Жұма, 22 Қараша 2024
Аласапыран 22129 1 пікір 9 Сәуір, 2017 сағат 21:51

Тәжік-ауған шекарасындағы соғысқа қатысқан батырлар ұмыт қалмауы тиіс

Халқымыздың тарихында  ерекше атаулы күндер бар. Олар зор мәнге ие. Мәселен, өмірдегі барлық бақ-байлығымыздың негізі – 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні әр қазақ үшін қымбат, қастерлі. Сондай-ақ, мәңгілік ұмытылмас күндер бар. Кешегі Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұлан үшін ол 7 сәуір. Дәл осы күні, 1995 жылы ел үшін кеудені оққа керген қазақстандық Ішкі әскердің жауынгерлері тәжік-ауған шекарасында айбынды ерліктің не екенін нақты дәлелдеп, қайтпас қайсарлық, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен болатын. Амал қанша, мұздай қаруланған лаңкестермен кескілескен сол шайқаста 17 бауырымыз қаза болып, 34 жарақат алды. Оларды ұмытпау, ерліктерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу біздің басты мақсатымыз.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланында бұл күн жыл сайын «Ерлікке тағзым күні» болып аталып өтіледі. Еске алу шаралары, елді, өскелең жас ұрпақты елдікке, ерлікке, бірлікке шақыруға арналған тағылымдық шаралар жер-жерде, республика бойынша әр әскери бөлімде өткізіледі.

7 сәуір күні Алматыда бұл күн ерекше әсерлі шараларға толы болды. Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 5571 әскери бөлімінде ел үшін от кешкен ерлерді еске алу шарасы өтті. Онда сөз алған «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының колбасшысы генерал-майор Қайрат Ақтанов: «Көршіңнің үйінде шу шықса, сенде тыныш жата алмайсың. Тоқсаныншы жылдардың алмағайып жылдарында да жағдай осылай болып еді. Көрші тәжік-ауған шекарасында соғыс оты ушығып тұрды. Күнде қан төгілу, қанды қасап, от кешу. Осы тұста біздің елдің мыңдаған жастары да ТМД мемлекеттері арасында жасалған халықаралық келісімшарт аясында осы отты нүктеден табылды, тау халықтарына тыныштық тілеп, іштей қан жұта аққан қарт Пяндж өзенінің жағасын басты. Сол қантөгісте ерлікпен антқа адалдықтарын дәлелдеген алдаспан намысты қазақстандық 7-ші ротаның жаужүрек жігіттерінің қай-қайсының болсын батырға лайық орны бар. Олар біздің мәңгілік жадымызда».

Сонымен қатар осы күні Қорғаныс министрлігінің Құрлық әскерлерінің институтында «Ерлік күні» айрықша аталып өтілді. Оған ауған соғысы мен өзге тәжік-ауған шекарасы қақтығысының ардагерлер қауымы, еліміздегі Тәжікстан елшілігінің әскери атташесі, оқу орнының басшылығы мен курсанттары қатысты.

Алдымен шараны ұйымдастырушы ретінде сөз алған «Ардагер» -  республикалық Ауған соғысы және жергілікті қақтығыстардың ардагерлері мен мүгедектерінің қоғамдық одағының төрағасы запастағы подполковник Серікбай Баймолдинов: «Тәжік-ауған шекарасындағы сол қаралы оқиғаға биыл 22 жыл толып отыр. Қайткенмен, қайсар ұлдарымыз айқын басымдықпен тойтарыс танытқан жауға барынша төтеп беріп, жауынгерлік борыштарын өжеттікпен өткерді. Абыройды таптатпай, антқа деген адалдықтарын танытты.  Ішкі әскер жауынгерлерінің ерлік істерін Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Ә.Назарбаев та жоғары бағалап: «Қазақстандық батальонның сарбаздары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы сыртқы шекарасының тәжік-ауған бөлігін ерлікпен күзетті. Боздақтарымыз мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтау жолында жанын пида етті. Олар біздің бейбітшілігіміз бен тыныштығымызды қорғады» деген болатын. Сол уақыттан бері сол 17 жауынгердің ерлігін кешегі Ішкі әскерлері ылғи 7 сәуірде атап өтіп келді. Ол ерлеріміз ең әуелі бүкіл еліміздің сеніп тапсырған сенімін ақтады. Сондықтан да мен және біздің ардагерлер қауымдастығы осы күнді «Ерлік» күні деп белгілеп, ерлікті дәріптейтін шараларды еліміздегі барлық қорғаныс саласының ұжымдарында өткізуді ұсынып отырмыз. Осы ұсынымызды оң қолдап, мына алдымызда отырған өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие болатынын жете түсініп, осындай шараны өткізуге атсалысып отырған Құрлық әскерлерінің әскери институтының басшылығына алғысымды білдіремін. Ендігі жылдардан бастап бұл атаулы күн - «Ерлік күні» еліміз бойынша бүкіл Отан қорғаушы жұртшылықтың ортақ шарасы болып өтетіне кәміл сенемін», - деп атап өтті.

Сөзінің соңынан кейін ардагерлер қауымының төрағасы ардагерлер одағының атынан, атап айтқанда Бауыржан Момышұлы атындағы «Батырдың шапағаты», генерал-майор И.Панфилов атындағы, содай-ақ, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Қорғаныс министрі Армия генералы С.Нұрмағамбетов, екі дүркін Кеңес Одағының батыры Т.Бигелдинов атындағы медальдармен алқалы шараға жиналған ардагерлер мен қадірменді қонақтарды марапаттады. Мұнан соң сөз кезегін Тәжікстан елшілігінің әскери атташесі полковник Мақсұтжан Жумаев қазақстандық жауынгерлердің тәжік халқына деген баға жетпес көмегі үшін 2007 жылы Душанбе қаласында үлкен монумент орнатылғанын атап өтті. Сол ерлік оқиғасының көзі тірі куәгерлері Ұлттық ұланның ардагерлері запастағы полковник Ерлан Алданазаров, запастағы подполковник Қайрат Ғұсманов жиналған қауым алдында сол бір қиын қыстау күндері жайлы естеліктерімен бөлісіп, тағылымды әңгіме ағынын өрбітті.

Шара соңы патриоттық рухта шырқалған әндермен жалғасты. «Ерлік күні» жайлы бізбен өз пікірін бөліскен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Сабыржан Сүлейменов: «Батырларымызды ұлықтау халқымыздың салты. Біз еш уақытта да ел үшін жанын пида еткен арыстарымызды ұмытпауымыз керек. Қайта сол ерлердің ерлік істерімен жас ұрпақты отансүйгіштік рухтың кемілін дарытып, тәрбиелей білуіміз керек. Өткен уақытта 7 сәуір боздақтарға тағзым жасау күні болып келді. Енді ол жаппай Отан қорғаушылардың елдіктің үшін от кешкен ерлік істерін ұлықтаудың ұйытқысы болған «Ерлік күніне» айналып отыр. Төбемізде мәңгілік бейбіт аспан орнасын деп тілеймін. Бала жылап, ата-ана қайғырмаса екен. Сол ұрыста қаза тапқан жаужүрек жігіттеріміздің қай-қайсы болса да батыр атағына лайық. Олардың рухтарына мың тағзым етемін», деп атап өтті.

Майор Арман ӘУБӘКІРОВ,

Алматы қаласы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5257