Сенбі, 23 Қараша 2024
Cатира 7964 0 пікір 1 Сәуір, 2015 сағат 15:38

Көпен ӘМІРБЕК. КӨНТЕК ЕРІН

1 сәуір – Күлкі күні. Осы орайда танымал сатирик-жазушы Көпен Әмірбектің кезінде оқырман қауымның ықыласына бөленген, бірақ бүгінгі жас буын онша біле бермеуі мүмкін сықақ әңгімесін ұсынып отырмыз.

 

Ерін екі бет арызын еңіреп отырып, әл-дәрменін жиып әрең бітірді де, сотқа әкеп тапсырды.

«Қасық тимесе, ғашық тимеген Уыз ерін атыма кір жұғып, кірбің түсті көңіліме, – деп бастады біссімілдәсін. – Ти десе тимейтін, тиме десе тиетін бір қылқылдаған қырсық ерін қыр соңымнан қалмай:

– Түу! Сүйкімді ерніңіз сүюге ғана жаралғандай екен! – деп тамсанғанда, талып қала жаздадым. – Көзім өтіп кетер ме екен, тіфә-тіфә... тілім тасқа! Астыңғы ернін қымқырып, үстіңгі ернін жымқырып, тебеген аттай теріс айналып тұратын кей еріндердің қасында сіздікі қайда-а, жер мен көктей ғой, жер мен көктей! О, дәурен-ай! Ерсілі-қарсылы жүргендей ерні-ерніне жұқпайтын еріндерге де есіміз шығып, аузымыздан су ағыпты-ау бекерге. Па, шіркін, неткен сұлулық!

Майдай еріп, есі кетті жазғанның. Екі елі аузының сыртында түржиіп тұрған көнтек ерніне көзім түсіп еді, Құдай сақтасын... жауын құртындай білеу-білеу бірдеңе. Жыра-жыра ерні жыбырлап, «қарындас» дегені сол еді, қай тұстан қарпығанын қайдам, шарт та шұрт бас салды да, ал кеп сүй, ал кеп сүй. Сүюден өлгендей сүйкімді ерніме сүліктей жабысып, айрылса кәне? Есімді жисам, астыңғы ернім мен үстіңгі ернім өзеннің жарқабағындай екеуі екі жақта далбасалап қалып қойыпты. Есі жоқ есерсоқ неме арақты аузымен әрең ашқан адамдай мылжалап, еттурағыштан өткізгендей сезіндім. Иланбасаңыз, мінеки, медэкспертизаның қол қойылған анықтамасын қоса тапсырып отырмын. Көз жүгіртіңіз:

«Анықтама

Уыз еріннің орта тұсы опырылғандай қатты сүйілген. Сүю күші жобамен жүздік шегені желкесінен суырған қысқаштың қаруындай деп тұжырымдаймыз. Алда-жалда ол (жәбірлеуші) осы тегеурінмен ат арқандаған қазықты тас төбесінен сүйсе, тісімен тартпай-ақ тікесінен суырып алған болар еді. Жәбірленген Уыз ерінді үш қырынан суретке түсірдік. Ай бетіндегі айғыздай сағал-сағал. Кім құшса да, ақыл тісі атымен жоқ. Сойдақ-сойдақ күрек тістерінің табы бар».

Бар-жоғы, бас-аяғы осы анықтаманың. «Қымызды кім ішпейді, қызды кім сүймейді» демей, мәселеге мән беріп, ақ-қарасын ажыратып, араша болыңыздар!

УЫЗ ЕРІН».

* * *

Іс насырға шауып, алдында ақырзаман күтіп тұрғанын күні бұрын сезген Көнтек ерін тарғыл басын тауға да, тасқа да ұрып, дамыл таппады. Көзін жұмса қай-қайдағы қайғылы бәлелер елестеп, түсінен шошытады. Ас ішейін десе, ораза тұтқан адамдай – оған да жоқ. Қаптаған уәйім. «Ел-жұртта ерін құрып қалғандай қайдан ғана ұрынып ем. Өлетін баланың молаға қашатынындай, түр-түсіне қызыққан өзімде де бір шайнам ми жоқ қой. Миым болса сөйтер ме едім. Не лаж бар? Сот алдында сопақ басымды изеп жазасына мойынұсынып, мойындасам ба екен? Әлде соқыр түйенің оттағанындай әр нәрсенің басын шатып-бұтып, өз басымды арашаласам ба? Арашалағанда не демекпін? «Байқамай бас салыппын» деймін бе? Жоқ, мұным уәж емес. «Байқамай сүйген ерін балшықтай илеп, баданасын шығара ма, кеще неме?!» деп, жер-жебіріме жетеді, әрине. «Ғафу етіңіздер... Қарындас қарымтасын қайтарсын, яғни, мені де дәп бір құтырған түйе шайнағандай ғып шайнасын!» десем ше? Бұ да – кісі күлерлік бостекі жауап. «Айналайын-ау, өбетіндей жұрнақ қалдырдың ба әуелім?!» деп сот сорпамның майын қалқығанда, жерге кіретін тесік таппай, форточкадан шығам ба?

Жүретін жол таппай, тығырыққа тірелген Көнтек ерін көп уәйімнен соң айдап отырып, Тайқы маңдай деген ағайынға ат басын тіреді де:

– Ассалаумағалейкүм, аға! – деп, бас салып құшақтап, бетінен сүйді. Іші-бауырына кіріп, майлы ішектей айналдыра жөнелгеніне қарағанда ісі түскен қу екенін аңғарған Тайқы маңдай бірден жөн сұрады:

– Қай баласың, қарағым?

– Ауыз деген аймақтағы Ерін деген елден едім...

– Е-е, етек тұста Ерін деген ел бар деуші еді, сол емессің бе?

– Дәл түстіңіз, аға! Есіңізде ме, менсінбейтін біреулерге ерініңіздің ұшымен ғана сәлемдесуші едіңіз ғой?

– Иә, иә!

– Сол ерніңіздің ұшы мен боламын. Кей-кейде бір боркемік боскеуде немелер «үстіңнен домалақ арыз дөңгелетіп, шерменде шекеңді жер жыртқандай жыртып, әжім егем де, арба жүре алмайтындай қылам!» деп қоқан-лоққымен қорқытып-үркіткенде, сіз оларға «пішту!» дегендей ерніңізді пырт еткізіп шығармаушы ма едіңіз?

– Да-а... Ерін – емеурінге таптырмайтын құрал.

– Сол «піштуіңіз» де, емеурініңіз де мен едім ғой, аға.

Тайқы маңдай аздап арақ ұрттап, алдына келген астан алып, Көнтек ерінге байсалды көзбен бажайлап бір қарады да, майдан қыл суырғандай суыртпақтап сыр тартты:

– Бәсе, даусың тарғылданып, су түбіне кетіп бара жатқандай қырылдайды. Ұсқыны қашқан ұртыңның еті де күркетауықтың жемсауындай бүлкілдей ме, қалай? Сірә, шаршап-шалдыққан сыңайың бар-ау? Шаруаңды айт.

Күні бойы күткені де осы еді, Көнтек ерін біресе көз тоғанын, біресе сөз тоғанын ағытып, қу түлкінің құйрығындай бұлғаңдады.

* * *

Шолақ сайдай тасыған тергеуі түскір де тез аяқталды. Жұрт гу-гу.

– Тергеп-терлеп, сонша созатын не бар шынында.

– Зорлаған кім? Көнтек ерін. Қорлаған кім? Көнтек ерін. Мәселенің басы ашық.

– Жалтақтайтын не бар? Құйрығына қоңырау байлап, айдау керек жып-жып еткен сайтанды. Барсын баратын жеріне!

* * *

Сот та созалаңға салмай, өз тірлігіне астаң-кестең кірісті.

Адвокаттар әдеттегідей ара түсіп, арқа қаси сөйледі.

– Ыстыққа да, суыққа да, жоқтыққа да, тоқтыққа да бірдей төзіп келе жатқан – екі-ақ елі Ерін, жолдастар. Ерекеңнің еңбегі он екі мүшеге сіңбеді дегендердің аузы қисайып қалсын. Ауыз демекші, шай ұрттағанда немесе жырымшылаған пайдадан жылы-жұмсақ жеп, ыстық сорпасын ықыласпен ішкенде, ауыз байғұс абайсызда күйіп қалмасын деп үрлеп суытатын осы Ерін емей, енді кім? Тапа-тал түсте қылмыс жасады деп қып-қызыл тозаққа итеріп отырғандарыңа жол болсын? Рас, Көнтек ерінді сүттен ақ, судан таза дей алмаймыз, әлбетте. Ол байғұс дер кезінде дәрменсіздік танытқан. Аузын ашса аржағы көрінетін ақ пейіл немеге Аяқ деген алаяқ кездескен. Азғырып, ақыр соңында қылмысқа итермелеген – сол оңбаған. Тіпті итермелегені былай тұрсын, Көнтек ерінді сол қылмысқа өз аяғымен апарып салған Аяқ екені анықталды.

Солай, солай... Аяқ апарған кезде Көнтек ерін еңкілдеп тұрып жылаған. «Өзім өз болғалы кісінің ала жібін аттаған пенде емес ем. Он екі бір гүлі ашылмаған Уыз ерінді шөпілдетуге дәтім шыдамайды» деген. Сол кезде Аяқтың айрылмас досы Қол деген біреу оған қоқаңдайды да, жөнге жүрмесе жүн сабағандай ғып сабайтынын мәлімдейді. Көнтек ерін дір-дір қалшылдап қашуға ыңғайланғанда, алақұйын Аяқ өкшелеп қуып жетеді. Қысқаштай Қол қысып ұстап, жанын шығарып, зәресін зәр түбіне жіберген. Бітті! «Ақсаусақ», т.б. арамза атқа іліккен албасты басқыр Қол атам заманнан көсегесі көгеріп, қоңсы қондырмаған, мүттәйім болған. Оған дәлел – пішен. Ағайынды он саусақта ауызбірлік жоғалып, аузындағысынан айрылмаса, ел аман, жұрт тыныш дәуірде «Бес саусақ бірдей емес» деген берекесіз мақалаға ілігер ме еді, бәтшағар. Ала-құлалығын жасыру мақсатымен «Бір биеден ала да туады, құла да туады» деп өздерінше сайрай берсін, мейлі. Бесеуі неге бес түрлі?

Ерте, ерте, ертеде бабасы Басбармақ:

– Ұрлық қылайық! – депті.

Балаң үйрек:

– Қылсақ қылайық! – депті.

Ортан терек:

– Құдай бар ғой, қайтеміз? – депті.

Шылдыр шүмек:

– Шұнақ Құдай қайтер дейсің? – депті.

Кішкене бөбек:

– Қара қойды сойып, қан-жынына тойып, қашайық! – депті.

Басқан ізіне шөп шықпаған ата-бабаларының істегені анау, шөбере-шөпшектерінікі мынау. Жатырында қағынған Қолдың ауруы қалса да, әдеті қалмай, бүтін нәрсені бүлдірсе, несіне мүсіркейміз?..

...Сот өз жұмысын тәмамдады. Жұрт гу-гу.

– Апыр-ай, Көнтек еріннің көкесін көзіне танытудың орнына, басынан сипап жібере салғаны қалай?

– Айдаладағы Аяқ байғұсқа алты жыл, салалы Қолға сегіз жыл кесіп, сергелдеңге түсіргеніне түк түсінсек бұйырмасын...

* * *

Түсінбеуі де қисынды... Көнтек ерінге көмектескен Тайқы маңдай екенін былайғы жұрт қайдан аңғарсын.

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377