Әбу Хамит әл-Ғазали. «СЕНІҢ БАЙЛЫҒЫҢ МЕН БИЛІГІҢЕ ҚАРАЙ БАРЛЫҚ АДАМ - СЕНІҢ ЖАУЫҢ»
(«Билеушілерге нақыл» еңбегінен үзінді)
Бірде атақты Ескендір Зұлқарнайын (ұлы қолбасшы, жарты әлемді жаулаған, біздің дәуірге дейінгі 323 жылға дейін өмір сүрген Александр Македонский) өмір тіршіліктеріне қажетті дүние белгілері жоқ бір тайпаның жерінен өтеді.
Тайпа адамдары өз үйлерінің есігі алдында өлгендерді жерлеп, күнде сол жерді жинап, сыпырып және құдайларына сол жерде құлшылық етеді екен. Олар өсімдік дақылдарыммен, шөппен тамақтанып, басқа қоректі мойындамайды екен. Ескендір Зұлқарнайын тайпа көсемі маған келсін деп адам жібереді, тайпа көсемі келмейді. Ескендірдің шақыртуына тайпа көсемі: «Менің ол кісіде шаруам жоқ» деп жауап жібереді. Жіберген кісі Ескендірге келіп, тайпа көсемінің жауабын жеткізеді. Ескендір тайпа патшасына өзі барып: «Қалдерің қалай? Сендер қара жерді қазып жатырсыңдар, бірақ не алтын, не күміс, не өмірге жарамды нәрсені көріп тұрған жоқпын» дейді. Сонда тайпа көсемі: «Дүние байлығының қызығына ешкім тоймаған» деп жауап береді. Ескендір Зұлқарнайын: «Сендер есік алдына өлгендеріңді жерлейтіндерің қалай?» дейді. Сонда олар: «Өлім үнемі көз алдымызда тұрсын, бұл дүниенің байлығы еркімізді билемесін. Құдайымызға, Құдыретті Жаратқан иемізге құлшылық етуден бізді бұрмасын, қашырмасын, үнемі еске салып тұрсын деп есік алдына қоямыз» деп жауап береді. Ескендір Зұлқарнайын: «Шөппен ғана тамақтанасыңдар, оның сыры неде?» дейді, сонда олар: «Біз қарнымызды хайуандар моласына айналдырғымыз келмейді, өйткені, дүние байлығының қызығы біздің тамағымыздан өтпейді» деп жауап береді. Жауабын алып Ескендір кете бергенде, тайпа көсемі қолын үңгірден шабылған басты алып алып шығып: «Зұлқарнайын, сен мынау бастың иесі кім болғанын білесің бе?» деп сұрайды. Ескендір «Білмеймін» деп жауап береді, сонда ол: «Бұл бір әлемнің патшасы болған кісінің басы, өзінің қол астындағыларға қатыгез, жауыз болған; сол үшін Құдай оның жанын алып, тозаққа жіберді, мынау соның басы» дейді, содан кейін қолын созып екінші басты алып шығады да: «Ал, мынау кімнің басы екенін білесің бе?» деп тағы сұрайды. Ескендір тағы да «жоқ» деп жауап береді. Сонда тайпа көсемі: «Бұл әділ болған патшаның басы, өзінің қол астындағыларға жан ашып, халқын сүйген адам еді, Құдай оның жанын алып, жұмаққа жіберді, дәрежесін көтерді» дейді. Содан соң қарт көсем Ескендірдің басына қолын қойып: «Мына бас осы екі бастың қайсысындай болады екен?» деп сұраған екен. Ескендір Зұлқарнайын жылап жібереді. Ескендір есін жиып, тайпа көсемін кеудесіне құшып: «Егер сен менің достығымды қаласаң, мен сені уәзірім етейін, байлығыммен бөлісейін» дейді. Ал тайпа патшасы: «Мен оған зәру емеспін, байлығыңның да қажеті жоқ» дейді. Ескендір: «Неге?» дейді. Ол: «Сенің байлығың мен билігіңе қарай барлық адамдар - сенің дұшпаның, қанағаты мен шүкіршілігіне қарай - олардың барлығы менің достарым, сондықтан біз бірге бола алмаймыз» деген екен.
Жаратқан ием, Алла әділетсіз және күнәһәр жандарды мадақтағанды ұнатпайды
(«Оқушыма хат» еңбегінен үзінді)
Ұлым, сұрағандарыңа жауап жазып отырмын, енді сен жазғандарымды ұмытпай орындауың қажет. Құлшылық еткенде мені ұмытпа. Ал менен сұраған дұғаларыңа қатысты, өзің Пайғамбардан (Мұхаммед Ғ.С.) қалған дұғалардан ізде (Алла, саған қуат берсін), ол дұғаларды намаздан кейін оқы.
Сегізінші пайда. Мен барлық адамдардың өздері қолдан жасап, таңдап алғандарына сенетінін байқадым, біреулер динарға, біреулер дирхемге, біреулер байлығы мен мүлкіне, ал біреулер қызметі мен кәсібіне, ал енді біреулер өзі сияқты біреуге сенеді. Мен Жаратқан ием сөзін мұқият ұғып алдым: «Кімде кім Аллаға сенсе, жеткілікті, Алла ісін аяғына жеткізеді. Алла әр нәрсенің өлшемін белгілейді» делінген. Мен, Жаратқан ием, Аллаға сенемін, құдыретті сақтаушым және қорғаушым, маған сол жеткілікті.
Үшіншіден, биліктегілермен және сұлтандармен қатысыңды үз, сенің оларды көрмегенің жөн, олардан бойыңды аулақ ұста, өйткені, олармен араласу – саған үлкен қайғы әкеледі. Егер де сен олармен тығыз араласып, олар туралы мақтау айту сынына түссең, ешқашанда оларды мадақтама және оларды биікке көтерме, өйткені, Жаратқан ием, Алла әділетсіз және күнәһар жандарды мадақтағанды ұнатпайды.
Төртіншіден, менің көргенім, әр адам мүмкіндігіне қарай осы дүниеде байлық жиғысы келеді және оны жиып алған соң, уысында қысып ұстап дірдек қағады. Мен Жаратқан иемнің сөзін мұқият ұғып алдым: «Сендегі таусылады, ал Алланікі мәңгі». Мен жиған тергенімді Алланың алдында кедейлерге бөліп бердім. Жаратқан ием алдына барғанда маған бұрылып, қол ұшын берсе екен деп.
Бесіншіден, адамдармен қатысқанда өзіңді олар сенімен үнемі қатынаста болғысы келетіндей ұста, өйткені, иманы жетілген және қалыптасқан адам: ол өзіне қалаған жақсылықты басқаға да қалағанында, басқаға болсын деген тілегінде тұрады.
Егер де сен қандай болсын ғылымды оқып, білім алатын болсаң, алған білім сенің жүрегіңді тазалап, жаныңды жаңартып тұратын болсын.
Жоқшылық та, молшылық та – сынақ
(христиан мысалы)
Бұл оқиға христиандарды қудалау кезінде болса керек. Бір селода христиандар семьясы тұрады. Әкесі күн демей, түн демей, тынымсыз еңбектенгенмен әйелі мен бала-шағасын асырай алмайды, қиындық көреді. Жоқшылықтан әбден шаршаған ол бірде «бұл заман да өзгерер, бұлай тұра бермес» деп сенеді. Өзінің де, балаларының да көңілін жықпас үшін: «ӘРҚАШАН БҰЛАЙ БОЛА БЕРМЕС» - деп тақтайшаға ойып жазып, көзге көрінетін жерге іліп қояды.
Қиын кезеңдер артта қалады, молшылық кездер келеді. Балалары мен немерелері өсіп жетіледі. Бір күні семьясы әкесінің үйінде бай дастархан басына жиналады. Құдайға шүкіршілік еткен олар астан дәм ала бастайды.
Үлкен ұлы ойып жазылған тақтайшаға көзі түсіп:
- Әке, анау тақтайшаны алып тастайықшы, жоқшылықты есіме түсіреді, жоқшылық өтті де, кетті, - дейді.
- Жоқ, балам, ілулі тұра берсін. Естеріңде болсын: «ӘРҚАШАН БҰЛАЙ БОЛА БЕРМЕС». Өз балаларыңды да осыған үйретіңдер. Құдайға құлшылық етіңдер, ол қиын кезеңдерімен – әркімге сынақ береді, молшылық та сынақ – оған да қанағат тұтыңдар, оған да төзіңдер, - дейді.
Бір құдай ғана біледі
(ежелгі қытай мысалы)
Бір кезде бір қытай селосында бір кедей қарт тұрыпты. Ол кедей болса да село адамдары оны жақтырмайды екен, өйткені, оның сәйгүлік, жүйрік аты болыпты. Бұндай сұлу арғымақты бұл маңда бұрын ешкім көрмепті. Императордың өзі қартқа қыруар ақша беріп, сатып алғысы келсе де, қарт: «Бұл ат мен үшін жануар емес, ол менің - досым, ал досты сатуға бола ма екен? Бұл мүмкін емес. Ол менің - досым, меншік затым емес» дейді. Бұдан кейін атын сату туралы көптеген ұсыныс түссе де, қарт кедей болса да сатпайды.
Бір күні таңертең қарт ат қораға кірсе аты жоқ. Село адамдары: «Әй, сен ақымақ, адам емес екенсің! Атыңды бір күні ұрлап кететінін білгенбіз! Сатып жіберу керек еді. Императордың өзі сатып аламын, көп ақша берем демеді ме, ал, енді атың қайда? Әй, ақымақ, басыңа қайғы тілеп алдың, ештеңесіз қалдың?» – деп күле бастайды.
Ал қарт болса: «Жақсы ма, жаман ба... Оны сендер қайдан білесіңдер? Иә, қорада атым жоқ, бұл – рас, ал қалғаны - ол сендердің ойларың. Қуанышқа ма, әлде қайғы ма... Сендер оны қайдан білесіңдер, неге кінәләй бересіңдер?" – деп тұрып алады.
Адамдар болса: «Біз не, сондай ақымақпыз ба? Ештеңесіз қалдың, көріп тұрмыз. Әрине, басыңа жамандық тілеп алдың» деп болмайды.
Қарт: «Жақсы ма, жаман ба — уақыт көрсетеді. Ертең не болатынын ешкім білмейді» дейді.
Ауыл адамдары қартқа күліп, қартайғанда алжасқан екен деп кете барады.
Екі аптадан кейін ойламаған жерден ат үйге қайтып келеді, жалғыз келмейді, өзімен бірге бір жабайы жылқы үйірін ертіп келеді. Көршілері жүгіріп шығып: «Әй, қарт, сенің айтқаның дұрыс болды! Біз ақымақ екенбіз! Сенің атың жоғалағаны саған жақсы болды» деп айқайлай бастайды.
Қарт болса: «Міне, сендер, тағы өздеріңдікін соғасыңдар! Иә, атым қайтып келді, жабайы жылқыларды қоса ертіп әкелді, онда тұрған не бар? Жақсылық па, әлде жамандық па – оны кім біледі? Өмір көрсетеді. Сендер оқиға мәнісін білмей, неге шешім қабылдай бересіңдер? Сендер кітаптың бір ғана бетін оқыдым деп, бүкіл кітап туралы пікір айтуға, әрмен қарай не жазылғаны туралы қайдан білесіңдер? Сендер бір сөзді де ұққан жоқсыңдар! Өмір - шексіз мұхит! Ертең жақсы бола ма, әлде жаман бола ма, оны ешкім білмейді?» дейді.
Бұл жолы көршілері: қарт тағы да дұрыс айтып тұрған шығар? - деп үндемей тарайды. Бұл туралы ойларын ашық айтпаса да, іштерінен "үйір жылқыны тегін иелену – үлкен олжа, бақыт" деп түйіп бара жатты.
Қарттың жалғыз ұлы жабайы аттарды қолға үйрете бастайды.
Бір күні жылқыны жүгендеймін деп жүргенде қарттың жалғыз ұлы аттан құлап, аяғын сындырады. Бұл жолы да көршілері тағы жиналып: «Қандай қайғыға душар болдың? Иә, ақсақал сен тағы дұрыс айттың. Жалғыз ұлың аяғын сындырды! Қартайғанда жалғыз сүйенішің еді, енді қайттің?! Енді саған кім көмек етеді?» деп шулай бастайды.
Ал қарт болса: «Міне, сендер тағы асығыстық жасайсыңдар! Жақсы ма, жаман ба — оны кім біледі?!» дейді.
Бір жұмадан кейін соғыс басталады, селоның барлық жастарын әскерге алады, тек шалдың ақсақ ұлын «бұдан не қайыр?» деп қалдырады.
Бүкіл селоның балалары соғыстан оралмайды, село адамдары қайғы жұтады. Содан кейін адамдар қартқа келіп: «Қарт, бізді кешір! Құдай сенің дұрыс екеніңді көріп тұр, балаңның аттан құлағаны оны сақтағаны екен! Ақсақ болсын, тоқсақ болсын, ұлың тірі, сенің қасыңда! Бұл бақыт қой!» дейді.
Сонда қарт: «Әй, адамдар, сендер қызықсыңдар? Жақсы ма, жаман ба – оны кім білген? Ешкім де алдында не тұрғанын білмейді. Бір құдай ғана біледі!» депті.
Конфуцийдің жауабы
(қытай мысалы)
Конфуцийдің: Гун, Лу және Чжан дейтін үш шәкірті болады. Бірде жаһан кезіп жүрген бір монах:
— Гун шәкіртіңіз туралы не айтасыз? – деп сұрайды.
Конфуций:
— Ғалымдар оның ақылына таңқалады! – дейді.
— Ал, Лу шәкіртіңіз туралы ойыңыз?
— Ол – ержүрек көп жауынгерден артық!
— Ал, үшінші шәкіртіңіз ше?
— Чжанның еңбекқорлығы сүйсінуге лайық!
Конфуцийдің жауабын естіген монах таңқалып сұрайды:
— Егер Гун ақылды, Лу ержүрек, Чжан еңбекқор болса – онда оларға Сізден оқып не қажет?
— Монах, менің жауабымды тыңда, — дейді Конфуций: — Гун ақылды, бірақ, барып тұрған жалқау, Лу ержүрек - бірақ ақылсыз. Чжан еңбекқор болғанмен тұла бойы қызғаныш. Гун ақыл жалқауды бақытты етпейтінін, Лу сақтанбайынша ерлік істелмейтінін, ал Чжан адам қызығы қызғанышпен бірге жүрмейтінін түсінбейді. Менің айтқандарымды оқушыларым білмейді. Олар бұны түсінгенше, мен олардың ұстазы боламын, ал - олар мені тыңдайтын шәкірт болып қалады.
Бақыт құпиясы
(шығыс мысалы)
Бір саудагер өзінің баласын әлемдегі ең дана адамға БАҚЫТ ҚҰПИЯСЫН біліп келуге жібереді. Жас жігіт қырық күн құм даланы кезеді, әрең дегенде бір күні тау етегіндегі зәулім сарайға жетеді. Бұл сарайда жігіт іздеген дана тұратын. Жас жігіт дана адамнан жылы кездесуді күткенді, бірақ жігіт үлкен залға түседі, ығы - жығы адам, толған саудагерлер, әр жерде шүйіркелесіп тұрған адамдар, бұрышта шағын оркестр ызыңдап ойнайды және тағамға толы үлкен стол жайылған екен. Дана келушілермен әңгімелеседі, екі сағат өзінің кезегін күтіп, жас жігітте оның алдына барады. Дана адам жас жігіттің келген мақсатын мұқият тыңдаған соң, оның БАҚЫТ ҚҰПИЯСЫН ашуға уақыты жоқ екенін айтып, сарай ішін біраз аралап, екі сағаттан кейін қайта келуді сұрайды.
- Бірақ сізден мынаны өтінейін деп едім, – дейді дана жас жігітке шағын ас қасықты ұсынып, оған екі тамшы май құяды да, - сарай ішін аралағанда май төгілмесін, - деген нұсқау береді.
Жас жігіт зәулім сарайды баспалдақтармен көтеріліп, әр қабатты аралайды, қасықтағы екі тамшы майдан көзін алмайды. Екі сағаттан кейін ақсақалға қайтып келеді.
– Қалай екен, – дейді дана адам, – сен менің ас үйімде ілулі тұрған парсы кілемдерін көрдің бе? Он жыл бойы баптап өсірген менің гүлзарым қалай екен, менің кітапханамдағы керемет жазбаларды байқадың ба?
Жас жігіт болса қызарып өзінің ештеңе көрмегенін мойындайды, оның уайымы дана қарт сеніп тапсырған қасыққа құйылған майды төгіп алмау болғанын айтады.
– Олай болса қайтып бар, менің кереметтерімді көр, – дейді дана ақсақал, - сарай ішіндегілерді көзіңмен көрмесең, таныс болмасаң, оның қожасына қалай сенесің?!
Тынышталған жас жігіт қасығын қолына алып сарайды қайта аралайды, бұл жолы оның есі сарай қабырғаларына ілінген өнер туыныдыларда болады, тау-тасымен қоршалған бау-бақшада, онда өсіп тұрған нәзік гүлдерге көңілі ауысады. Осы жолы да ақылды ақсақалға келіп, көргенін тамсанып тұрып айта бастайды. Сол кезде дана: – Мен саған сеніп тапсырған екі тамшы май қайда? - дейді.
Ал жас жігіт болса қасығындағы майдың төгіліп қалғанын көреді.
– БАҚЫТ ҚҰПИЯСЫ дүниедегі қызықты көру үшін өз қолыңдағы екі тамшы майды төгіп алмау шығар мүмкін, – дейді дана адам.
Еңбек етпеген ішіп жемейді
(жапон мысалы)
Хакудзё дзэн ұстазы, қартайғанша еңбек еткен кісі, сексен жасына қарамастан шәкірттерімен бірге бау-бақшада күнде қолына құрал сайман алып жұмыс істейді, ағаштардың бұтағын кеседі, көшет жолдарын тазалайды. Оқушылары болса қарт ұстаздарын іштей аяйды. Шәкірттері Хакудзё ұстаздың өмір түсінігін бұзбайтынын білсе де, көндіре алмай, шаралары қалмағасын бір күні оның құрал-саймандарын тығып тастайды.
Сол күні ұстаздары түскі тамаққа келмейді, келесі күні де тамақ ішуге келмейді. «Құрал-саймандарды тығып тастаған бізге ренжіген шығар, — деп ойлайды оқушылары. — Ұстазға саймандарын қайтарайық, ұят болар». Олар құрал-саймандарды қайтарады, сол күйде Хакудзёде оқушыларымен бірге асқа отырады.
— Ұстаз, сіздің саймандарды тығып тастағанға ренжідіңіз, тамаққа келмедіңіз, бізді кешіріңіз, –дейді оқушыларының біреуі.
— Жоқ, шәкірт, еңбек етпеген ішіп жемейді, — деп жауап беріпті ұстазы Хакудзё.
Ақылды бала
(орыс мысалы)
Бірде өте бай адам өзінің кішкентай баласын қолынан жетектеп, кедейліктің қандай екенін көрсінші өзі деп деревняға алып барады. Олар айналасы кедейге толы фермада бір күн және бір түн болады.
Үйге келген соң, әкесі баласынан қалай саған, саяхат ұнады ма деп сұрайды.
- Иә, әке, бәрі тамаша, ғажап екен, – дейді ұлы.
- Онда айт, бұл саяхат несімен саған ұнады? – дейді әкесі.
- Баласы: Менің көргенім, біздің үйде бір ит бар, ал оларда бақандай төрт төбет үреді. Біз бақшада тұрған су бассейнге шомыламыз, ал олар өзенге шомылады, өзен шығанағына шексіз мұхит суын құяды. Біздің аулаға лампочкалар жарық түсіреді, ал оларға аспан жұлдыздары жарық қылады.
Баласынан бұндай ақылды күтпеген әкесінің жағы қарысып қалады, ал баласы:
- Рахмет, әке, сен маған адамдардың бай және бақытты тұратынын көрсеттің, - дейді.
Азық
(еврей мысалы)
Бір күні раввин Леви Ицхак көшеде жүгіріп бара жатқан адамды көріп:
— Не болды, ентігіп жүгіріп жүрсің? — деп сұрайды.
— Азық іздеп жүгіріп жүрмін, — деп жауап береді.
— Азығың алдыңда екенін қайдан білесің, оның артынан жүгіру керек пе? Мүмкін ол сенің артыңда тұрған болар, тоқтап артыңа үңілу керек шығар. Ал, сен болсаң одан қашып келесің, - деп жалғастырады сөзін раввин Леви Ицхак.
Үш ұл
(христиан мысалы)
Бірде әкесі үлкен ұлын бөлек шығарғысы келеді. Баласына жер, мал бөліп береді, қолына нан ұстатады да:
- Мен сияқты өмір сүр, жолың болсын! - дейді. Баласы бөлек шығады, өз қызығымен өмір сүре бастайды. «Әкем мен сияқты өмір сүр!» деді, мен де әкем сияқты қызықты өмір сүрейін, әкесі бөліп бергенді оңды-солды шашып, таусылғанша күн көреді. Таусылғасын әкесіне барып тағы сұрайды, бұл жолы әкесі ештеңе бермейді, тыңдамайды. Әкемді немен ренжіттім деп кешірім сұрайды, әкесі көнбейді. Ол әкесіне ашуланып:
- Өзің ғой, "мен сияқты өмір сүр!" деген. Сен өз қызығыңмен өмір сүрдің, мен өз қызығыммен өмір сүрдім. Сенде керектінің бәрі бар, ал менде ештеңе жоқ. Алдадың, әке, сен мені, – деп ашуланып кетіп қалады.
Біраз уақыттан кейін әкесі екінші ұлын бөлек шығарады. Екінші ұлына да жер, мал бөліп береді, қолына нан ұстатады да:
- Мен сияқты өмір сүр, жолың болсын! - дейді. Екінші ұлы да бөлек тұра бастайды. Ол үлкен ағасының тағдыры немен аяқталғанын естен шығармайды, әкесінің сөзіне ой салады. Әкесі сияқты қызықпен өмір сүрудің қажеті жоқ екенін түсінеді. Адамдармен таныстық құрып, сауда жасап өмір сүре бастайды, бірақ көп нәрсені бүлдіреді, қолындағысынан айырылады, таусылғанда әкесіне сұрап келеді, әкесі ештеңе бермейді, тыңдамайды. Екінші ұл да әкесінен көңілі қалып, әкесі туралы аузына келгенді айтып, «әкем мені алдады, өз ақылыммен өмір сүремін» деп, кетіп қалады.
Үшінші ұлға кезек келеді. Үшінші ұлын бөлек шығарып, жер, мал бөліп береді, қолына нан ұстатады да:
- Мен сияқты өмір сүр, жолың болсын! - дейді. Үшінші ұл да бөлек кетеді. Ол да ағаларының ісіне ойлана бастайды, ағамның біреуі - өз қызығымен өмір сүрді, жолда қалды, екінші ағам – сауда жасап өмір сүрді, одан да ештеңе шықпады. Әкем: «Мен сияқты өмір сүр, жолың болады!» деген сөзінің сыры неде екен? Ол әкесінің оларға өмір сыйлағанын, асырағанын, өмір сүруге, ақылға, ақ пен қараны, жақсылық пен жамандықты айыруға үйреткенін, адамдарға жасаған жақсылығын, қайырымды істерін еске түсіреді. Ол кісіден адамдар жақсылықтан басқа ештеңе көрген жоқ. Әкем "Жақсылық жаса, қайырымды бол" деген екен ғой деп ойлай бергені сол еді, әкесі келіп:
- Көріп тұрмын, ұлым, сен бәрін де жақсы түсіндің! – деп басынан сипайды, - бара ғой, ұққаныңды елге, айналаңа, ағаларыңа жеткіз, басқаларға жақсылық жасаған адам ғана өз жолын табады!
Бұл дүниеде біреу қызық көремін деп, ғұмырын босқа жағады, ал енді біреу өміріне қанағат тұтпай, өздерін құртады. Ал жақсылық жасаған адам өз жолын табады, – деген әкесі ұлын үлкен жолға шығарып салды.
Аударма жасаған Салауат КӘРІМ.
Abai.kz