтік үрдіс, коммуникативтік әрекет және т.б. толып жатқан ғылыми ұғымдар кездеседі. Осыған байланысты жоғарыдағы үш деңгейде өтетін әңгімені тереңдетіп, сөйлесу стилі, нормасы, әдебі, деңгей ерекшеліктері мен ұқсастығы деген сияқты мәселелерге жіліктеп кетуге болады. Мәселен, көп жағдайларда таныс емес адамдар сөйлесу арнасын анықтай алмай немесе бір-бірінің сыртқы болмысына қарап сөйлесу стилінің екі жаққа жайсыздау түрін, яғни рөлдерін бұрыс таңдап қойып, сөз ауаны дөрекіленіп немесе доғарылып жатса, қазақы адамдар екі ауыз жөн сұрасудан кейін-ақ жақын адамдар (3 деңгей) арасындағы әңгімеге ауысып алады. Кейде маған қазақта сөйлесуде болатын бірінші және екінші деңгей дегендер  жоқ секілді көрінеді. «Мекеменің басшысы өзімнің қайным» немесе «Бізге бір інішек қызметке келіп жатыр» деген сияқты репликалар қоғамдық-ресми ортадағы әңгіменің өзін жақын адамдар арасындағы әңгімеге қарай бұрып әкететіндігімізді дәлелдейді.

Жақында бір курстасымыз баласының үйлену тойын жасады. Соңына қарай қызыңқырап қалған бір досымыз өз жүзінен қыз алған екі курстасын қосақтап қойып сыбады, зілсіз, әрине. Бір сырт көз: "Әй, мынау намыстарыңа тиіп тұр ғой" деп еді, әлгі екеуі "боқтай берсін, қайнағамыз ғой" деп елемей риза болып тұра берді. Анау түріне қарамай қайнаға болып күшейіп тұрса, мына екеуі қоғамда қазір әуселесі асып тұрғанына қарамай әдептен озбайтын күйеу баланың рөлінде.

Жалпы коммуникативтік нормалар болады да, ұлттық коммуникативтік нормалар болады. Бейтаныс қазақтар, оның ішінде қазақы жандар көбіне жалпы коммуникативтік нормаларды сақтап, қай арнамен ағуды білмей, мысық пен тышқан секілді аңдысып отыруды жөн санамай, бірден сөйлесудің үшінші деңгейіне бір-ақ секіреді. Онда осы қазақы (лингвомәдени) ортада  ғасырлар бойы Отбасы институты қалыптастырған сөйлеу әдебі, сөйлеу стилі мен сөйлеу арнасы сайрап жатыр, жаңылмайсыз. Қайнаға мен күйеу бала арасындағы сыйлай сөйлеу әдебін сақтау стилі, қайын мен жеңге, жезде мен балдыз, нағашы-жиен, бажалар арасындағы ойнақы жеңіл әңгіме стилі және т.б.

Бұл өмірде кездейсоқта жөн сұрасып, өзара әңгіменің арнасын бірден тауып алып, шүйіркелесе кететін, кейін туыстан бетер жақын болып, өмір бойына ажырамай кететін жандар қаншама. Иә, жылқы кісінескенше, қазақ сөйлескенше ғана бейтаныс болатындығын дәлелдеу бұл жерде  артық болар.

Бижомарт ҚАПАЛБЕК.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377