Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4673 0 пікір 10 Сәуір, 2015 сағат 07:59

САЙЛАУАЛДЫ ЖҮЗДЕСУЛЕР ЕЛ ІШІНДЕ ЖАЛҒАСЫН ТАУЫП ЖАТЫР

Н.Назарбаевтың РҚШ мүшелері Шымкентте зиялы қауым өкілдерімен және жұмысшылармен кездесті

9 сәуір күні ҚР Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері Оңтүстік Қазақстан облысына сапарының екінші күнінде ғылыми және шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен және Шымкент кәсіпорындарының жұмыскерлерімен кездесті.

Делегация құрамында Республикалық қоғамдық штаб жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясының төрағасы Ғани Қалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҮЕҰ, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, спортшылар болды.

Кездесу барысында Шымкент кардиологиялық орталығының бас дәрігері Спандияр Бекжігітов Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан сапалы өзгерістер өмірдің барлық саласына, әсіресе медицинаға оң әсер еткенін атап өтті.

«Бізде озық ауруханалар мен емханалар салынуда. Мәселен, біздің тұрғындарға енді ота жасату үшін Астанаға барудың қажеті жоқ. Нұрсұлтан Назарбаевтың осы салаға көңіл бөлуінің арқасында Шымкент кардиохирургиялық орталығы үздік еуропалық жабдықтармен қамтамасыз етілген, біздің дәрігерлер шетелде дайындықтан өтті және қазіргі таңда күрделі оталарды біз өзіміз жасаймыз», - деп атап өтті С.Бекжігітов.

Оңтүстікқазақстандық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Игорь Вербицкий Мемлекет басшысының мәдениеттің дамуы мен халықтың руханиятына әрқашан ерекше көңіл бөлгенін, ал тәуелсіздік жылдарында елде жүздеген мәдениет нысандарының салынғанын атап өтті. Осылайша, Оңтүстік Қазақстан облысында «Түркістан» Салтанат сарайы, «Көрме орталығы», облыстық «Отырар» кітапханасы, Салт-дәстүрлер орталығы, тарихи-өлкетану мұражайы, этномәдени саябақ пен Жұмат Шанин атындағы драма театры ашылды.

«Өнер адамы үшін ең қымбаты - өз ойын еркін білдіру мүмкіндігі. Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанда осыған үлкен көңіл бөлінеді. Біздің мемлекетіміздің басшысы - рухы биік адам. Біз мұны жоғары бағалаймыз! Көшбасшымыз бүкіл елге ғана емес, әрбір қазақстандыққа қамқорлықпен қарайды», - деп мәлімдеді И.Вербицкий.

Түстен кейін РҚШ мүшелері Шымкент қаласының индустриялық аймағының аумағында орналасқан кәсіпорындардың жұмыскерлерімен кездесті. Мемлекет басшысының көрсеткен қолдауының арқасында оның аумағында 74 миллиард теңгені құрайтын 60-тан астам жоба іске асырылып отыр.

Кездесу барысында жергілікті кәсіпкерлер біздің елімізде Президент бизнестің дамуы үшін барлық қажетті шараларды жасағанын атап өтті.  Нәтижесінде тек Оңтүстік Қазақстанның өзінде кәсіпкерлік саласы бір миллион үш жүз мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.

Атап айтқанда, «Фирма «Дана» ЖШС директоры Мамадияр Қадырбеков аз ғана уақыттың ішінде индустриялық аймақ аумағында шыны зауытын құрып шыққанын айтты. «Мен өз басым Президенттің қолдауын көрдім деп сеніммен айта аламын. Себебі, маған бұл жақтан коммуникациялары бар жер берілді, жұмысқа ыңғайлы жағдай жасалды. Егер Нұрсұлтан Назарбаев өнеркәсіпшілерді қолдамағанда, бұның бірі де болмас еді», - деді М.Қадырбеков.

Өз кезегінде «Тұран Скин» компаниясының жұмысшысы Татьяна Летуновская Президентке еңбек адамына деген қамқорлығы үшін шынайы алғысын білдірді. «Мен шетелдерде зауыттардың жабылып, адамдардың жұмыссыз қалып жатқанын теледидардан көргенде түршіге қараймын. Елбасына бізді осындай келеңсіздіктен қорғап, жұмыс орындарын ашып жатқаны үшін алғыс айтамыз», - деді Т.Летуновская.

ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықов «Лифт» ЖШС жұмысшыларымен кездесті

Павлодар қаласында ҚКХП атынан ұсынылған ҚР Президенттігіне үміткер Тұрғын Сыздықов «Лифт» ЖШС-ның жұмысшы ұжымымен кездесті.

Кездесу барысында Тұрғын Сыздықов жиынға қатысушыларды өз сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырды.

«Қазақстан Коммунистік Халық партиясының қызметі ғылыми социализм идеясына, марксизм-ленинизм іліміне және прогрессивті қоғамдық ой-санаға негізделген.

Біз ғылыми коммунизмді сақтап қалу үшін үлкен қадам жасадық. Дамудың көпдеңгейлі кезеңінен өттік.

Партияда партиялық бұқараны бақылау, оны бюракратияландыруға жол бермеу, даму үрдістерін болжау, ауыспалы жағдайда дер кезінде әрекет етудің тұрақты механизмдері жұмыс істейді.

Мұның бәрі күнделікті қажеттіліктерден туындап, бұқараның шынайы шығармашылығына сүйенген», - деді кандидат.

Т.Сыздықовтың айтуынша, партия батыстық мәдениет пен құндылықтардың теріс ықпалы сынды мәселелерге баса назар бөледі.

«Батыс адами құндылықтар дағдарысын бастан кешіп отыр. Қоғам санасын тұтынушылық стандарттар, рухани жұтаңдық, зорлық-зомбылыққа негізделген идеялар билеп алған.

Төзімділік, мейірімділік, үлкенге құрмет, отбасылық өнеге, дәстүр, адамгершілік сынды қарапайым адами қасиеттер мүлде бөтен болып барады», - деген сөздерден бастады өз баяндамасын ҚР Президенттігіне кандидат.

Бұдан әрі Тұрғын Сыздықов жастар тәрбиесіне қатысты өз пікірін ортаға салды. Оның айтуынша, әлем бойынша жастар сапалы классикалық шығармаларды оқудан қалды, есесіне зорлық-зомбылыққа толы голливудтік фильмдермен, боевиктермен, компьютерлік ойындармен, қатыгез музыкамен санасын улауда.

«Мұның соңы неге алып келеді? Зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке тәрбиелеп, жеке қасиеттерін дамытып, оқуға, еңбектенуге, отбасын құруға деген құлшынысты жояды.

Бүгінде теледидар арқылы мультфильмдерден бастап, түрлі блокбастерлерге дейін батыстық өмір сүру салтын жаппай жарнамалап жатыр. Ол дегеніңіз - қорлау, қатыгездік, еріншектік, жауапсыздық, өмірге деген құлшыныстың жоқтығы», - деген пікірімен бөлісті кандидат.

Жаһандық жаңалықтар топтамасынан күн сайын жүгенсіздік пен жауапсыздық идеяларының жан түршіктірерлік салдарын көріп, естіп жатамыз.

Батыс мәдениеті бизнеске айналып, материалдық пайда іздеген мақсат оның басты шарты болды. Батыстық идеалдардың жетегінде кеткен тұтас ұлттар жеке бастың қамын өмірдің мәні деп түсінеді.

Осы жерде, жат қылықтардың ықпалына тез еретін жас буынды қатаң бақылауда ұстау қажет.

Бүгінде сол Батыстың жастары тез әрі зиянды тамақтанудың, фаст-фудтың құрбанына айналып жатыр, планшет пен телефонға телміріп, бар уақытын әлеуметтік желілерде, Интернетте өткізуде. Мұндай өмір салты түбінде денсаулық пен адамгершілік қасиеттерден айырып, жалпы адам өмірін мәнсіз етеді. Шынайы өмірден қашамын деп, есірткі мен басқа да психотроптық тәуелділікке тап болып жатқандар қаншама?!

Кандидаттың айтуынша, осының салдарынан қантөгіс пен қатыгездікке толы, адами қасиеттерден жұрдай елес өмір қалыптасып жатыр. Онда Батыс адамдары қатыгездікті санасына сіңіріп, өздерінің өмір сүру моделіне айналдырды.

«Батыстық жауапсыз өмір стандарттары ғасырлар бойы қалыптасып, тәртіпке айналған адамгершілік қасиеттерді көлеңкеге ысырып барады. Соның салдарынан адамдар жанашырлық танытуды, дос болып, шынайы ғашық болуды ұмытты.

Батыстың ықпалымен көрсеқызарлыққа, қанағатсыздыққа, еңбексіз қарын тойдыруға үйрететін тәрбие алғандар кез келген теріс әрекетке дайын тұрады. Батыстық жат мәдениеттің баяндауымен жеңіл жетістікке жеткендерді ешбір моральдік құндылықтар мен тәрбие тура жолға қайта түсіре алмайды.

Сол себепті біздің бүгінгі міндетіміз - кез келген қоғамды құлдырауға ұшырататын Батыстың жат мәдениетіне тиісті деңгейде тойтарыс беру», - деп қорытты сөзін Т.Сыздықов.

ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайынов ОҚО жұртшылығымен кездесті

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданының жұртшылығымен кездесті.

Әбілғазы Құсайынов кездесуге қатысушыларды экологияның қазіргі проблемаларын қозғайтын сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды.

«Өнеркәсіптің қарқынды дамуы барысында адамдар табиғатқа үлкен залал келтіріп, соның салдарынан «бумеранг әсері» туындады: енді табиғи ортаның құртылуынан таяқтың екінші шеті адамның өзіне тиіп отыр.

Қоғам мен табиғаттың үйлесімсіз байланысы үлкен экологиялық проблемалар туындатты.

Ол аздай, экологиялық құлдырау үдерісі күрделі экологиялық дағдарысқа ұласып барады. Табиғатты қорғау мәселесі адамзатты аман алып қалу мәселесіне айналып отыр.

Табиғи апаттардың орын алу жиілігі 2000 жылдан бері, бұған дейінгі онжылдықтармен салыстырғанда, 6 жылдың ішінде 187%-ға артқан.

Жаһандық экологиялық түйткілдердің туындап, ушыға түсуіне табиғат қорын өлшеусіз тұтынып, қоршаған ортаға антропогендік кері ықпал ету, жаппай қырып-жою қаруын пайдалану себеп болды», - деді Ә.Құсайынов.

ОҚО-дағы сайлауалды штабының жетекшісі Болат Рысқұлбеков қазір қалыптасқан жағдай қоршаған орта сапасының құлдырауынан туындағанын атап өтті. Ауа, өзен-көлдер, теңіз-мұхиттар ластанып, топырақ құнарсыздануда, жануарлар мен өсімдік әлемінің бірнеше түрі жойылды.

Мәселен, шөл даланың жалпы аумағы 27 миллион гектарға кеңіген. Осының кесірінен адамзат жыл сайын 25 миллиард тоннаға жуық құнарлы топырағынан айырылып отыр. Әлем бойынша барлық ауылшаруашылық жерлердің 63%-ы эрозияға ұшыраған. Жыл сайын жер бетінен 13 миллион гектар орман алқаптары жойылуда.

Адам мен биосфера арасындағы түсініспеушіліктен табиғат жүйесі қалпына келтіруге келмейтін өзгеріске ұшырады. Қоғамның, халықтың өндірістік қуатының артуы, урбанизация, ғылыми-техникалық ілгерілеушілік - осы өзгерістердің басты катализаторы.

Ғаламшардың адамзат өндірісінің шығындарын игере алмауы үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Биосфера құртылуда. Сондықтан адам тойымсыз өндірістік іс-әрекетінің кесірінен өз болашағына өзі балта шауып отыр.

Мұның бәрі адам өмірі үшін пайдалы экологиялық жағдайды нашарлатты.

Кандидат келесі экологиялық статистикаға тоқталды: Жер бетіндегі қалалардың ауасының ластануы жыл сайын 865 мың адам өлімінің басты себебі болып табылады.

Копенгагенде климаттың өзгеруі тақырыбына арналған конференцияда БҰҰ-ның жасаған баяндамасына сәйкес, Әлем мұхиттарында судың қышқылдығы 35-40 жылдан соң 150%-ға артады, бұл теңіз экожүйесін үлкен өзгеріске ұшыратады.

Геологтардың айтуынша, адамдар ауыл шаруашылығымен айналысып бастап, мал бағып, жер қыртысын игеруге кіріскелі бері жыл сайын Әлем мұхиттарына 9 миллиард тоннаға жуық топырақ құйылды. Қазірде бұл көрсеткіш 25 миллиард тоннаға жетіп отыр.

Жыл сайын 260 миллиард тоннаға жуық пластмасса бұйымдар Әлем мұхиттарына төгіледі. Пластикалық қоқыс мұхиттарға өзендермен, тоғандармен, жағаны шайған теңіз толқындарымен жетеді.

Кандидаттың хабарлауынша, 10-15 жылдан соң су тапшылығынан екі миллиардқа жуық адам жапа шегуі мүмкін.

Жаһандық жылыну салдарынан ХХ ғасырда әлемдік мұхит деңгейі 20 сантиметрге көтерілді. Ал арктика мұздары 5 жылда 70 сантиметрге жұқарған.

«Осы айтылғандардың негізінде, экологиялық қауіпсіз дамуға көшу міндеттерін адамзат дамуымен қатар қарастыру сайлауалды тұғырнамамның басты мақсатына айналды.

Қауіпсіз дамуға тек экономикалық жүйені дамыту тұғырнамасын қайта қарастырғанда ғана қол жеткізетімізді естен шығармайық.

Атап айтқанда, экономиканы экологиялық таза, қоршаған ортаға зияны жоқ аз шығынды технологиялардың көмегімен түрлендіру – дамудың басты негізіне айналуы тиіс», - деді кандидат.

Табиғат ресурстарын мақсатты әрі жоспарлы пайдалану, қоршаған ортаны ластанудан қорғау, мемлекеттік бақылаудың, табиғат ресурстарын дұрыс пайдалану, қорғау және қалпына келтіруге бағытталған іс-шаралардың жоспарлы жүйесін енгізу Ә.Құсайынов қызметінің ең басты міндетіне айналуы тиіс.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5409