Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 6400 0 пікір 2 Ақпан, 2015 сағат 11:11

ОҚЫРМАНЫ ІЗДЕП ЖҮРЕТІН ЖАЗУШЫ

«Жазушының бір ғана ұстазы бар, ол – оқырман», - депті Гоголь. Осы оқырман мен автор арасындағы бірден-бір алтын көпір - кітапхана мен кітапханашы.

Біздің басты мақсат - кітап оқылуын насихаттау. Оқырман сан түрлі. Олардың талғамынан шығу үшін бір сәт әңгімелессең болды. Менің бір оқырманым бар, Шекспирді түпнұсқадан оқиды, қарапайым жүргізуші, бірақ ағылшын тілінде... деп басында таңғалғанбыз. Кітапты тек әдебиетшілер, болмаса журналистер, ғалымдар ғана түсініп оқиды, шын бағасын солар ғана бере алады деген ойдан осыдан кейін аулақ боласың.

Айтпағым бұл емес. Бір оқырман келді, М.Мағауиннің шығармаларын сұрап. Өзі туралы мәлімет толтырды. Қарапайым теміржолшы. Ең сүйікті жазушым дейді. «Аласапыранды» қайталап оқиды екен жыл сайын.

«Аласапыран», «Ақша қар», «Бір атаның балалары», «Қияндағы қыстау», «Көк кептер», «Көк мұнар», «Шақан шері», «Қыпшақ аруы»... жазушының қай шығармасын алсаң да оқырман сұранысына ие.

«Жазушы деген сөз қалаушысы, сөз кестешісі, сөз зергері, сөз зергері болғанда жай ғана зергер емес, сөз арқылы адамның жан дүниесін, сана-сезімін тәрбиелейтін зергер. Сондықтан да ол «адам жанының инженері» дейді Сәкен Сейфуллин. «Әдебиеттің археологы» деген атаққа ие болған М.Мағауин кез келген қаламгер бара бермейтін тарихты толғады. Анау деп сын айтатын, шығармасын саралайтын сыншы емеспін. Мен тек оқырмандардың іздеп оқитын, сүйіп оқитын жазушысы, жәй ғана қатардағы жазушы емес, өз шыққан биігі бар жазушы, оқырмандарынан жоғары баға алған, ала беретін қаламгер дегім келеді.

Бүкіләлемдік жаһандану келді, кітапты ғаламтор айырбастады, бармағының басынан білім тамған ұрпақ өсіп келеді деп байбалам салып жатырмыз.

Мұны жоққа шығара алмаймын. Бірақ, кеше ғана «Аласапыран» мен «Қыпшақ аруын» алып кеткен өрімдей оқырманға қарап тәубе дедім.

Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз болашақ жоқ. М.Мағауин – өткенді сөйлеткен, тірілткен, бүгінге алып келген қарымды қаламгер. Ұлтым деген үлкен жүрегі мен қарымды қаламы шығарған биігінде тұр. Талай ұрпақ сусындаған жазушының жақұт шығармаларына әлі талай ұрпақ сүйсіне отырып сусындайтынына кәміл сенемін.

Тұлғаның туған күнінде оқырмандарының шын жүректерінен шыққан құттықтауларын жеткізу бақыты маған бұйырғанына ризамын!

Денсаулығыңыз мықты болсын! Алланың берген жасын жасаңыз! Сан мыңдаған оқырмандарыңыздың жылы лебізі осы!

Ғазиза ҚҰДАЙБЕРГЕН,

кітапханашы.

 

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322