Сенбі, 23 Қараша 2024
Дода 4836 0 пікір 4 Наурыз, 2015 сағат 14:00

МЕРКЕЛЬ ҚАЗАҚСТАНДЫ ТАҢДАДЫ

Швейцарияның «Грассхопперс» клубында ойнайтын футболшы Александр Меркель Қазақстан футбол федерациясымен (ҚФФ) келісім-шартқа отырды – енді оның Қазақстан ұлттық құрамасында ойнауға мүмкіндігі бар.

Ұлты неміс Александр Меркель 1992 жылы Алматы облысына қарасты Первоймайск кентінде дүниеге келген. Әкесі Василий де кезінде Алматы жасыл алаңдарында доп тепкен, бірақ пәлендей артылып көзге түсе қоймаған. 1998 жылы Меркель отбасы тарихи отаны – Германияға қоныс аударған. Сашка бала алдымен «Вестарвальд» футбол мектебінде тәлім алады, сосын «Штутгарт» академиясына ауысады. 2008 жылы, 16 жасында әлемнің атақты клубтарының бірі – «Миланның» (Италия) сапына қабылданады. Мұнда үш жылдай ойнаған соң (негізгі құрамда аса көп шыға қойған жоқ), «Дженоа» командасына жалға беріліп, ондағы 18 матчта 1 гол соққан. Сосын «Уотфорд» (Англия) клубында ойнады, қазір «Грассхопперс» (Швейцария) сапында жүр.

Жартылай қорғаныс шебінде тәп-тәуір ойнап жүрген талантты балаға алдымен Германия бапкерлері назар аударыпты. Сөйтіп, осы елдің 15 жастан 20 жасқа дейінгі бірнеше жастар құрамаларына шақырылып, ұзын-ырғасы 27 ойын өткізген. Бәрі де – жолдастық кездесулер болғандықтан, түпкілікті бір елдің құрамасын таңдау мүмкіндігі А.Меркельдің қолында әлі бар. Бірақ онсыз да талантқа бай неміс құрамасына ілігуге оның шама-шарқы жете бермейді. Александр күні кешеге дейін Ресейден үміттеніп келіпті. Өйткені, әкесі В.Меркельдің айтуынша, «Ешқашан Ресейде болып көрмесе де, Сашка өзін орыс санайды. Әжесі де – орыс. Үйде де орысша сөйлесеміз. Алматыда туғанына қарамастан оның тууы туралы куәлігі – ресейлік. Біздің туыстарымыздың көпшілігі Ресейде тұрады. Ол сол елдің ұлттық құрамасында ойнағысы келіп еді, бірақ ресейліктер оған назар аударған жоқ».

2009 жыл. А.Меркель "Милан" сапында бразилиялық Робиньомен және швед З.Ибрагимовичпен қатар ойнады.

Ресей жағы шақырмай қойған соң ғана Александр Меркель Қазақстанның ұсынысына құлақ асқан сияқты. Ол кеше Астанаға келіп, ҚФФ өкілдерімен шарт жасасты. Тіпті біздің ұлттық құрама сапындағы тұңғыш ойынын ол 28 наурыз күнгі Қазақстан – Исландия матчында-ақ өткізіп үлгеруі мүмкін.

"Бұл - маған берілген жақсы мүмкіндік, - деді журналистерге Александрдың өзі. - Кіндік қаным тамған қазақ жері - маған бөтен емес. Мен Қазақстанды Отаным дей аламын. Әрине, әзірге ойыншылармен жақсы таныс емеспін, бірақ бас бапкер Ю.Красножанмен сөйлесіп, пікірлестім. Ресей құрамасы туралы ойлайсыз ба дейсіз бе? Жоқ. Мен өз Отаным үшін ойнағым келеді".

Бас бапкер Юрий Красножан азды-көпті тәжірибесі бар ойыншыдан бас тарта қоймасы анық. "Меркель орталық жартылай қорғаныс шебін күшейте алады деген үмітім бар. Жұмыс барысында нақты шешімге келетін боламыз" дейді бапкер. Алайда карьерасын тәп-тәуір бастаған футболшы кейінгі жылдары арендадан арендаға ауысып, барған жерінің бәрінде қосалқы құрамнан аса алмай жүрді. Оның шеберлік деңгейінің дәл қазір қаншалықты екенін болжау да қиын.

Заң бойынша, Қазақстан азаматы болып саналмайтын адам еліміздің ұлттық құрамасында ойнай алмайды. Демек, төлқұжат мәселесі де тез арада шешілсе керек. А.Меркельдің Қазақстанда дүниеге келгені бұл процесті сәл де болсын жеңілдете түскен болар. Ал шетелден оралып жатқан қазақ қандастарымыздың азаматтық алу мәселесі әлі күрделі. Әйтеуір «двойной стандарттан» арылмай-ақ қойдық-ау...

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364