Сенбі, 23 Қараша 2024
Бетбұрыс 4910 0 пікір 10 Сәуір, 2015 сағат 09:11

ЕУРОПА «АЗИЯҒА» КЕЛЕ ЖАТЫР

 

Әдетте, өз қотырымызды өзіміз қасып, өзгеге ұрынбай тыныш жатқан бейбіт елміз. Бірақ, «қазақ момын ел екен» деп, бізге көз алартпай, алыс жүрген де ешкім жоқ. Адам баласы жаратылғалы адам мен адамның, ел мен елдің арасында жүріп жатқан, көзге көрінбейтін мүдделер күресі бар...

Мысалы, Азия мен Еуропа құрлықтары ресми әңгімелерінде «ынтымақтастық пен өзара достық байланыстар» деп сайрағанымен, шын мәнісінде, әрқайсысы тәулігіне 24 сағат, жылына 365 күн өздерінің жеке мүдделері үшін кескілескен күрес жүргізеді. Айталық, бүгінге дейін АҚШ Еуропаның жетекші елдерін Азия инфрақұрылымдық инвестициялары банкіне (AIIB) мүше болмауға үгіттеп келді. Неге?

Ең алдымен, Пентагон өзінің жаңа стратегиялық доктринасында Азия-Тынық мұхиты аймағында АҚШ-тың ықпалы жүруге тиіс деп санайды. Ал, Бейжің AIIB-ны аталған аймақты «бағындырудағы» жеңіл құрал ретінде аса тиімді пайдаланып отыр. Сөз жоқ, қытай өкіметі Азия инфра­құрылымдық инвестициялары банкін (AIIB) АҚШ-тың толық билігіндегі Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк және Азия даму банкі (ADB) секілді ірі қаржылық құрылымдардың «тәбетіне» тоқтау салып, тепе-теңдікті сақтап-реттейтін құрылым етіп, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мақсатында құрған.

Сондықтан, АҚШ Президентінің Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша көмекшісі Дэниель Рассел: «Еуропа елдерінің үкіметтері қандай саяси, экономикалық, қаржылық құрыламдарға мүше болуын өздері шешеді» деп әдемі сөйлегенімен, Қытайдың AIIB-дағы көшбасшылығы АҚШ-тың шамына тиеді.

Ақ Үй әдеттегідей Азия инфрақұрылымдық инвестициялары банкіне (AIIB) мүше болдырмауға тырысып, Еуропа елдеріне қысым жасағанымен, ең алдымен, мүшелікке АҚШ-тың басты серіктесі Ұлыбритания өтуге келісімін берді. Араға бірнеше күн салып, Германия, Франция және Италия AIIB-ға мүше болуға ниет білдірді. Жаңа Зелендия шалт қимылдап, AIIB-ға мүше болып үлгерді. Кезекте Австралия, Швейцария және Люксембург тұр.

Қазір Азия инфрақұрылымдық инвестициялары банкіне негізін Азия елдері құрайтын 26 мемлекет мүше болып отыр.

Құрлықтағы Қытайдың басты бәсекелесі Жапония Азия даму банкісіне (ADB) АҚШ-пен бірігіп орасан мол қаржы құйғандықтан, жаңа қаржы құралымын қолдай алмауда. Бұл банктің Жарғысына сәйкес оны міндетті түрде жапон қаржыгері басқаруға тиіс. Азияда пайда болған аса ірі қаржы құрылымын жоққа шығара алмаған ADB-ның директоры Такехико Накао екі банктің өзара ынтымақтастық құрғандығын айтқанымен, айрықша қуанышты еместігін де байқатып қалды.

Сөйтіп, Азия инфрақұрылымдық инвестициялары банкінің кеңейіп-дамуына барынша кедергі жасауға бар күш-қуатын салып баққан АҚШ-тың Мемлекетік Департаменті жеңіліс табуға мәжбүр болды. Әлемдегі қаржы дағдарысы ешкімді аямайтындықтан, Еуропа үкіметтері АҚШ-тың айбатынан сескенген де жоқ. Өйткені, ұшқан құс пен жүгірген аңның да басты мақсаты - тамақ табу. Тәбет пен тамаққа тоқтау салу қиын...

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5439