Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 10615 0 пікір 3 Наурыз, 2015 сағат 12:43

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ.ТҮБІ АҚЫН БОЛАТЫН ШЫҒАРМЫН...

Соңғы кездері менің ақын болғым келіп жүр. Әсіресе, өлең деп айтуға тұрмайтын, қарапайым ұйқастан да жұрдай туындылар қазақ поэзиясындағы «шедевр» ретінде мақталып және сондай «біртума» шығармалар бәйгеден озып келгенде, қараптан-қарап шабытым оянып кетеді. 
Өткен өміріме ойша көз жүгіртсем, сыншы болғаннан тапқан пайдам шамалы екен. Өйткені, сыншы екеніңді білетін жұрттың бәрі де бүгінде сенен бір-ақ нәрсе дәметеді - мақтауды. Ал, Құдай қырсық қылып жаратқан мен заманға бейімделіп, біреуді орынсыз мақтауға икемделмей-ақ, қойдым. Қайта, керісінше, жүзіктің жүзінен өтіп кететін сумақай бейталанттарды, әдебиеттегі ағаларын жағалап, өздерін өтірік мақтатқызып жүрген пысықайларды көрсем, жыным қозып, сын семсерімді соларға қарай сермегім келеді де тұрады. 
Әкемнің бір досы бар. Жазған дүниелері газет-журналға шыға қалса «балам, қалай екен, әкеңнің дүниесі?» деп кейде пікір сұрайды. Әрине, әуелі балалық ілтипатпен мақтаймын. Айызы қанып, рахаттанып тыңдайды. Сыншы ретінде байқаған кейбір кемшілігін айтып қалсам, қабылдай алмай, шарт кетеді. Содан бері пікір сұраса «жазған дүниеңіз жақсы екен» деп, керек «дәрісін» беріп, оңай құтылатын болдым. Бір күні ол мақтауыма да көңілі толмай, «балам осы сенің тілдік қорыңда жақсыдан басқа сөз жоқ па?» деп өкпесі қара қазандай болып, ренжіді маған. 
Әрине, мен оған түсіністікпен қараймын. Бірінішіден ол – әкемнің досы. Екіншіден, расында да ол – қазақ әдебиетіне елеулі еңбек сіңірген ақын. Үшіншіден. Ия, бәрінен бұрын бізге сол, бүгінгі қоғамның дертіне айналып, етек жайған үшінші себепті жіліктеп беру қиынға соғып тұр ғой. Дегенмен, әңгімені бастаған соң соңына дейін айтып шығайық. Дайын болсаңыз, ал, кеттік... 
Шамасы бұл жоғары жақтан жұққан жаман «вирус» болса керек, тәуелсіздік алғаннан бері біз (ақын-жазушылар) бір-бірімізді мақтамасақ тұра алмайтын жұмбақ ауруға шалдықтық. Ақынның немесе жазушының шығармашылық кешіне бара қалсаңыз, оның өлеңдерін немесе әдебиет туралы ойларын тыңдап емес, ол туралы естіген мақтаулардан діңкеңіз құрып, шаршап қайтасыз. Алдымен бес сағат бойы ол мақтаулар кеш құрметінде айтылады. Содан соң тағы үш сағат бойы банкетте жалғасады. Ғафекең айтпақшы «қостанайы қызыл сөзді» қыздырған мерейтойлардағы мақтауларды естігенімде, теңдессіз теңеулерден құлағымның барабаны жарыла жаздап, мазам кетіп, қатты шаршап, түні бойы ұйықтай алмай, дөңбекшіп шығамын. Қайтейін, ғасыр халтуршиктері – ғасырымыздың ұлы ақындары мен ұлы жазушылары атанған заман ғой бұл. 
Біздің бүкіл қоғамдық жүйеміз кемшілікті көрмей, бәрін тек сыпыра мақтауға құрылғандықтан ба, білмеймін, мақтау мен мақтану бара-бара ұлттық идеалымызға айналыпты. Ғылыми-техникалық прогрестің өркендеген заманы да оған даңғыл жол салып берді. Әсіресе, әлеуметтік желіге кіріп алып, күні-түні мақтау мен мақтануда, алдымызға жан салмай, әлемдегі елдердің алдында көш бастап келеміз. Тамақ ішсек те, көшеде қыдырып жүрсек те, көйлек сатып алсақ та, шетелге шықсақ та, қызметіміз өссе де, бір жиынға қатыссақ та, қойшы, тіпті, өлген адамның асына барсақ та суретке түсіріп, фейсбукка салып мақтану үйреншікті әдетіміз болып кетті. 
Бізден басқа мәдениетті елдерде ол пікір алмасудың, оқыған кітаптарыңмен ой бөлісудің, кеңес берудің, т.с.с. пайдалы іс-шаралардың заманауи құралы сияқты еді. Ал, бізде фейсбукты ашып қалсаңыз, жырқылдаған жігіттер, тырқылдаған қыздардың суреттері, өлеңдері жарияланып, оның астында жазылған мақтаулардан басыңыз айналып, көзіңіз тұнады. «Сұлу жыр!», «Не деген көркемдік!», «Супер!», «Құбылыс қой, бұл ақын!», «Классика», «Шедевр!»... Заманның кеңдігін кімнен қызғанайын. Әлеуметтік желі бәрімізден бір-бір жұлдыз жасап шығарды, ақыры. Осыдан кейін біздің қоғамға қандай өкпеміз болуы мүмкін. Ри-з-за-мын заманыма! 
Айтып-айтпай не керек, біз күннен-күнге мақтау естімесек тұра алмайтын болдық ақыр соңында. Бұрын қалай білмей жүргенбіз, өмірдің мәні мақтау мен мақтануда екен ғой. Баяғыда қазақ күндіз қыдырып, кешке жақын тамаққа тойып алған соң, қарнын сипап тәтті ұйқыға бататын. Интернет шыққалы бері, біздің қазақ күндіз күлкіні, түнде ұйқыны ұмытты. Суретін немесе бір өлеңін, кешіріңіз, жауһар туындысын әлеуметтік желіге салып қояды да, күндіз де, түнде де халқынан сарғайып мақтау күтеді. Мақтанбасақ, мақтамасақ ішкеніміз - ірің, жегеніміз – желім. Асыра мақтаулардан қатты сырқаттанып қалғанымыз соншама, бес жасар баламызға дейін әлеуметтік желідегі достарынан күніне жүз «лайк» алмаса балабақшаға барғысы келмей, бақырып жылайды. Біреуді мақтап оған жақсы көріну үшін киелі ұғымдарды таптай салу, біз үшін «пішту» болды. 
Жақында бір журналист халыққа танылып қалған ақыннан сұхбат ала келіп, «Сіз әдебиеттің есігін басқалар сияқты жағалап емес, теуіп кірдіңіз» деп мақтап, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Жарайсың, аз-зз-заматым! 
Әдебиет – біздің ең ұлы киеміз болатын. Бабаларымыздан қалған асыл мұрамыздай, рухани мешітіміздей қастерлеп, әкеміздің жүрегіндей, анамыздың аялы алақанындай көруші едік қой, біз оны. Әсіре мақтаулардан көзімізді шел басып, кемеңгер Әуезовтің де жаңа түскен жас келіндей оның табалдырығынан имене аттап, әдебиетке жанының тазалығымен қызмет еткенін, Мұқағалилардың сөз өнеріне адал болуға серт беріп, оған жылап кіргенін қалай тез ұмытып қалғанбыз? Тәуелсіздік алған жиырма жылда рухани мешітіміздің есігін теуіп кіретін жағдайға жетсек, ат жалын тартқан, нағыз «аз-з-за-мат» болған екенбіз. Құттықтаймын, заманынан озып туған дарабоздарымды! 
Әсіресе, бірін-бірі мақтау мен мақтану жағынан әдебиеттегі шаппай жүйрік жастарымыз бәйгенің алдын бермей, оза шауып келеді. Бүгінгі өлең жазуға талпынып жүрген жиырмадан енді ғана асқан жігіттеріміздің көзі тірісінде Мұқағалилар мен Жұмекендер де естімеген «талантты ақын» деген мақтауға көңілдері көншімейді. Оларды риза ету үшін бірден «құбылыссың» деп төбелерінен жай түсіргендей етіп мақтау керек. Елден ерекше болып көрінгісі келгендіктен бе, білмеймін, мақтау әлеміндегі осындай «әдемі» жолды менің бір көңілшек ақын ағам салып берген еді. Ол бір мүшәйрадан кейін жайылған дастарқан басында, елу грамм жұтып алған соң, көңілі көтеріліп «А... бауырымыз бұрын-соңды қазақ поэзиясында болмаған құбылыс» деп тым асыра сілтеп жіберген-тұғын. Тегін тамақ пен арақ-шараптан, қойын-қонышы толған мақтауын аясын ба. Бұл «жақсы» эстафетаны бастап кеп жіберуі мұң екен, жастарға майдай жағатын «әдемі» үрдісті бәріміз іліп әкете жөнелдік. Білегімізді сыбанып жерлестеріміз бен інілеріміздің ішінен құбылыс іздеу науқанына қызу кірісіп кеттік. Ақыры «тормозымыз» істен шығып, тоқтай алмай қалдық. Басылым беттерінде «Ғарыштан келген ақын» деген мағынадағы мақалалар қаптап, жерді қойып, енді оларды аспаннан іздеген, адам түсінбейтін бір арман-ауру пайда болды, бойымызда. Төбеден жауған жауһар мақтаулардан жастарымыздың кеудесіне нан пісіп, талтаңдап жүре алмай қалды. Әйтеуір, берген сәлемімізді алып жүргендеріне де шүкір. Біліп қойыңыз, дәл бүгін біздің ұлы әдебиетімізге тек қана құбылыс ақындар мен құбылыс жазушылар ғана келіп жатыр. Вот так! Ішіңіз күйсе - тұз жалаңыз. Көре алмай жарылып кетсеңіз де, шындық осы, көке! Басқа шындық жоқ. Болуы мүмкін де емес. 
Сөздің киесі болатынын ұмытып, бір-екі мәрте дастархандас болған, өлең жаза алатын қабілеті бар достарымыздың бәрін теледидарға сүйреп, құбылыс жасап әлекпіз. Бізде құбылыс емес ақын мен жазушы қалған жоқ. Тәуелсіздік заманы – бәрімізді де бір керемет сезімнің бесігіне бөледі. Біз қазір не жазсақ та, тек мақтала береміз. Рахат! Тәуелсіздіктің арқасында ақынды немесе жазушыны не үшін мақтап отырғанын ешкім ұқпайтын, айтқан ойын адам түсінбейтін тұтас бір сыншылардың «плеядасы» келді, әдебиетімізге. Егер жастардың қаһарына ілігіп, «қырт» немесе «мыжырайған шал» атанғыңыз келмесе, тыныш жүріп, оларды тек жағыңыз талғанша мақтай беріңіз. 
Құдайға шүкір, өмірден өткен біраз классик ақындар мен жазушыларымыздың артына қалған мұралары түгенделіп, көп томдықтары жарық көрді, бүгіндері. Өкініштісі сол, халықтың ол туралы еш хабары жоқ. Жарнамалап, оны баспасөз, теледидар мен радиодан да насихаттап жатқанымыз шамалы. Есесіне бір жас ақынның кітабы шықса, тұсакесер өткізіп, бәріміз шулап, жаппай мақтаудан жарысқа түсеміз. Сенің күні-түні көз майыңды тауысып, жинаған біліміңнің құны - беш тиын, шертіп қалсаң, шытынап кете жаздағалы тұрған бүгінгі заманның «классиктеріне». Қазіргі жастарға жақсы болып көрінудің, жалғыз жолы – мақтау ғана болып тұр, бұл бес күндік жалғанда. 
Осыдан бірнеше ай бұрын, әдебиет әлемінде әлі жыға таныла да қоймаған бір жас ақынның жинағы жарық көріп, тұсаукесері өткенде радио мен теледидар, соғыс кезіндегі майданнан келген хабардай, оны әр жарты сағат сайын жарнамалап жатты. Қазақ поэзиясына тағы бір құбылыс келгенін хабарлап, бүкіл баспасөз улап-шулады. Фейсбук басылған «лайктардан» өртеніп кете жаздады. 
Таяуда мақтауды күнкөріс қамына айналдырған бір ақын ағаммен сөйлесіп қалып, «Неге біз, аға, Абай атамыз «сенбе жұртқа тұрса да, қанша мақтап» десе де, бәрін тек жаппай мақтай береміз?» дегенді сұрап едім, мысқылдап. Ағам тым тұңғиыққа тереңдеп кеткен көзімен маған бір қарады да, сөзіме түк ренжіместен: «Абайдың заманы басқа ғой, інім. Бұл заман мүлде бөлек. Әр заманның өз заңдылығы болады» деп біраз пәлсапалық әңгіме соқты. Ақын ағаммен әңгімелескен соң мен кенеттен серпіліп, керемет бір жаңалық ашқандай қуанып кетіп, бір «әдемі» ойлардың сағымына шомылдым. 
«Расында да мына сұмырай заманның, ит тіршіліктің заңдылығы осы болса, неге мен де жұртты өтірік мақтап, жалғанды кешіп өтпеймін? Қоғамдағы әділетсіздіктерге жаным күйіп, оны сынағаннан не опа таптым? Әкімді мақтап, иттің итақайына беріліп жатқан баспанаға қол жеткізе алатын, менің де мол мүмкіндігім бар емес пе? Құдайға шүкір, тіл - бар, ой – бар. Алланың өзі берген қабілетін неге молынан пайдаланбасқа? Билікті мақтап, үй алған анау бір отызға да толмаған жас ақын құрлы жоқпын ба?». 
Түні бойы осындай «бақытты» ойлардың шаттығында шалқып, біреуден ақыл сұрау керек болып, алдымен жазушы Төлен Әбдікұлы көкеме хабарласып едім, ол кісі әңгімені тым әріден қозғап, әлем әдебиетінен талай-талай мысалдар келтіріп, «рухы таза адамдардың ғана ұлы дүниелер туғыза алатынын» айтып, Гюгодан бастап, Мағжанмен аяқтап, басымды әбден қатырып жіберді.
«Қойшы, Төлен көкем енді басқа заманның, біреуді өтірік мақтауды үйренбеген ескіліктің адамы ғой. Одан да өмір сүрген заманы маған жақындау сыншы Тұрсынжан Шапай ағама хабарласайын», - деп, оған да телефон шалдым. 
- Бауырым, бұл сенің қолыңнан келмейді. Өйткені, бұл сала бізде тым қатты өркендеп кеткен, - деді ол күліп. 
Өмірімде тұңғыш рет Тұрсынжан ағама қатты ренжідім. Осындай «ұлы» бастамаға тұңғыш рет басын тігіп, тәуекел еткісі келген інісіне батасын беріп, жолын аша салса, несі кетеді? 
Іздегенге - сұраған. Әкімді мақтаудың реті бір күні аяқ астынан табыла кетті. Газет тілшісінің «Бізде мемлекетшіл азамат бар ма?» деген сауалына жауап бере келіп «Біздің әкім сондай мемлекетшіл азамат қой» дегенді «тарс» еткіздім. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа». Маған шын көңілімен жаны ашитын бір жігіт амалын тауып, көмекшісі арқылы ол сұхбатты әкімнің қолына тигізіпті де. Содан бері әкімнің маған қалай үй беріп жатқаны туралы қиял-ғажайып түстер көретін болдым. 
Бірақ әкім менің мақтауыма селт етпепті. Қайта, керісінше, «тап осындай әкімді дұрыстап та мақтай алмайтын дарынсызды қайдан тапқансыңдар? Бүгінгі күні қатардағы екі шенеуніктің бірі мемлекетшіл азамат емес пе, тәйірі. Осыны да сөз деп айтып отыр ма мына байғұс? Мен туралы қаншама мықты зерттеулер мен толғаулар жазылды. Бес бөлмелі пәтердің кілтін қолына ұстата салған анау бір ақынның мен туралы поэмасы қалай керемет жазылған! Оқығанда көзіңе жас келеді ғой. Жас. Ең болмағанда неге соларды бір дұрыстап қарап та шықпаған? Әй, біздің жігіттер ізденгісі келмейді ғой, ізденгісі келмейді. Жалқау ғой, жалқау. Не болып барамыз біз осы?» деп шұбар беті секпілденіп, терең ойдың тұңғиығына батып кетіпті. Содан соң аталарынан жұққан батыр мінезіне салып гүж ете қалыпты да, көлігіне мініп жүріп кете барыпты. Әкімнің көмекшісі содан бері менің төбемді көрсе, алыстан қашады. 
Міне, осы оқиғадан соң мен үй дәметпек түгіл, әкімді мақтаймын деп аман қалғаныма шексіз қуандым. Құдайы тамақ беріп, жеті шелпек тараттым. Бірақ «ізденген адам мұратына жетуші еді ғой» деген ойлар тағы да мазалап, әкім-мақтау ғылымын зерттеп көріп едім, шынында да бұл сала Тұрсынжан ағам айтқандай қарыштап дамып, мен ойлағаннан әлдеқайда жоғарыға, қиялым жетпейтін биікке самғап кетіпті. Ол үшін ар-ұят түгіл, ұлтыңды, Отаныңды сатып, рухыңды да құрбандыққа шалуға тура келеді екен. Әкімдердің жеке басы ғана емес, олардың әке-шешелерін мақтап, пайғамбар мен әулие жасаған неше түрлі «шедевр» шығармалар туып жатыр екен, бірінен-соң бірі, әдебиетімізде. Тап осы салада әдебиетте бағы ашылмай жүрген талай-талай талантты жастардың жұлдызы жаныпты. Алла, алдарынан жарылқасын, қарақтарымды! 
Қанша тырыссам да ондай биіктің көңілінен шығатын мақтауды табуға білімімнің, жазуға шеберлігімнің жетпейтініне енді анық көзім жеткенде көңіліме бір өкініш ұялады. Сол сәтте төрт баласы бар, үйсіз-күйсіз жүрген бір танысымның, шенеунік көрсе бәрін ұмытып, алдына түсіп, жан-жағына қарамай домалай жөнелетін ауыр жұмысы есіме түсіп, оның аянышты тағдырын енді түсінгендей болып, ішімнен үнсіз күрсіндім. Әкімдерді айтпашы, олардың көңілін көншітетін мақтауды жер түгіл, енді көктен іздеп те таба алмайтыным есіме түссе, жүрегім ауырады. Әдебиетімізге оралайық. 
Неге екенін білмеймін, соңғы кездері тым көп мақтала берген соң ба мені «тәуелсіздік алғаннан бері әдебиеттегі ағаларымыз бізді шын ниетімен мақтап жүр ме, әлде іштеріне қулық сақтап, өтірік мазақтап жүр ме?» деген күдікті сауалдар мазалай бастады. Осындай бір ойлар көңілімді қажап, жаныма тыныштық бермей қойған соң «біз өзі осы әдебиетке не бердік?» деген сұрақтың жауабын іздеп, әлдекімдердің намысына тию емес, өзімді қамшылау үшін, фейсбуктағы достарымнан ақыл сұрап көрмекке бел будым. Сондағы ішімнен күбірлеп бар айтқаным: «Өткен ғасырдың алпысыншы және жетпісінші жылдарында әдебиетімізге белес боларлық шығармашылығымен дараланған ақын-жазушылардың легі қосылды. Поэзияда - Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Сағи Жиенбаев, Ғафу Қайырбеков, Фариза Оңғарсынова, Өтежен Нұрғалиев, Тұманбай Молдағалиев, Мұхтар Шаханов, Жұматай Жақыпбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Жарасқан Әбдірашев.., прозада - Әбіш Кекілбай, Мұхтар Мағауин, Тәкен Әлімқұлов, Ақан Нұрманов, Қалихан Ысқақ, Төлен Әбдікұлы, Сайын Мұратбеков, Оралхан Бөкей, Тынымбай Нұрмағамбетов... 
Соңғы жиырма жылда келген ақын-жазушылардың ішінде осылардың талантымен өнер жарыстыра алатын дара тұлға бар ма?». 
Әдебиеттің жеткен биігіне көңіл толмаушылық барлық уақытта бола беретін құбылыс емес пе еді, тәйірі. Тап осындай сауалды ХІХ ғасырда орыс әдебиетінің алтын ғасырында Белинский де қойған-тұғын. Жүз жылдан соң орыс жазушысы Иосиф Бродский де Ресейдегі прозаға көңілі толмай «жиырмасыншы ғасырда бізде ұлы проза болған жоқ» деген мағынадағы әңгімені қозғап, күңіренген. 
Неге мен осы шетелді ғана мысалға келтіре беремін? Мынау өзімнің Тұрсынжан Шапай ағам да тап осы сауалды қойған жоқ па еді, осыдан отыз жыл бұрын ғана. Қоюмен ғана шектелмей, соғыстан соң туып, жетпісінші жылдардың басында толысып тегеурін танытқан Жұматай, Кеңшілік, Темірхан, Жарасқан, Иран-Ғайып, т.с.с тұтас бір ақындар плеядасының поэзиясын қатты сынаған да. Солардың ешқайсысы да жиырма жастан енді ғана асқан талантты сыншының орынды сынына өкпелеп, тулаған жоқ. Ал, мен жарайды, шетінен мақталып жатқан замандастарымды сынамай-ақ қояйын (ондай сынды көтере алмайтындарын ішім сезеді), ең құрығында соны сұрап көруге құқым бар емес пе?.. Сөйттім де, жоғарыдағы ойыма келген сөздерді фейсбуктағы жеке парақшама жаза салдым. 
Апта соңында жұмыстан қажып, тезірек үйге қайтуға асығып отыр едім, әлеуметтік желіде өзін мақтауға арнаған сайт ашып алған бір жас ақынның «Амангелді Кеңшілікұлына хат» деген көлдей мақаласы жарқ ете қалды. 
Бастапқыда «елдік, ұлттық мәселені қозғаған дүние болар» деген оймен шын көңілмен қатты қуанып кеттім. «Неге сіз соңғы жылдары ұлттық мәселені айтпай үнсіз қалдыңыз?» деп жаман ағасын қамшылағысы келген шығар деген арман-қиялмен хатты оқи бастадым. Қайдағы ұлттық мәселе? Қайдағы елдік мүдде? Қайдағы тіл тағдыры? 
Бауырым әңгімесін үйреншікті әдетімен мені мақтап, көпшік қоюдан бастапты. «Сіздің жазғандарыңызды қалт жібермей оқып жүрмін» деп өткен-кеткенді шолып, біраз көсіледі. Сонан соң менің фейсбуктағы қойған сұрағымның қате екенін түсіндіріп, жұртты мақтай беруге аса жаны құмар емес «жаман» ағасын түзу жолға салғысы келіп, біраз әуреге түсіпті. «Біріншіден сұрақ дұрыс қойылмаған. Әдебиет өнер жарыстыратын сала емес. (?) Тіпті спортта да Тайсон неге Мұхаммед Әли секілді емес, бүгінгі Серік Сәпиев неге Серік Қонақбаев секілді өзін рингте ұстамайды деп айтпайды. Әр заманның өз ұландары бар» деп мен қозғаған әңгімеге түк қатысы жоқ, бір әңгімені бастап кеп жібереді. 
Мен бар-жоғы «егер соңғы жиырма жылда бізде алпысыншы және жетпісінші жылдары әдебиетке келген Әбіш Кекілбайдың «Ханша дария хикаясы», «Шыңырау», Қалихан Ысқақтың «Қоңыр күз еді», Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы», Дулат Исабековтың «Гауһартас», Төлен Әбдікұлының «Оң қол», Мұхтар Мағауиннің «Шақан шері», «Архив хикаясы», Тәкен Әлімқұловтың «Саржайлауы», «Қараойы», Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс», «Атақоныс»... немесе поэзиядағы Төлеген Айбергеновтың «Сағыныш», Тұманбай Молдағалиевтің «Қош, көктем», Мұқағали Мақатаевтың «Дариға-жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», Жұмекен Нәжімеденовтың «Менің топырағым», «Темірқазық», Сағи Жиенбаевтың «Көктем самалы», Ғафу Қайырбековтың «Беласқан», Кеңшілік Мырзабековтың «Іңкәр дүние», Жұматай Жақыпбаевтың «Ләйлә», Жарасқан Әбдірашевтың «Найзағайлы жаз" (қапелімде біреулер аталмай қалса ғафу өтінемін) сияқты туындылар болса, «құбылыссың» деп бір-бірімізді өтірік мақтамай, соларды талдап-таразылап, шын бағасын берейік» дегенді ғана айтқым келген. Ақын інім менің ойымды дұрыс түсінбепті. Содан соң Алаш зиялыларын мысалға келтіріп, Мұқағали мен Жұмекендерді, тіпті, туған әкемді менің өзіме қайта таныстырып, тағы біраз терең ойдың тұңғиығына батып кетеді де, «жалпы, нағыз қаламгер әдебиетті өзінің тағдыры, өмірі деп біледі» деп сыншы ағасына тағы да ақыл үйрете жөнеледі. Мен де әдебиетті бір адамдай зерттеген едім. Біздің заманымызда ұстаздарымыз әдебиет ақынның жеке өмірі емес, «халықтың - жаны, ұлттың - рухы» (Жүсіпбек Аймауытов) деп оқытқан болатын. Сол жанды кірлетіп, рухты өлтіріп алмауды үйреткен еді. Жоқ, біздің аса талантты жастарымыз басқаша ойлайды екен. Ақын інімді ол үшін кіналамай-ақ қояйын. Мүмкін осындай ойды оның санасына сыналап кіргізген ұстаздары шынында да шетінен «мықтылар» шығар. 
Ананы, мынаны айтып, менің басымды әбден қатырған жас ақын әрі қарай да маған ақыл үйретуден танбайды. «Басқа елдерде іштей мойындалғанмен, сырттай мүйізделген жас талант жетімнің күйін кешпейді. Керісінше, сол туралы мұқым елге «ақын келді, жаңа жазушы әдебиет есігін ашты!» деп сауын айтып, сүйіншілейді. Ең алдымен оның артықшылығын көріп, кемшілігін жасырып (?) бағады»
Қой, көкірегі зор ақын інімнің әр сөйлем сайынғы адасушылығын көзіне шұқып көрсете берсем, әңгімеміз бүгін бітпейді. Әңгімесінің тоқ етерін айтсам, ол «неге осы сіздер әдебиетімізге келіп жатқан таланттарымызды көрмейсіздер, бағаламайсыздар, ит терісін басына қаптап мүйіздей бересіздер?» дегенді қозғап, ауға түскен балықтай тулайды. 
Құдайым-ау, әдебиетіміздегі талантты ақын ағаларымыздың қайсысы біздің кеудемізден итеріп еді? Қайта құшақ жая қарсы алып, бір жылт еткен дүниемізді көрсе жарыса мақтап, төбелеріне шығарып, «алтынкөпірліктер» деп мақтап, хан көтеріп жатқан жоқ па? Рас, шынында да алпысыншы және жетпісінші жылдары әдебиетімізге лек-легімен таланттар келіп жатқанда, ондай сөздерді айтудан заманнан қаймыққандықтан Мұқағали, Жұмекен, Кеңшілік, Жұматайлардың талантына лайық бағасын ала алмай өмірден өткені – ақиқат. Тәуелсіздік алғаннан бері қайта, керісінше, әдебиеттің келешегіне алаңдап, сасып қалған ағаларымыз таланттармен бірге, қаптаған «халтуршиктерді» де жаппай мақтап, тайраңдатып төбемізге шығарып қойған жоқ па? Тіпті, нағыз әдебиетке түк қатысы жоқ мәселені қозғап көлдей хат жазып отырған айбыны өктем бауырымды талантты ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, өнертанушы Таласбек Әсемқұлов, жазушы Айгул Кемелбаевалардан бастап бәрі де кезекке тұрып мақтап шықты емес пе? Қарғам-ау, осындай өкпені тап сенің айтуға қалай дәтің барады? Жалтылдаған мақтаулардың тұтас бір «коллекциясын» жинап жүрген жігіт емессің бе сен? Маңдайымызға біткен жалғыз әдеби басылым «Қазақ әдебиеті» газетінде де тек сендер мақталып, тіпті, нағыз әдебиеттің қандай болуы керек екенін де тек сендер ғана үйретіп жатқан жоқсыңдар ма бізге? Айтып отырғаным өтірік болса, өзің аса қатты «құрметтейтін» алпыстан асқан Аманхан (Әлім) ағамнан сұрап көрші, ол осындай мақтаулардың ширегін естіп пе екен, өмірінде? Жарайды, сен бір ерекше жаратылған талант шығарсың. Онсыз да оны шамадан тыс көп оқудан шаршап жүрген әдебиеттен неше түрлі мысалдар келтіріп басымды қатырмай, саған қандай мақтау керек екенін мына біз сияқты «танымы таяз» сыншы ағаларыңа дұрыстап түсіндіріп берші, бауырым. 
Аманхан демекші, тоқсаныншы жылдардың басында ол ағаммен мен де айтысып қалғанмын. Бірақ біздің айтысымыз «мені неге мойындамайсың?» деген «ұлы» мәселенің емес, ұлттық рух, әдебиеттегі таным сияқты «ұсақ-түйектер» төңірегінде болып еді. 
Басқаларын сөз етпей-ақ қояйын, бірақ туған әкем Кеңшілікті сенен артық білетін сияқты едім. Мақтау сөз естімегеніне емес, Алаш арыстарының ақталмай жатқанына әкемнің жаны қаттырақ күйетін. Күйіктен кейде ішіп кетіп, түн ортасында келіп, Мағжанның өлеңдерін маған оқып беріп жылаған сәттері әлі күнге есімнен кетпейді. 
Ақын бауырымның маған жазған хатына жауап бермей, жылы жауып қоя салғым келген. Бірақ хат жазыла салысымен оның замандастары әуелі әлеуметтік желіде, одан кейін менің рұқсатымсыз осы бір сауалым мен бауырымның маған жазған хатын бірінен-соң бірі сүйінші сұрағандай көшіріп басқан интернетте, оларды мақтағысы келмейтін ағаларының сыбағасын жақсылап тұрып берді-ау! Өмірі естімеген сөздерімді естіп, жағамды ұстадым. «Сүйкімсіз», «сұмырай» дегендер бергі жағы ғана, арғысын айтудан балаларымнан ұяламын. Жүректің тұсынан да, төменгі жақтан да аяусыз соққылар бірінен-соң бірі кетті сатырлап. 
Әй, әлеуметтік желіге кіріп, бүркеншік есімнің артына жасырынып алып, қатын-өсек соғатын менің Бақтияр Артаев пен Серік Сәпиевтерім-ай! Батырсыңдар-ау, батырсыңдар! Азаматсыңдар ау, азаматсыңдар! Мықтысыңдар-ау, мықтысыңдар! Тура Геннадий Головкиндей шаршы алаңға шыққан бетте бүйректен бір «ыңқ» еткізіп, ағаларыңды есінен тандырып тастайсыңдар. Не айтамын мен сендерге? Заман сендердікі! 
Басымды көтерткізбей тастаған соққылардан қорғанып, амалсыздан тал қармауға тура келді. «Ақын інім, маған хат жазыпты. Менің атыма біраз ауыр сөздер айтылса да, бұл жігіттің көп пікірі маған ұнады. Көңіліме қонды, Оған деген құрметім арта түсті. Біраз ойымды қайта саралауыма түрткі болды. Бірақ ол менің ойымды дұрыс түсінбепті», - дегенді айтып, соғыстың қалай басталып кеткенін байқамай қалған Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичтей далбасалай жөнелдім. «Бәсе, осылай сабаңызға түспейсіз бе» деп жастардың иелігіндегі әлеуметтік желілер мен интернет тағы да менің кешірімімді бірінен соң бірі сүйінші сұрап, көшіріп басып жатты. Ақын ініме әдебиеттің не екені жайлы ақыл үйретіп жүрген жанашыр ағалары да фейсбуктағы жеке парақшаларына бауырының хатын қуана жариялап, шампан атып, той жасады. Жасасын, әдебиет! 
Әрең есімді жиып, үйге келіп жан әлеміме үңілсем, жараланбаған жерім қалмапты. Мынандай, өзінің ұлылығын дәлелдеу үшін болған қанды-қырғын соғыстан қалай аман қалғаныма қайранмын. Орыс жазушысы Василий Розановтың «Әдебиет емес. Жалған әдебиетшілдік қорқынышты (литературщина). Жанның жалған әдебиетшілдігі. Рухтың жалған әдебиетшілдігі» деген сөздері есіме түсіп, өмірімде тұңғыш рет сыншы болғаныма өкіндім. 
Намысты қолдан бермейтін жас қырандарым менің! Сөзімді шығындап, мен сендерге босқа өкпелеп жүр екенмін. Жиырма жыл бойы жалған әдебиетшілдіктің дертіне шалдығып, Шекспир, Бальзак, Толстой, Достоевский, Абай болып шын сырқаттанып қалған сендерге мен енді тек аяушылықпен ғана қараймын. Қайтейін, әдебиеттегі «қамқоршы» ағаларың сендерді әбден мақтап-мақтап, енді жазылмайтындай етіп, ауыртып тастапты. Мен сендерге өкпелемеймін. Тек қана осы сырқаттанудың аяғы өздеріне қол салған Мисималар мен Есениндерге еліктеушілікке ұласып, жастардың арасында жаппай «суицид» белең ала ма деп қауіптенемін. Жиырмадан енді ғана асқан, мақтау өтіп кеткен жас жігіт таяуда фейсбугындағы жеке парақшасына әдемі етіп салынған портретін жариялапты да, астына туған жылын жазыпты да, «өлген жылым кейінірек жазылады» деп қолын қойыпты. Бұл шындығында да қорқынышты құбылыс. 
Осыдан он жыл бұрын жұртқа әбден танымал болған бір алаяқ жазушы туралы «Біздің заманымыздың Бальзагы» деген мақала газетке шыққанда, осы дерттің біздің әдебиетімізге келуінен қауіптеніп, жүрегім ауырған. Келмек түгіл, бұл жаман дерттің біздің әдебиетімізде тамыры тереңге жайылып кетіпті. Ендеше бүгінгі заманның поэмалары жоқ Байрондары мен романдары жазылмаған Ремарктарынан, үш драма шығарған Шекспирлері мен төрт өлең түрткен Тютчевтері, бір әңгіме сындырған Буниндерінен менің ақыл сұрауым, нағыз жындының тірлігі екен. 
Бір аптаға созылған соңғы соққылардан соң есімді сәл жиғаннан кейін, кеше түні бойы толғанып, ақын болғым келіп екі жол өлең жаздым. 
Түн іші, 
Кофе мен темекі. 
Шедевр! Классика емес пе? Түбі мен ақын болатын шығармын, осы!


Abai. kz 


Дереккөз: «Жас Алаш» газеті, 3 наурыз

Түпнұсқадағы тақырып: ШЫНЫМЫЗДЫ АЙТУ МІНІМІЗДІ АЙТУДАН БАСТАЛСА КЕРЕК

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357