Қазақстанда «Таблиғи Жамағат» «мүшелері» сотталды
Оңтүстік Қазақстан облыстық соты елде тыйым салынған «Таблиғи Жамағат» діни ұйымының идеясын насихаттады деген айыппен жергілікті жеті тұрғынды әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырды.
Топтың лидері және оның жақтастары делінген төрт адам төрт жылға түрме жазасына кесілсе, қалғандарын бір жылға жалпы қоныстану мекемесіне жіберу туралы шешім шығарған. Жетеуі де сот залында қамауға алынған.
Топ өткен жылдың қараша айында ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан ұсталған.
Тергеу ісінің мәліметіне қарағанда, топтың екі белсендісі «Таблиғи Жамағат» ұйымына 2000 жылдың басында кіріп, шетелде дәріс алып қайтқан. Сот материалдары бойынша, олар Қарабұлақ және Қарасу ауылдарындағы мешіттер мен үйлерде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Сот барысында олар өздеріне тағылған айыптарды мойындамаған.
«Таблиғи Жамағат» ұйымына Қазақстанда 2013 жылдың ақпан айынан бері тыйым салынып, экстремистік ұйымдардың қатарына енді. Сот шешіміне сәйкес, ұйымның мақсаты аймақтарда ислам халифатын құру.
Абай-ақпарат