Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Қоғам 11570 0 пікір 30 Қаңтар, 2015 сағат 22:56

Сая ҚАСЫМБЕК. ЕНЕ

 

Қарлы бораны түрлі әнге құбылта салған қыс мезгілінің қысқа таңы елең атып келе жатқан кез. Жайна әдеттегісінше орнынан керіле тұрып, аяғына үй шәркейін еріне іліп, терезе тұсына барып, сыртқа көз салды. Жауған қарды өші кеткен жанша өршелене жұтып, соңынан ерген нән машинаға ұзын мойыншасынан түйдектелген қарды ытқыта түскен қар тазалағыш мәшина, көшені жүргіншілер мен автокөліктерге дайындап, ұзап кетіп бара жатыр екен. Жапалақтай жауған қар, қар күрегіш машинаны мазақтағандай еселеп құйып, жаңа ғана тазаланған көшені ақ көрпесіне орай түсуде. Қыста әдемі суретіне қарап тұрған Жайнаның есіне келін боп түскен ауылында болған оқиға түсіп, мырс ете қалды. Жас келін шағы. Кішігірім болғанымен  өзіндік қызығы мен шыжығы мол ауыл болатын. Әсіресе, есінде өшпестей жазылып қалған “ебтібәйәмәт ене” болатын. Ол кісі Жайнаның күйеуінің рулас апасы, бұған “ене” боп келеді. Өзінің бойы қаршадай ғана. Денесі шымыр, басын кекжитіп тік ұстайтын кемпірдің қараторы өңіне биік қабағы сұс беретін. Алғаш келін боп түскен кезде осы кемпірді таныстырған күйеуінің шешесі; “руымыздағы ең үлкен кемпір осы. Алдымен осы енеңе сәлем саласың” деген болатын. Бастапқыда байқамапты, келе бере мән беріп байқаса, енесінің аты құлаққа ебедейсіз естіледі екен. Күйеуінен; “неге «ебтібәйәмәт ене» дейсіңдер, ұят сөзбен де адамды атауға бола ма екен?!”-деген сұрағына, “сол жағын ойламаппын. Неге атағанын өзінен сұрап алсаңшы” деп қысқа жауап қайырды. Байқайды, ауылдың әйелдері тұрмақ еркектері де осы кемпірдің алдына келгенде қайқаңдап кетеді екен. Тіптен  желдей ескен Күлән жеңешенің өзі ебтібәйәмәт ененің тұсына келгенде орамалын түзеп, майыса қалатын. Неге екені белгісіз, осы ене Жайнаны ерекше жақсы көрді. Қаланың қызы болғандықтан Жайнаға “орыс келін” деп ат қойып алды. Дуалы ауыздан шыққан сөз күллі ауылға желдей есе жайылып, көзді-ашып жұмғанша Жайна аты жайына қалып, “орыс келін” боп шыға келді. Алғашында ренжигендей болғанымен, байқап қараса, мазақ ретінде емес, бұның ауылдың майда-шүйдесін түсіне бермейтін, ойындағысын айтып салатын ашық мінезіне бола атаған екен. Бірдестен онысы да дұрыс болар деген оймен Жайна, ауылдағы өмірге төселуге тырыса бастады. Ауыл ортасындағы кішігірім дүкенге аптасына екі рет сары май мен қаймақ түседі. Жайна ылғи жарты литр қаймақты артық алып, жол-жөнекей ебтібайамат енесіне тастап кететін. Жайнаның пейіліне риза болған енесі әрдайым батасын молынан беріп жатқаны. Бірде әдеттегісінше қаймақты алып енесіне жол-жөнекей бере кетпекке үйіне соқты. Ауланың оң жақ қанатына қарай орналасқан, дәу өрік ағашының астындағы сөкіде енесі азанғы шәйін ішіп отыр екен.

- Әй, ебтібәйәмәт келін, кел, төрлет,- деп құрақ ұша қарсы алды. Өзі әдеттегіше астына төрт бүктеген көрпесін жанши түсіп, жайғасып отыр. Екі бүйірінен демалған нән сары самауырды қасына тақап алыпты. Қою қаймақ қатқан бұйра шәйді маңдайы жіпсіп, терлеп ішіп отырған енесі, - Оқтау жұтқан немеше қақаймай, тізеңді бүксеңші. Таңғы асты аттап кетпес болар. Отыр.- деп Жайнаға бұйыра сөйледі. Осы енесінен бүкіл ауылдың неге аяғын тартатыны Жайнаға түсініксіз. Қашан көрсең дастарханы жаюлы, самаурыны қайнаулы енесінің пейілі де мол. Дастарханынан қаймақ пен май, сары алтындай бауырсақтар ешқашан үзілмейді. Тандырға жабатын пәтір нанын айтсайшы?!

 - Рахмет, апа, сізге қаймақ әкеліп едім.- деп сөкінің төменгі жағына тізе бүкті.

- Е, айналайын көп жаса. Біздің келін сәске түске дейін ұйқыдан басын көтермейді. Сенің зуылдақ енеңе құдай оңынан кеп, сендей келінді бұйыртты ғой. Менің ана жазған келінім...Әй, ебтібәйәмәт-ай, үш баланың анасы болса да, ерте тұрғанды еш үйрене алмай қойды. Қашан көрсең сиырды өзім сауып, өріске малды мен айдап жатқаным. Кел, о неме орнынан тұрамын дегенше, екеуміз жақсылап қаймақ қатқан шәйға тойып алайық. – деп, қызыл бұйра шәй құйылған кесені Жайнаға беріп жатып, - Айналайын “ерте тұрған әйелдің – ырысы артық” дегенді аталарымыз бекер айтпаған. Өзің қалада туып-өскеніңмен, ауылдың әдебіне тез кірігіп кеттің. Әке-шешең көргенді жердің адамдары болғаны ғой – деп, кесесіндегі шәйін сораптай тартып, қою шәйға ләззаттана түсті.

- Апа, сізден бірдеңе сұрайын деп едім, - деп Жайна қарсы отырған кемпірдің қас-қабағын байқай, кесесіндегі шәйдан ұрттап.

- Е, сұрайтын нәрсе болса сұра. Онда тұрған не бар?

- Апа, менің бір түсінбейтінім, осы жұрт сізді неге “ебтібәйәмәт ене” дейді?

Жайнаның сұрағы тосыннан қойылса керек, алдымен енесі аңырайып отырып қалды да, күтпеген жерден мырс ете қалды. Енесінің күлімсіреген көзін жақсылыққа балап, Жайна тарсылдай соққан жүрегін басуға тырысты.

- Неге “ебтібәйәмат” деймісің?! Е...Кейде болмашыдан бас жарылып жатады емес пе?! Оған өзім себепкермін. Сонау қырқыншы жыл, көк пен жердің арасын жалмаған қырғын соғыс жылдары болатын. Сендер ол кезді білмейсіңдер ғой. Құдай білдірмей-ақ қойсын. Майданның өрттей алаулап тұрған кезі. Әкемді соғысқа әкеткенде менің жасым небәрі он төртте болатын. Марқұм әкем, соғыстан қайтпай қыршын кетті ғой,- деп, тамағына тас тірелгендей сәл үнсіз қалды. – Уһ!..Ауылдың бас көтерер еркек кіндігінің бәрін қырман орғандай қырылып, соғысқа аттандырдық. Ауылда қатын-қалаш, бала-шаға, кәрі-құртаң қалдық. Таңның атысы, күннің батысы колхозда еңбек етеміз. Кей-кейде сілелеп шаршайтынымыз сонша, кешкі асымызды шешеміз пісіргенше, ошақтағы отқа қарап жатып ұйықтап қалатынбыз. Е, шырағым, соғыс деген тажал не көрсетпеді дейсің?! Бір үйден кеткен бес бірдей азаматтардың бесеуінің де қайтпай қалғанын көрдік. Анасы байғұс есінен танып, жынданып кетті. Құрысын, беті аулақ, - деп енесі, өткен күндердің азабын өзінің бойынан сылып тастағысы келген жанша қолын сілкіп жіберді.

- Ол күндердің ауырлығын біздер кітап, кино арқылы білдік қой,- деп Жайна әңгімені үзгісі келмеген жанша, шәйдан босаған кесесін енесіне ұсынды. Жайнаның кесесіне бұйра шәйді құйып берген ене, алыста қалған күндерді көз алдына келтіргісі келгендей, қасындағы самаурынға тесіле қарап қалды.

- Сонда деймін-ау, бізді бала екен деп аяйтын жан болсайшы?! Колхоз председәтілі, ой бір, қара жер айтып бармағыр, пірінен безген қанішер болатын. Өзі аттан түспейді. Бізді жаяу қудалайды. Менен кейінгі інім алты жасар. Осы күнгі балаларды айтамын-ау, азанғы асын жыламай ішпейді. Заманына қарай – баласы ғой деймін. Інім байғұсты өгізге таңып қоямыз.

- Неге?! Отыра алмайтын ба еді?!

- Күні бойы сілелегеннен кейде өгіз үстінде отырып ұйықтап, жерге аунап түсетін. Оны председәтіл көрмесін де, көрсе бітті, қамшының астына алатын.

- Неге сонша қатігез болған?! Бала болған соң шаршайды емес пе?! – деп Жайна, енесінен естіген сөздерден бойы тітіркеніп.

- Е, шырағым, ол кезде кімді-кім аяйтын, кімге-кім араша түсетін заман дейсің?! Мен өгізге жеккен тұқым сепкіштің үстінде кешке дейін белім бүгіліп бидайдың тұқымын себемін. Інім өгізді айдап отырады. Сонда деймін-ау, ақысына кешке қарай үй басына бір тостаған бидай береді. Соған да ризамыз. Шешем дереу қол диірменге тартып жіберіп, атала пісіреді. Қайбір атала дейсің?! Қазіргінің адамдарына берші, мұрнын шүйіріп, итке берсін. Ол кезде сол аталаның өзі біз үшін астың сұлтаны болатын. Еһ?!.Дүние-ай, десейші?! Содан қойшы әйтеуір, қыстың қақаған суығында ауылға арбамен әскер келсін. Келе ауылдың қыз-қырқынын түгел жинап, он алтыдан жоғары жастағы қыз біткенді орыстың еліне, қираған Ленингрәдті жөндеуге жұмысқа аламыз деп кепті. Тізімге мен де іліктім.

- Қалай?! Сіз он төрттемін деген едіңіз ғой?!

- Ой, жазған-ай, оқымаған шешесі мен шынтақтай інісінен басқа ешкімі жоқ мен ілікпегенде кім ілігуші еді?! Оның үстіне жас кезімде бойым сорайып, ерте көзге түстім. Шешем жібергісі келмей етегіме жармасқанымен, мылтық асынған әскер аясын ба?! Шешемді кеудесінен мылтықтың дүмімен итеріп жіберіп, мені тізімге іліктірді де жіберді. Улыған-шулыған қыз-қырқынды арбаға тиеп, мылтық асынған әскер қоршаған топ, аудан орталығы қайдасың деп тартып кеттік. Сен мені айтасың, емшекте емізулі баласы бар келіншекті баласынан айырып әкеткенін айтсаңшы?! Е, шырағым, ол күндердің беті аулақ. Тұрымтай тұсымен болған кез еді ғой. Сонымен, қойшы әйтеуір, аудан орталығындағы темір жол стансасынан мен сияқты қыз-қырқын, қатын-қалаш тиеген бәгонды алыстағы орыс жеріне айдап салды. Бәгөннің іші тастай суық. Ортасына кішкене темір пеш құрып қойыпты. Онысы түтейді. Түтегеніне ризасың-ау, жағарға отын таппай күйесің. Итшілеп Ленингрәдіне де жеттік-ау, әйтеуір. Бәрімізді қой айдағандай бәрәктарға айдап әкеп жайғастырды. Бір шетімен екінші шетіне көз жетпейтін қала, немістердің бомбасынан қирап қапты. Жалғыз біз емес, басқа елдерден де қыз-қырқынды тиеп әкепті. Бәріміз жабылып таңның атысы, күннің батысы қираған көшені тазалаймыз. Бәрімізге беретіні жүр грамм қара нан мен бір тостаған атала. Соған да мәзбіз. Шіркін, жастық десеңші?! Аштыққа мойымаймыз. “Алға көмсмөмол” десе құлшынып, жау шапқандай кірісеміз. Үстімізде қайбір оңған киім бар дейсің?! Әйтеуір лыпа. Күн батып, қас қарайғанда тізіліп бәрәктарға қайтамыз. Қайбір жетіскен бәрәк дейсің?! Ортадағы дәу орыс пеші жарытып жылытпайды да. Әйтеуір, сыртпен салыстырғанда имантаразы. Жаурамас үшін бәріміз бір-бірімізге тығылып, бұйығып жатып ұйықтаймыз. Таң қылаң бере бастағанда, әлігі аты өшкір ойбайлағышы бар ғой?! – деп атын есіне түсіре алмай Жайнаға көмек сұрағандай тесіле тоқтады.

- Сирена емес пе?!

- Е, сол жалмауыздың тап өзі. Бәтшағардың дауысы ащы-ақ. Сол әлігі неменің дауысы шығысымен, орнымыздан атып тұрып, жанталаса киінеміз де, есіктің алдына сапқа тұра қаламыз. Келгенімізге небәрі екі-ақ күн болған. Бөтен жер. Тіл білмейміз. Орыстардың не деп жатқанын түсінбейміз. Олардың жыны кеп, қолдарын ербеңдетіп, түсіндірген болады. Арамыздағы Қатира деген келіншек толық түсінбесе де, ептеп орысшаны жобалайтын. Бәріміздің тілмашымыз сол Қатира. Екінші күн дегенде, таңертеңгі санақ кезіне асығып жүріп бір пимамды таппай қалдым. Әрі іздеймін, бері іздеймін, жоқ. Сөйтсем, құрғыр пимам жайып қойған жерімнен басқа жерге аунап кетіпті. Далбақтап жүгіріп кеп сапқа тұра бергенім сол еді, көздері шақшиған орыс әписері маған “ебтібәйәмәт” дегені?! Алғаш орыс әписерінен естіген сөзім сол болды. Сол-сол екен, қасымдағы қыздар іліп алып мені “ебтібәйәмәт” деп мазақтайтын болды. Не керек, осы құрғыр өзімнің де тіліме таскенеше жабысып, сөзімнің салтына айналып кетті. Құрғырды айтпайын-ақ деймін, қайдан?! “Ауру қалса да, әдет қалмайды” емес пе?! Он төрт жасымнан бері менімен өмір сүріп келе жатыр ғой.- деп жәй күрсініп салды. Жайнаның көз алдына алыстағы Ленинградта, қыстың аязымен алысқан он төрт жасар қазақ қызы елестеді. Неткен аянышты?! Небәрі он төрт жастағы қыздың басқа елге барып, бөтен адамдардан ең алғаш естіген сөзінің қаншалық ауыр екенін түсінбегені тарихқа басқан таңбадай боп көрінді. Басынан қаншалық қатерді өткерсе де еш моймайтын осы біртұтам кемпірдің даналығы Жайнаны әрдайым тәнті етіп, енесіне деген ілтипатын арттыра түсетін. Қарап тұрса, осы енесінен көп нәрсені үйреніп, көп нәрседен үлгі алыпты. Өзі де; “Шырағым өзің білгенше – білген ердің атын жек, Өзің білген соң – қайда кетсең, онда кет деген. Есің болса өмір көрген біздерден үйреніп қал. Ертең сен де ене боласың. Сол кезде үйрететінің мол болсын. Біз де кетерміз. Ешкім аспаннан салбырап түскен жоқ. Кезінде мен де жас болғанмын. Маған да енем марқұм осының бәрін үйреткен болатын” – деп, ақылын айтып отырушы еді. Қандай адамдар еді десеңші?!  Өткен күндердің елесі Жайнаның жүрегінде сағыныш сазын оятып, көңілі алабұртып, көзіне жас келді.  

Бірде, қыстың күні болатын. Түскі асты даярлап жатқан кезі. Кенет; “ойбай, ебтібәйәмәт ене өліп қапты” деген суық хабар сумаң ете қалды. Күллі ауыл тайлы-таяғына шейін қалмастан ебтібәйәмәт ененің үйіне қарай ағылды. Қолындағы жұмысын тастай салып, жылап-еңіреп Жайна да жетті. Келсе, үйдің іші қарбалас. Енені есіктің алдындағы жазда ас пісіретін екі бөлмелі кішірек үйге шығарып, қалың шөпке жайғастырып қойыпты. Ағайын-туған көз ілестірмей жиналысып, жылап-еңіресіп, көрісіп жатты. Ененің ең үлкен қызы Қарағанды қаласында тұратын. Хабарды естісімен; “мен жеткенше жерлемесін. Мені қайткен күнде де күтсін” деп өтініш білдіріпті. Ең үлкен апалары болғандықтан, басқаларының қарсы келуге дәттері бармай, келуін күтетін боп келісті. Ененің үш ұл, екі қызы болатын. Ауылда екі баласы тұрады. Ортаншысы ауылда дәрігер. Шешесінің қолында, қас-қабағына қарап, кемпірдің көңілін тауып отыратын. Кенжесі бөлек тұрады. Өзі бала кезінен ерке боп өскендіктен бе, ішімдікке біртабан жақындау.  Екі баласы, үй-жайы бола тұра қызық мінезі бар болатын. Іше қалса болды, ескі урал мотоцикліне келіншегін мінгізіп алып, ауылдың ортасындағы көшені шаңғытып ерсілі-қарсылы ызғытып жүргені. Қайда барса, қасынан келіншегін тастамайды. Қанша рет осы әдеті үшін шешесінен ұрыс естісе де; “қатын менікі, не істеймін десем өз еркім” деп бет бақтырмайтын. Ығыр болған келіншегі үйде қалдыруын өтінсе “сен менің музамсың, Сен болмасаң ішкенім бойыма тарамайды” деп бой бермейтін көрінеді. Келе-келе ол мінезіне ауылдағылардың еті өліп кетті. “Жолдыбай тентек тағы ішкен бе?!” дейді де қояды. Ішкені болмаса ешкімге зияны жоқ. Сау кезінде үй шаруасына тастай пысық. Ауылдың алды болатындай үйді дыңғырлатып салып алған. Сондықтан болар, ебтімәйәмәт ене анша көп ұрыса бермейтін. Келіншегі де өзіне сай, өте пысық. Өзі шынашақтай боп алып, есігінің алдына еккен гүлдерін айтсайшы?! Жаздың күндері есігінің алдындағы құлпырған гүлдерден көз ала алмайсың. Есігінің алды қашанды сыпырулы. Екі баласын мұнтаздай етіп таза ұстайды. Енесінің де көңілін тауып үлгеріп жатқаны. Кейде, мотоциклдің қорабына екі баласын қосақтап мінгізіп алатындары өз алдына бір хикая. Сол Жолдыбай таяқ сүйеніп, “апам-ау”-лап, келгендермен көрісіп, еңіреп тұр. Не керек, екі күн өтіп үшінші күн дегенде, таңертеңгі поезбен Қарағандыдағы қызы да жетті-ау?! Еңіреп кірген қызы шешесінің аяғын құшып, солқылдап, дауысын шығарып жылап жатыр. “Анашым-ау, тым болмаса қоштаса да алмай қалдым ғой?!”– деп дауыс салған қызына қосыла егілмеген адам қалмады. Аяғын құшып, анасының мұздай қолын ұстай бергені сол екен, шешесі басын көтеріп, “әй, сонша сұңқылдап не көрінді?!” десе бола ма?! Сұмдық?! Өлді деген енеміз тіріліп кетіпті?! Қаптаған адам бірін-бірі баса-көктей үйден атып шығып, тым-тырақай қаша жөнелісті. Жаңа ғана дауыс салып отырған қыздарының өзі далаға қашып шығып, талып құлап жатыр. Саспаған тек дәрігер баласы ғана болды. Үйге жүгіріп кіріп, біраз уақыт жоқ боп кеткен дәрігерді күллі ауыл боп шарбақтың сыртында күтіп тұрмыз. Бір уақытта күлімсіреген баласы шықты-ау әйтеуір?!

- Қорықпаңыздар! Апам шынында өлмеген екен. Медицинада бұны “клиникалық өлім” дейді. Сирек болса да кездесетін құбылыс. Біздің апамның өзі де сирек кездесетін адам емес пе?! Сүйінші, ебтібәйәмат енелеріңіз тірі!- дегені?! Тұрғандардың бәрі сенерін, не сенбесін білмей сілейіп қапты.

- Сонда қалай?! Апамның шынымен тірі болғаны ма?! – деп ең алдымен Жолдыбайдың тілі шықты.

- Тірі дедім ғой?! Көмуді кешіктіргеніміз дұрыс бопты. Медицина бойынша бұндай өлімге ұшырайтын адамдар ұзақ жасайтын болады. – деп дәрігер қайнаға, қаптап тұрған адамдардың жүрегін орнына түсіре сөйледі. Сенер-сенбесін білмеген адамдар, біртіндеп аулаға кіре бастады.

- Ой, құдайым-ай, өлетін болса жөнімен өлсе қайтеді?! Сәл болмағанда өзіміз өліп қала жаздадық қой?! – деп ернін сылп еткізген Күләннің сөзі баршаға әсер етіп, естерін жиып, мырсылдап күлісе бастады. Не керек, жаназаға деп жиналған жұрт, сойылған қойдың етін түгелімен қазанға салдырып, күліп-ойнап, дастархандағы тамақты ішіп-жеп, мәз-мейрам боп үйлеріне тарқасты.

- Әй, дәрігер бала, ендігәрі шешең өлетін болса, алдымен дұрыстап өлтіріп барып бізге хабарын бер! – деді Күлән жеңешем түйреп кетуді ұмытпай.

- Ой, жазған-ай, құдай алмаған жанын қолымен шығар деймісің?! Кісіге өлім тілегенше, өзіңе өмір тілесеңші, - деп көрші Салиха кемпір, Күләннің сөзі жақтырмай, тыйып тастады.

- Е, ақыры өледі екен, жөнімен өлсін де?! Қайта-қайта соя беретін малы көп па?!- деп Күлән жеңешем де қайтпауда.

- Жазған-ау, сойылып жатқан ебтібәйәмәттің өзінің баққан малы емес пе?! Сенің нең күйді осы?!- деп Салиха кемпір еріндерін сылп еткізді.

- Әй, Жолдыбай, бір қазан етпен құтыламын деп ойлама! Жүр, үйіңе баста! Шешеңнің тіріліп кеткенін жу! – деп, қуаныштан жүз граммды тастап алған Жолдыбайға тиісе сөйлеген Күлән жеңеше, көрші абысынға көзін қысып қойды. “Қашайын деп тұрған киік еді” демекші, өзі де сыныққа сылтау таппай тұрған Жолдыбай, жеңешесінің сөзі іліп алып, - Әттәсі, сізден аяғанды ит жесін?! Тағы қайсың барсың?! Әйда, біздің үйге кеттік! Апамның тіріліп кеткенін жуамыз! – деп ыржаң-ыржаң ете қалды.

- Тәйт әрі?! Жуғаны несі?!- деп жақтырмаған шешесіне; - Әй, апа, ақыры өлмедің екен, тыныш отыра бер. Қорыққан мен қуанған бір дегенді ойлап тапқан мен емес. Так что, мына қыздарыңмен әңгімені гөйітіп, шәйіңді ішіп отыра берсейші. Әйда қатын, кеттік үйге! – деп ыңғайланып, шетке шыға бастаған бірнеше адамды үйіне қарай бастап ала жөнелді.

- Әй, келіндер, ыдыс-табақтарыңды жуып болсаңдар бері келіңдер! Менің сендерге айтатын өсиетім бар,- деген ененің сөзін жерге тастай алмай, ошақ басында жүрген ауылдың күллі қатын-қалашы ене отырған бөлмеге сығылысып отыра бастады.

- Мына, Қойлыбайжанның айтқаны шынында рас болар. (Қойлыбай - дәрігер баласының аты) Мен шынымен о дүниеңе барып келдім.

- Не дейді?! О дүниені шынымен көріп келдің бе?! – деп Салиха кемпір еріндерін сылп еткізді.

- Е, барып келмегенде, екі күн бойы шошқа тағалады дейсің бе?! – деп, Салиханың сөзін жақтырмаған ене, келесі қойылатын сұрақтың жолын кесе, әмірлі үнмен айналасын тыйып тастады. Екі кемпірдің сөзіне күлер-күлмесін білмеген әйелдер, бір-бірінің сандарын шымшысып, жастар жағы шыдай алмай мырсылдасып жатты. Не де болса әліптің аяғын баққан кексе абысындар жағы, жастарға көздерін аларта қойды. Мына көздерден жақсылық шықпасын білетін келіндер жағы, ауыздарын орамалдарының ұшымен басып, иықтарын үнсіз бүлкілдетіп, көздерін жерге салысты.

- Үйібай, сөйлесек те бәлеге қаламыз, - деп Салиха кемпір жығылғысы келмеген рай танытып, - О заман да, бұ заман о дүниеден қайтыпты дегенді құлағым естісе кесіп берейін. О несі-ей, әрі?!

- Сен алдымен тыңда. Керең құлағың кімге дәрі дейсің?! Осы күні әркім өз құлағына зорға ие боп жүргенде, суырыла бермей сөзге жол берсейші, пәтшағар-ау?!  Әлігі құранда айтылатынның бәрі рас. О дүниеде сан мыңдаған адамдарды көрдім.

- Үйбәй, біздің шал көзіңе түспеді ме?!- деген Салиха кемпірдің сөзіне отырғандар еріксіз мырс ете қалысты. –үйбәй-ау, «адамдарды көрдім» деген өзі ғой. Кім біледі, менің шалым жақында кетіп еді, әлі шыли ұзай қоймаған шығар дегенім ғой?- деуі сол екен, отырғандар қыран-топан күлкіге батты.

-Айналайын, көпжасағыр, сөзімді бөлмей отыршы, - деп Салиха кемпірге алая қараған ебтібәйәмат ене сөзін жалғастырды. - Тозақ отын көрмедім. Бір адамнан “тозақ оты бар деуші еді, ол қайда?!” деп сұрап едім, - Тозақ дегеніміз жер бетіндегі тіршілік. Жер бетінде тіршілік етіп жатқан тірі пенденің барлығы өмір сүру үшін күресіп, бірін-бірі атып, баса-көктеп жатады. Тіптен күнәһар еместердің өзі өмір сүру үшін титықтап күреседі. Ал, мұнда ондай тозақ жоқ. Барша адам тең, қиналмастан өмір сүреді. – деді.

- Үйібай-й, сонда әлігі бас кесерлерің де жұмаққа барады ма не?!- деп Салиха кемпір беріскісі келмей, шанши сөйлеп,- кісі өлтір де жұмаққа әндетіп бара бер десейші?!

- Әй, көрсоққан, сен алдымен адамның сөзін аяғына дейін тыңдасайшы! Сол кісі өлтіргіштерің оңайлықпен өлтіре салады деймісің?! Соның өзі азап емес пе?! Сөзімді бөле бермей тыңда! – деп, ене сөзін жалғастыра түсті. – Бір сұмдығы, екі аяқты, үш аяқты малдарды көп көрдім.

- Көтек?! Не дейді тағы да?! – деп Салиха кемпір бетін оңдырмай шымшып алды.

- Дейтінім сол, біздер пенде болған соң, құдайыға арнаған малдың кейде бір аяғын, кейде екі аяғын қазанға салмай, алып қалып жатамыз ғой?! Сонымыз үлкен күнә екен. Сол аяқтары о дүниеде кем болып, аза тұтып, қасірет кешеді екен. Сондықтан шырақтарым, құдайыға атаған малдарыңның бақайынан басқасын түгелімен қазанға салыңдар. Сауап болады. Ертең өзіңнің алдыңнан бүтін боп қарсы алады. Сосын, көршіге берген күкірт пен тұзды қайтарып алмаңдар. Жолы ауыр болады екен. Нан беретін болсаң жарты емес – бүтіндей бер. Сауабы бүтіндей қайтады екен. Айтпақшы, о дүниеде беті қап-қара боп жүргендерді де көрдім.

- Негрларды көрген шығарсың,- деп Салиха кемпір қыстырыла қойды.

- Жоқ. Кісінің еңбегін нахақтан жегендер, бала алдыртқандар мен кісі өлтіргендердің беттері қарайып кетеді екен. Міне, менің көргендерім осы, шырақтарым. Үлгі етіп алсаңдар – ғибадат, алмасаңдар – айту менің парызым.- деп еней отырғандарға барлай қарады.

- Айтқандарың шын болса, өз басым жұмақтан бір-ақ шығатын болдым ғой?! Сегіз баланы топырлатып тудық, ешкімнің ала жібін аттап көрген емеспін, құдайға шүкір.- деп Салиха кемпір, жан-жағына маңыздана қарады. Ененің әңгімесін ұйып тыңдап отырған алқа жұрт, әркім өз пікірін ортаға сап дуылдаса бастады.

- Үйібі-ай, мына жүгермекке не көрінген?! – деген табалдырыққа таяу, қабырғаға арқасын сүйеп отырған насыбай сататын абысынның сөзінен, отырған алқа топ есікке қарай жалт бұрылысты. Есікті керіп, ықылық атып, ыржиған Жолдыбай тұр?!

- Көтек, мына неме тойып алған ба?!- деген Салиха кемпірдің сөзі кәперіне кірер түрі жоқ. Қояннан тігілген құлақшыны желкесіне қарай ысырылып кетіпті.

- Жолдыбайжан, мына түріңе жол болсын?! – деген Қарағандыдан келген үлкен әпкесінің дауысы шыққаны сол екен, тап сол сөздерді күткен жанша; - Ий-й...Әттесі?! Әбден күлкі болдым-ау, әттесі?! – деп еңіреп қоя берді.

- Әй, былжыраған неме, қайдағы күлкі айтып тұрғаның?! – деген шешесінің сөзі майға от құйғанмен бірдей болды.

- Әттесі-ай...Өзің ғой?!.

- Мен не ғыппын?!

- Не ғылмадың сен, а?! Әттесі-ай?!. Жұрттың шешесі бір-ақ рет өледі, менің шешем...Тым болмаса жөндеп те өлмедің ғой?!- деп салса бола ма?! Отырған жұрт аңырайысып, күлейін десе енеден бата алмай, күлмейін десе Жолдыбайдың шын ниетімен ебіл-дебілі шыққан түрі жындай түртіп барады. Ақыры жақында түскен жас келіннің шыдай алмай күліп жібергені сол екен, отырғандар түгел шу етіп күлкіге басты.

- Неменеме күлесіңдер сендер, ә?! Ұршық бас кемпір өлді ме?! - Өлді. Қауыншы кемпір өлді ме?! - Өлді. Ешқайсысы қайта тірілген жоқ. Адам ғұсатып жабылып көмдік пе?! – Көмдік. Апа-ау, сенікі не, а?! Жұртқа не бетімді айтамын?! – деп табалдырыққа отыра ғап солқылдаған Жолдыбайдың сөзіне намыстанған әпкесі;- Мынаның есі дұрыс емес. Ақылын – араққа салған ақымақ?! – деп дауысын қатқылдата бастағаны сол екен, құлақшынын қолына умаждаған Жолдыбай; - Ей, әпке, мына апамды кеше көміп тастағанда ғой, ештеңе жоқ еді. Сен ғой, “ойбай, мен барғанша көмбесін” деп бетбақтанған. Ал, енді не болдық?! Ақыры көмдірмеген екенсің, шешең әне, керек болса арқалап кет. – деп еңіреген күйі үйден шыға жөнелді. Інісінің сөзіне жұртпен бірге күлмеске лажы қалмаған әпкесі, басын шайқап, амалы құрып, - Ой, тентек, кішкентайынан бетінен қақпай өсіргеннің жазасын жақсылап көрсетті-ау?! Қап, осыдан қолыма түсерсің?! – деп, қасында түрі бозарып кеткен шешесінің аяғын қымтай түсті. Ене байғұс баласының сөздерінен назары пәс боп, тіпті, жынына тиген Салиха кемпірді тиюды ұмытып, есікке қарап, үнсіз қалды.

- Үйіба-ай, осы неме бала күнінде біздің үйдің алдындағы жидек ағашынан төбесімен шаншылып құлаған еді. Сол кезде миы шайқалған ғой жобасы. Әй, келіндер, неменеме жыртаңдап отырсыңдар?! Өмірлеріңде ішкен адамды көрмеп па едіңдер?! Барыңдар, тірліктеріңді істеңдер?! – деген Салихан кемпір, отырған әйелдерге шүйліге тиісті. Өздеріне де осы сөз керек боп отырған абысындар, бірін-бірі итермелесіп, бөлмеден атып-атып шығысты. Сыртқа шығысымен қырыла күлген бір жан?!. Шіркін, ауылдың қариялары қандай мейірімді десеңші?! Сол Салиха кемпірге ебтібәйәмәт ененің тізесі қаншама рет баста да, қиын сәтте абысынның шотын соғып, жастар жағын жөнге салыпты-ау?..Жамандыққа қиса да, өлімге қимайтын ауылдың дархан мінезі тіршіліктің тұғырындай екен-ау?! Жайнаның күйеуі қызмет бабымен қалаға ауысып, үй-орманымен көшіп, осында келген болатын. Содан бері де талай уақыт өтіпті. Кейде жазғы демалыста елге барып қайтатындары бар. Көнекөз абысындардың көбісінің көбесі сөгіліп, о дүниелік болды. Жастар жағы онша көп сырлас емес. Бұрынғыша кірісіп кете алмайды екенсің. Сол кезде, баяғы, келін боп түскен жылдарын сағынып, көзіне жас келеді. “Абысын-ажын” деген сөзді қандай әдемі етіп тапқан?! Абысындардың татулығы өз алдына бір дастан. Бір үйге келген қонақты, күллі ауыл боп күтіп алатын кездері ше?! Өз үйіне келгеннен бетер қонақ күтісіп, соңғы ыдыс-аяғына шейін жуысып, қауқылдасып трқасаты еді. Бір қызығы, еш бұйрықсыз-ақ әрқайсы өз жұмысын сағаттың тіліндей сартылдатып атқарып жатқаны. Келе сала әркім өзіне лайық жұмысты тауып ала қоятын. Дастарханды әсемдеп жасау мен салат дайындау жағы Жайнаның үлесі болатын. Дәу қара қазанға ет асу, бабымен пісіру Күлән жеңешенің еншісі болатын. Үстіңгі еріндері қайқылау боп біткен, қызыл шырайлы, қысық көз Күлән жеңешенің мінезі шайпау болғанымен, ет пісірудің шебері еді. Пісірген еттері жұп-жұмсақ, шайнамай жей беретіндей, бабымен пісетін. Ауылдағы той біткеннің еті тек Күлән жеңешенің қолынан өтеді. Әртүрлі бұрыш, сарымсақ қосылып айналдырған қазыны еш жармастан бабымен пісіруге келгенде, алдына жан салмайды. Қазақтың дастарханының сәні қазы мен жал-жая емес пе?! Күлән жеңешенің пісірген қазысы жұп-жұмыр боп, жарылмай пісетін. Кейде жынына жақпаған абысындарының етін аспай күйдіретін. Амалдары құрып жалынып, басына қымбат шәй орамалдарын жауып, сөмкесін тәттіге толтырып беріп жүріп идіріп алып жатады. Бибіжан мен Анаркүл жеңешелердің пісірген бауырсақтары мен таба нандары ше?! Кенет, абысындарының бауырсағының дәмі мен тандыр нанының исі Жайнаның мұрнына кеп, дыбыс шығармай жылап жібергенін байқамай қалды. Сонау алыста қалған күндердің сағыныш сағымы жүрегін қарып өтті.

Той күндері ерекше қызық болушы еді. Ел-жұрттың бәрі жасалған столда отырып тойлап жатса, абысын-ажын біткен ошақтың басында екінші тойды қыздырып, дуылдасып жататын. Күлән жеңгей ошақ басындағы абысындардың асабасы. Өзі той-томалақта шамалы ұрттағанды тәуір көретін.

- Үйбай, осындай тойда ішпегенде қайда ішеміз?! Әй, абысын, ана жартылығыңнан әкел мұнда. Әйтпесе қазыңды жарып жіберемін,- деп әмір бере бастайды. Сонша еңбекпен тығылған қазының шегін жарылғанын кім қалайды дейсің?! – Ойбай, жара көрме, бір жарты түгілі қос жартыны беремін,- деп абысын байғұс жартылықтарын алып жетеді. Үлкендер жағы кесеге құйып ішіп қарық боп жатады. Жастар жағы именіп, шәй ішкендерін, абысындарының әзіл-оспағын естігендеріне мәз. Кей-кейде аздау боп қап жатса, абысындар жағы қоймашыға Жайнаны жұмсайтын. – Сен барсаң береді. Біз барсақ ана сушы қайнағаның бар жері тырысып қалады,- десіп ортадан бұны жібереді. Әдетте ауылдағы тойдың қоймасын ұстайтын “қоймашы” болады. Ол қызметті өзі ішпейтін, көрінгенге қоймадағы арақ пен тамақты таратып жібермейтін сенімді адамды тағайындайды. Көбіне осы сушы қайнаға ауылдағы тойдың қоймасын ұстайтын. Іске жарағанына мәз Жайна, тойдың қоймасын басқарып отырған қайнағасына барып, - Көке, бізге бір жартылық беріңізші, - дейтінін қайтерсің?! Сушы қайнаға ауылға өзеннен су бұрады. Жазды күндері жұмысы өте маңызды. Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Өзі сонысына мақтанып, қашан көрсең шіреніп жүргені. Бірақ, Жайнаға пейілі өте дұрыс. Кейде Жайна өтіне қалса, бақшасына суды кезексіз бұрып беретін. Енді кеп келіннің мына өтінішіне не істерін білмей сасқалақтап қалған қайнағасы, Жайнаның өтінішінің артында қаптаған абысындардың тұрғанын сезді ғой деймін. – А?! Өй, орыс келін, мә, ала ғой?! – деп бір шөлмекті Жайнаның қолын ұстата салды. Алдындағы фартугіне шөлмекті орап алған Жайна, дүниенің төрт құлағын ұстаған жанша, абысындарының алдына оралған шөлмекті маңыздана қояды. Абысындар жағы, - Ойбуу, орыс келін-ау, сен барсаң қолыңды қайтармайды дегеніміз қане?! Көп жаса, егіз тап! – десіп дуылдасып, шөлмекті жағалата бастайды.

Бірде, қаймақ алып енесінің үйіне бара қалсын. Енесі әдеттегісінше сары самаурынның қасында шәй ішіп отыр екен.

- Әй, ебтібәйәмәт келін, келгенің жақсы болды ғой?! Осы шәйі құрғырды ішерде осы үйден жан адамды таппай қор боламын. Әңгімелесіп отырып ішкен шәйға не жетсін?! – деп Жайнаға қаймақ қатқан қою бұйра шәйін құйып жатып. - Әлігі зуылдақ енең қалай, аман ба?!

- Аман апа, аман.Өзіңіз қалайсыз? – деп енесі ұсынған кесені алып жатып, - бүгінгі қаймақ сәл сұйықтау екен. Сонда да ала салдым.

- Е...Осы күнгі өкіметтер тамақты әрлеуді біліп алды ғой. Майының жартысы – айран, қаймағының жартысы – ашып кеткен сүт. Соны ішкен бала не оңар дейсің?! – деп, Жайна берген қаймақ толы бәнкенің қақпағын ашып, кесеге құйып жатып, - Мына жарықтық қаймақ емес – сүт қой?!

- Соны айтамын-ау, осы күні аузымыз тұщып қаймақ жей алмайтын болдық.- деді Жайна қаймақтың сұйықтығына тапа бір өзі кінәлі жанша кешірім сұрай сөйлеп жатыр.

- Бергеніңе құдай береке берсін, шырағым. Сен бар ғой, - деп, көзін жұма қойған ене көз алдынан кино көріп отырған жанша еліре сөйлеп,- Сен шырағым, құдай қаласа генерал боласың. Екі иығыңда екі пәгөн. Алдыңнан ақша деген судай ағылып жатады. Әумин?! – деп бетін сипап, бата берді. Енесінің сөзін неге жорырын білмеген Жайна, не де болса жаман сөз айтылған жоқ деген оймен бетін сипай салды. Сол кезде күлкісі келген болжамның, осы күні жүзеге асарын білсейші?! Генерал боп пагон тақпағанымен, білдей фирманың президенті. Күн сайын қомақты сомаға қол қояды. Жарықтық енесі осыны көрген екен-ау?! Енесінің тегін адам еместігін іштей сезетін. Сөйткен енесі әйгілі қысқы оқиғадан соң екі жылдан кейін дүние салды. Дүние салғанының өзі бүкіл ауылға аңыз болды. Мамыражай күз айының алғашқы күндері болатын. Бала біткен мектепке барып, абыр-сабыр боп жатқан кез. Ең кенже немересін мектепке жетелеп апарған ене, жексенбі күнге күллі құда-құдағиын, жекжат-жұратын қонаққа шақырады. Нән секті сойдырып, дастархан жасатып, абысын-ажын біткенді түгелімен жинайды. Не себепті екені ешкімге белгісіз. Шақырғаннан кім қалсын?! Тайлы-таяғына дейін қалмай шақырған қонақтары түгелімен жиналады. Ет желініп, сорпа ішіліп, артынан сары самаурынның шәйін ішіп болған кезде ебтібәйәмәт ене сөз бастады.

- Айналайын, ағайын?! Бұл – менің соңғы рет сендерге ас беруім. Ертең мен - өлемін.- дей бергені сол екен; - Көтек?! Мынау не деп далбасалап отыр?! Әй, көксоққан, сен немене құдаймен келісіп алып па ең?! – деп қасында отырған Салиха кемпір еріндерін сылп еткізді.

- О жағын қазбалап қайтесің?! Білгеннен соң айтамын да. Сөзімді бөлмей, тыңда. Әгәрәки араларыңда тілім тигендерің бар болса кешіңдер. Бала-шағам, келіндерім сендерге де ризамын. Ішкенім – алдымда, ішпегенім – артымда болды. Мен бәріңе ризамын. Сендер де риза болыңдар. – деп салды. Отырғандар не айтарын білмей, бір-бірлеріне бажырая қарасты.

- Өй, қойшы апа?! Алдымен жөндеп өлші. Тағы тіріліп кетсең не істейміз?! – деп Жолдыбай ыржалаң ете қалды.

- Апа, осы сіз-ақ жүрегімізді жылда бір ұшырып отырмасаңыз болмай ма?!- деп дәрігер баласы да қосарланып жатыр. – Адам деген қашанда жақсы сөз айтуы керек. Жақсы сөз – жарым ырыс дегенді өзің жиі айтып отырушы ең. Қайдағыны шақырмай отырыңызшы.

- Иә деймін-ау, апа, әлі кеше ғана мектепке апарған Айнұрыңыздың тойында бас құдағи боп төрде отырасыз. – деп келіні де қыстырылып, енесінің көңілін аулап жатыр.

- Нешауа, біздің апам қайтадан тіріліп кетеді. Әттесі, осы жолы қорада байлаулы тұрған, екі мұрнынан есек құрты түсіп тұрған танамды соямын. Сөйтіп, артынан той жасаймыз.- деп Жолдыбай, өз сөзіне өзі мәз бола күлді.

- Жолдыбайжан, бұл жолы тірілмеймін. Осы отырған алқа топ тарқамай, ертең сәскеден қалдырмай жамбасымды жерге тигізіңдер. Шалымның қасына жерлеңдер.- деп нығыздай сөйледі. Бұл сөзі жәй сөз емес екенін отырғандар түгел қабылдағандай үнсіз қалды. - Әй келін, моншаны қыздыр. Мені жақсылап шомылдырыңдар,- деп әмір берді.

- Үйібай, шынымен өлетінің рас болса, тым болмаса көрісіп қалайық та?! – деген Салиха кемпірдің сөзін неге жорырын білмеген жиылған қауым, жақтырмағандай қабақ танытты. – Үйібай, менікі жәй әшейін, шынымен өле қалса, тым болмаса қоштасып қалайын деген далбаса ғой.- деп өз айыбын жуып-шайған Салиха кемпір кемсеңдей бастады.

- Әй, Салиха, осы екеуміз қыз күнімізден бері келеміз. Қарап отырсам анау айтқан артық сөзге келмеппіз. Сен бәтшағардың менің шалыма көзіңді ойнатқаныңды кештім. – деп құрдасына мейірлене қарады.

- Үйібай-й, сен не деп сандырақтап отырсың?! Шалыңның өзі шаужайыма жармаса беруші еді ғой?! Қайта, тыйып тастадым емес пе?! – деп Салиха кемпір, сот алдында тұрғандай ақталып, отырғандардан қысылғаннан бетін шымшып.

- Тана көзін сүзбесе, бұқа – жібін үзбес. Құрысын, өлер шал әлдеқашан өмірем қатқан. Өзім болсам міне, дәм-тұзым таусылып отыр. Сенің әлі өмірің бар. Сондықтан мен кештім. Тізем батса – сен де кеш.- деп ене әңгімеге түйін қоя сөйледі. Қарсы жауап қатуға Салиха кемпірде қауқар қалмады білем, орамалының ұшымен аузын басып, өксіп-өксіп жіберді. Екі құрбының бір-бірін қимай отырғандарын түсініскен жұрт, үн-түнсіз отырып қалды.

Не керек, моншаға шомылып, немересіне аяқ-қолдарының тырнағын алдыртып, шашын қос бұрым ғып әдемілеп өргізген ене, таза киімдерін киіп, төсегіне жатады. Әдеттегіше қасына жатқысы келген немересіне, - Қорқып жүрегі ұшып кетер. Бүгін жеке жатайын.- деп рұқсат бермей қояды. - Әлігі молда қайда?! Менің ақірет құранымды қайтарсын.- деп төр бөлмедегі молданы шақыртып, дұғасын оқытты. Міне, ғажап?! Таңертең шешесін оятуға қызы бөлмесіне барса...Екі қолын кеудесіне айқастырып, сәл жымыйғандай кейіпте ене марқұм үзіліп кетіпті. Егер өз көзімен көрмесе мынадайын таңғажайып құбылысқа сенбес еді. Барлық ағайынды жинап, өз қолымен ас беріп, қоштасып, тұла бойын тазалап көз жұмған енесінің өлімі аудан асып, аймаққа аңыз болды. Рухы таза, парасаты мол қайран ене, осылайша, өлімінің өзін артындағыларға өсиетке айналдырып өмірден өткен еді.

 

Абай.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1965