Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 9451 0 пікір 2 Наурыз, 2015 сағат 09:01

БАЛКОНЫНА БАЙРАҚ ІЛГЕНІ ҮШІН АЙЫППҰЛ ТӨЛЕМЕК

Астана қаласында тұратын Жандос Құрманбаев дейтін азамат балконына ту ілгені үшін кінәлі саналып, айыппұл төлеуге мәжбүр болып отыр. Жандостың әлеуметтік желілердегі жазбасына сүйенсек, әйгілі боксшы, жерлесіміз – Геннадий Головкиннің кезекті жеңісіне қатты қуанған ол өзі тұратын көп қабатты үйдің балконына еліміздің көк байрағын іліп, желбіретіп қояды.

Бар «бүлдіргені»  - осы. Бірақ, Жандостың мұндай патриоттығын жақтырмаған әлдекім тап сол кезде қалалық әкімшілікке қоңырау шалып, мәселенің мән-жайымен құлағдар етіп үлгереді. Ал, әлгіндей хабар алған әкімшілік қызметкерлері қарап қалсын ба, «Мемлекеттік рәміздерді заңсыз пайдаланғаны үшін» Жандостың жанын шығармаса да, заңды көлденең тосып, оны айыппұлға жығып жатыр.

- Бізге, - дейді Астана қаласы әкімдігі ішкі саясат басқармасының бөлім бастығы Гүлжан Елеубаева, - қала тұрғындарының бірі қоңырау соғып айтты. Сосын біз тез жиналып, істің ақ-қарасына көз жеткіздік. Нәтижеде азамат Жандос Құрманбаев «Мемлекеттік рәміздерді заңсыз пайдаланғаны үшін» 394 400 теңге айыппұл төлейтін болды.

Отандасының жеңісіне желпініп, балконына ту ілгені үшін өзін кінәлі санамайтын Жандос заңгерлердің кеңесіне жүгініп, әкімшіліктің шешіміне қарсы шығатындығын айтады.

Жандос Құрманбаевтың Фейсбуктегі жазбасы қоғамдық пікірге үлкен қозғау салуда. Құрманбаевтың патриоттығын қолдаушылар: «Мұнда тұрған не бар? Шетелдерде, мысалы, Түркияда ту ілінген балкондар өте көп. Бұл - елдің отаншылдығын, өз мемлекетін ерекше қадірлеп жақсы көретіндігінің белгісі емес пе?» дейді.

(Жандостың әлеуметтік желідегі достарының бірі балконына Латыш елінің туын іліп қойды. "Қазақстанда қазақтың Туынан басқа туларды көтеріп немесе көрнекі жерге қойып жүре беруге болады. Міне, мен Латвияның Туын балконыма жайып қойдым. Ешкім ештеңе демейді. Жандосты отаншылдығы үшін жазықты қылған әкімішілік шешімі өзгермегенше, мен осылай әлем елдерінің туын балконыма бірінен кейін бірін іле беремін. Сендер де сөйтіңдер" деп жазады ол)

Сонымен, кәсіпқой бокс әлемінде GGG аталып жүрген Геннадий Геннадийұлы Головкиннің жеңісіне қуанып, ел байрағын балконында толқытқан қазақ баласы айыппұл төлемек. Бір қызығы, Қазақстан мемлекетінің Туынан қоқыс таситын қап пен сүйретпе жасағандар дәл Жандосша «жазалана» қоймаған еді. Сондай-ақ, өзге елдің жалауы мен туын көтеріп, мерекелі шерулер өткізіп жүргендер де қазақстандық билік пен заң тарапынан шектеу көрген емес.

Abai.kz     

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320