Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 18297 0 пікір 20 Наурыз, 2015 сағат 09:42

НАУРЫЗНАМА: ҚАЗАҚ НЕГЕ МҮШЕЛГЕ МӘН БЕРЕДІ?

Наурызда жыл ауысып, жаңа жыл басталғанда қазақ халқының жыл қайыратын (жас санайтын) дәстүрі бар. Әрбір жылдың бір жан-жануарға тіленген, баланған атауы, яғни иесі мен киесі бар. Бұл түсініктің бастау арнасы ертедегі адамдардың мифтік санасының иірімінен туындайтын тотемдік танымдардан алатыны анық. Мифолог ғалымдардың пайымдауынша, адамзат баласының мифтік санасының екі кезеңі бар. Біріншісі – адам өзін табиғаттан, жан-жануардан бөлмейтін тепе-теңдік кезең. Ал екіншісі адам өзін жан-жануарлардан бөлек санайтын, сөйтіп теңдік заңы жойылатын кезең. Бірінші екіншіге жол берген уақытта алғашқыдағы түсініктер бірден жойылып кетпейді, оның сарқыншақтары сақталады. Бұрынғы адаммен тең жан-жануарлар ол ролінен ығысып, енді олар адам баласын түрлі қауіп-қатерден қорғап қалатын, сақтайтын киеге айналады. Сөйтіп, ол адамзат баласына жәрдемші, қолғабыс ететін көмекші роліне ауысады. Мұндай танымның көркем үлгісін біздер түркі халықтарында жыл иесі жан-жануарлардың жылға таласуы туралы ертегілер сақталған. Оның көне үлгісін біз ХІІ ғасырда жазылған Махмуд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегінен көре аламыз. Онда бір хан ел тарихында қалған айтулы оқиғаны ұмытпас үшін әр жылға жан-жануарларға байланыстырып ат беруді бұйырады. Сол атқа ие болу үшін жан-жануарлар таласады. Ханның шарты өзеннен жүзіп өту болады. Бұл сыннан бірінші болып тышқан келіп, ол жыл басы саналады.

Қазақ арасында аталмыш ертегінің сатиралық мазмұндағы өзгеше нұсқасы бар. Онда жан-жануарлар шығып келе жатқан күнді бірінші көріп жыл басы атануға таласады. Бойына сеніп қамсыз тұрған түйенің ұзын мойны арқылы оның басына шыққан тышқан жаңа атып келе жатқан жаңа күнді көріп, жыл басы атанады. Осы ертегінің мазмұнынан туындаған «Түйе бойына сеніп жылдан құр қалыпты» деген мәтел сөз бар.

Жыл киесі 12 жылдан кейін айналып келсе, оны «мүшел жыл» деп атайды. Қазақ халқы мүшелге көп мән береді: бұрын да солай болған, қазірде осындай. Мүшелге толған жылын ерекше бағалап, сол жылдың иесінің (киесінің) кесіріне ұшырамай, оның жақсылығы мен шапағатына ие болуды ырымдайды. Мүшелден аман-есен шыққан кісі оны қуаныш етіп, той жасайды, ырым-жоралғылар жасайды. Соның бірі – өзі киген киімін өзінен кейінгі келе жатқан кісіге сыйға тарту. Бұл ырымның астарында да үлкен мағына бар. Себебі ертедегі адамдардың көне түсінігі адам мүшелден өткеннен кейін жаңа сатыға, жаңа кезеңге көшеді деп сенген. Ал жаңа кезең жаңаша басталуы қажет.

Әр мүшелдің өзіндік қасиеті мен ерекшелігі бар. Мысалы бірінші мүшел – 13 жас. «Он үште отау иесі» дейді халқымыз, яғни 13 жастан кейін адам баласы отау құрып, үйленеді. Екінші мүшел халық жырларында ерекше бағаланатын, әндерінде кең шырқалатын - 25 жаста аяқталады. Бұл жігіттік дәурен, жастық шақтың кезеңнің аяқталар кезеңі. Үшінші мүшел - 37. «Ер кезегі үштен» дегендей, үшінші мүшел - сын кезеңі. Оны халықтың мына бір мақалы айқындап тұр: «Отызда орда бұзбасаң, қырықта қамал алмайсың». Төртінші мүшел 49 жасқа тура келеді. Оның арғы іргесі – елу. «Елу - ер жасы» дейді халқымыз. Осы тұста ер жасын, яғни ерлік көрсетер жас деп «орда бұзатын» отызды атамай, елуді атағанында бір қайшылық бар секілді. Бұл өзінше бөлек әңгіме.

Қазақ халқы алғашқы мүшелді 13 санынан бастайды. Мақаланың негізгі мазмұнында халқымыздың не себептен алғашқы мүшелді 12 жастан қайырмай, 13 жастан белгілейтінін анықтауды мақсат етіп қойған жайымыз бар.

Сонымен, қазақ алғашқы мүшелді 13 жастан қайырады. Мұнда 12 жылдық айналымға ойдан 1 жас қосу (12+1) байқалады. Кейбір зерттеушілер нәрестенің ана құрсағында жатқан 9 айды бір жыл деп санап, оны 12 жылдық мүшелге қосып жүр. Бұл танымның логикалық қисыны жоқ. Өйткені ондай жағдайда, керісінше, 12 санынан 1 сан шегеріліп (12-1), мүшел жас 11 жылдан қайырылуы тиіс.

Демек, бұның сыры басқа танымда жатыр. Ол танымның бастауын біз ата-бабаларымыздың көне түсінігінен іздеуіміз қажет. Біздің мақсатымызды ашуға көмектесетін көне түсінік – ертедегі адамдардың дүниені үш тағандық тұтас космос деп таныған танымы. Олар дүниені тұтас, бөлінбес космос деп қабылдап, оны жоғары, орта, төменгі дүние деп үшке бөлген. Аталмыш таным қазақ арасында да сақталған. Мәселен, ХІХ ғасырда Ш.Уәлиханов жазып алған «Өлі мен тірінің достығы» атты қазақ ертегісінде:«Аспанда да адамдар өмір сүреді. Олар белдікті тамағына тағынады, жерде, ортада өмір сүретіндер біздер белімізді буынамыз, өздерінің біздегідей күн мен айы, жұлдызы бар жер астындағылар белдікті аяқтарына байлайды», - деген жолдар бар.

Осы үш тағандық тұтас космостағы жан иелері (адам, кейде мақұлық) бір дүниеден екінші бір дүниеге басқа формалармен ауысып жүре береді деп есептелген. Дүниеге келген кісі бұл дүниеден озғанда келген жағына қайтадан қайтады, яғни «қайтыс» болады. Сондай-ақ қайтқан кісі бұл дүниеге басқа кейіпте қайта оралып келеді. Мұндай орлаудың бір жолы – жаңа туған нәресте. Жаңа туған нәресте дүниеден қайтқан ата-бабаларының рухы арқылы келеді немесе өлген адам жаны басқа түрге еніп қайтып оралады деген түсінік көптеген халықтардың дүниетанымында бертінге дейін сақталып келген. Біздің халқымыздағы мұндай көне мифтік түсінікті отбасы ғұрыптарынан анық байқауға болады. Мысалы, отбасы ғұрыпындағы шілдехана күзету, қырқынан шығарып бесікке салу, тұсаукесер рәсімдері– қайтқан кісінің артынан жасалған қазанамалық рәсімдердің жаңа параллелі. Қаза болған ата-бабасы жаңа туған нәресте арқылы қайтып оралады деп санаған ата-бабаларымыз қайтқан кісінің артында атқарылатын рәсімдерді (өлікті күзету, табытқа салу, қырқы және жылын беру) жаңа туған баланың өсу жолында «шілдехана күзету», «қырқынан шығарып бесікке салу», «тұсаукесер» болып қайталап отырады. Екінші сөзбен айтсақ, жаңа туған нәрестенің 1 жасқа толғанына дейінгі орындалатын ғұрыптары қайтқан кісінің жылына дейінгі қазанамалық рәсімдерді тұп-тура қайталайды (өлікті күзету – шілдехана күзету, табытқа салу (жерлеу) - бесікке салу, қырқы - қырқынан шығару, тұсау кесер - жылын беру).

Ш.Уәлихановтың жазуынша, қайтқан кісінің рухы бір жылға дейін тек өз отбасының маңайында жүрсе, жыл өткен соң кеңістікті емін-еркін шарлайтын рухқа айналады деген түсінік бар. Демек, бір жылдан соң қайтқан кісі еркін рухқа айналса, жаңа дүниеге келген нәресте бір жастан кейін өткен дүниенің белгілерінен толық айырылып, бұ дүниенің көшіне енеді. Сондықтан жас нәрестенің бір жасқа дейінгі кезеңі «өліара» ретінде танылып, оған бұ дүниенің меншігіне сай ырым-жоралғылар жасалмайды. Меншіктеу жоралғысының бірі – нәрестеге ат қою. Осылайша, балаға дүниеге келісімен ат қоймайтын дәстүр қалыптасқан.

Жас нәрестеге туғаннан ат қойылмайтыны туралы ақпараттарды біз көне жазба деректерден көре аламыз. Мысалы, ХІҮ ғасырда жазбаға түсе бастаған «Оғызнаме», «Дадам Қорқыт» сынды батырлық эпостарда басты кейіпкерлер көп уақытқа дейін (әдетте, ерлік көрсеткенге дейін) атсыз жүреді. «Ол кезде адам өлтіріп, қан төкпесе, балаға ат қойылмаушы еді», – дейді көне түркілік оғыз жырлары. Осыны, яғни «адам өлтіріп, қан төкпеген» ерлікті істемеген Байбөрі баласы Бәмсі Байрақ 15 жасқа дейін атсыз жүреді. Оған «Бамсы-Байрақ» деген батырлық есімі «гәуірлерге (кәпірлерге - А.Ә.) қылыш жұмсап, қырғидай тигеннен», «жаулардың басын кесіп, қан төккеннен» кейін, той үстінде Қорқыт атаның қатысуымен беріледі. Осыған ұқсас көрініс оғыздардың келесі бір жыры- «Дирес хан ұлы Бұқаш батыр» жырында да бар. Онда Дирсе ханның да он беске келгенше атсыз жүрген баласына «Бұқаш» деген есім Баяндыр ханның «оңынан үш, солынан үш адам ұстап алаңға әкелген» сүзеген бұқасын өлтіргеннен кейін Қорқыттың ұсынысымен беріледі.

Балаға ерлік істен кейін ат беру қазақ батырлық ертегілері мен тарихи аңыздарында сақталған. Мысалы, «Желкілдек» ертегісінде Сарыбай байдың құдайдан сұрап алған баласы Желкілдек жеті жасында жылқы бағауға шығады. Оны ел-жұртын жау шауып, кекті болған Әзтемір деген кісі «мылтық атса, оқ тимейтін, қылышпен шапса, қылыш өтпейтін» бала батырды әдейі іздеп келіп, оған «Жеті жасар Желкілдек» деген ат береді. Ал қазақтың атақты ханы Абылай туралы аңызда болашақ хан алдымен Төле би қойған «Сабалақ» деген атпен жүріп, кейін жау батырын жеңгеннен кейін Абылай деген есім алады.

Келтірілген мысалдар мазмұнындағы болашақ батырға ат қоюдың уақыты ерлік іс атқарғанша созылуы батырлық эпостың көркемдік заңдылығынан туындағаны сөзсіз. Эпикалық туындылардың әсірелеу мен дәріптеуге құралатын көркемдік мұраты балаға туғаннан бірден ат қойылмайтын дәстүрді пайдалана отырып оны батырлық бейнесін сомдау және ерлікті істерді даралау әдіс-тәсілдеріне қолданған. Бала 1 жасқа толмайынша ат қойылмайтыны ХҮІІ ғасырда жазылған Хиуа ханы Әбілғазының «Түрік шежіресінде» анық жазылған. «Ол кезде (Оғыз қаған дүниеге келген кезде-А.Ә.) моңғолда бала бір жасқа шыққанша ат қоймайтын әдет бар еді. Бала бір жасқа келгенде, Қара хан елге сауын айтып, үлкен той жасады. Той үстінде ұғланды көпшілікке көрсетіп, хан билеріне: «Бұған қандай ат қоясыздар, баламыз бір жасқа жетті», - дейді».

Аталған мысалдар біздерге ертедегі адамдар балаға дүниеге келісімен ат қоймағандығын көрсетеді. Бұған себеп жоғарыда аталған көне түсінік пен наным-сенім. 1 жасқа толғанын ерекше бағалайтын дәстүр кәріс халқында да бар. Бұл да кездейсоқ құбылыс емес секілді. Кәріс халқында бар дәстүр өзге Оңтүстік Шығыс Азия (қытай, жапон т.б.) халықтарында бар деп жобалауға болады.

Бала бір жасқа толар-толмас шағында өз бетімен тұрып, талыпынып жүруге ұмтылады. Сол кезде көпшіліктің қатысуымен ырымдалатын рәсім – тұсаукесер ғұрпы. Аталмыш ғұрып үстінде айтылатын жырда тұрақты түрде қайталанып отыратын «Қаз, қаз, қаз балам// Қадамыңа мәз болам» деген жолдар бар. Ақ тілекке оранған жыр жолдарында өз бетімен жүруге талпынған сәбидің талабына қуану сезімі «қаз» етістігімен берілген. Бұл кездейсоқ қалыптасқан тұрақты жыр жолдары емес. Зерттеушілердің пайымынша, «қаз» етістігінің көне мағынасы «еркін өмір сүру, өз бетімен күн көру» дегенді білдіреді. (Бізде тұсаукесердегі «қаз» етістігін қазақ арасына кейін ауысқан асыранды құстың бір түрі қаздың жүрісіне балау орын алған. Қазақтар қазды асыранды құс етіп бақпаған. Біз үшін қаз «аспанда әуелеп ұшқан» жыл құсы. Сонымен қатар, ұлтымыздың «қазақ» атауында да «қаз» етістігінен бастау алатынын естен шығармаған жөн. Бұл этимологияда «бөлек, еркін, азат өмір сүру» дегенді мағына бар). Бұл дүниеге тылсым күштердің қолдауымен келіп, алғашқы қадамын тәй-тәй басқан сәби халық танымында «енді ол бөтен дүниеден бергі дүниеге (бұл дүниеге) өтті» деген қуанышты білдіреді. Екінші сөзбен айтсақ, 1 жасқа толған бала бұл дүниеге толық өтті деп есептеліп, адам санатына қосылады. Еркін, азат адамға айналып, оған ат беріліп, айдар тағылады.

Балаға есім бергенде де қайтқан кісі соңында атқарылатын қазанамалық ғұрыптардың атқарылғаны, өтелгенін айшықтап немесе жаңа туған бала өткен кісінің жаңа жалғасы деген сынды түсінікті ырымдап қояды. Мысалы, Өтеген (Өтебай, Өтеулі), Төлеу (хан, жан, бек, бай), Төлеген (Төле) (Төленген), Жалғас (бек, бай), Жаңабай(бек), Өмірбек (бай, хан), Қалқаман деген сынды есімдер жаңа туған бала дүнеден кеткен кісінің орнына келіп отырған төлеуі мен өтемі, оның жалғасы, жаңа өмірі деген таным-түсінікті білдіреді [Аталғандар ішінде «Қалқаман» деген есімнің мағынасы ә дегеннен түсініксіз көрінеді. Бұл көнерген сөз. Ол екі бөліктен тұрады. Бірі – қалқа, екіншісі – ман. «Ман» деген қосымша адам дегенді (мысалға, найман, аларман) білдіріп тұр. Ал «қалқа» деген «орнына қалған, келген» деген мағынаның айшығы. Оның түбірі «қал» (қалу, қалған, қалмақ) етістігінен туындаған. Қазақтың «қалқам, қалқам-ау» деген қаратпа сөздері аталмыш мағынадан туған, яғни бұл сөздер де «менің орныма келген немесе қалатын жан» деген елжіреген мейрімнің белгісі. Пікірімізге жанама дәлел ретінде ХҮІ ғасырдағы Ноғай Ордасына қатысты жазылған орыс жазба деректерінде «қалға (қалқа)» сөзі билік құрған кісінің орнына қалған мұрагеріне қатысты айтылғанын ескертіп кетуге болады. «Қалқаман» деген көнерген есімнің жаңа баламасы – Қалдыбек (Қалдыгүл)].

Сонымен, тұсаукесер рәсімінен кейін жас нәресте - өзге дүние байлауынан босаған, тәуелсіз, өз еркімен жүретін жан иесі. Халықтың «қаз тұрған» баланы бұл дүниеге өтті деп бағалау қазақтың мүшел қайыру санағына да енген. Он екі жылдық мүшелдің алғашқы кезеңі қазақта 13 жыл деп есептеледі. Себебі бір жасқа дейін, яғни тұсауы кесілгенге дейінгі жас сәбидің өмірі бұл дүниенің есебіне кірмейді. Себебі бұл кез оның адам санатына қосылмаған өліара тұсы. Сондықтан бұл кезеңде тәңірінен баланы бұл дүниеде қалдыру мейірімін алу үшін ата-бабаларымыз шілдехана күзету, бесікке салу, т.б. ырымдар жасап, жалынып, жалбарынған. Балаға тәңірді теріс айналдырар «көз, сөз тиеді» дегендерден сақтауға ұмтылған. Жас нәрестенің бұл дүниедегі өмірінің жаңа есебі өз аяғынан тұрып, «қаз басқанынан», яғни еркін, өз бетінше жүріп-тұрғаннан кейін басталады деп есептеген. Осы ғұрыптың салдары бір жасқа толмаған баланы адам санатына қоспау қазақтардың мүшел қайыру дәстүріне әсер етіп, 12 циклдік мүшел қайырудың алғашқысына қазақтар 1 санын қосып, алғашқы мүшелді 13 деп санайтын болған. Біздіңше, қазақ халқының алғашқы мүшелді 13-тен мүшел қайыруының басты себебі осы секілді.

Алмас ӘБСАДЫҚ,

А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394