АЙНҰР ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ. АСПАНДЫ АҢСАУ
Хауа ананың зары
...Жазмышқа таңар жұмақы жанды
Саябыр еді, сұрапыл алды.
Жаратушының жасампаз ісі
Жаратылысқа, сірә, тұман-ды...
Сиқыр боп тартар саналы жанды,
Сырқұмарлықтың алауы жанды.
...Тәнімнің емес, жемісте сол бір
Жанымның, бәлкім, қалауы бар-ды.
Белгісіздіктің дерті күшті еді,
Тағдыр боп тапты толқын іштегі.
Жәннатты жайлап, сезінбей, сүймей,
Періште болу қорқынышты еді...
Адасқан сәттен айбынды сертім,
Қызығым емес, қайғым-дүр еркім.
Арман мен ажал арылмас мұң боп,
Жұмақтан жылап айрылдым сол күн...
Болмыстан берік бар ма тірегім?!
Адами ғұмыр – арда тілегім.
...Жандауа жоқпен жол тарттым жырақ,
Жұмыр жер болғай жәннатым менің...
* * *
...Бозмұнар көшкен далада
Бұлың да бұлың бел жатыр.
Сағыныш ескен санада
Сақтарсың нені, сен ғапыл?!
Жалғанды ойлап жүдесең,
Жазмыштан жалғыз жанға үкім:
Жеруани бақыт тілесең –
Жер беті болар жәннатың.
«Тілегім – дидар тек» десең,
Жақсылық күтпе жерде көп.
Сертіне рухтың жетпесең,
Сүйсінер ғұмыр сенде жоқ!
Пәни мен бақи арасын
Пейілмен пенде жалғаған.
Нәпсі ме, рух па, аласың –
Екінің бірін таңда, адам!
Пейіштен қалған адасып
Періште дәурен көшкен күн,
Күнәһар адам баласы,
Күнәсіз жерге қош келдің!!!
* * *
Нығметтің нұрына малынып,
Жеті көк жауһарын жия кеп,
Адамзат терісін жамылып
Күн кешу не деген қиямет!!!
Тұл қалу тағдырын тұғырдан
Жат жерлік жоқтаусыз жан ұқсын.
...Тозақтың отына жылынған
Сор жалған, сен де бір ғаріпсің...
* * *
Тамұқта тірі тұншығып,
Жер басып жүру – құлшылық.
Түсіңе тағдыр енеді
Ұшпаққа рухың ұмсынып.
Себезгі сәуле төгеді
Көңіліңнен сонда күн шығып.
Жарқ етіп, қайта сөнеді
Жалғаннан жаны түршігіп.
Бақыттың таппай дерегін,
Көшеді күндер күрсініп.
...Күйікпен толған кемері
Тозағым менің – тіршілік...
* * *
Тамырынан танатын тұс келгенде,
Тор нәпсіге тұтқын боп түскен жерге,
Жаза басып, жаңылғыш жаратылған
Періштеден мерейі үстем пенде...
Тағдыр сыны тағы да сағатсыз кеп,
Талауратқан тұл жалған тағатты үзбек.
...Шырқай алмай рух құсы шырқырайды,
Әлімсақта қырқылған қанатты іздеп...
* * *
Тағдырым тауқыметтей ғалам күткен,
Арылмай азалайды санам жүктен.
Тозғанша темір тағат тұралатқан
Азаптың арманы жоқ маған біткен.
Қалса да келте ғұмыр қас-қағымдай,
Пенделік парыз көшпес бастан ұдай:
Өтермін мұң арқалап, қайғы теңдеп,
Бір тамшы ақыретке жас қалдырмай...
* * *
Тіршіліктен түйір бақ таппаған мұң
Жалған-отқа жанымды қақтаған мың.
Қорлығына қия алмай құл-ғұмырдың,
Ғазиз жанды ғарышқа сақтағанмын.
Жаралыста жазған дерт – жер-тірліктің
Босағасын болжаусыз аттағанмын.
Адам ұлын арманмен азаптаған
Ар алдында ажалмен ақталармын.
Ақыреттен бір хабар жеткен күні
Жалқы сәтке шын күліп, шаттанармын.
Күнәһарлық құрсауын күл-талқан ғып,
Ай мен күннің еліне аттанармын...
* * *
Күрмеуі көп күңгірт әлем күрсініп,
Құс қанаты көңілімнің тұр сынып.
Ақылымның азабымен айқаста
Мазақ етіп кетті мені тіршілік…
Дүниені дөңгелентсе дарын-Күн,
Шындығымды шабақтайды арым мың.
Есалаң ем ғашық болған ғарышқа,
Жылусыз жер, жат әлемге таңылдым.
Күйік толы күйін шертер бөтеннің,
Жолсыздықтан жаратылған екен мұң.
...Жерсіне алмай жеруани тән – жалғанды,
Аспан жаққа алаңдаумен өтермін…
* * *
...Көргендей көңілсіздеу күлкімді көп
Жаныма жиып беріп мың түрлі дерт,
Елестей еркімді алып, бала жастан
Ғарышқа ғашық етті бір құдірет...
Ғайыптан ғаріп күтер жыр-тыныс тек,
Көңілімде көктен келген күрсініс көп.
Дәруіштей дидар-ғашық дала кездім
Тастардың тасасынан тылсым іздеп...
Сый етпес сансыратпай сыр-сандығын,
Құл-ғұмыр – құлықсызға құрсау мығым...
Тартуы тұл тірліктің талайыма –
Дарыған дала мұңы жусан-жырым...
Дарын ем даңқ асырар дара шыңға,
Бір тамшы бақ кемінен бар асылға
Арманда ағып барам қос қимасым –
Көк аспан, қара жердің арасында...
* * *
Жер тартып, құл-ғұмыр жетегі,
Төменге телміріп жанарым,
Кіршіксіз көңілдер мекені –
Аспаннан алыстап барамын.
Сан ғасыр сұр өмір сүргендей
Сәулесі сұйылып жанымның,
Жамалың жылында бір көрмей,
Алтын күн, мен сені сағындым...
Күрмеуі шешілмей күндікке
Сыр түгіл, саулыққа жарамас
Сезімді сиреген тірлікте
Ең жақын жан сенсің, қара ағаш...
* * *
Қара жерді баса алмай,
Қара жоннан аса алмай,
Қара суды кеше алмай,
Қара жолмен көше алмай,
Қара ағашты құша алмай,
Қара аспанға ұша алмай,
Қаралар пірі қолдамай,
Қара бір тірлік оңбады-ай...
Аспан да ала, жер де ала,
Ерлер де ала, ел де ала,
Жақын да ала, жат та ала,
Ақыл да ала, бақ та ала.
Ғұмыр да ала, жыр да ала,
Сезім де ала, сыр да ала.
Аланың болып дегені,
Алалық қаптап келеді...
* * *
Сел көшсе де селт етпейтін санаға
Сай қосылған пәруейсіз пана да.
Адам тұрмақ, ай мен күнді таппайсың,
Жер түгілі, аспан да тар қалада...
Болмысымен бірге сыйлап шалалық,
Тәңір сүйіп жаратқан ғой «дара» ғып:
Біздің елдің асқары да жермінез,
Біздің елдің аспаны да ала бұлт...
* * *
Құс қанатында өсірген далам,
Құс-көңіл ғұмыр кешірген далам,
Періште пейіл перзентің есіл
Көз жазып барад көшіңнен, далам.
Сіңіріп санам сендегі барды,
Шемен боп тұнған мендегі мәңгі.
Меңдесе жастан мың жылдық мұңың
Жырламас қалай жердегі жанды?!
...Нәрестең едім нұр елін көрген,
Жүрсе де жүдеп жүрегім шөлден,
Аспаннан алыс кетсем де бүгін
Бір қадам биік жүремін жерден...
* * *
Күмбір көңіл көк төріне тым асық
Кеңістікке кетпесе де ұласып,
Мен мөлдірлеу болдым ба екен, білмеймін,
Ол кездері болушы еді күн ашық...
Шуақ тұнып, жас жанға нұр толатын,
Бұлақ күліп, асқарға түн қонатын.
Мен биіктеу болсам керек, әйтеуір
Ол кездері аспан жақын болатын...
* * *
О, Алла!
Қайрылып саған кете алмай
Жатсыну тұнған жалғанда,
Аңсарға қолы жете алмай,
Ақының өтті арманда.
Мәңгілік шатыс мәлім күн
Қасірет кештім қорлана.
Жартыкеш бақыт, жарым мұң –
Үлесім Хақтан сол ғана...
Қайтейін...
* * *
Тұтқын боп Тәңірлік тағлымға,
Әлімсақ антынан таймаған
Тұр мұңлық тізерлеп алдыңда
Өмірін өзіңе байлаған.
Жөнелткен жолсызың жыраққа
Сені іздеп сырылды санаттан.
...Сан ғасыр зарықтым шуаққа,
Бір тамшы нұр құйшы, Жаратқан!!!
* * *
Жалған жолы жуыстырмай жұмаққа,
Мыңдар көшкен мұң орнаған мұнартта.
Күрсінісің көкті жарып, әз әлем,
Жүрегіңе жүк артпа!!!
Хадис бар-ды: «Бір күннен бір күн бетер»,
Жазмыш – жалғыз, бұйырмап ед кімге көр?!
Сүлейменнің жүзігінде жазғандай:
«Бәрі өтеді... Бұл да өтер!!!»
* * *
Жадылап есті жыр-елес,
Күдікпен көшіп күн-егес,
Бағдарсыз кетіп барасың,
Бақыттың жолы бұл емес!
Жалғаннан күтпе жандауа!!!
Пәнидің пақыр қонағы –
Жербауыр сезім солады.
Адамға адам мәңгілік
Аңсар боп көрген жоқ әлі!
Өзіңді-өзің алдама!!!
Еншінің біткен ерегі
Кемелдік болса керегің,
Мың соқпақ кезіп, маңып көр –
Дүниенің шықпас дерегі,
Бастайды бәрі Аллаға!!!
* * *
Босағаңа байланып бар ғұмырым,
Жадылап ед бейдауа жанды нұрың.
Қайтар жолдың қорлығын қалай қидың,
Мені өзіңнен бөлгенде, Мәңгілігім?!
Құл-тағдырға қалаусыз қосқанда мұң
Жазмышыңнан жаны үркіп, қашқан бағым.
Жарсыздық пен жолсыздық маған аян
Сенен кеткен күнімнен басталғаны...
Құдіреттен дарыған құтым барын
Танып тұрып, жалғанға жұтылғамын.
...Мен – мұңлықпын баянсыз болмысымнан,
Үзірім сол, ей, мұңсыз Үкімдарым!
* * *
Саудайы тағдыр сынақта
Сансырап кешер жерлікпін.
Жамалың сіңген мұнартқа
Тал бесігімде телмірттің,
Сарылтқан сиқыр сағым-жар...
Ерендер елтіп ізіңде
Таба алмай сырды сорлаған.
Пәнидің пақыр жүзінде
Періште-пенде болмаған –
Пәруана сұрлы халім дал...
Күрмеуін мұңның шеше алмай
Қор болып өткен құлыңмын.
Жеруани тірлік кеше алмай,
Жер болып кеткен ғұмырмын...
Жазаңа лайық жаным бар...
* * *
Сұрапыл сүр үрлеген сынды лебің,
Әз жалған, әзел күннен сүргін едің.
Арсауға алас-қапас тіршілікте
Тұғырым тоз-тоз болып сүрдім өмір...
Жербауыр жанымды егеп жүрді жегім,
Көкөзек көңіл, ақыр күлдіредің.
Үзіліп тынып майда тамыр біткен
Ілініп жалғыз тінге тұр жүрегім...
* * *
Тұлпар тозып,
тұғырдың туы тұрып,
Бірі тасып, жанқайғы бірі ұтылып.
...Алмағайып ғұмыр жат ғарібің ем,
У ішкендей барамын үгітіліп...
Жазмышымда жоқ екен жанға дауаң:
Шартарабым қалмады шарламаған...
...Жан да, тән де құрбандық!!!
Тек рухы азат
Адам-тағдыр сыйлашы, Алла, маған!!!
* * *
Сергелдең салып ерік
Сор тұнған сорабыма,
Тірелдім тағы келіп,
Тоғыз жол торабына.
Парықтап пақыр ісім,
Дертіме ем сұраман.
Пенделік ақым үшін
Бір аян берші маған!!!
* * *
Жалғанның жанын ластама,
Күдікпен жолын күрмелеп.
Сен сенген өмір басқа да,
Шындықтың түсі бір бөлек...
Татырды татқан теңіз деп,
Пиғылың пәни маған жат:
Алладан басқа жол іздеп,
О, сорға бөккен адамзат...
* * *
Зар құштырып зырлайды зауалдай күн,
Қан құстырмай қыңбайды қарау қайғың.
Үміт зая, серт зая, сының зая –
Мен ешкімнен Өзіңді таба алмаймын...
Тозған тілек тұғырын табардай бір,
Ойлыға да ойсызға алаңдаймын.
Ғұмыр зая, мұң зая, жырым зая –
Мен ешкімнен өзімді таба алмаймын...
* * *
Арылып бітпес күрсінісіндей
Аңсауға толы жалғанның,
Мұңая сөнді мың сыр ішімде,
Жоқтаудан жаным талған күн.
Жүз жылға жетер жалығыс емі
Санама сыймас сұры бар.
Көкірек толы сағыныш еді,
Енді оның жайын кім ұғар...
* * *
Сыралғы кеуде сыздайды келіп
Алаңсыз күлсе әлдекім.
Мазасыз жаннан мұздайды желік,
Мың жылдық дертім бар менің...
Зауалың жоқтай зар етерге түк
Сезбейсің сырды, замандас...
Мендегі мұңды тәуекел етіп,
Аспан да, жер де ала алмас...
* * *
Нәр татырсаң нығметтен нең кетер-ді,
Құр бесікті, қор жалған, тербет енді –
Әлімсақта анттасқан асыл рухтар
Бірі қалмай тастапты жер-мекенді...
Ұждансыздан ұмытқан Ұлығын шын
Тамыры жоқ тексіздің тұғырысың.
Ібіліске ілдіріп ар тізгінін
Сал-сал болған санаңның сұры құрсын...
* * *
Тамырымды кезең қинап құнарсыз,
Тұғырсыз тін бебеулетер бұғаусыз.
Бұлдыр күндер бір арылмай басымнан,
Сәуле сүймей солып барам сұраусыз...
Болмысыма бір жаралған нұрменен,
Жылусыз бақ жолығарын білмеп ем.
Күн елінде көктеп еді тамырым,
Түсімде де күн көремін түнде мен...
* * *
Естіген де еліткен күйді алыстан
Әзиз жүрек ән сынды ед дидар құштар.
Мұң да үлбіреп, мұңсыздау күйге енетін
Мизамшуақ кез еді мизам ұшқан...
Айрылғалы ай құлап, асқарымнан,
Бұл мұң бірақ өзгерек басқа мұңнан.
...Сүріндім бе соңғы рет, кім біледі,
Ақ бұлт көшіп барады аспанымнан...
Қош бол, аспан!
Хақтан ұғып қара жерде құт барын,
Топырақта көктесе де түп дарын,
Қайта алмаған қанатынан қайрылып,
Менің елім – аспан екен ұққаным...
Жербауыр мұң жетелеген жер елін
Жүрегіммен жерсіне алмай келемін –
Хан секілді қадірімді құрбан ғып,
Ән секілді өмір сүрсем деп едім...
Жыр менен нұр болмысыңа бірге енсе,
Көңіл тынбас көкте ғұмыр сүргенше.
...Тән табыспай топыраққа жан ғаріп,
Қош бол, аспан!
Қара жерге кіргенше...
Abai.kz