Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2560 0 пікір 12 Қазан, 2010 сағат 20:18

Тоқтарәлi ТАҢЖАРЫҚ. Қазақ мәдениетi: қай қиырға жүк артамыз?

Қазiргi қазақ қандай руханият көздерiнен сусындауда? Бұл - өткiр, өзектi сұрақты қанша қайталасаң да, таусылмайтын жауап аласың. «Ары тартсаң - арба сынады, берi тартсаң - өгiз өледi». Өз қотырымызды емес, өзгенiң қотырын да қасуды мақсұт еткен бүгiнгi кейпiмiз, бүгiнгi мәдени аурамыз қоймалжыңға ұласып бара жатқандай.

...Айналаң - бәсекелестiк заманы. Сондықтан да қазақ жаһанданудан қаша алмайды. Есiк-терезеңдi қымтап, iргеңнен жел кiрмейтiндей тұмшалансаң, өз құйыңа өзiң шөгесiң. Ал есiк-терезеңдi мейлiнше кең ашып, тосқауылсыз, торуылсыз қалдырсаң, өзгенiң құйына батуың да бек мүмкiн. Сонда қайтпек керек? Не iстеген абзал?

Осы орайда қызықты бiр дерек тiл ұшына оралады. Жыл сайын әлемде бiрнеше тiл өмiр сүруiн тоқтататын көрiнедi. Қызықты емес, қасiреттi ғой, шынында. Ал жаһандану заманында бұл үрдiс тездемесе, баяуламайтыны тағы анық. Мұны тарих сабағында оқытқандай, ежелгi адамдардың табиғаттың қатал заңдарымен сұрыпталу барысымен салыстыруға келмес. Мүлде. Ол тiлдер табиғаттың қатал заңымен емес, адамзаттың қатал заңымен жазаланып жатқан жоқ па. Сөзi жоғалған елдiң өзi де жоғалатынын айтқан Ахмет Байтұрсынұлының зерделеуiне бойласақ, әлемде жыл сайын бiр қанша ұлт, этнос, яғни оның рухани һәм заттық байлығы құрдымға айналып жатқанына куәмiз. Ендеше, қазақтың бай, оралымды тiлiн, мәдениетiн, руханиятын бүгiнге аман жеткiзген бабаларға мың тағзым!

Қазiргi қазақ қандай руханият көздерiнен сусындауда? Бұл - өткiр, өзектi сұрақты қанша қайталасаң да, таусылмайтын жауап аласың. «Ары тартсаң - арба сынады, берi тартсаң - өгiз өледi». Өз қотырымызды емес, өзгенiң қотырын да қасуды мақсұт еткен бүгiнгi кейпiмiз, бүгiнгi мәдени аурамыз қоймалжыңға ұласып бара жатқандай.

...Айналаң - бәсекелестiк заманы. Сондықтан да қазақ жаһанданудан қаша алмайды. Есiк-терезеңдi қымтап, iргеңнен жел кiрмейтiндей тұмшалансаң, өз құйыңа өзiң шөгесiң. Ал есiк-терезеңдi мейлiнше кең ашып, тосқауылсыз, торуылсыз қалдырсаң, өзгенiң құйына батуың да бек мүмкiн. Сонда қайтпек керек? Не iстеген абзал?

Осы орайда қызықты бiр дерек тiл ұшына оралады. Жыл сайын әлемде бiрнеше тiл өмiр сүруiн тоқтататын көрiнедi. Қызықты емес, қасiреттi ғой, шынында. Ал жаһандану заманында бұл үрдiс тездемесе, баяуламайтыны тағы анық. Мұны тарих сабағында оқытқандай, ежелгi адамдардың табиғаттың қатал заңдарымен сұрыпталу барысымен салыстыруға келмес. Мүлде. Ол тiлдер табиғаттың қатал заңымен емес, адамзаттың қатал заңымен жазаланып жатқан жоқ па. Сөзi жоғалған елдiң өзi де жоғалатынын айтқан Ахмет Байтұрсынұлының зерделеуiне бойласақ, әлемде жыл сайын бiр қанша ұлт, этнос, яғни оның рухани һәм заттық байлығы құрдымға айналып жатқанына куәмiз. Ендеше, қазақтың бай, оралымды тiлiн, мәдениетiн, руханиятын бүгiнге аман жеткiзген бабаларға мың тағзым!

Ұлт сөзi қашанда ұлы. Әр мемлекетте «ұлттық» деген сөздi жиi қолданатыны да сондықтан. Ұлттық мемлекет, ұлттық мектеп, ұлттық банк, ұлттық кiтапхана, ұлттық... Тiптi, Бiрiккен Мемлекеттер Ұйымы деп айтпаймыз ғой. Бiрiккен Ұлттар Ұйымы деймiз. Кез келген елдiң азаматы болып өмiр сүру қиын емес, бiрақ ұлт болып ғұмыр кешу оңай еместiгi  тайға таңба басқандай айқын. Осы ұйымға төре боп отырған, төбе боп отырған ұлттардың тiзiмiн жасап көрсек ше? Алпауыт сегiздiктен сырт, ары кетсе он ұлтты қосармыз. Жаһандануды бастап отырған да, қоштап отырған да - солар.  Соңғы кездерi ұсақ ұлттар дегендi естiп қалып жүрмiз. Асылы, ұлттың ұсағы, яки iрiсi болмайды. Жан санының аздығы ұсақтықты бiлдiрмес, көптiгi iрiлiктi көрсетпес болар.

Әлемде екi мыңдай ұлт бар дейдi. Соның екi жүзге жуығы тәуелсiздiк тұғырын бекiткендер. Бiрi - бiзбiз. Үрей мен сары уайымға салынбай, бiр сәт кеуде қақсақ та болады. Әйтпесе, екi мыңға жуық ұлттың қайсысы тәуелсiздiк алуды көксемейдi дейсiз. Қайсысы сол мақсат жолында от пен оқтың ортасына түспедi дейсiз. Қайсысы батыр да парасатты ұл, ақылды қыз тәрбиелемедi дейсiз? Домалақ жердiң бетiнде олардың да үлесi, олардың да территориясы, олардың да мекенi, мәдениетi, өзiндiк болмыс-бiтiмi, қанды да қатал тарихы жосып жатыр ғой. Ал жер бетiнен жойылған ұлт қаншама? Кiм оларды түгендеп, кiм олардың қатпарлы тарихын ақтарып жатыр? Кеңес одағының өзi қаншама ұлттың басын мүжiдi? Нью-Йорктi үндiстердiң сүйегiмен қаланған шаһар дейтiн тәмсiл қайдан шықты? Бүгiнде Қытайда елу алты ұлт бар делiнедi. Ал тарихшылардың тәпсiрлеуiнше, жиырмасыншы жүзжылдықтың басында жүзге жуық ұлт болғанға ұқсайды. Қалған елушақты ұлт қайда кеттi?

Бiздiңше, жаһандану қорқынышты емес, жаһандандыру қорқынышты. Жаһандану деген не өзi? Бұл ұғым жиырмасыншы ғасырдың соңына таман пайда болды. Бiр қарағанда ешқандай сөкеттiк жоқ секiлдi. Ақпарат мейлiнше дамыған, техникалық үдерiстер тездеген тұста, жаһанданбау мүмкiн емес те едi. Ұлттың рухани жады бекем, мәдениетiнiң мәйегi толымды болса, қорқатын несi бар. Әлем өзi бiр аламан. Сол аламанға атыңды қос та, бәйгеңдi ал. Өзге елдiң мәдени экспансиясына қарсы тұрмас бұрын, өз ұлтыңның мәдени тұғырын бекiт. Өзге мәдениеттiң жасығын емес, асылын, тозығын емес, озығын қабылда. Қолыңнан келсе, өзгенi сен «жаһандандыр». Қазiр барлық ұлттың басты мақсаты осыған тiрелуде. Жаһанданудың екiншi баламасы жаһандандыру. Жоғарыдағы алпауыттар, мiне, осы бағытта жұмыс iстеуде. Тегеуiрiнi тебiндi. Өктем. «Қой терiсiн жамылған қасқыр» демекшi, жаһандану ұранын ту еткен жаһандандырушылар әлемнiң әр түкпiрiне «соғыс ашуда». Қан майдан емес, рухани соғыс. Өзге жұртқа өз тiлiңдi, өз дiнiңдi, өз мәдениетiңдi «демократиялық» жолмен дәрiптеу. Дәрiптеу деген жай сөз, тықпалау. Көшпендiлердi ежелгi қытайлар ұлы даланың бөрiсi деп түсiнген екен. Сол бөрiлердiң бүгiнгi ұрпағы осы рухани жиһадта өзгенi жауламай-ақ қойсын, өзiн сақтай ала ма? Негiзгi сұрақ осы.

Ұлт қалайда белгiлi бiр мәдениеттердiң негiзiнде өмiр сүредi. Мәйегiнен таусайды. Байырғы көшпендiлердiң айналасына айбар шекпесе де, айбатынан былайғы жұрт ыққанын мақтанышпен еске аламыз. Өйткенi, ұлттың рухани азығы бiртұтас, бiртектi едi. Бұл бұрынғы ата-бабаларымыздың дұшпаны болмады, қоңсысымен араласпады дегендiк емес. Қайта көршiсiне өз мәдениетiнiң мығым екенiн мойындата бiлуiнде едi. Мойындау қиын ғой, ал мойындату одан да қиын. Әсiресе, елдiң елдi, ұлттың ұлтты мойындауы. Бұл жөнiнде алдағы уақыттарда арнайы тоқталатын боламыз. «Байырғы қазақ мәдениетi қандай мәдениет?» деген сұраққа iркiлместен жауап бере аламыз. Бес мың күй, он мың әнiн, бай фольклорын, одан да бай ертегiсi мен аңыз-афсаналарын, содан уызданған ұлттың қуатты рухани жадын көзге елестетiп көрелiкшi! «Қазақ даласы ән салып тұрғандай сезiледi» дегендi өзiмiздiң емес, өзгенiң ғалымы айтпап па едi. «Олар соғысуды мақсат тұтпайтын, соғысқысы келетiндердi аямайтын» дегендi де өзгелер тасқа басқан. Рухани жады қуатты ұлт кез келген қантөгiсте, мейлi рухани соғыс болса да, жеңiлмесi бесенеден белгiлi. Оған мысал да жеткiлiктi.

Ал «бүгiнгi қазақ мәдениетi не?» деген сұраққа iркiлместен жауап бере аламыз ба? Охо, сiз еш ойланбастан жоғарыдағы ән мен күйдi, «Ертөстiк» пен «Керқұла атты Кендебайды» шұбырта жөнелерiңiз анық. Кешiрiңiз, ол ән мен күйлердi, батырлар мен бағландардың қиссасын ешкiм бiздiкi емес деп айтқалы тұрған жоқ. Бiрақ қазiргi қазақ сол ән мен күйдi тыңдай ма, сол батырлардың жырын оқи ма, сол ертегiлердi ести ме? Мәселе осында. Бiзде қазақтың қанша пайызы «Гауһартасты» тыңдап мұңайып, «Атыңнан айналайын, Қарқаралының» тұңғиығына бойлап, «Балқадишаның» жан сыздатар әуезiне  егiлiп, «Желсiз түнде жарық айдың» шүңетiне сүңгiп тәттi қиялға шомады? Қаншасы «Адайды» естiп айқұлақтанып, «Сарыарқаның» сағыныш толы иiрiмiне малтиды? Қанша бала Алпамыстың қайратына сүйiнiп, Қобыландының тағдырына күйiнедi, елiктейдi? Ағамның төрт жасар ұлы бар. Оған сiздiң Ертөстiгiңiз, Алпамыс, қобыландыңыз түгiл, Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек, Махамбеттердiң аттары беймәлiм. Кiшкене ғой дерсiз. Алайда Батыстың сiз естiмеген батырларын бiледi. Ертөстiк емес, Өрмекшi Адам болғысы келедi. Мультфильмдердегi құбыжық бейнелердiң «ерлiгiне» сүйiнiп, тағдырына налиды. Жумонгтiң батырлығына тамсанып, Тэцоның ерлiгiне бас шұлғиды. Н. Жантөрин, А. Әшiмов, Т. Жаманқұлов, Қ. Тастанбековтен гөрi, Ван Дам, Брюс Ли, Джеки Чанның бейнелерi ыстық оған. Жаһанданудың бала санасындағы көрiнiсi демей көрiңiз мұны. Оларға қандай кiнә артуға болады. Бұл үшiн өз батырлары мен мәдениетiн дәрiптеп отырған өзге жұртты кiнәлай алмайсыз. Оған құқыңыз да жоқ. Егер рухани құндылықты бiрiншi орынға қоятындай қауқарымыз болса, жоғарыдағы батырлардың кез келгенi мультфильмнiң әлемде теңдесi жоқ кейiпкерлерi емес пе! Өзге елдiң сәбилерi Ертөстiк болғысы келмей-ақ қойсын, өзiмiздiң жеткiншектер сондай батыр болуға ұмтылса, одан артық не керек, тәйiрi.

Қазақты түгелдей дәстүрлi мәдениеттен уаз кештi деуге болмас. Құдайға шүкiр, дәстүрлi әнiмiздiң әлiмсақтан бергi адамзат мәдениетiнiң қай-қайсысымен де үзеңгi қағыстыра алатын қауқарына шүбә келтiрмейтiн ұрпақ бар. Шүбә келтiру - асылық. Бiрақ батысшылдықтың иiсi үйiмiзден де, қаламыздан да, көшемiзден де менмұндалайды. Ең бастысы, iшкi дүниемiзден де. Әсiресе, дiн саласында. Қазiр шоқынған қазақты көрсек елемейтiн болдық. Бейiмбеттiң бiр бала кейiпкерi молдадан әбден запы болғанда « ... шоқынып кетсем де, екiншi молданың алдына келмеспiн...» демеушi ме едi. Сол заманда үрейлi естiлетiн бұл сөз, бүгiнде үйреншiктi жағдай секiлдi. Оранған қарындасымыз бен сақалын белуарға түсiрген бауырымызға қарап, «дұрыс қой» деп бас шұлғу әдет боп барады. «Несi бар, - деймiз оларға қарап, - несi бар, мазарларға қарап бет сипағанша, осылай... тура жолды... ия, осылары дұрыс қой». Еттi жеудi күнә санайтын, отан деген қасиетті ұғымға мойынсұнғысы келмейтiндердi де көз көрiп, құлақ үйрендi. Бiрде батыс, бiрде шығыс кейiп бұл. Соңғы кездерi ел арасында «Бiртұтас Алаш идеясы керек» деген уәж көп айтылатын болды. Ал мына сықпытымызбен, мәдени аурамыздың әр тектiлiгiмен, мәдени қайнардың сан саласымен дем алатын кезеңде бiртұтастықты қалыпқа келтiру мүмкiндiгi бар ма өзi?

Мәдениет те көл секiлдi. ақпаса, нәр алмаса, қордаланбаса, шiрiк идеялар мен ескi көзқарастар тұмшалап, иiс-қоңысқа ұшырауы мүмкiн. Ол үшiн бұқаралық мәдениеттiң бұлағының көзiн ашып, кемелдендiрмек керек. Оны ұлттық мәдениетпен сусындандыру өзектi түйiн. Елiмiзде драмалық театрлар жетерлiк. Қойылымдардың сапасын айтпай-ақ қоялық, барына базар. Бiр қызығы, басқаның бәрiне бейiмделгiш (немесе елiктегiш) бiздiң қаракөздер опералық театрларға басқа ұлттармен салыстырғанда аз баратын көрiнедi. Опера әншiлерi мен әлемнiң классикалық музыка кештерiне де онша елiтпейтiн сияқтымыз. Бұл не үрдiс сонда? Опера - қаласақ та, қаламасақ та өнердiң толысуы, кемелденуi. Қазақтың көптеген дәстүрлi әндерi опералық романсқа сұранып тұрғанын әншiлер жиi айтады. Анау Еуропада опера әншiлерiнiң билеттерi екi жыл бұрын сатылып кетедi дегендi елден естимiз. Өзiмiздiң Амангелдi Сембин, Ермек Серкебаев, Бибiгүл Төлегенова, Майра Мұхамедқызы секiлдi әлем мойындаған әншiлерiмiз көп қой. Солардың өнерiн бағалауға сәл пейiлсiздеумiз бе, қалай. Батыстың эстрадасына елiктегенше, терең ой мен сәлиқалы сезiмнiң иіріміне бойлатар осы жанрына бой ұрсақ, ұлтымыз ұсақтықтан гөрi, iрiлктi, салмақты мiнездi қабылдар едi өзiне.

Бұл күнде көгiлдiр жәшiктiң құдiретiнде шәк жоқ. Рухани экспансияның көзiрi де сол. Елiмiзде онға жуық телеарна бар. Ауыстырып отырып, жiбi түзу телебағдарламалардың жоқтығына налисың. Ұлттық бағдарламаның. Иә, иә, өз тарихымыздан гөрi, корейдiң тарихын дендей бiлiп келемiз. Түрiктердiң сериалдарына көз сүзiп түрiк болғымыз, Латын Америкасындағылардың қилы тағдырларына қарап, сол жаққа барғымыз келетiнi бар кей-кейде... Әуезов бұрындары «Бесiгiңдi түзе...» десе, ендi тележәшiгiңдi түзе деу керек шығар. Батыстық социолог Бьюкенен «Батыстың ажалы» атты көлемдi мақаласында ұрпақтың өз мәдениетiнен алыстап, бұрынғы құндылықтың бәрiне немқұрайдылықпен қарауы - Батыстың ақырына алып бара жатыр деген едi. Ол мақаласында дәстүрлi отбасылардың азаюы, ұрпақтың мәдени ұғымдардан бас тартып, саржағал сезiм әуенiне елiтуi, дiндi мүлдем санадан шығаруы бүгiнгi Батыс әлемiнiң үлкен қасiретi екенiн көлденең тартқан. Бізде тура сол Бьюкенен диагнозын қойған ауруларға мейлінше ұмтылып жатпасақ, не қылсын? Діннің ала-құлалығы, тілдің шұбарлығы, дәстүрлі мәдениеттің көшін кері шегеріп, оны өрге сүйрейтін, байытатын рухани ізгіліктерден гөрі, неғұрлым «заманауи» сандырақтарға әуестігім келбетімізді қанша опа-далаппен боясақ та, көзге ұрып тұр. Арзан күлкi отаулары, Батыстың даңғазасынан нәр алған эстрада әуендерi жетерлiк бiзде (бәрi болмаса да, денi батыстық әуенге бейiмделгенiн мойындаған дұрыс). Алайда олар ұлттың рухани әлемiн толық қанағаттандыра алмайтыны тағы бар. Керiсiнше, ұрпақты терең, мағыналы ойлауға емес, жеңiл-желпi жүрiс пен арзан арманға елiктiретiнiн айтады мамандар.

«Хұндар» атты еңбегiнде Лев Гумилев өз заманында аса бай мәдениетiмен ұлы сахараны мекендеп, төңiрегiн тiтiреткен еркiн елдiң қытайлардан қалай жеңiлгенi туралы болжамдар жасайды. Толып жатқан себептер мен салдарлардың арасынан суыртпақтап мына бiр жағдайға баса назар аударған. Көшпендiлердiң арғы ата-бабалары өзiнiң құдайы қоңсысына жаужүректiгiмен де, елден ерек соғыс айла-тәсiлдерiмен де дес бермесе керек (Ұлы Қорғанның көшпендiлерден қорғану үшiн салынғанын қытай тарихшылары да мойындайды). Ат жалында ұйықтап, түйе қомында өмiр сүрген жалаңтөс баһадүрлердi қалай ойсыратуға болады? Мiне, қытайдың сымпыс сақал әскер басыларын толғандырған ең басты сұрақ осы едi. Қытайлар ақыры өздерiнiң кәнiгi тәсiлдерiн қолдана бастайды. Алдымен жiбек матасын, шайы мен тәттi-дәмдiсiн саудалап, бiрте-бiрте көшпендiлердiң рухани болмысын, олардың өмiр сүру қағидаттарын қадағалауға көшедi. Уақыт өте келе iшiне дендей енiп, қытай тауарларынсыз өзiнiң болашағын елестете алмайтын халге түсiредi батыр халықты. Соңы немен аяқталғаны, әрине, түсiнiктi... Дәл осы жағдай Түркi қағанаты тұсында да қайталанғаны көгiлдiр тасқа көз жасымен ойып жазған бабалардың бастаухаттарынан бiзге мәлiм. Бұдан шығар қорытынды, заттық мәдениеттiң рухани мәдениетке жасар ықпалының да анағұрлым зор екендiгi. Елiмiз бүгiнде шикiзатқа мейлiнше бай. Ал оны тауарға айналдыруға әлiмiздiң жетпей жатқаны өкiнiштi. Байпағыңыздан бас киiмiңiзге дейiн өзгенiкi. Бұл да ұрпақтың санасына керi әсер ететiнiн, өз ұлтының интеллектуалды қабiлетiне күмәнмен қарауға итермелейтiнiн ешкiм жоққа шығармас. Себебi, заттың өзi - мәдениет.

Қазақ руханиятының байлығына шүбә келтiру асылық дедiк. Демек, сол байлығын одан әрмен байыта бiлмеу, қордаландыра түспеу, заманға лайықтай отырып, заманына үлгi ете алмау асылық болумен қатар, дәрменсiздiк. Дәрменсiздiң қолынан көп дүние келедi. Өз ұлтын, өз ұрпағын сатуда, ұлтының ар-намысын саудалауда. Өзгенiң қаңсығын таңсық көруде... Қазiргi қазақ мәдениетiнiң алдында екi үлкен сұрақ тұр, бағзыдағы болса да, маңызын жоймаған: болу мен бордай тозу. Екеуiнiң де есiгiн ашып, аңырып тұрғандаймыз!.. жан-жағымызға жалтақтай қарап, жүгімізді неге артып, көшімізді қайда шөгерерімізді білмейтіндей халде сияқтымыз...

 

"Абай-ақпарат"

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458