ПУТИН БЫЛТЫР БҰРЫНҒЫДАН ЕКІ ЕСЕ КӨП ТАБЫС ТАУЫПТЫ
Ресей Президенті Путин 2014 жылы 7 654 042 рубль (151,5 мың доллар) табыс тауыпты. Бұл туралы Кремльдің сайты жариялаған кіріс туралы декларацияға сілтеме жасап BBC хабарлады. Путиннің бұл табысы 2013 жылғыдан екі есе асып түскен.
Декларациядағы мәліметке сай, Ресей басшысы 1500 шаршы метр жер теліміне, 77 шаршы метр гаражды пәтерге иелік етеді. Бұдан сырт, Путин иелігінде 153,7 шаршы метр аумақты пайдаланудағы үй де бар көрінеді.
Сондай-ақ, Путиннің үш жеке көлігі бар, көліктің үшеуі де Ресейдің отандық өнімі: ГАЗ М21, ГАЗ М-21-Р және Нива маркалы машиналар.
Ресей Премьері Димитрий Медведевтің де 2014 жылғы кірісі одан бұрнағы жылғыдан екі есеге өскен. Ол былтыр 8,052 миллион рубль (159,4 мың доллар) табыс тауыпты.
Сәрсенбіде жарияланған Кремль сайтында жарияланған мәліметте Президент әкімшілігінің қызметкерлерінің табысы да көрсетілген.
ТМД, Абхазия және Оңтүстік Осетия мемлекеттерімен Әлеуметтік-экономикалық әріптестік басқармасының бастығы Олег Говорун 2014 жылы бәрінен көп табыс тапқан. Оның кірісі 114 миллион рубльден (2,3 миллион доллар) асып жығылады. Ол жұбайы екеуі бес жер телімі мен үйдің, бес пәтердің және үш автокөліктің иесі болып табылады екен.
Ал, табысы жағынан тізімде екінші тұрған адам – Президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Вячеслав Володин. Ол 63 миллион рубльге(1,3 миллион доллар) жұмыс істеген.
Естеріңізге салсақ, осыдан бір ай бұрын CNN Money жариялаған әлем лидерлерінің табысы туралы мәліметте Ресей президенті Владимир Путиннің жылдық табысы 136 мың доллар екені көрсетілген.
Ал, Кремль сайты биылғы наурыз айының басында Ресей басшысының өз жалақысын он пайызға қысқартқанын жариялады.
Нұрғали НҰРТАЙ
Abai.kz