ЗЕЙНЕТАҚЫ: БҮЙТІП КӨБЕЙГЕНІ БАР БОЛСЫН!
Қой жылы қандай жаңалықтармен басталды – мұны бәріміз білеміз. Біріншіден – ең төменгі еңбекақы, зейнетақы және мемлекеттік жәрдемақы өсті. Шамалы ғана. Екіншіден – бұлар өскеннен кейін... басқасы да өсті. Түрлі-түрлі тауарлар бағасы, түрлі-түрлі төлемақылар деген сияқты. Бұлар енді шамалы ғана емес, кәдімгідей... көп-көрім өсті.
Қысқасы, қаңтар айында өзгерген, өзіміз білеміз-ау дейтін КЕРЕК ДЕРЕК мынандай: ең төменгі еңбекақы 21364 теңгеге дейін, ең төменгі зейнетақы 23692 теңгеге дейін өсті. Шаруа қожалықтары мен серіктестіктерге тиесілі жер салығы 5 есеге көбейді. Бірқатар аймақтарда электр энергиясының бағасы өсті. Оңтүстік астанада мұның бағасы әр киловатына 15,43 теңгені құрады. Жеміс-жидек те «қатардан қалған» жоқ – картоп 2 пайызға, капуста 8,7 пайызға, ал қарақұмық 2 пайызға өсті. Осы қаңтар айында. Әртүрлі айыппұлдар да «жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай» қаптап кетті. Жол ережесіне және әкімшіліқ құқық бұзушылыққа қатысты айыппұлдар туралы әңгіме мүлде бөлек – ол туралы жыл басталмай жатып-ақ жазған болатынбыз. «Қызығын» енді көріп жатырмыз. Қара халық әлі жыр ғып айтып жүр – "ЭКСПОға, универсиадаға, олимпиадаға керек ақшаны әлден жинастырып жатыр" деп. Қысқасы, қой жылы «шекпенімізді шешіп» алудан басталып жатыр. Біреу естіп, біреу естімеген тағы бір жаңалық – қаңтардың тұп-тура ортасынан бастап «КАЗ» және «KZ» деп аталатын ұлттық домендердің бағасы екі есеге өсті. Енді бұдан былай интернеттегі есімі үшін кәсіпкерлер жылына үш мың теңге салатын болады. Қазақстандағы IT-компаниялар қауымдастығының мәліметтеріне қарағанда, бұған дейін еліміздегі доменді есімдерді қолдау мен оларды тіркеу бағасы өзге елдермен салыстырмалы түрде алып қарағанда өте төмен – небәрі 1400 теңге ғана болған болса, енді бұл екі есеге дейін өсті деген сөз. Мәселен, Ресейдегі «RU» мен «PФ» және АҚШтағы «US» бағасы біздің теңгемен есептегенде 2500 теңге, Қытайда «CN» бағасы – 6500 теңге... осылайша тағысын тағылар болып кете береді. Мамандардың айтуларына сенетін болсақ, мұндай әркелкілік доменнің тіркеу бағасының оны жеткізудің өзіндік құнынан да төмен түсіп кеткенін байқатады екен. Мұның сонда пайдасы қайсы, зияны қайсы?
«Домен құнының көтерілуі старт-ап үшін соншалықты бір маңызды емес, - дейді бұл жөнінде жас кәсіпкер Рауан СЕРІКҰЛЫ, - әрине, мұндай жағдайда жұмыстарын енді бастаған кейбір веб-студиялар мен бағдарламашылар аздап қиындық көруі мүмкін, өйткені, олардың жұмыстарының құнына домен де қосылып қойылған ғой. Сонымен бірге, үш немесе төрт сайты ғана бар шағын компаниялар үшін де үш мың теңге дегеніңіз әжептәуір ақша саналады. Ал енді әртүрлі жобаларды жүзеге асырумен айналысатын үлкен компаниялардың әлбетте, жоқ дегенде алпыс-жетпіс домені бар десек, бұлар сөз жоқ, ұлттық домен бағасының бірден көтерілгенін айтарлықтай сезініп, тіпті аздап қиналуы да мүмкін...»
Міне, IT-компаниялар әлемі де осылайша өзгерістерге ұшырап жатыр. Бір қызығы – қайдағы бір қауымдастық НЕГЕ рынок әлеміне өз тәртібін енгізуге тиіс? Тіпті ешкімге ескерту де жасамастан? Осы мәселені онша түсінбеген сала кәсіпкерлері... аздап сақтануға да кіріскен сияқты. Сөздеріне қарағанда. Бірақ кімнен? Мұны өздері де білмейді.
Бұл да сонда ЭКСПО үшін бе?
Тәрізі, солай сияқты...
Марат МАДАЛИМОВ.
Абай.kz