Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Көршінің көлеңкесі 7290 0 пікір 16 Наурыз, 2015 сағат 11:01

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ: ОРЫСТЫҢ ОЙЫ

Сәуірдің соңына таман болайын деп отырған еліміздегі кезектен тыс президент сайлауы басқасын былай қойғанда, алыс-жақын шет елдердегі саясаткерлер мен сенаторлар, саясат тақырыбына жазатын сарапшы-журналистер арасында да қызу пікірталас тудырып жатыр. Мәселен, белгілі тележүргізуші Владимир СОЛОВЬЕВтің пайымдауына қарағанда, біздегі кезектен тыс сайлаудың аяқ астынан өткізілуі, ең біріншіден, аймақтық қауіпсіздік шараларына қатысты көрінеді. «Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ барлық мүмкіндіктер мен кенеттен туындайтын тәуекелдерді алдын ала болжап отыратын өте көреген саясаткер, - дейді Соловьев, - менің ойымша, ол жақын болашақта Ислам мемлекеті тарапынан болып қалуы ықтимал қауіп-қатер барысынан сақтана бастағанға ұқсайды. Мұның ең тиімді жолы – ендігі жылы өткізілуге тиісті президенттік сайлауды биыл кезектен тыс өткізіп жіберіп, міне, содан кейін барып еш алаңсыз қауіпсіздік шараларымен басы бүтін айналысу. Сонымен бірге бұл жерде «түрлі-үсті революция сценарийін» де естен шығаруға әсте болмайды. Әлбетте, аталып отырған «түрлі-түсті революция сценарийі» сияқты жаңа технологиялар барысының Қазақстанда да қайталанып қалуы мүмкін екендігін мен де жоққа шығармаймын, өйткені, ағымдағы билік ықпалына көніңкірегісі келмейтін кейбіреулердің осындай әрекеттерге баруы да әбден мүмкін. Әйтсе де, мен бір нәрсені жақсы білемін, ол – қазіргі президенттің басшылығы кезінде бұл мемлекет кез-келген уақытта кез келген ішкі-сыртқы қауіп-қатерлердің алдын алып үлгереді. Бұған менің көзім әлдеқашан жеткен, сондықтан бұл елде аяқ астынан кезектен тыс президенттік сайлау өткізілейін деп жатса, мұның да өзіндік үлке-е-е-н бір себептері бар...»

Сондай-ақ, саясаткер-журналистің айтуына қарағанда, Қазақстанда жүргізіліп келген, тіпті жүргізіліп те жатқан экономикалық реформалар тәжірибесін Ресейге де енгізуге әрекет жасалса, жаман болмас еді. «Өз кезінде Қазақстанда жүзеге асырылған реформалар көршілес елдер тарапынан әрдайым қызығушылық тудырып отырды, мұны жасыруға болмайды. Бұл жерде әсіресе экономикалық реформалардың сәтті жасалғанын ашық айтуға тиіспз. Бір ғана мысал: мәселен бұл елде кәсіпкерлерді салықтан босатудың бірнеше түрлі жаңалығы өз кезегінде кереметтей нәтижесін берді, сондықтан мұндай іс-тәжірибелерді ұқыппен үйрене отырып, өз еліміздің (Ресейді айтады - М.М.) экономикалық даму саласына да әжетке жаратуға тиіспіз, - дейді саясаткер-журналист өзінің кезекті сараптамаларының бірінде. - Бұл жерде қазақ елінің бет-бедерін ел президентінің ТҰЛҒАСЫ айқындап отырғанын да ұмытпауға тиіспіз, неге десеңіз – өмірінің алғашқы кезеңін жай ғана қарапайым жұмысшылықтан бастаған адамның бүкіл бір ел президентіне дейін көтерілуі оның жай ғана жұмысшы адамның бағасын өте-мөте жақсы білетіндігін көрсетеді. Сондай-ақ, саяси сауаттылық пен көреген кемеңгерлікпен бірге темірдей тәртіпті талап ететін мызғымас мықтылық осынау мемлекеттің ақырын-ақырын болса да сенімді түрде дамып бара жатқандығына кепілдік береді...»

Ресейдегі Федерация Кеңесі (Совет Федерации) халықаралық істер жөніндегі комитетінің мүшесі Игорь МОРОЗОВтың пікірінше, Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлау – бұл өте-мөте тыңғылықты дайындалған саяси жүріс көрінеді. «Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қазіргі өркениеттегі аса көрнекті саясаткерлердің бірі болып саналады, - дейді Морозов мырза. - Менің ойымша, оның кез келген саяси жүрісі аса сұңғылалықпен алдын ала... әрбір адымына дейін есептеліп отырады... жасыратыны жоқ, дәл қазіргі кезде халықаралық қауіпсіздік тұрғысынан алып қарағанда Қазақстанға оңай емес, өйткені, бұл елдің кейбір аумағы Ислам мемлекеті деген террористер тобы белсенді іс-әрекет етіп жатқан қауіпті аймақтарға жақын орналасқан. Сондықтан осы мәселе үдесінен алып қарағанда да ендігі жылы болуға тиісті президенттік сайлауды бір жыл бұрын өткізіп жіберу нәтижесінде Назарбаев абсолютті түрде жетістіктерге жетудің мол мүмкіндіктеріне даңғыл жол ашып отыр. Тағы бір айта кетерлігі – осы сайлау нәтижесінде елде соңғы жиырма жыл бойына жүргізіліп келе жатқан демократиялық реформалардың да алғышарттары өз жемісін бере бастайтын болады...»

Морозовтың әріптесі Анатолий ЛИСИЦИН мырза да қазақ еліндегі президенттік сайлаудың кезектен тыс өткізілуіне қалыптасқан халықаралық жағдайлардың себеп болып отырғанын ашық айтады. «Кезектен тыс өткізілетін президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың аса басымдықпен жеңіске жететіні сөзсіз, - дейді Лисицин, - өйткені, Украинадағы жанжал мен батыс елдерінің Ресейге қатысты экономикалық санкциялары қатты белең алып тұрған қазіргідей жағдайда қазақстандықтар өзгеден гөрі, өздері әбден сеніп қалған қазіргі президенттеріне дауыс беретін болады. Менің ойымша, осындай да осындай өзекті мәселелердің барлығын сараптай келе... Назарбаев «жоспарланған уақыттан бұрын бір қадым» алға аттап, алдағы жылы алдымыздан шығатын аса күрделі саяси-әлеуметтік мәселелерді тыңғылықты дайындықпен қарсы алуды жөн санаған сияқты...»

Беларусьтық саясаткер әрі экономист, 2010 жылғы президенттік сайлауда үміткер ретінде Александр ЛУКАШЕНКОның оппоненті болған Ярослав РОМАНЧУК қазақ еліндегі кезектен тыс президенттік сайлаудың дұрыс шешім екенін мәлімдеді. «Қазіргі кезде Беларусь жерінде де кезектен тыс президенттік сайлау болуы мүмкін деген әңгімелер айтылып қалып жүр, президент Лукашенко мұндай әңгімені жоққа шығарғанымен, экономикалық дағдарыс шегіне жететін болса, әлбетте бізде де кезектен тыс президенттік сайлау өтіп қалуы әбден мүмкін...»

Міне, елімізде кезектен тыс өткізілейін деп отырған президенттік сайлауға қатысты жақын шет елдердегі кейбір саясаткерлердің сараптама-пікірлері әзірге осындай. Әрине, терең талқылауға түсе қоятындай үлкен де үлкен саяси сараптамалар бүгінге дейін әлі жасала қойған жоқ, әйтсе де ондай «сенсациялар» тізбегі таяу арада «шаң беріп» те қалатын шығар, кім біліпті?!

Марат МАДАЛИМОВ

Abai.kz

0 пікір