Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 7142 0 пікір 4 Наурыз, 2015 сағат 13:06

Асхат ӨМІРБАЙ. ҚҰРБАНДЫҚ.

Аспаннан құйылған сұп-суық нұр жер бетін ақ күмістей зерге орапты. Қыс түскелі ақ көрпесін қымтай жамылған Жер-ана бірте-бірте көзден ғайып болған.

Қыс келсе, тау адамдарының еңсесі түсе бастайтын әдеті бар. Тарбағатай бөктерінде ауыл адамдары қыстан әбден зәрезеп болып, қар күреп, жол аршумен көп уақытын зая кетіреді. Сай-саладағы ұлпа қарды жел қуалап, жол біткенді жауып, күртіктеп тастайды. Әсіресе қыстаудағы малшыларға қиын-ақ. Күн шыққанша өрген қой қар астында қалған көдені талғажау етеді. Жылқы өткен ізбен жылжи отырып, олардың да жапатармағай тебіндеп жатқаны. Ақ түтек боранда қыстаудан адасқан кей малшының әупірімдеумен жаны қалып жататын сәттері де аз емес.

Бүгін күн ашық. Шытынаған аяз басылмағанымен, басқан сайын сықырлап, жұқарған жүйкені онан әрі қажай түседі. Таң атпай үйден шыққан Мәулен таза ауада кеудесін кере тыныстап, қора жаққа бет алды. Кірсе, боз бие мен құнаны тыпыршып тұр екен. Мұны көріп, бас шұлғысып қояды. «Е, кеше берген жемнің қуаты ғой» деп күбірлеп қойды Мәулен. Қора жып-жылы. Сыртқа беттеген қой-ешкілермен бірге бұрқыраған бу будақ-будағымен жарыса шұбап жатыр. Кеше сиырдан қалған сағдарды қой-ешкінің тып-типыл еткенін байқаған бұл мырс етті де, қолындағы керосин шамды ілмекке іле салды. Ал жылқы малы тым талғампаз. Жаздыгүні сиыр таптап кеткен жерден аузына бір тал шөп алмайды. Осыны білетін Мәулен қысқа жинаған шөптің майсасын алдымен жылқыларына салатын.

Мәулен кеше кешкісін дастархан үстінде отырғанда, атшанамен қайын атасы Күзенбайдың қыстауына барып қайтуға бекінген еді. Енді болмаса тау етегіндегі қалың қар түсіп, біразға дейін қатынас үзіледі. Бұл ойын әйелі Әйтім мен баласы Серікбайға да сол кезде ескерткен. Ағайын-туысты бір аралап қайтпақ. Қазіргі жүрісі – жол қамы. Темір табанды шанаға боз биені жегіп, оған күрең тайды қосақтады. Ондағы ойы – омбылағанда сеп болсын дегені. Сүт пісірім уақыт өткен соң көлігі аттануға дайын болды. Үйге қайтып кірген Мәулен пешке қи толтырып жатқан Әйтімге:

Дайындал. Қазір жолға шығамыз, – деді.

Серікбайды жылы киіндірейін. Жолда жаурап қалар. Тау етегі ғой қайткенмен, – деді Әйтім.

Онда шайыңды қамда, – деген отағасы төсеулі жатқан құрақ көрпеге жантая кетті.

Отағасы есікке құлып сап, қақпаны ашқанда, боз бие мен күрең тай оқыранып қалды. Ауыз қылдарына қырау тұрыпты. Әлсін-әлсін бастарын шұлғи береді.

Бұл отбасының тау етегіндегі қыстауға бет алуы тегін емес. Түнеугүні қайын інісі Айдар:

Жаздай жем-шөпті молырақ жинап алғанымыз жақсы болды. Күн суытпай, қар қалың түспей қонақ болып кетерсің. Азын-аулақ малыңды өз көзіңмен көрерсің, – деген.

Әрине, келеміз ғой. Серікбай да нағашыларын сағынып жүр, – деген Мәулен сол жолы уәде беріп кетіп еді.

Бұл кезең кеңес өкіметінің қабырғасы сөгіле бастаған кез еді.

Әйелі мен баласын шанаға қымтай отырғызған отағасы жұлқына қозғалған шанаға қатарласа келіп қиялай жайғасты да, делбені қағып қалды. Ә дегеннен ширақ адымдаған жануарлар онан әрі желе жөнелген. Құлақтары тікірейіп, демдері бұрқыраған екеуі тапталған жолмен салдырып келеді.

Ауылдан ұзай бере солтүстіктен ызғар сезіліп, қимылсыз отырған жолаушылар аз-маз тоңазиын деді. Шана ізі күнге шағылысып, жалт-жұлт етеді. Бір уақ аспан мен ақ киіз жердің арасы мұнарлана берді. Күнге шағылған қылау қылпып тұр. Жүргіншілердің үсті-басын омартасын қорғаған арадай қаумалап, құшақтай құлайды. Кірпікке қонған енді бірі көбелекше дір-дір етіп, лезде ериді де, көз жасына ұқсап ұяшыққа іркіледі. Қыстың ызғарлы желінен ыққандай бұйыққан үйлердің шамы сонадайдан өлеусірей шалынады. Тарбағатай тауы үнсіз бұйығып жатыр. Ақ жамылған сілемдері сыр бүккендей. Мүлгіген тыныштық. Жалғыз-ақ ат тұяғы тиген сайын қарт-қарт еткен қасат қар жапан даланы жаңғыртып келеді.

Әй, шу, жануар! – Мәулен тау бөктеріне еніңкіреген сайын боз биеге ұмсынып қойып, айғайлап келеді. Өзі болса, түгіне қырау қатқан жануарлардың жүрісіне елігіп алыпты, үстіндегі тері тон, тері қолғап, тері шалбар, түлкі тымақ, қара ала пима өне бойын қыз-қыз қайнатып, желік бере түскендей.

Тау баурайына енген сайын, ызғарлы жел бәсеңдеп, сабасына түсейін деді. Жаһанды еркін қыдырған күн нұры ине кірпіктерін қар бетіне қадай түскенімен, желтоқсандағы қуаты әлсіз. Жапан түзге сәуле таратқаннан әріге қауқарсыз.

Мәулен осы күні болатын сұрапыл сынды сезбеді. Ойында ештеңе жоқ. Күнделікті күйбең тірліктің күйкі тірлігін күйттеп жүрген жан ғой. Көңілі таза пенде нені біліп, нені сезген?

Тауға тақаған сайын жым-жырт дүние түрлене берді. Жол табанына түскен қар қалыңдап, көліктері омбылауға көшкен. Бірақ кей тұстарда бауырымен жер сызғанда болмаса, жүрістерін бәсеңдетпеді. Сіресіп жатқан қар бетімен темір шегенді шана зулағанда, хрустальдай сыңғырлап, ендігіде ат тұяғынан шыққан үнге ұласып кетеді.

Әй, Әйтім! Мына қардың қалыңдығын қарашы! Аттардың адымын аштырмауға айналды, – деді отағасы кейіс білдіргендей мойын бұрып.

Айтпа деймін, таудың қары қалың болады ғой. Біз жүретін жолды жел үрлеп кетпегенін қарашы!

Атшана дөңге көтерілгенде, Мәулен алыста қалған ауыл жаққа көз тіккен. Шамалауынша, он-он бес шақырымды артқа тастаған секілді. Тарбағатай тауларының өркешті жоталары бірінен-бірі биіктеп барады. Кенет көзі екі-үш дөң кейініректе құбақандап осылай қарай жортқан бір топ бөріні шалып, селк етті. Дегенмен әйел, баласына сыр бергісі келмеді. Дереу боз биеге қамшы басып, жүрістерін ширата түсті. Көкшулан түз тағылары жапан түздегі жатаған жотадан бері құлап, тура зымырап келеді. Мәуленнің жүзі сұп-сұр болып кеткенін байқаған Әйтім баласын үнсіз ғана бауырына қыса берді. Жөн сұрауға батылы жетпеді. Әйелінің әлденеден секем алғанын байқап қалған отағасы:

Қорықпай отыра беріңдер. Олар қуып жете қоймас мына қарда, – деді сендіргісі келіп.

Апа, әкем кімдерді айтады? – Серікбай түк түсінбей екеуіне алма-кезек қарады.

Ештеңе емес, балам. Үстіңді қымтап отыр, әйтпесе суық тиіп қалар, – деді Әйтім әңгіме ауаның басқа жаққа бұрып.

Бұл кезде топ бастаған көкжал соңынан ілескен бөрілер сыпыра тигендей жүз елу қадам тұста еді. Қарлы жерге тырнақ батыра алмаса да, табандап алға ұмтылады.

Алтаймен қол ұстасқан Тарбағатай тауларының бір ерекшелігі – төсіне молынан қар жиып, алты ай қыс бойы ақ мамыққа оранып жатады. Осыдан бірер күн бұрын тау етегіне түскен қар күпсіп, бөрілердің мүйізгек табандарына қолайсыздық туғызған, бірақ қатты аяз қарды бауырға жұқтырмай, талмай қуғындауға көмек болған.

Ес білгелі ата-әкесімен қой баққан Мәулен қасқырлардың айла-шарғысын кем меңгермеген. Қайта қырғындай тигелі тура тартқан талай көкжалды қос ауыз мылтығымен жайратып салатын. Бүгін қаруын алуды есінен тарс шығарыпты. Оқ-дәрінің иісін бір сезсе, қасқыр жолай қоймаушы еді. Ондайда аш қасқыр ғана тәуекелге баруы мүмкін. Бірақ түз тағылары бұл жолы еркін. Әншейінде жарау мініп ізіне түскеннің өзінде бас сауғалап жанталасатын бөрілердің қарасы да мол көрінді.

Қасқырлар арадағы соңғы жотадан асты, енді қашықтық тіпті қысқара түсті. Айлалы жыртқыштар қанша аш болса да, бір сарынмен жортып, сыр бермей келеді. Ендігіде күдірейген желке жүндері де анық көрінді. Мәулен көліктерге тоқтамай қамшы баса берді.

Қуғын күшейді. Атшана келесі дөңге табан тигізгенде, жыртқыштар тар сайдың табанына түсті. Бір қырындай кейінге қарағыштаумен болған жылқылар қиыстай салып, қарғи шапқыласқанда, соңдарынан боз боран бұрқырап, шанадағыларға борап келеді. Әйтім мен Серікбайда үн жоқ, үрей билеп алған. Бар сенгендері – Мәулен. Ол болса, бар болғаны көліктеріне қамшы басумен әлек. Аяздан, әлде қорыққаннан Әйтімнің тісі тісіне тимей қалшылдай бастады. Серікбайды тарс құшақтап, тастай болып қатып қалған. Мәуленнің қауашағын әп-сәтте ызғарлы ой осып өткен. «Әттеген-ай, қаруды алып шығуым керек еді. Қараптан-қарап қасқырға жем болғанымыз ба? Дүниенің шыр айналғанын көрмейсің бе? Бұл атаңа нәлеттердің талайын соғып алған едім, енді өзімді майып қылмақ. Мені қойшы, әйелім мен балам... Олардың күні не болмақ? Жарайды, мен-ақ құрбан болайын. Түтінімді түзу ұшырар ұрпағым аман болса болғаны. Тү-у, мен деп кеттім. Жаны қысылғанда адам не демейді. Жоқ, бұл жыртқыштарға бекер жем болмаспыз. Бір амалың табуым керек. Не істесем екен?».

Әй, шу, жануар! – Мәулен атшанадан зор денесімен көтеріліп, қамшысын көтерген сәтте иесінің шалт қимылынан жылқылар оқыра тиген тайыншадай жұлқи жөнеледі.

Әй, Әйтім! Мына тағыларға қарашы! Аш немелер өңмеңдеп, соңымыздан қалмай келеді. Шіркін, қолда мылтық болса...

Отағасының мылтықсыз шыққанын сонда ғана білген Әйтім үндемеді. Тілі байланып, көмейіне өксік тығыла берді. Бірақ жылай алмады. Әйтсе де көзінен бұршақтаған жасты тыя алмады. Тыюға дәрмені де болмады. Бар болғаны отағасының жалғыз тұяғын бауырына басып күбірлей берді: «О, Тәңірім, қашқан да, қуған да саған сиынады. Көк Түріктің ұрпағын көк бөріге жем қыла көрме! Аналық тілегімді қабыл ал, отағасының жалғыз перзентін сақта. Я, Тәңірім! Өзің жар бола көр!»

Жортқанда күй де, жер де таңдамайтын түз тағысы алған беттен танбады. Өнімсіз әрекетінен түк шықпасын анық сезген Мәулен енді шалт қимылдамаса, тым кеш болатынын түсінгендей. Тұтас бір отбасының қарап болатынын ойлағанда, денесі тіксінді. Қап! Мылтығымның жоғын қарашы... Кейінге қарап еді, сегіз тұяқтан бораған бұрқасын арасынан таяқ тастам жерде ілесіп келе жатқан жыртқыштарды көрді. Бәрі ауыздарын ашып алыпты, жол бастап келе жатқан көкжал қос езуін кезек жалап қойды.

Әй, дыр-дырр-рр! – Құлақтары тікірейіп, ауыздықты қарш-қарш шайнаған көліктері аспанға қарғып-қарғып кеп әрең іркілді. Сонда да ілгері қақшып, жата кеп жұлқи тартып жатыр. Тілерсектері дірдек қағады. Мәулен шанадан қарғып түсті де, Әйтімге божыны ұстатып:

Мықтап ұста, жіберіп алма, – деп қынынан қара бәкісін суырып алды. – Мына тайды құрбан қыламын. Жанымыздан садаға...

Бұл кезде қасқырлар тобы қақ жарылып, жандарынан орағыта өтіп бара жатыр еді. Мәуленнің қосақталған күрең тайдың қайысын қиып жіберуге ұмтылғаны сол, жанұшырған жануар қатты жұлқынып, әбзел-баулары бырт-бырт үзілді де, өзі боз биенің алдын көлденеңдей қарғып кетті. Сөйтсе де, талыс қайыс ширатылып кеп, біржола босап кете алмады. Керісінше, онсыз да аласұрып тұрған боз биені онан әрі үркітіп, екеуі бар пәрменімен жұлқына шапшыды. Осы сәтте тәртені бойлап ілгері ұмтылып бара жатқан отағасы мен шана түбіне шөгіп бір уыс боп бүрісіп жатқан баласына кезек қарап күбірлеумен шірене тартқан Әйтімнің қолынан ширыққан божы сусып түсе берді. Бәрі де қас пен көздің арасында. Әлденеге соғылған атшананың оң табаны қайқаң етіп көкке көтеріліп барып әрең аударылмай қалды. Тек гүрс еткен бір соққы... Ыңқ еткен бір дыбыс... Тұяқтардан аппақ боп көтерілген қар толқыны...

Ұлының үстіне шалқалай құлаған Әйтім сол бойда шананың сол жақ ернеуіне соғылды. Жандәрмен басын көтеріп кейінге қараған: түз тағылары ойдым-ойдым кіреуке үстінде әлденені жапыр-жұпыр жәукемдеп жатыр. Күрең тайдың ышқынғаны естілгендей болды. Тізесінің астында Серікбайы шыңғырды.

Отағасына әлдене демекке жалт бұрылған Әйтім беталды жансауғалап бара жатқан боз бие мен күрең тайды көріп есінен тана жаздады. Шананың темір шегені сыңғыр-сыңғыр етеді...

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5359