ЕЛМЕН ЕТЕНЕ ӘҢГІМЕ
СЕМЕЙ ЖҰРТЫ ЕЛБАСЫМЕН БІРГЕ
Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Семей қаласында Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерімен, өңірге танымал, құрметті адамдармен, ақсақалдармен, әскерилермен, сондай-ақ цемент зауытының қызметкерлерімен және кәсіпкерлермен кездесті.
Делегация құрамында - Республикалық штабтың жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Қазақстанның Патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов, «Ақ жол» Демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Біірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, Қазақстандық мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекова, Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақытжан Ертаев, Төлеген Ибраев, Нұртай Сәбильянов, Қазақстанның күрес федерациясының құрметті президенті Дәулет Тұрлыханов және басқалар болды.
Абай атындағы кітапханадағы кездесу кезінде Семей тұрғындарының Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше ілтипатпен қарайтыны атап өтілді. Өйткені, ол Семей полигонындағы ядролық сынақтарға тоқтау салды.
«Ядролық полигонды жаба отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлемге ол үшін ең бастысы: туған халқының өмірі, денсаулығы, мақсат-мұраттары мен болашағы екенін көрсетті. Осы ұлы қадамы үшін семейліктер бүкіл әлемде ядролық қаруға қарсы қозғалыстың танылған көшбасшысы біздің Елбасымызға президенттік сайлауда шын жүректен қолдау көрсететініне сенімдімін», - деп атап көрсетті Республикалық қоғамдық штабтың жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты бизнестің жаһандық экономикалық тұрақсыздыққа қарсы тұруына мүмкіндік береді, ал бес институциональдық реформалар орта таптың одан әрі жедел қарқынмен қалыптасуына жағдай туғызады», - деп атап өтті.
Семей активі алдында сөз сөйлеген Патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов Нұрсұлтан Назарбаевты еліміздің басты патриоты деп атады. «Сондықтан республикамыздың барлық патриоттары Елбасына дауыс береді», - деп мәлімдеді Ғ. Қасымов.
«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев: «Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Қазақстанда шағын және орта бизнес дамып, кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалған», - деп атап өтті.
«Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды әлемдік көшбасшы елдер қатарына қосқан кемеңгер қайраткер екеніне тоқталып өтті.
Семей тұрғындары шығыс өңірді қарқынды дамып келе жатқан аймаққа айналдырғаны үшін, сондай-ақ жаңа жұмыс орындары, озық кәсіпорындар құрылып, заманауи тұрғын үй кешендері мен сапалы жолдар салынып жатқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа шын жүректен алғыстарын жеткізді.
Атап айтқанда, 2014 жылдың өзінде ғана өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі 8 пайызға жуық артты, Елбасының үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 10 бірдей жоба іске асырылды, соның арқасында 600 жұмыс орны құрылды. Барлығы өткен жылы Семейде 6500 адам жұмыспен қамтылды.
Кездесу кезінде кәсіпкерлер Мемлекет басшысы тарапынан тұрақты қолдаудың арқасында өңірде машина жасау өндірісі қарқын алып келе жатқанын атап өтті. Бір жылдың ішінде тракторлар, автобустар және автомобильдер өндірісінің көлемі екі есе өсті. Бұл салада 12 пайыздан астам өсім байқалды.
Жергілікті кәсіпкерлер РҚШ мүшелеріне «Нұрлы жол» президенттік бағдарламасының ауқымына әсерленгенін айтты, оның арқасында бүкіл елде жол және әлеуметтік инфрақұрылым сапалы жаңаратын болады.
Семей тұрғындары Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды күшті, тәуелсіз және гүлденген мемлекетке айналдырғанын мәлімдеді.
КОММУНАЛДЫҚ КӘСІПОРЫН ҰЖЫМЫМЕН ҰШЫРАСУ
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Қостанай қаласында «Қостанай су» коммуналдық кәсіпорнының ұжымымен кездесті.
Өз сөзінде Ә.Құсайынов сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырып өтті.
Ә.Құсайыновтың айтуынша, әлемнің түрлі елдеріндегі экономиканы қарқынды дамыту жұмыстары қоршаған табиғи ортаның мүмкіндіктері мен ол көтере алатын шектеулі шаруашылық салмақты ескермей жүргізіліп жатыр. Табиғат ресурстарын тиімсіз пайдалану, табиғи ортаның қалдықтармен ластануы, гендік қор мен биологиялық әртүрліліктің азып-тозуы қоршаған орта мен адам мекендеген айналаның құлдырауына алып келеді. Адамның өнеркәсіптік жұмыстарының нәтижесінде озон қабатының бұзылуы, Әлем мұхиттарының ластануы, жер мен оның құнарлы қабатының жұтаңдануы, биологиялық әртүрліліктің азуы сынды мәселелер өзекті болып отыр. Атмосфераның шаң-тозаң және газды қалдықтармен ластануы үлкен алаңдаушылық тудырады. Олар минералды отын мен биомассаның өртенуіне, сондай-ақ тау-кен, құрылыс пен басқа да жерде жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты ауаға таралуда.
Адам орны толмайтын табиғи ресурстарды шексіз тұтына отырып, қалпына келтіруге болатын қорлардың қайта толысуына кедергі жасауда.
«Табиғи ресурстардың қайта қалпына келмейтінін естен шығармаған жөн», - деп атап өтті Ә.Құсайынов.
Кандидаттың айтуынша, адамзат жыл сайын өнеркәсіптік өндіріс көлемін өсіріп, соның салдарынан игерілмеген табиғаттың таза айналасы тарылып бара жатыр.
Әдетте, өндіріс кезінде осы жерлерде тұрып жатқан халықтың мүддесімен қатар, онда өсетін бірегей өсімдіктер мен сирек кездесетін аңдардың қауіпсіздігі ескерілмей жатады.
Бүгінде адам өз қолымен өзінің өмір сүретін кеңістігін шектеуде.
Оған қоса, Ә.Құсайынов экологиялық білімнің маңыздылығына тоқталды.
«Жалпы білім беретін мектептерде міндетті пән енгізе отырып, экология мен оның қауіпсіздігі туралы түсінік қалыптастыру, сонымен қатар тұрақты экологиялық-ағартушылық жұмыстар жүргізу экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы білім берудің маңызды қадамдары болып табылады», - деп атап өтті Ә.Құсайынов.
Сонымен қатар «Қостанай су» ұжымының алдында Ә.Құсайыновтың аймақтық сайлауалды штабының жетекшісі Тибеев Бауыржан Айдаболұлы сөз сөйледі.
Б.Тибеевтің айтуынша, адам әлемдік экожүйенің бір бөлігі екенін есінен шығармауы тиіс. Ғаламшардың жарқын болашағы әр адамның табиғи ресурстар мен жануарлар әлеміне деген саналы әрекетіне тәуелді.
Әлемдік экожүйенің бір бөлшегі ретінде Қазақстан да қоршаған ортаның ластануынан туындаған проблемаларды сезініп отыр. Сондықтан өскелең ұрпақ арасында табиғатты аялауға үндейтін насихат жұмыстарын күшейту керек. Сондай-ақ, Б.Тибеев атап өткендей, аймақта сайлауалды штаб қызу жұмысқа кірісті, үгіт-насихат жұмыстарымен айналысатын сенімді тұлғалар белгіленді.
Штаб жетекшісінің айтуынша, алдағы уақытта үгіт-насихат жұмыстары белсенді жүргізіліп, бірқатар іс-шаралар өткізіледі, кәсіпорындардың жұмысшы ұжымдарымен кездесу өткізу жоспарланған. Б.Тибеев штаб кеңсесі журналистер мен бақылаушылар үшін әркез ашық екенін атап өтті.
«Үгіт материалдары бар, кандидаттың сайлауалды штабының мүшелері қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізуге әзір», - деді ол.
СЫЗДЫҚОВ АУЫЛДАҒЫ АҒАЙЫНМЕН ӘҢГІМЕЛЕСТІ
Қазақстан коммунистік халықтық партиясынан ұсынылған Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов Солтүстік Қазақстан облысы Мәмлүт ауданының ауылшаруашылық өндірушілерімен кездесі.
Кездесу барысында кандидат Сыздықов өзінің сайлауалды тұғырнамасының басты екі бағыты – коммунистік партия қызметінің негізгі қағыдаттары және батыстық мәдениет пен батыстық өмір сүру салтының кері әсері туралы әңгімелеп берді.
«Батыстық әлем жүйесі дағдарысқа ұшырады: жаңа қоғамдық даму формалары іздестіріліп жатыр.
Қазіргі заманғы Батыстың келбеті экономикадағы, қаржы саласындағы трансұлттық корпорациялармен, қоғамның кедейлер және байлар болып бөлінуімен айқындалатын дамудың постиндустриялық кезеңіне, жаһандану дәуіріне аяқ басуымен сипатталады.
Шектен шыққан демографиялық үдерістер, босқындардың қалың толқыны гуманитарлық апатқа ұшыратуы мүмкін», - дейді Сыздықов.
Кандидаттың сайлауалды тұғырнамасында атап өтілгендей, «жаһандық компьютерлендіру мен батыстық электрондық БАҚ қоғамның сана-сезімін улап, адамдардың арасына іріткі салу үшін индивидуализм принципін насихаттауда, бұл ғаламшардың мәдени тұтастығының құлдырауына алып келуі мүмкін».
Тек коммунистер ғана емес, сондай-ақ ірі саясаткерлер, экономистер, ғалымдар да батыстық қоғам әділетсіз деген пікірді қолдайды. Дамушы коммунистік идеялардың көмегімен ғана адамзатты құтқаруға болады. Ол өз кезегінде теңқұқылы халықтарды, адам мен табиғаттың мүддесін үйлестіруге мүмкіндік береді.
Батыстық мәдениет пен батыстық өмір сүру стандарттарының кері әсері жайында сөз қозғаған Тұрғын Сыздықов келесі мәселелерге тоқталып өтті:
«Батыстық мәдениеттің түйткілдері кәзір әркімге аян. Ол маңызды құндылықтарынан айырылып, бағытын жоғалтқан қоғам абдырап қалды.
«Алтын көрсе періште жолдан таяды» демекші, батыстық қоғамда шексіз баю мен жеке қажеттіліктерін қанағаттандыру өмірдің басты мәніне айналып барады.
Батыстық фильмдерде насихатталатын бейқам өмір – адам-тұтынушы тәрбиелеп шығаруды мақсат тұтатын ақиқаттан алыс аңыз ғана».
Одан бөлек, кандидат Сыздықов аграршылардың жұмысының, сонымен қатар дұрыс тамақтанудың маңыздылығын атап өтіп, батыстық фаст-фудтың зияны мен сапасыздығына кеңінен тоқталды.
«Мұндай тағамды тұрақты тұтынудан туындайтын зиян ішімдіктің немесе шылым шегудің салдарынан кем түспейді. Алайда фаст-фуд салынған пакеттің сыртында денсаулыққа келтіретін зияны туралы ешқандай ескерту жоқ.
Дұрыс тамақтану мәселесі әркез өзекті болып қала бермек – ол денсаулық негізі. Батыс елдерде халықтың фаст-фудқа деген қызығушылығы семіздікке шалдыққан адамдардың санын еселеп жатыр. Сондықтан да, батыста жүрек-қантамыр аурулары адам өлімінің басты себебіне айналды», - деді Т.Сыздықов.
Өз кезегінде ҚКХП облыстық комитетінің жетекшісі С.Мартемьянов жиналған жұртты аймақтық сайлауалды штабтың жұмыс жоспарымен таныстырды.
«Біздің штаб кандидатты қолдау бойынша үгіт жұмыстарына кірісті. Сенімді тұлғаның белгіленіп, насихат материалдарын тарату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Плакаттар ілініп, баннерлер орнатылды, кәсіпорын жұмысшыларымен алғашқы кездесулер ұйымдастырылды.
Жалпы, жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалғанын атап өткім келеді, баспасөзбен де тығыз байланыс орнатылған», - деді С.Мартемьянов.
Қорытындылай келе, Тұрғын Сыздықов кездесу қатысушыларына алғысын білдіріп, оларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді, сонымен қатар ауылшаруашылық өнім өндірушілеріне жағымды ауа райы мен сәтті егістік науқанын тіледі.
Абай-ақпарат.