Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6908 0 пікір 11 Ақпан, 2015 сағат 15:41

ПРЕЗИДЕНТТІҢ АРҚАСЫ

ОН СЕГІЗ ЖЫЛ БҰРЫН...

Президент Нұрсұлтан Назарбаев үкімет мүшелері мен облыс әкімдерін жиып алып, кеңес өткізді. Біздің пікірімізше, «кеңес» деп аталатын жиынға жұрт белгілі бір мәселелер төңірегінде кеңесу, ақылдасу үшін келетін сияқты еді. Оның үстіне, кеңесер, кеңесер дейміз-ау, қызылкеңірдек боп керілдесер проблемалар қоғамымыздың қай саласында да аз емес. Бірақ біз куә болған мына жиналыс – кеңестен гөрі орта мектептегі бір нашар кластың сабағына көбірек ұқсап кетті. Ондай класта тек мұғалім ғана сөйлеп, қалғандары партадан бас көтермей, жығылып жатып алушы еді ғой. Мұнда да тап солай болды. Түсіндіруші де, ұрсушы да, сұраушы да, ешкім үндемеген соң оған өзі жауап беруші де тек бір адам – Елбасы. Құдайға шүкір, міндетті түрде «тақтаға» шығып, тақылдап тақпағын айтып беретін 5-6 үлгілі оқушы қай класта да бар екені рас – үкіметтің «үздіктері» де (Қажыгелдин, Байменов, Павлов, Кәрібжанов, Шүкеев және Өтепов) ол міндеттерін ойдағыдай орындап, алдын ала дайындаған баяндамаларын мүдірмей оқып берді (мұндағы «үздіктердің» кеңесте қаралар мәселелерге орай іріктелгені өз-өзінен түсінікті болар).
Дегенмен, көп ұзамай олардың да «озат» екеніне күмән туып қалды: «мұғалім» тарапынан қойылған қосымша сұрақтар «тақтадағыларды» таң-тамаша етті білем, ешқайсысы да мардымды жауап қайтара алмады. Тек әйтеуір Экономика және сауда министрінің «шағын және орта бизнесті дамытуға алынған 130 млн. $ несиені тендер арқылы банктерге басыбайлы бөліп бере салмай, оны қандай жобаларға жұмсау тиімді екенін үкіметтің өзі анықтап, өзі шарттарын қойып отырғаны дұрыс» деген пікірі ғана Елбасының көкейіне қонғандай болды («міне, мұны саясат деуге болады» деп қалды Н.Н.). Бұл ойды «тақтаға» арнайы шақырылмаса да, «өзі қол көтеріп, орнында тұрып сабақ айтқан» Ұлттық банк төрағасы Ораз Жандосов толықтырды. 
Бүкіл «класқа» қойылған ортақ сауалдар да жауапсыз қалып жатты. Министрлер мен департамент басшылары алдарындағы жуан-жуан папкілерді жаңа көргендей төмен қарап шұқшиды да отырды («менен сабақ сұрап қалмаса екен» деп басын көтеруге батылы жетпей отыратын оқушылардан қай жерлері кем, ә?). «Артқы партадағылар», яғни, әкімдер де тілін бір кәлимаға келтірмей, «таза» кетті. Елбасының: «Ауыл қалай дамуы керек? Меніңше, аграрлық сектордың негізін формасы жағынан жекеменшік, мазмұны жөнінен ұжымдық типтегі кәсіпорындар құраса дұрыс секілді. Сіздер қалай ойлайсыздар? Қанша дегенмен, ауыл шаруашылығының маманысыздар ғой», – деп, үкімет мүшелерін ақылдасуға шақыруы да құр қабырғаға айтылған сөз болды: әкімдерді айтпағанда, «атақты аграршылар» – Есімов те, Кәрібжанов та, Ақымбеков те «менің ойым былай» деп белсеніп шыға алған жоқ...
Жақында бір газеттен танымал шенеуніктің сұхбатын оқып отырсам, екі сөзінің бірі «Президенттің арқасында» – «Президенттің өзі тікелей назар аударып, бақылауға алғаннан кейін жаңа серпін байқалады», «Президенттің өзі қадағалаған соң...», «Президенттің тікелей көңіл бөлуінің арқасында...», әрі қарай осылай жалғаса береді. Кешегі кеңесте де не «өйтейік» жоқ, не «бүйтейік» жоқ, үн-түнсіз отырып-отырып, Елбасы «боссыңдар» деген соң өре түрегеліп, жөн-жөніне кеткен шенеуніктерге қарап: «Бұлар расында да Президенттің арқасында жүр екен, ол түртпектемесе, оңайлықпен жерге түсіп, жанын салып жұмыс істей қоймас», – деген ойға қаласыз. Апыр-ай, Президент «тікелей көңіл бөлмесе», желкесінен қарап «қатаң қадағаламаса», «осы уақытқа дейін осыны бітірмесеңдер, орындарыңнан аламын» деп қорқытпаса қимылдамайтын не деген үкімет бұл сонда? Атқамінерлеріміз Назарбаевтың жеке жұмысын істеп беріп жүр ме немене, иесі бақыламаса босаңси салатын? Түсініксіз.
Қысқасы, Президенттің арқасынан түсетін кез келді. Әйтпесе, орынтақтан түсу де көп күттірмес...

Сәкен СЫБАНБАЙ.
(«Ана тілі» газеті, 1997 жыл, 17 сәуір)

 

АЛ, БҮГІН…

«Жиналысқа жер-жерден келгенде әрқайсыларың дайындалып келулерің керек. Тек қана мені тыңдап кете бермей, ойларыңыз болса айтыңыздар. Мемлекет басшыларының, Үкімет мүшелерінің, әкімдердің жергілікті мәселелерді айтқан сөзінен, ұсыныстарынан барып жалпы шешім шығады. Сондықтан үндемей отырғанды қойыңдар. Анау күні «Самұрық-Қазынаның» трансформациясына келген батыстың дөкей профессорлары: «Әр жерде келісіммен шешетін болсақ, мысалы зауыттың цехында, онда ары қарай дұрыс шешім шығатын болады» дейді. Онысы рас. Біз баяғыдай жинап аламыз да, сөйлеп, сөйлеп қоя береміз. Ешкім ешқандай ұсыныс жасамайды, олай болмауы керек. Бір-бірімізді тыңдауымыз керек. Ұнай ма, ұнамай ма, басқа мәселе. Соның барлығы елге қызмет істейтін болса тыңдау керек», - деді Елбасы Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында .

(11 ақпан, 2015 жыл)

АБАЙ.KZ 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5396