Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 8469 0 пікір 10 Наурыз, 2015 сағат 13:18

АҚНАЗАР ХАН

1523 жылы Тахир хан ноғайдардан біржолата жеңіліп, қазақ даласының батысын тастап, оңтүстік-шығысқа кеткен соң, Қазақ хандығы үшке бөлініп, сыртқы жаулардан әркім өз білгенінше қорғана бастады. Оларды басқарған Қожа Ахмет хан да, Мамаш хан да, Бұйдаш хан да елді біріктіре алмай, сыртқы жаулармен күресте құрбан болды. Осындайда әкесі атақты Қасым ханның «қасқа жолын ұстанған» Ақназар хан тарих сахнасына шықты. Ол Қасым ханның Ханық сұлтан-ханым атты әйелінен туған еді. Жасөспірім жасқа жеткенде оның туған әпкесі Бұлдыр ханымды әкесі ноғай Ордасының солтүстік қанатын билейтін, өз ықпалында ноғайларды ғана емес, сібір тайпаларын да ұстап отырған, ноғайлардың бас биі Саид Ахмедтен кейінгі беделді тұлға, атақты Мұса бидің бәйбішесі Ханзададан туған Шейх Мамайға ұзатты.

Ақназар әпкесімен бірге Ноғай Ордасына барып, солардың арасында өсіп, жетілді. Ноғай дегеніміз болмаса, ол кезде бұл ордада Алшын тайпасының, Байұлы руларының, Қос таңбалы Таманың, Телеудің, Қара Қыпшақтардың, яғни кейініректе қазақ құрамына біржолата енген рулардың ықпалды тұлғалары үстемдік жасады. Осындай ортада Ақназар қазаққа да ноғайға да жақын хан тұқымына айналды. Ноғайлар оны Хақназар сұлтан десе, қазақтар Ақназар хан дейтін. Сондықтан да ол, туыстас халықтардың арасындағы той-то­малақ­тар­дың және дау-жанжалдардың ортасында есейді. Оның туыстары Ноғайдың атақты биі Алшағырды өлтірсе, әкесінің кегін алған әйгілі Айдынды да Қанды Орақ батыр қазақтың Қожа Ахмед ханын өлтірді. Осындай текетіресте көкебат, яғни басты биден кейінгі қанат билеушісі болып отырған Шейх Мамай болашақта ноғай Ордасының толық билеушісіне айналуды көздегендіктен өзінің ордасында хан тұқымдарын ұстап, оларды Ноғай Ордасының аймақтарын билейтін, өзіне бағынышты тұлғалар ретінде қалыптастыруды көздеді. Осы мақсатпен ол өзінің қарауына қазақ Ақназарды ғана емес, сібірлік атақты билеуші Ибақтың немерелері, сұлтандар Көшімді және Ахмед Керейді де алып, төре тұқымдарын бауырына тартып, тәрбиеледі. Билікті қолға алуды көздеген ойын біртіндеп жүзеге асырған Шейх Мамай ноғай арасында түрлі жанжалдар ұйымдастырып, ақыры өзінің ағасы Саид Ахмедті биліктен қуып жіберіп, Сарайшықтағы Ноғай Ордасының тағына қонжиып отырды. Әрине, қанша тырысқанымен, хан тұқымынан болмағандықтан ол, хан атана алмай, би лауазымын иемденді. Шеткергі аймақтарда өзінің беделін көтеру үшін ол, өзі тәрбиелеген хан тұқымынан шыққандарды сонда өзінің өкілі ретінде бекітті. Мысалы, ол башқұрттарды билеуге өзі тәрбиелеген Шайбан тұқымы Ахмед Керейді жіберді. Ал Сібір аймақтарына Ақназар билеуші ретінде аттандырылды. Алайда Сібірдегі билікті Шайбан әулетін тақтан тайдырған қарадан шыққан Тайбұға әулеті тартып алған соң, Шейх Мамай Ақназарды Башқұртстан билеушісі етіп тағайындады. Ақназар сұлтанның (ол кезде ол әлі хан емес) астанасы Имен қала (қазіргі Уфаның бұрынғы аты) болды және оған қарайтын иеліктердің сібірліктермен шекарасын Белая өзені бөліп жатты. Алайда Ақназар башқұрт жерінде көп тұрақтай алмады. Осы тұста оған билік жүргізіп отырған Шейх Мамай ноғай мырзаларымен бірігіп Қазақ хандығын талқандаған соң оның тағына өздері тәрбиелеген Ақназар сұлтанды 1537 жылы ақ киізге отырғызып, хан көтерді. Құрылтайға жиналған ноғай мырзалары қазақтарды біржолата бағындырудың басты жолы олардың өздері мойындаған әрі ноғай ықпалында жүрген атақты Қасым ханның баласын таққа отырғызу деп ойлады. Бұрын қазақ пен ноғайға бірдей хан болған атақты Қасым ханды ноғайдың қалың жұрты да аса құрметтейтін еді. Сондықтан да Шейх Мамайдың өзі де кезінде үлкен ұлының атын Қасым қойған болатын. Осылайша әкесі тәрізді қазақ-ноғай ханы атанған Ақназар қасиетті әке жолын жалғастырудың алғашқы мүмкіндігіне қол жеткізгендей болды. Алайда шынайы билік оның қолында емес еді. Қазақ даласына хан болу үшін оған әлі оның орталық және шығыс өңірлердегі ай­мақтарындағы сұлтандарға өзін мойын­дату керек еді. Ал мұндай толық би­лік­ке Ақназардың қолы 1559-1560 жылдары ғана, яғни сол тұстағы қазақтың бас ханы Әз Жәнібектің немересі Бұйдаш шайбандықтарға қарсы күресте қаза тап­қан соң ғана жетті. Осы кезде ғана қа­зақ сұлтандары оны хан ретінде мойын­дады және ол енді қазақтардың ғана емес, оларға одақтас қырғыздардың да ханы болып есептеле бастады. Ал бұдан бұрын, 30-40-жылдары құдіреті асып тұрған ноғай мырзаларына соғыстан әлсіреп, бытыраңқы хандық аймақтарға бөлініп кеткен қазақтарды ұйымдастырып, қарсы қою әлі мүмкін емес еді. Оның үстіне ноғай мырзалары 1540 жылдан бастап қазақтармен жауласқан өзбектермен құда-жегжаттық қатынастар орнатып, одақтас бола түсті. Мысалы, Мұса бидің баласы Исмайыл Мерв ханы Дінмұхаммедтің қызына үйленді. Сондықтан да Ақназар хан 1548-1549 жылдары өзбек хандары өзара соғысқанда Дінмұхаммед ханды қолдап қанды жорықтарға қатысты. Алайда Ақназар хан Қазақ хандығын әкесі Қасым ханның кезіндегі құдіретіне жеткізуді ешқашан да естен шығарған емес. Бұл үшін ол, ноғай мырзаларына тұтқиылдан соққы беріп талқандар сәтті үлкен төзіммен күтті. Ол тіптен ноғай мырзалары өзара жанжалдасып, билікке таласып жатқанда да оған араласпай, шығысқа кетіп, моғол ханы Абд әл-Керімнің аймағын басып алуға әрекеттенді. Алайда бұл тайталаста Ақназар хан жеңіске жете алмады. Осыдан соң ол, біраз уақыт моғолдардан аулақ кетіп, қазақ рубасыларын және сұлтандарды өзінің төңірегіне жинап, әскерін күшейтті, және өзіне жақсы таныс батыстағы ноғайлар аймағына қайта оралды. 1557 жылы оның бастауымен қазақ әскерлері Жайықтың арғы бетіне өтіп, ноғай билеушісі Исмайылды Еділге қарай ығыстырды. Ақназар енді әкесі Қасым ханның тұсындағы қазақтарға бағынған аймақтарды ноғайлардан тартып алуды шындап қолға алды. 1568 жылы күзде ол, 20 қазақ сұлтандарын бастап ноғайларға тағы шабуыл жасады. Олардың арасында қазақтың болашақ ханы Жәдіктің ұлы Шығай сұлтан да бар еді. Шейх Мамайдың балалары бастаған ноғайлар бұл жолы орыстарға қараған Астрахан жеріне шегініп, солардың қолдауымен бас бағып, аман қалды. Араға екі жыл салып Ақназар ноғайларға қайта шабуылдап, олардың біразын Қазақ хандығына қосып алды. Енді оның хандығы шығыста Ертіс бойынан батыстағы Ембіге дейін, ал оңтүстікте Сыр бойынан солтүстіктегі башқұрттар аймағына дейін созылып жатты. Қазақ хандығының күшеюінен қатты қорыққан сібірлік Көшім хан, Бұхара ханы Абдолла, ноғай билері Дінмұхаммед, Ұрыс оған қарсы бірігіп күресу үшін одақ құрды. Алайда шайбандық сұлтандар арасындағы өзара тартыстарды пайдаланған Ақназар шебер дипломатиялық жолдармен Абдолланы уақытша болса да өзінің жағына тарта білді. Ол Бұқар ханы Абдолланы ташкенттік Баба сұлтанға қарсы күресте қолдап, соңғыны өлтіруге әрекеттер жасады. Осыны сезген және бұрынғыдан да өшіккен Баба сұлтан Ақназарға қарсы зұлымдық әрекеттерге көшті. Түркістанға жақын Шарапхана өзені маңында Баба сұлтан өзімен кездесуге келген, Ақназар хан жіберген Жайым сұлтанды екі ұлымен және Ақназар ханның онымен бірге келген екі ұлын қапысын тауып өлтірді. Осыдан соң Баба сұлтан жедел қимылдап, Ақназар ханның жасағына да тұтқиылдан бас салып, ханның өзін де өлтірді. Мұндайды күтпей, қамсыз жатқан хан қапы қалды. Бұл 1580 жылдың көктемі еді. Осылайша орталықтанған мықты Қазақ хандығын қалпына келтіру бағытында батыл қадамдар жасаған және қазақтардың мақтан тұтар айтулы тұлғасына айналған Ақназар хан да тарих сахнасынан кетті.

Талас ОМАРБЕКОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Орталық Азиядағы
дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының директоры,
ҚР ҰҒА Құрметті академигі
.

Abai.kz 

Дереккөз: http://anatili.kazgazeta.kz/

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394