Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2580 0 пікір 12 Қазан, 2010 сағат 20:46

Софыян (Софы Сматаев). Үш қанатпен ұша алмайсың ешқашан

(Ә.Нiлiбаевтың «Айқын» газетiнде жарияланған «Үш қанат» атты пәлсафалық толғауына сәл сапалы пiкiр жалғау)

(Ә.Нiлiбаевтың «Айқын» газетiнде жарияланған «Үш қанат» атты пәлсафалық толғауына сәл сапалы пiкiр жалғау)

I
Жоқты,
Барды
Жазғаныңмен
Тiзбелеп,
Әу, Әбеке-ау!
Көктем бөлек,
Күз бөлек.
Тәнiң кетсе
Қара жердiң
Қойнына,
Жаның ыршып
Ғарыштан жай
Iздемек.

Шын жебесе
Болмыс Құдiрет
Ер демiн.
Найзағай боп
Көктi осқылар
Жердегi үн.
Тәңiр берген
«Талант!» дейтiн
Сыйыңды
Бiрi тартып
Ала алмайды
Пенденiң.

Сол сыйыңды
Қадiрлемей
Сен неге
Көкпар қылып
Тастай салдың
Көмбеге?
От көмейден
Шоқ шашатын,
Шайырым,
Ұқсап кеттiң
Қолын жайған
Теңгеге.

Өзегiңнен
Ұқпай тамар
Нәрiңдi,
Күркiлдеумен
Алмастырдың
Әнiңдi.
«Осаннаңмен»
Озамын деп
Адастың,
Тәржiмаңнан
Тере бермей
Дәнiңдi.

Үш қанатпен
Ұшпайтынын
Ескермей,
Тұзақ салып
Ұстайтынын
Ескермей,
Үш қанатты
Ұсыныпсың
Әспеттеп,
Сол «сыйыңмен»
Киiп-жарып,
Төске өрлей.

Оң көзiмен
Тура қарап
Жасаған,
Пендесiнен
Жасамаса
Есалаң,
Аспан,
Жердi
Қанша тiреп
Тұрса да,
Үш қанатпен
Ұша алмайды
Еш адам!

Шығарғанмен
Қу жанының
Сiлiкпесiн,
Ұша алмайды,
Құша алмайды ол
Бұлт төсiн.
Байбаламмен
Баж-бұж еткен
Байғұстар
Бас қатырар
Бастай алмай
Жұрт көшiн.

Құл тiрлiктi
Жұлып алып
Тастасаң,
Ақын жүрек
Айта алады
Басқаша ән.
Қанша жерден
Сауда байы
Болса да,
Ұша алмайды
Бiр қанат та
Ешқашан.

Ұша алмайды
Үш қанатпен
Қарға да,
Қуғанымен
Таяқ алып
Бар бала.
Үш аяқпен
Үш аттап та
Баспайды
Жеккенiңмен
Көк есектi
Арбаға.

Бар тазаны
Жүрер жұп қып,
Қосақтап,
Iзгiлердiң
Таңы түгiл
Кешi аппақ.
Үш қанатпен
Ұшпаққа ешкiм
Шықпайды,
Мықтап,
Нықтап
Қойсаң да оны
Жасақтап.

Үшеуменен
Күшеймейдi
Ештеңе.
Үш аяқ ит
Iлесе алмас
Көшке де.
Бiр төсектi
Бөлiсе алмай
Жұлысар
Әйел,
Еркек
Және тоқал
Кешке ене.

Түнгi тiрлiк
Таластырып
Үшеудi.
Көбейтедi
Ұрыс-керiс,
Мiсеудi.
Жапсырады
Жас тоқалға
Жағам деп,
Бәйбiшеге ер
Құлындағы
Тiсеудi.

Қос әйелге
Кезек-кезек
Бас ұрып,
Күн көредi ол
Өзiн,
Көзiн
Жасырып.
Үштiк солай
Ойран салып
Жүр бүгiн
Отбасының
Берекесiн
Қашырып.

Тыныштықты
Осынау үштiк
Iреуде.
Тажал болып
Жар-жар айтқан
Тiлеуге.
Қос қанаттай
Жұп өмiрдi
Талқандап,
Тағы бiрдi
Неге ал деймiз
Бiреуге?

Таққаныңмен
Мақтап,
Баптап,
Қысталап,
Тiрi жанды
Тырп еткiзбес
Үш қанат.
Өрден орға
Құлдыратып
Шыңғыртар
Қос қанатты
Артық қанат
Ұстап ап.

II
«Ақыл ғана
Қажет – депсiң –
Адамға!»
Дүниенi ол
Тiрер деген
Бағаң ба?
Ақымақтың
Айтағымен
Жармасып,
Неге жүрер
Ақыл қолы
Жағамда?

Құр ақылмен
Құр қалдырып
Адамды,
Асқақ едiм,
Аласарттың
Бағамды.
Жаным қайда
Жай оғынан
Жасқанбас,
Арым қайда
Жыртқызбайтын
Жағамды?

Арым – барым,
Қасиетiм,
Миятым!
Жанды да арға
Садақа етiп
Қиятын.
Ақыл кейде
Арамдықпен
Үйлессе,
Жер бетiнен
Жоғалатын
Ұятың.

Ақыл неге
Қайтартпайды
Есемдi.
Толтыртпайды
Шұрық, тесiк
Кесемдi.
Жар жағалап
Қалт-құлт етiп
Жүрсек те,
Кетемiз бе
Аңсауменен
Көсемдi.

Неге, Әбеке,
Керек емес
Iзгiлiк?
Ол бар жерде
Баспас едi-ау
Жүздi бұлт.
Өз үйiңнiң
Төрiндегi
Табаққа
Мөлимес ек
Жете алмастан
Үздiгiп.

Неге, Әбеке,
Қажет емес
Мейiрiм?
Мейiр болса
Кеңеймес пед
Пейiлiм.
Жоғарыда
Жоғалған соң
Сол мейiр
Жұтқанымның
Кейi өксiк,
Кейi iрiң.

Неге, Әбеке,
Ұмыт қалды
Адалдық?
Сол шiркiнiң
Болып маған,
Саған құт –
Кеуделерден
Өшiрмес пед
Сұмдықты,
Пенделердi
Өсiрмес пед
Адам ғып.

Неге ұмыттың
Дiлiм менен
Тiлiмдi?
Аспандатқан,
Аспанға атқан
Үнiмдi.
Тiл – құдiрет
Түйреп түсiп
Кеуденi
Шырылдатып
Айтқызбас па
Шыныңды.
III
Ғалам сыры –
Тысқары сыр
Санаңнан.
Тылсымы мол –
Қайдан,
Қайтiп
Жаралған.
Қай Құдiрет
Әлемге Адам
Туғызып,
Жанды берiп,
Сығып тәннен
Жан алған?

Күн батады,
Таң атады
Тоқтамай,
Мәңгiлiктi
Қас қағыммен
Ноқталай.
Ақ, қараны,
Қас пен досты
Қабаттап,
Iзгiлiктi
Зұлымдықсыз
Жоқтамай.

О дүние
Санамыздан
Тысқары
Жеткен жоқпыз
Болжар оны
Тұсқа әлi.
Бар мен жоғын
Сезе алмастан
Сескенiп,
Жаның тұрар
Тәннен шықпай
Ұшқалы.

Тiл қатпайды
Тылсым Көктен
Заңғар түк.
Қиқаңдайды
Қиял соны
Аңғарлық.
Көңлiң сенсе
Еш үрейсiз
Кетер ең
Ғұмырыңа
О дүниеде
Жалғарлық.

Бар мәнiңдi
Таразылап
Арменен,
Талпындырар
Ұғым ба екен
Жан деген.
Қиянатқа
Көнбей көкке ол
Ұмтылса,
Ұстай алмай
Қалар ма әлде
Тар денең?

Бiрде үзiлiп,
Қайта оянып
Бiрде дем,
Жан тыпырлап
Тiрiлер ме
Мүрдеден?
Әлде ол шiркiн
Қозыдай боп
Ойнақ сап,
Қаша ма екен
Дене дейтiн
Түрмеден?

Үздiктiрiп
Ұмтылдырар
Құр дәме,
Айналғанша
Тәнiң суып
Мүрдеге.
Шыбын жанды
Шырылдаған
Торғайдай
Баптап,
Сақтап
Әлде өзiнше
Жүр дене.

IV
Ескiрмейтiн
Ай да емес,
Күн де емес.
Ескiрмейтiн
Түк таппайды
Мүлдем Ес.
Заманақыр
Жететiнiн
Сезетiн
Ескiрмес тек
Санаңдағы
Мұңды егес.

«Заманақыр
Келе ме,
Әлде
Келмей ме?»
Деп ойлайтын
Пенделер бар
Кей-кейде.
О дүниенiң
Ашқызатын
Қақпасын
Сол «пәлеңдi»
Көрiп жүрмiз
Өлмей де.

Өксiк қуса
Көмейлетiп
Күлкiмдi,
Зармен буса
Жаны жайсаң
Жұртымды,
Заманақыр
Оралғаны
Емес пе,
Газым түгiл
Тартып алса
Мүлкiмдi.

Қабыспаса
Сөз бен iстiң
Бiрлiгi,
Табыспаса
Елдi алдағыш
Тiрлiгi,
Адал асты
Арамдықпен
Татқызса,
Осы емес пе
Заманақыр
Құрдымы.
Сел мен сордың
Күнде кешiп
Тасқынын,
Қайғы-мұңның
Жамыламыз
Тас, құмын.
Суға берген
Баласының
Мәйiтiн
Табалаймыз
Даласының
Қашқынын.

Өз қолымен
Өзгелердi
Хан қылып,
Құтты орынға
Қондырғанмен
Мәңгiлiк.
Даласынан
Қаласына
Шұбырып,
Қазақтар жүр
Баспанасыз
Қаңғырып.

Ұмтылғанмен
Iрiлердiң
Төбетi.
Бiлмейдi ғой –
Ашылғанмен
Тәбетi,
Сол қазақтың
Сойылмастан
Кеткенiн
Қожасының
Көмейiнде
Қоң етi.

Сүйiнiшiн
Қайғы бұзып,
Мұң бөлiп,
Жатқаннан соң
Азабымен
Күнде өлiп,
Үмiтi мен
Тiлегiнен
Айырылып,
Зомби болған
Қаптап кеттi
Жынды өлiк.

Тасқын тiрлiк
Төнсе толқып
Күнде елге,
Кiмдер келер
Көмек берiп
Кiмдерге?
Күнде өлгенше,
Заманақыр
Келсiн тез
Жоқ қылатын
Бар Әлемдi
Бiр демде.

Оралмайды
Үйiрiне
Өткендер.
Тiрлiгiнiң
Нүктесiне
Жеткендер.
Әу, Әбеке-ау!
Сен «Келедi!»
Дегенмен
Тiрiлмейдi
О Дүниеге
Кеткендер.

Пәнилiктен
Бақилыққа
Басқанда,
Сала алмайсың
Бұрынғыдай
Басты алға.
Өшкен өмiр
Керi айналтып
Ғаламды
«Жосымайды
Көшкен бұлттай
Аспанда»...

Бар нәрсенiң
Жоқ болары
Дым емес.
Жоқты бар деу
Туғызады
Мың егес.
Жарық күннiң
Қасиетiн
Ұғарлық
Бiр Адамға
Жете алмайды
Мың Елес.
Әу, Әбеке-ау,
Берiлiп ед
Көз неге,
Ұлың құл боп
Қолын жайса
Кезбеге?
Соқыр бол да,
Сорлы елiңдi
Жемтiк ет
Аш өзегiн
Үзiп бер де
Өзгеге.

Сонда мүмкiн
Түйсiнерсiң,
Бiлесiң,
Бұлт басқанын
Жұрт жүзiнiң
Күнесiн.
Заманақыр
Болып жаттың
Өңешi
Алашыңның
Жұтып жатқан
Үлесiн.
V
Уай, Адамзат!
Болсаң нағыз
Ақылды.
Айырмайсың
Неге жат пен
Жақынды.
«Әдiлет!» деп
Жан шыққанша
Таласпай,
Келiмсекке
Неге ұстаттың
Хақыңды.

«Адам – Тәңiр!»
Кейде осындай
Ұғым бар.
Кеуденi ашар
Көкпен жалғар
Тығындар.
Көкке өкпенi
Айта алардай
Хақ болсаң,
Жербауырлап
Неге шөккен
Бүгiнгi Ар?

Көз айырмай
Ақ үйлер мен
Көк үйден,
Құлдық нәпсi
Ертелi-кеш
Мөлиген.
Сұрап iшер,
Жылап iшер
Сарқытын
Қоңыз тiрлiк
Опа бермс
Боқ үйген.

Өктемдiге
Көзiн сатқан
Көп пенде
Жетем бе деп
Құмартқан шен,
Шекпенге.
Қолын сүйiп,
Етектердi
Жалайды,
Суық көздер
Нұр шуағын
Төккенде.

Елiредi
Елiн,
Жерiн
Ұмытып,
Семiредi
Бұлт баспастан
Күнi түк.
Кемiредi
Майлы басын
Жiлiктiң
Өз жұртының
Аш қарынын
Ұлытып.

Қинамайды
Қиналғаны
Халқының,
Жеке асайды
Сыбағасын
Жалпының.
Ойламайды
Омыртқасын
Опырар
Көктен жетер
Құдiретiн
Талқының.

Сезiмiмен
Сергек еткен
Адамды
«Жүрек» дейтiн –
Ғарыш сыйған
Ғаламды,
«Кесек ет!» деп
Кесiрленгiш
Көрмеймiз
Тас табанмен
Төсiңдi езген
Наданды.

Ал қазақтың
Бар бiлерi –
Қызғаныш.
Озса досы
Көкiрегi
Сыздағыш.
Өзектеске
Ор қазуға
Асығар
Бақастықтың
Уын iшiп
Қызған iш.
Шыдатпайды
Күншiлдiктiң
Жегiсi.
Өз жақсысын
Орға жығу –
Тек iсi.
Жаны кiрер –
Жығып берген
Қандасын
Жәукемдесе
Орыс,
Кәрiс,
Жойыты.

Өш алмаса –
Өкпесi өшiп
Қинайды.
Текке жұтар
Ауаны да
Қимайды.
Қолдан келсе
Көршiсiне
Көрсетпей
Жұлып алып
Тастар едi-ау
Күндi,
Айды!..

Көздегiнi
Көре тұрып
Көрмейдi.
Еретiнге
Ерегiсiп
Ермейдi.
Екi езуден
Бұрқыратып
Көбiктi,
Төрдегi емес,
Төменгiнi
Тергейдi.

Ыза жасы
Мөлт еткенде
Шыланып,
Қос бiлектi
Шыға келсе
Сыбанып.
«Аттан!» қайда...
Бар ашуды
Төгедi,
Әйелге тек
Арс етумен
Шығарып.

Далаға арнап,
Балаға арнап
Айқайды,
Бiздегi сес
Мүйiзiн құр
Шайқайды.
Төбеңдi ойып,
Миыңа тойып
Жатса да,
Төрелерге
Айта алмаймыз
«Қайқайды!»

Жан шыққанша
Дым шығармас
Үнсiздiк
Қойған жоқ па
Ар мен мәндi
Құнсыз ғып.
Күлемiз-ау,
Ұрлап қана
Күрсiнiп,
Қалмағандай
Далада еш
Мұңсыздық.

«Қара!» дейдi
Кейде адасып
Көзi ақты.
«Есек!» дейдi
Егес түйсiк
Боз атты.
О дүниеге
Барып-қайтқан
Ешкiм жоқ.
Жұмақ тұтып
Жүрмiз бе әлде
Тозақты.

Әй, бәрiбiр
Бас жаққа
Бiз бармаймыз.
Бауырласты
Бақыртуға
Дардаймыз.
Iрiмiздi
Пiрiмiз деп
Қолпаштап
Бiрiмiздi
Бiрiмiз тек
Арбаймыз.

Алып халық
Ұсақтаса –
Аңдыр мұң.
Жағымпаз қыл,
Келсе жанын
Жандырғың.
Азып-тозып,
Iрiп-шiрiп
Бiтедi,
Тарыққан ұлт
Тәлкегiнде
Тағдырдың.

Ал, әйтпесе,
Дерт емсеңшi
Ұлы боп.
Өз арыңның
Өртенсеңшi
Құлы боп.
Жарамсақтық
Өтiп кетiп
Ертеңге,
Өлi аруақтар
Атпауы үшiн
Тiрiге оқ!..

VI
Әу, Әбеке-ау!
Сенсек көңiл –
Дауаға:
Жұп емес пе
Адам Ата,
Хауа Ана.
Бар Тiршiлiк
Сөнiп, өлiп
Кетпей ме,
У қосқанда
Суың менен
Ауаға.
Болашаққа
Бет алғалы
Ел Күнi,
Негiздiң «жұп»
Аталғаны
Белгiлi.
Ұмытылмас
Төстегi қос
Алма мен
Қос жанардың
Әлем сыйған
Кеңдiгi.

«Үш қанат!» деп
Көпшiк қойдың,
Шайырым,
(Берсiн Тәңiр
Адасқанның
Қайырын).
Билiк бiрақ
Үш қанатты
«Үштiк» деп,
Штык етiп
Түйреп жатыр
Айырын.

Тiкұшақпен
Қуғандай ғып
Аңды да,
Сол «үштiкпен»
Пiскiледi
Заңды да.
Осы үштiктер
Керi итерiп
Дүниенi
Түнге айналып
Кетпес пе екен
Таң мына.

Сталиндiк
«Үштiктi» құр
Тiрiлтiп,
Қоймас па екен
Заманымды
Бүрiлтiп.
Үрей басқан
Ел жүрегiн
Дәл тауып,
Қадалар ма
Қанжар болып
Дiрiл тiк.

Суық «үштiк»
Шошытады
Сесiмен.
Бұл үкiмнiң
Ол үкiмнен
Несi кем.
Бар үштiктi
Бiр-ақ тартып
Кетер ед
Сұсты халқым
Адаспаса
Есiнен.

Шеше берсе
Заңсыз, жөнсiз
Үштiкпен,
Көгерер-ау
Құр күтумен
Iш бiткен.
Кеденi мен
Одағына
Жол ашар,
Қожа тауып
Терiскейден,
Түстiктен.

Тексермесе
Жасағанын
Кiм
Ненi,
Ұлттың зарын
Көмсе итiнiң
Үргенi,
Қаптар Русь,
Таптар шүршiт
«Кеден!» деп
Босатқан соң
Ашып тастап
Iргенi.

Бұзып-жарып
Кеден берген
Сызатты,
Қыл өңешке
Салар олар
Тұзақты.
Лақ құрлы
Тұяқ серппей
Қылғынып,
«Алаш!» дейтiн
Жоғалтармыз
Бiз атты.

Сұрқай үштiк
Оңашада
Табысып,
Жылпылдаған
Ерiндерi
Жабысып,
Биiк-биiк
Тақты алмақ боп
Таласар,
Миы қызып,
Жүрек суып,
Қаны ысып.

Қақпан құрып,
Құрық тастап,
Ор қазып,
Тауып берер
Ерге уды,
Зорға азық.
Аңдуменен
Бiр-бiрiнiң
Қапысын,
Ескермейдi-ау
Түсiрерiн
Арға жүк.

«Хан боп өтсем –
Деумен – мынау
Өмiрден!»
Алабас құрт
Өзектерiн
Кемiрген.
Елбасыға
Мүләйiмсiп
Бас игiш
Арылсақ қой
Атыстырар
Жебiрден.
Бөлiсе алмай
Шуақ шашар
Күн нұрын,
Жұлқылауда
Төрдегiлер
Бiр-бiрiн.
Өңештерiн
Қанды азумен
Шайнаған
Жолатпасын
Солардың Хақ
Тiрлiгiн.

Құлқы бөлек,
Ұлтын елеп
Көрмеген.
Ара жiгiн
Жыртып әлек
Елменен,
Шенеунiк пен
Депутаттан
Сақтасын
«Довесок» қып
Арын сатқан
Жер менен.

Айнып,
Тайқып
Елге берген
Сертiнен
Арылмаған
Жағымпаздық
Дертiнен
Нұротандық
Парламенттiк
Нәндердiң
Ары күймес
Арсыздықтың
Өртiнен.

Тыңдамайды
Даласының
Ыңқылын.
Естiмейдi
Алашының
Күңкiлiн.
Егесiнiң
Етегiне
Бас ұрар
Жалғастырып
Жорғалағыш
Бүлкiлiн.

Түршiкпейдi
Селден ерi
Өлсе де,
Қырып жұртын
Топансуы
Көмсе де.
Бiрiн-бiрi
Кеңiрдектеп
Қылғынтып,
Таласады
Биiк тақты
Кеңсеге.

Үш жүзге емес,
Үш жүз топқа
Бөлшектеп,
Құбылады
Сайлау сайын
Ел септеп.
Құбыланы
Арамдықтан
Iздейдi,
Ақорданың
Қақпасынан
Енсек деп.

Аярлықтан
Тапсадағы
Жұрты үрей,
Құбылады
Төре төрде
Түлкiдей.
Үйiп-төгер
Уәдесiн
Бiлмейдi-ау
Жүректерге
Тиетiнiн
Түрпiдей.
Талақ етiп
Әдетiм мен
Ғұрпымды,
Күрсiнiспен
Көмiп тастап
Күлкiмдi,
Қазынадан
Миллиондап
Ұрлайды,
Шашатұғын
Ойынына
Бiр түнгi.

Жарамсақтың
Көзiн арбап
Кескiнi,
Әкiмдерiм
Жолатпайды
Естiнi.
«Демократ»
Деген жыртық
Жейдеге
Жамамақ боп
«Хандық» атты
Ескiнi.

Азуды егеп,
Тарбитып кеп
Тырнағын
Пәктi шайнап,
Тазалықтың
Бүрдi ағын.
«Ел елшiсi»
Дейтiн мықты
Жүр бүгiн
Ар-ұяттың
Қуып бойдан
Жұрнағын.

Тәп-тәуiр-ақ
Түрi-түсi
Көрмеге.
«Мерседесi»
Жұлқынады
Кермеде.
Жұлқып, түртiп
Жанында ойнап
Халқының,
Жұрт жүйкесiн
Шек қып таққан
Пернеге.

Өзгенi езiп,
Оздырған соң
Өз басын,
Дандайсуы
«Паңның» қалай
Қозбасын.
Қазағының
Қасiретiн
Молайтып,
Құйып iшер
Қан аралас
Көз жасын.

Өксiтумен
Алмастырса
Күлгендi,
Қалай жұтам
Осылармен
Бiр демдi.
Төр, төбеден
Төрешiлдi
Құлатып,
Толтырса ғой
Кiсәпiрге
Түрмемдi.

Ет кесiп жеп
Елдесiнiң
Етiнен,
Байып жатыр
Банкирлерiм
Шетiнен.
Жер бетiнде
Қазақ емге
Қалмас-ау,
Төрем кетсе
Осылай өз
Бетiмен.

VII
Керегi не,
Әу, Әбеке-ау,
Артықтың.
Берерiне
Ұмтылайық
Әр түптiң.
Бас иейiк
Заң, низамның
Сесi мен
Алла берген
Құзырына
Тәртiптiң.

Мақсаты мен
Арманына
Жете алмай,
Зар мен шердiң
Қақпасынан
Өте алмай,
Көздiң жасын
Көл ғып iшiп,
Қор болып,
Халқың жүр ғой
Тот кемiрген
Металдай.

Күн менен түн
Қабаттасып
Шөккенде,
Аппақ жүздi
Қара қабақ
Өпкенде,
Ұмыттың ба,
Айығарын
Әлемнiң
Әдiлдiк пен
Шын Ақиқат
Жеткенде.
Ұқсамайық
Тiленшiге
Мөлиген,
Қоңыздай боп
Құнжың-құнжың
Көң үйген.
Қарашыға
Қашан есе
Тиiп ед
Оқшауланған
Ақ үйменен
Көк үйден.

Теңдiк iздеп
Жеткенiңмен
Үймелеп,
Алдыңды орар
Омонымен
Кимелеп.
Бiз Құдайға
Қой айтар ек
Сол Ақ үй
Сипар болса
Тас маңдайдан
Күйдi елеп.

Әй, қайдам-ау!..
Жоғалды ғой
Мейiрiм.
Көздi жапқан
«Байлық» атты
Дөй iрiң.
Жатқа ашқызып
Құшағы мен
Қойынын
Өз жұртына
Тас қып қойған
Пейiлiн.

«Ер – десең де –
Ақылсызға!»
Сен мейлi.
Ақылдылар
Ақымаққа
Ермейдi.
Қас наданның
Тайы озса да
Тұлпардан
Ақылдының
Ақиқаты
Өлмейдi.

Қарамайтын
Пайда түсер
Кей iсте
Iштегi мұң,
Қабақтағы
Кейiске
Бай қазақтар
Басып алып
Жұмақты,
Жай қазақты
Жолатпас-ау
Пейiшке.

Бiрде күлiп,
Бiрде ұлып
Өңештен
Тiк қадалсаң –
Төрелердiң
Өңi өшкен.
Бас-көзге ұрып,
Салып алып
Кетедi,
Кiнәңдi айтпай,
Мүлде ләм-мим
Деместен.

Елге сенбеу –
Кеудеге үрей
Күрейдi.
Жаппақ сонсоң
Сес көрсетiп...
Үрейдi.
Өзектестiң
Өзегiне
У себу –
Шыңыраудың
Ернеуiне
Тiрейдi.

Тiреледi
Билiк жарға
Қамалып,
Көнбiстiктен
Құтқарғанда
Сананы ұлт.
Әдiлеттiң
Ақ жолына
Бiр түссе,
Жеңер Алаш
Жанды берiп,
Жан алып.

Тазартпасақ
Кеудемiздi
Қи басқан,
Тастамайды
Азаттық қып
Сыйды Аспан.
Қайнамайды
Кек-қыжылмен
Қанымыз,
Ойнамайды
Жанымызда
Күй-дастан.

Көмер көрге
Құлдық кептi,
Ит халдi.
Қуар елден
Машкевичтi,
Митталдi.
Мадақ етер
Өз қазағын
Ардақтап,
Садақ етер
Қорғау үшiн
Иiп талды.

Жаба тоқып
Жүрмес сонда
Жауырын.
Жеңiлдетер
Тiрлiгiнiң
Ауырын.
Бiр-бiрiне
Өшiгетiн
Қандасым,
Өзектестен
Табар қимас
Бауырын!

Алаш – әдiл,
Алаш – адал
Ежелден,
Құтқарам деп
Өзгелердi
Өзi өлген.
Сенiмiңмен
Серпiп кетсең
Сергiтiп,
Әр ұлының
Айнымайды
Көзi Елден.

Үш қанатты
Таңу Ерге –
Оғаштық.
Жөндi, жөнсiз
Мадақтаумен
Адастық.
Барды жоқ деп,
Жоқты бар деп
Жүргенде,
Оралмасын
Орып түсер
Тағы аштық.

Болса зәру
Үшке ынтығып
Iш күптi,
Мен айтайын
Бiзге қажет
Үштiктi:
Ата,
Ана,
Бала –
Ұяның тiреуi,
Ел,
Жер
Мен Ер –
Жеңiлмейтiн
Күш тiптi.

Ескерейiк
«Ер – Елiмен
Күштiнi!»
Бiр мен көптiң
Келiсуiн
Iшкi үнi.
Қазақ сонда
Қос қанатпен
Самғайды
Ел, Жер, Ердiң
Берiк болып
Үштiгi!

VIII
Жазғаным жоқ
Билiк үшiн,
Тақ үшiн.
Шындықты айту
Өлтiрсе де –
Нақ iсiм.
Төккен тердiң
Төрелiгiн
Ел айтып,
Хақтағалам
Бiр қайтарар
Ақысын.

Жеткiздiм бе
Сырымды
Әлде
Шерiмдi,
Әр сөзiме
Мұңым қоса
Өрiлдi.
Сақтау үшiн
Елiм менен
Жерiмдi
Аямаспын
Аққан қан мен
Терiмдi.
Мақтай алман
Мен ешқашан
Билiктi,
Тек соларда
Байлық пенен
Күй мықты.
Тiрiлердi
Тырп еткiзбей
Тақымдап,
Өлгендерге
Ұстатпақшы
Сыйлықты.

Сыйлық емес,
Құрмет керек
Өткенге,
Қабiрге емес,
Ел көңлiне
Кеткенде.
Билiк бiрақ
Түсiнбей
Ер қадiрiн
Бас-көзге ұрып,
Шығарады
Жоқты елде.

Ерiк-ырқыңды
Уыстаған
Билiгiң
Қидалайды
Қашап, ойып
Миды мың.
Алмаймын Мен
«Ода жаз!» деп,
Жалынтып,
Саудабайдың
Саудалайтын
Сыйлығын.

Миды осатын
Философтан
Емеспiн.
Ой көзiмен
Жарқырар тек
Көмескiм.
Сызсадағы
Бар тiзiмнен
«Достарым»,
Өшiре алмас,
Өлтiрсе де
Менi ешкiм.

Суырып ап
Түнегi мол
Түндерден,
Қуғым келдi
Сәл де болса
Мұңды Елден.
Өзектегi
Өз сөзiмдi
Айттым Мен
Өксiк қысқан
Жүректегi
Мiнберден.

Шын тiлерi
Бойдағы асыл
Парқымның:
Мызғымастай
Бейбiт тiрлiк
Жарқын күн.
Алып ұшар
Сонда Менi
Қос қанат –
Шабытым
Һәм
Шапағаты
Халқымның!

«Жас Алаш» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5448