Жұма, 22 Қараша 2024
Ханталапай 6931 0 пікір 28 Қаңтар, 2015 сағат 10:55

ЖОЛАМАНОВ ЖОЛДАН ТАЙҒАН ЖОҚ ПА?

Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметінің бұрынғы директоры Нұрлан Жоламановқа (суретте) қатысты сот ісі жалғасуда. Соттың кезекті отырысына куәгер ретінде келген Шекара қызметі басқарамасының бұрынғы бас қаржыгері Нұржан Қилыбасов қилы жайттарды жайып салды.

Қилыбасовтың сөзіне қарағанда, ол Жоламановпен бұрыннан таныс-біліс көрінеді. «ҰҚК Шекара қызметі басқарамасының бас қаржыгері қызметіне тағайындалған кезімде мен өзімді Жоламановқа қарыздар адамдай сезініп жүрдім, әрі одан қызметімнен бір-ақ күнде қағып тастай ма деп өлердей қорқатын едім» деді Қилыбасов соттағы куәлік сөзінде.

Жоламановтан зәре-құты қалмай қорыққан Қилыбасовтың әрі қарайғы әңгімесіне құлақ түрсек, ол (Жоламанов) не айтса да бұл (Қилыбасов) бұлжытпай орындай берген көрінеді.

- Бірде, - дейді Қилыбасов, -  генерал іссапарға шығатын болды да, мен оған 5 мың доллар бердім. 3 мың долларды соңынан «кіші залда» тағы да қолына ұстаттым. «Бұл 3 мың доллар Алматыдағы тоқалымның жұмысына керек» деді ол.

Қилыбасов өзінің заңсыз әрекеттерге барғанына қынжыла отырып: «Бәрін амалдың жоқтығынан жасадым», - деп ақталады.

Экс-қаржыгердің сөздеріне сенсек, генерал Нұрлан Жоламанов барлық келісім-шарттардан өзіне тиесілі «сыбағасын» сұрап, пара алып отырғанға ұқсайды. «Біз қаржы мәселесін Жоламановтың үйінде, үйінің кең ауласында, кеңседегі демалыс бөлмесінде кеңесуші едік», - дейді генералдың ілікідегі сенімді серігі.

Қилыбасов сотта Жоламановтың мінезінің қиындығын да жайып салды:

- Генерал - ашушаң адам. Шекара қызметіндегілерді тым қатты қысып ұстады. Оларға түн жарымына дейін жұмыс істетіп, кейде жексенбі күндері де тыныштық бермейтін. Сондай қытымыр, мазасыздығымен қоса бәрімізге бетің бар, жүзің бар демей боқтап-боралап, дөрекі сөйлейтін.

Осылай дей келіп, Қилыбасов генерал Жоламановтың тықыр таяғанда пәленің бәрін айналасына жауып, өзі судан таза, сүттен ақ болуға тырысқанын айтты.

- Бірде ол жиналыс ашып, Шекарадағы лауазымды қызмет иелеріне «Оңбағандар, сендер келеңсіз іске ұрынғалы жүрсіңдер, беттерің жаман, шетіңнен ұрысыңдар!» дей бастады. Мен содан кейін жағдайды тез түсініп, бұдан былай оның қоқан-лоққысына төзе берудің мүмкін еместігін ойладым да, қарсы барлау мекемесіне арыз жаздым және жасырып қойған 24 миллион теңгені қазынаға қайта құйдым, - деп ағынан ақтарылды Қилыбасов соттағы куәлік сөзінде.

Естеріңізге сала кетейік, Шекара қызметі басқарамасының экс-директоры Нұрлан Жоламанов былтыр қазан айында лауазымын асыра пайдаланып, ірі көлемде пара алды деген күдікпен тұтқындалған болатын. Жоламановтың «жолдан тапқан» қаржысы 252 миллион деген сөз бар. Жоламановтың қасында 2458-ші бөлімшенің командирі Қайрат Балмағанбетов те отыр. Командир қазір барлық кінәсін мойындауда. Ал, Жоламанов болса, тергеуге алынып, тұтқындалуын саяси тапсырыс деп зар қағады.

- Мен ешқандай қылмыс жасаған жоқпын. Менің осылай абақтыға жабылуым ұйымдасқан бір топқа керек болды. Менің басымдағы хал – саяси тапсырыс, - деп қалды ол сот залынан шығып, айдауда кетіп бара жатқан кезінде баспасөз өкілдеріне қарап.

Расында, Жоламановтың басындағы ахуал саяси тапсырыс па, әлде ол жасаған қылмысы үшін қамауға алынды ма? Бұл сұрақтардың жауабына әзірге жете алмаймыз. Оның үстіне, бізде адам тағдырына қатысты қандай да бір жайттың ұшпақ-пұшпағына жету қиынның қиыны. Алайда, қызметін адал атқарып, өз ісін ғана білетін кісіде былайғы жұрттың шаруасы бола бермесі анық. Қилыбасов пәрмені күшті әлдебір топтың қысымымен қиыстырып сөйледі десек те, Жоламановтың жолдан тайғанын мүлде жоққа шығара алмаймыз. Әншейінде «жеріміз кең байтақ» дегенде кереметпіз. Сол кең байтақ жеріміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қалт жібермей қорғауға, күзетуге тиіс тұлғаларымыздың түрін қара. Жетібасты жалмауыз сияқты айналасын тонап, ұрлап, жалмаңдап тоймай жүр. Біз, әрине, айыптаушы емеспіз, бірақ жоламановтар қайткенде сот тарапынан нақты жазасын алуы керек.

Abai.kz  

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5302