Сенбі, 23 Қараша 2024
Көкмұнар 7923 0 пікір 11 Сәуір, 2017 сағат 12:59

П.К.Услар. Қазақ даласындағы төрт ай

19 ғасырдың орта шенінде қазақ даласына саяхаттап келген орыс бароны Услардың естелік-әңгімесін жалғастырып беріп отырмыз. Бұл тарауда автор қазақтың суырып салма ақындары мен сұлу бойжеткенді реті келіп қалған соң кекете күліп, мәз болады. Сол ырабайсыз күлкісіне ескерту болар бәлкім, экспедиция басшысы түнгі молалардан қорқынышты үн естиді. 

 

IV.

Күннің шығуына жарты сағат қалғанда мені оятып, отрядтың жиналып Есілдің арғы бетінде жүруге дайындалып жатқанын хабарлады. Казармада маған түнеп шығуға бір бөлме берген болатын, кетіп бара жатып артымдағы казармаға тағы қарадым. Еріксіз  түскен ой –  бірнеше күн мен түн ашық аспанның астында жүретінім, қашан  баспаналы біреу  кіргізіп қонақ еткенше ешқандай құрылысты көрмейтінім анық.

Жарқайың-Ағаштың түбіндегі Есіл - тайыз және арнасы кең емес екен. Жазда оны кез келген жерінен қауіпсіз кешіп өтуге болады. Бірақ, дәл сол кезде жаңбырдың көптігінен оның арнасы толып кетіп, арғы бетіне тек пароммен ғана өтетін жағдайға тап болдық. Ағысы онша қатты емес екен, сондықтан казактар аттарын жүздіріп, өздері қару-жарағы мен киімдерін пароммен өткізді. Менімен бірге паромда жасы он сегіздер шамасында қазақтың қызы болды. Бұл маған далада кездескен алғашқы қазақ қызы еді. Келбетті, көрікті қыз екен, бірақ ешқандай сипаттауға келмейтін лас, неше түрлі шүберектерді үстіне орап алған, киімдері де, беті де лас. Қолында қамшысы бар, Гогольдің сөзімен айтқанда, нағыз бейнелі казактарды көріп тұрса да оларға  еш сый-құрметсіз көзқараспен қарауы қызға ерекше айбынды жүз береді. Жағаға жеткеніміз сол екен, қыз даланың амазонкасы сияқты жағада тұрған атына қарғып мініп маған басымен белгі берді де, тегіс даламен оқтай ұшып кете берді. Бұл қыз бекіністен жырақ емес жерде көшіп-қонып жүретін ауылдан екен.

Жоғарыда айттым ғой, біздің отряд сан жағынан көп емес болатын, бірақ оған қарамастан  қаптаған төтенше жұмыстарды атқарып жүргендей көрінетін. Таңертеңгі салқын суға денелері тоңып қалған казактар тездетіп киініп аттарын ерттеп жатты. Аттар болса су болған жалын сілкіп пырылдап осқырып жатыр. Түйелер ең бірінші болып судан өткізілген болатын, олардың үстіне отряд үшін кепкен нан мен жарма салынған қаптар тиелген.  Шыдамды жануарлар жерде қозғалмай жатыр, үстеріне тиелген орасан үлкен жүктен өздері көрінбейді. Кез келген минутта шабуыл болып қалу мүмкіндігін ескеріп, барлық әскери сақтық шараларын жасап қойдық. Бірнеше адамды авангард есебінде алға, жолбасшылар жүрген жаққа жібердік. Сонымен бірге үш адамнан бір шақырым алға, оңымыз бен солымызға жіберіп екі қанатымызда отрядтар жүріп келе жатты. Түйелер қиқарланып, алдағы жолында болатын қиындықтарды сезгендей біразға дейін тұрғысы келмеді. Жолсеріктер қайта-қайта жұлғылап «чок, чок» деп қоймағасын ғана жабайы дауыспен өкіріп орындарынан тұрды. Казактар Құдайға шоқынып, офицердің командасынан кейін отряд жұмыла алға жылжыды.

Жарқайың-Ағаштан бірнеше шақырым жүрген соң дала ұланғайыр қашықтықтан кейінгі ерекшелікке - өлі денеге айналғандай болады. Дала бетінің жеңіл толқындылығы ұзақ қиырға көз жүгіртуге мүмкіндік бермейді, барлық жерде көз алдыңда сүрең көрініс –  жүдеу сирек өсіп тұрған қоңыр түсті  майсара деп аталатын шөптің арасынан құм мен сазды ғана көресің. Көгілдір аспандағы маусымның күні далаға жарқырап сәулесін шашқанына қарамастан дала мұңды болып көрінді. Табиғаттың тырдай жалаңаш екендігін жасыратын ешқандай белгісіздік, ешқандай алдаушылық жоқ, Атты қамшымен бір сілтеп алдағы авангардта келе жатқандарды мен негізгі күштердің ортасына келгенде тоқтаттым. Адамдардың сөздері маған естілмесін, ешкімге алаңдамай бірнеше минут тәтті де мұңды сезімдеріме беріліп, шөл далалық кеңістікте жалғыз қалғым келді. Адам баласының билігінен осынша еркін жатқан жер шарының кішкентай бөлігін ешқашан көрген емеспін.  Барлық жердегі биліктің табиғатқа деген қожайындығы еш жерден байқалмайды; тіпті оның бұрынғы іздері де байқалмайды. Бүкіл адамзат баласы  аңсаған өлкеге біз бірінші болып аяқ басып отырғандаймыз.

Дала маған бөтен көрініп, қонақжайлығын танытпағандай болып көрінсе,  оның есесіне ондағы барлық жәндіктер мен мақұлықтарға соғұрлым еркіндік молынан берілген сияқты. Көз алдыма жерді тасқын су басқанға дейінгі әлемнің бір сынық бөлігі келді, ол кезде Кювьенің айтуынша жер бетін жануарлар жайлаған. Дала түгелімен қазылған індерге толы, сондықтан да ат үстінде сақ отыруға тиіспін, себебі атым індерге аяғын сұғып ала берді. Суыр тышқандар маған қызыққан кейіппен бұрын көрмеген қонақ сияқты қарайды, тек ат тұяғынан ғана қашып ініне тығылады. Сан жетпес тарбаған тышқандар немесе жер қояндар жолымды кесіп өтіп жатыр. Тарбағандар жүгірмейді, артқы аяғымен секіреді, олардың артқы аяқтары алдыңғысынан ұзын келеді. Анда-санда алдымыздан киіктер оқтай ағып өтеді, ядроның рикошеті сияқты секіріп жүгіреді. Қарақұстар мен бүркіттер аспанда самғап жем іздеп жүр. Көптен күткен,  аң мен құстың көптігі отрядымыздағы аңшылардың көңілін көтеріп тастады.

Күн көкжиектен көтерілген сайын ыстық та күшейе берді, бір кезде шыдауға мүмкін болмайтын жағдайға жеттік. Жердің қара топырағы түскен жылылықты қабылдап төменгі қабаттарына  атмосфераның ыстықтығының моншадай дәрежеге жеткенін хабарлауда. Алдымыздағы бірнеше жүз шақырымдар бойында шаңқай күннен көлеңкесіне тығылатын  бірде бір ағаштың кездеспеуі мүмкін деген ой мені ғана емес, әрбірімізді мазасыздандырып, алғаш рет далаға келген сібірліктерді қорқытып келеді. Шаршағандықтан басымды салбыратып келе жатқан едім, атым сүрініп кетті де барлық уайымды ойларымды үзіп тастады. Еріксіз жоғары қарадым, сол кезде көз алдымнан керемет көрініс ашылып, алдымыздан үлкендігі әжептәуір үлкен көл көрінді,  қарама-қарсы жағасында мен көптен бері көрмеген қалың орман өсіп тұр. Көлдің бірнеше аралшықтары бар, олар да  ағаштармен көмкерілген.  Су мен жасыл көктің қоспасы сүйкімді ландшафты құрап тұр. Таңғалғаным, бұл көлдің кеше ғана ерекше ыждағаттықпен  қараған топографиялық картада  жоқ болғаны. Осы сұрақты казактардың біріне қойғанымда, оның жауабы мені таңқалдырған ғажап көріністі быт-шыт етті.  Бұл Европада сағым деп аталатын елес көрініс еді. Ыстықпен күйген ауа дөңес айнаның құбылысын жасап даланың шөбін биік ағаштар етіп көрсетеді, ал көгілдір аспанның шағылысуы суды дастархан етіп жайып көрсетеді. Көздің сағымды көріп, соның алдауына шыдау қиынның қиыны; біз үшін нағыз Танталдың азабы болды. Ыстық пен шөлден дем ала алмай келе жатқан біздерге алыс емес жерден көлеңке мен суды көреміз, ол қайта-қайта көрініп, сол заматта алхимиктер іздеген ұлы жаңалық сияқты жоқ болып кетеді

 

Бірнеше сағатқа созылып әбден шаршатқан осы жүрісімізден кейін, алыстан қара жердің бетінен  биік емес, бірақ, тіке жардың табанынан  иреңдеген тар жасыл жолақ көрінді. Бұл жолақ қайтадан біздің жолдың бойынан шыққан Есілдің ағысы екенін білдіреді. Кәдімгідей ғана, қасыңнан бірнеше сажын жерде, бірақ тек өзеннің  немесе өзеншіктің жағасында жылқыға жемшөпке жарамды шүйгін шөп өсіп тұр. Сондықтан да далада жүру өте қиынның қиыны. Кейде әбден шаршаған атпен жем мен суға жету үшін тоқтамай ұзақ өткелді жолмен жүруге тура келеді. Бәрін білетін жетік жолбасшы осындайда өте қажет;  Онсыз адамдарды бірнеше күнге адастыру қиын емес.  Бізде даланың өте дәл түсірілген картасы бар, бірақ оның өзі де отрядтың бастығын қиындықтан шығара алмайды. Картада өзеншіктер мен көлдер өте дәл көрсетіледі, бірақ оларда бір тамшы да су болмайды. Рас, көктемде олар еріген қардың суларына толады, күзге қарай көлдер қалың қамысқа толып, балықтың орнына қабандар мен борсықтар өріп жүреді. Далалық өзеншіктердің көп жағдайда ағысы нашар, жазда тіпті тоқтап қалады. Ұзын құрғақ аңғарлар кездеседі, олардың ұзындығы кейде бірнеше жүз шақырымға жетуі мүмкін, оны біздің карталарда пәленше деген өзен деп белгілеген. Бұл аңғарларда кейде суы жаз бойы сақталатын терең шүңеттер кездеседі, олардың арасы бірнеше шақырым болады. Казактар оларды қайыр су, көлшіктер деп атайды, осы жерлерге отрядтар түнеуге тоқтайды. Мұндай өзендердің суы ақпағандықтан бұзылады, оны жиіркенбей іше алмайсың. Сондықтан да далаға жолға шыққанда неше түрлі жоқшылықтарға дайын болу керек, түйелер сияқты тамақ пен суға талғампаз болмауға үйрену қажет.

Даланың әр жерінде шашыраңқы кездесетін осы бір шағын оазистердің мысалымен табиғат саяхатшыны жолында кездескен, көзіне көрінген неше түрлі жағымсыз көріністерді ұмыттыруға тырысады. Қайыр сулардың сақтаған ылғалы олардың айналасындағы өсімдіктерге қуат беріп тұрады. Қалың өскен итмұрынның бұталары мен басқа да толып жатқан гүлдер жағалауды жайнатып, жердің осы бір бөлігін қолдан өсірген гүлзар сияқты етеді. Сонымен қатар, осы қайырлы жағалар іші адамды көріп үрікпейтін  құсқа толы, қорықпай өзі мылтықтың аузына жақындайды.  Аңшылық жасауға болар еді, бірақ бұлай аң аулау қызық емес қой, себебі аңшыға белгісіздік қажет, жүрегін тыңдап тұрып аңды күту мұнда жоқ. Отрядтағы балықшылар түнеген кезіндегі ұстаған балықтарымен мақтануына болады. Шүңеттерде балықтың көптігі сонша, сүзгі қалтамен ұстауға болады. Кейде олардың сәтті табыстары казактарға ұнамаған кездері де болды. Бір рет казактардың өздері ұстаған дәу шортандарды лақтырғандарын көрдім, себебі шортандардың ішінен дала тышқандары шығыпты. Мұндай шортандарды казактар жеуге бармады, жиіркенгеннен емес, себебі сол кез Петров постының (оразасының) мезгілі болғандықтан, тек қарапайым тамақ жеуге міндетті еді.

Мінгеніміз жалғыз ғана ат болғандықтан, бізге ұзақ қашықтыққа жорық жасауға болмайтын, оның үстіне күтпеген жағдай кездесіп қалуы мүмкін, жыртқыштардың (қазақтарды айтып отыр, С.Ж.) ізіне түсе  қалсақ аттарымыз шаршаған ат болмауы керек. Тәулігіне шамамен 30-дан 40 шақырымға дейін өтіп жүрміз, бірақ қайнап тұрған ыстық кезінде. Түнде күзетшілеріміз қаншама сақ болса да жайылып жүрген аттарымызды қуып кетуден сақтай алмайды. Күн батқан соң аттарды төртбұрышты каренің (каре – жаяу әскердің төртбұрышпен орналасуы, С.Ж.) ортасына атбайлауға қойып, тек таң алдында ғана жайылуға жібереміз. Себебі жылқылар таңертеңгі салқынмен шөпті  құмартып жейді. Сондықтан, жорыққа таңғы жетіден бұрын және күннің жартысы ауғаннан кейін шығуға болмайтын.

Жорыққа шығардың алдында отрядымыздың мүшелерінің бойларында   сезімдері толып, күш-қуат жинағандай көрініс орнайтын, даланың моладай тыныштығына бұл әрине кереғар көрініс. Казактар өздерінің зарлы әндерін айтады, маған олардың бұл әндерінің терең сезіммен айтылатындығы, әндердің ішіндегі  мақамының терең мағынасы мен ерекшелігі ұнайды.  Сібірде ұлыресей губернияларында немесе Кішіроссияда  қарапайым халық айтып жүрген әндерді сирек естідім. Сібірдің ән қоры бойынша өзінің репертуары бар, оларды басып шығарса дұрыс болар еді.

Осы маңда саяхаттап жүрген Ш-к деген жаратылыстанушы мырза Сібір өлеңдерінің өзі құрастырған әжептәуір үлкен жинағын көрсеткен еді. Жұртшылықты сол жинақпен таныстырмаса өкінішті болады. Казактар халық әндерінен басқа  кейде орыстың романстарын да орындайтын, бірақ олардың сөздерін өздеріне бейімдеп айтады. Казактардың көпшілігі сауатты болғандықтан, Сібірдің казактар тұратын станицаларына барған әрбір әнші онда өзінің болғандығы жайлы із қалдырады. Бір жолы қасымда келе жатқан казактың  (басқалардан бөлініп) өлеңдетіп (речитативпен) айтып келе жатқан ұзақ таусылмайтын әнін онша мән бермей тыңдап келе жаттым. Бір кезде әннің өте ұзақтығына назар аударып, сөздеріне құлағымды тосып тыңдасам, апырмай, бұл казакқа жадының ерекшелігі үшін сыйлық беру керек шығар, Пушкиннің «Анжелосын» басынан аяғына дейін әндетіп айтыпты!

Отрядымыздағы қазақтардың саны он адам, өз алдына топталып отырады, айқайлап сөйлеген кездерде казактардың әндерін басып кетеді. Мен бұл жерде музыкаға байланысты космополит болып алдым.   Карабахта тіпті sans sourciller де тыңдаған едім, толық парсы оркестрі, оның даусынан қабырғалардың өзі құлауы мүмкін. Бірақ, қазақтардың ән айтуымен еш келісетін жайым жоқ. Олар өздерінің музыкасына үлгі етіп, ашуланған түйелердің құлақ жарып өкіретін дауысын алғанға ұқсайды. Еліктеуші көп жағдайда  түпнұсқадан жақсы бола  алмайды емес пе, сол сияқты қазақтар да музыкалық жағынан қос өркешті маэстро ұстаздарынан көп кейін қалып қойыпты. Әндерінің көпшілігі суырып салып айтуға саяды, мақамы өзгермейді, біреу ғана. Жарысқа екі әнші түседі. Әуелі біреуі бірнеше өлеңді айқайлап айтады, ең бастысы - ұйқасқа маңыз береді, мағынасы - екінші үшінші нәрсе. Сосын екіншісі оған жауап береді, дұрыстап айтқанда, ол да оған өлеңмен жауап қайтарады. Қайтарған жауабы неғұрлым күтпеген тұрғыда болса, яғни  неғұрлым далбаса мағынада жауап берсе, соғұрлым тыңдаушылар дауыстап, күліп қолдайды. Осыдан-ақ, екі-үш сағатқа созылатын бұл далбасаның қандай ақымақсыздыққа апарарын  біле беріңіздер.

Әртүрлі дауыспен айтылған отрядтағы концертіміз түске таман тоқтады. Ыстық осы кезде шыдатпайды, жорықшыл бұлбұлдарымыздың тамақтары құрғап, қазақтың суырып салма ақындары шаршап, дарыны таусылып қанаты қайрылса керек. Анда-санда түйе айдаушылардың айқайы мен боқтаған дауыстары естіледі, сірә айдауға көнбеген түйеге айқайлап жатса керек. Тізбе жіптегі кейбір түйе  өз бетінше тоқтап шүйгін шөптен жеуге тоқтайды да, бірінің артынан бірі келе жатқан түйелердің тізбесін бұзады.

Алдында келе жатқандар бір кезде тоқтады, бұл түнеуге тоқтайтынымызды білдіреді. Аттар мен түйелер жүрісін тездете бастады; урядниктер офицерлердің айтқаны бойынша казактар найзаларын жерге қадап каре құрылысының бұрыштарын белгілей бастады. Сонымен бірге жан-жаққа бақылау бекеттері қойылып болған соң, аттар мен түйелердің ер-тоқымдары мен жүктері түсіріле бастады. Түйелердің жүктерін түсіру тағы да  азап жұмыс. Түйелерді көнбіс жануар деп айтушылар, сірә оларды тек суреттерден ғана көргендер болса керек. Қырсықтығы ешқандай сипаттауға келмейді. Олар ультраконсервативті партияға жатады, сондықтан өздерін in statu quo мәртебесінде ұстайды.Түйелер тізерлеп жатқанша үстеріндегі жүкті түсіруге болмайды, әлде тәкаппарлығынан ба, көпке дейін тізелеп жатуды қор санап көнбейді. Казактар қырсық жануарды көндірмек болып алдыңғы бір аяғын көтеріп жіппен мойнына байлап қояды. Үш аяқпен маңғазданып тұрған түйені көру қызықтың қызығы. Шамамен бес минуттай өткен соң қыңыр жануар ыңғайсыз жағдайын сезіне бастағандай болады, тағы бір шама уақыт күш жинап тұрады да, ақыр соңында жәймен тізерлей бастайды (бұл біздің ата-бабаларымыз қолданған әдіс, С.Ж.) Бұл дивертиссман әр жолы түнеген сайын қайталанып, Полишинель балаларды күлдіргендей бізді де күлдіріп отырады.

Ақмола облысы, 1801-1825, 1826-1850, Азат бекеті (Азат), Атбасар, Жарқайың-Ағаш, Қаратомар бекеті (Қаратомар), Көкшетау, Санкт-Петербург (Петроград), Хан бекеті, барымта (аламан) тонау, көтеріліс (бүліктер), қалалар (бекіністер), баспана, Қазақстанның тарихы, қазақтар, казачество, тұлғалар, халық шығармашылығы, пошта жолы, табиғат (флора мен фауна) аңшылық, ғалымдар (ғылым)

Далада жүрген кезіңде еріксізден қазақтардың тұрмыс салтын қабылдауға мәжбүрсің. Мысалы, шатырларды біздің әскерлер бейбіт күндері және кавказдых экспедицияларда өзімен бірге алып жүреді, ал далалық жорық кездерінде еш қолданбайды. Олар ыстықтан да, суықтан да аз қорғайды, ал далалық жерде ыстықтың да, суықтың да азабын тартасың. Шатырлардың орнына офицерлер үшін қазақтың киіз үйлері алынды, олар ыстық та да, суық та да петербургтік саяжайлық à jour үйлермен  салыстырғанда бейімділік жағы мол, бұл үйлерді  жыл сайын жазда қарғап-сілейді, бірақ бәрібір солтүстік астанамыздың тұрғындары үшін жалға алынады. Киіз үй бірнеше бөлек-бөлек кереге қанаттардан тұрады, қанаттардың бастарын қосып дөңгелек шеңбер құрады.  Қанаттардың көздері сыртынан  тоқылған шимен жабылады. Керегенің қанаттарының арасында есікке орын қалдырылып қамыстан тоқылған ши пердемен жабылады. Керегенің бастарына жонылған уық деп аталатын ағаштарды байлайды, оның бір ұшы жоғарыда тұрған шеңбер сияқты  шаңырақ деп аталатын дөңгелектің арнайы жасаған тесіктеріне тығылады. Тесіктерге тығылған уықтар парабола формасындағы күмбезді құрады. Осылай киіз үйдің қаңқасы жасалады да, үсті   киізбен (туырлық - С.Ж.) жабылады. Шаңырақ қана жабылмайды, киіз үйдің ортасына жағылатын  оттың түтіні шығуы үшін. Бұл жиналмалы баспана жазға таптырмайтын үй, жабылған киізді төменнен жоғары қарай көтеруге болады, соның арқасында киіз үйге ауа соғып тұрады, ыстықтың қызуы азаяды. Жақсы тігілген (қойылған) үйден ешқандай жаңбыр өтпейді.

Киіз үйлерде бірнеше апта тұрғаннан кейін ғана көшпелілердің неге осындай өмірді ұнататындығын, біздердің жылжымайтын үйлерімізді ұнатпайтынын түсіне бастайсың. Киіз үйдің иелері тұрмыстық және шаруалық заттарын өзінің қалауынша орналастырады. Бір кезде бастау алған заттарын орналастыру тәртібі кейін көшіп-қонған кездерде өзгермейді. Көшкен сайын үйіңе кірген кезде бұрынғы үйіңе серуеннен оралып келгендей боласың. Бақыттың бір тетігі -іздегеніңді оңай табатын әдетте деушілерді қолдайтын болсақ, at home сезімі көшіп-қонушыларда ешқашан бұзылмайды. Күн сайын көшіп-қону қаншама бақыт сезіміне толтырады десеңші! Бүгінгі түнеген орнымыздағы жердің шөбі нашар, суы ащылау, масалары жаудай жабылып тыныштық бермейді – ертең бұл жерден көшіп кетуіме не кедергі?  Мен тәуелді емеспін, тәуелді адам – ұнаса да, ұнамаса да, сол орнында қалуға тиісті. Дала - ұланғайыр шексіз кеңістік, барлық жерде, күн сәулесі түсетін жерде, су ағып жатыр, шөбі шүйгін, Құдайым маған тыныштықты баспананы дайындап қойған.

Әрине, мұндай еркін өмірдің жаман жақтары, оның жақсы жақтарын бірнеше есе орап кетеді, бірақ, ол жайлы кейін әңгімелеймін.

Ыстық күнге бірнеше сағат қақталып салқын киіз үйге кіргенде ерекше рахат сезімге бөленесің. Бірақ мұндай шыдамсызданып күтетін минутты ұзақ күтесің. Түйелердің жүктерін түсіріп болған соң қазақтар киіз үйді тіге бастайды, өкінішке қарай олардың ыждағаттылығы істі тездетпейді. Бәрі де офицердің алдында қызмет етуге дайын екендігін көрсетпек болып, үшеуі бір арқанды тартуға жүгіремін деп бір-біріне кедергі жасайды. Қайта-қайта   «Акрым, акрым» («ақырын» дегені, - С.Ж.) деген сөзді айтып, онсыз да жәй жүріп жатқан жұмысты баяулатады.

Біз тоқтаған жердің барлығында қазақтардың моласы бар. Маған олар таң қалатын сезім қалдырды!  Біз еш жерде адам баласын кездестірген емеспіз, тіпті адам балсының ізі де жоқ. Бұл жерлер маған адам баласы тұрмаған өлке болып көрінді, себебі қазақтар біз жүріп өткен жақпен жазда ешқашан көшіп-қонып жүрмейді. Адамзат баласын еске түсіретін бірден бір зат -  молалар. Сүйтіп, осы бір қонақжайлы емес өлкеде бізді сүйектері әлдеқашан қурап қалған марқұмдар ғана қабылдады. Қазақтың молалары тізбектеп қойылған тастармен белгіленеді, моладан жалғасып қойылған майда тастар тізбегі суға баратын бағытты көрсетеді. Олардың ойынша, тастар марқұмға суға баратын жолды көрсетеді, марқұм түн сайын шөлдеген кезде жақын жердегі қайырға барып су ішеді. Молалардың арасында ақсүйектер жатқан зираттар да кездеседі, олардың қабірлерінің үстіне тастан  мықты құрылыстар салынған.  Алыстан қарағанда киіз үйдің формасындай. Кіретін есігі өте төмен, ол жерге жататын орынға ұқсас кішігірім ескерткіш қойылады. Күмбезінің ең жоғарғы ұшына көп жағдайда түсі мен порымы өзгеше тас қояды. Бұл тастарды қазақтар көп қаражат жұмсап Түркістан немесе Бұқарадағы (Самарқанның көк тасын айтып отыр, - С.Ж.) атақты әулие жатқан жерлерден алып келіп қояды. Жазулар өте сирек кездеседі, себебі далада сауатты адамдар өте аз болғандықтан; жазуы бар тастарда марқұмның аты немесе оған мақтау сөз емес, Құранның сөздері жазылады: марқұмға мақтау сөз жазу Мұхаммедтің дінінде  мақұлданбайды.

Әйтсе де қазақтар өз ажалымен өлген атақты адамдарға қойылған ескерткіштерді жақсы біледі. Көп жағдайда бұл марқұмдар толық ұмытылып қалады, бірақ олардың аттары қойылған ескерткіштерге байланысты халықтың жадында сақталады. Оның себебі өте қарапайым, далада ашық теңіздегі сияқты,  географиялық нүктелер өте аз кездеседі. Сол себептен де ескерткіші бар зираттар өз атауларын үлкен шатқалдарға береді. Бұл атаулар рудан руға, тіпті біздің географиялық атауларға беріліп те жатыр. Мәңгілікке атын қалдырудың осы бір арзан жолы Геростратқа белгілі болған болса, ол сөз жоқ Дианин храмын өртемеген болар еді.

Қазақтың молалары терең қазылмайды; марқұм бөзден тігілген киімге кигізіліп, жатқызылып емес, отырғызып қойылады, сосын  топырақ салынбайды, үсті бұтамен жабылады. Діндарлардың айтуынша, марқұмды жерге беріп одан 40 қадам алыстаған соң оған періштелер келіп жауап ала бастайды. Марқұмды өмірде жасаған үлкен, кіші күнәлары үшін жазалайды: тазалыққа байланысты әдет-ғұрыптарды дұрыс сақтамағаны үшін, ұзын мұрты үшін т.б. Ерекше үлкен күнәлары үшін жазаны марқұм ең Соңғы соттан кейін алады.

Ешкім тұрмайтын айдалада жатқан қабірлердің тыныштығы өте сирек бұзылады. Бір жолы осындай ескерткіштің ішінде  жолдасыммен сөйлесіп отырып бір ерекше жаңғырықты естідім. Белгісіз үшінші адам біздің әңгімемізге қатысып отырғандай болды. Жаңғырықтың күшін сынамақ болып пистолеттен атып жібердім. Сол мезетте айналаның бәрі тіріліп кеткендей болды. Ауада қорқынышты діріл басталып, қараңғыда маған көрінбеген қатал қанаттылар бетімді қанатымен бірнеше рет желпіп өтті. Пистолетімнің дауысы Мұхаммедтің жазалаушы періштелерін қорқытып жіберген болар деп ойладым., бірақ істің мәні оңай еді. Менің атқан оғымның дауысы осындай ескерткіш мазарларды мекендейтін  ондаған жарқанаттарды оятып жіберген екен.

Осындай қорымдардың қасынан өткен кездерімізде біздің  қазақтар міндетті түрде тоқтайтын. Далада қалыптасқан дәстүр бойынша жолаушы тоқтап, атынан түсіп зираттың қасына киімінің бір шүберегін немесе атының жалының қылын байлап кетуі керек. Қазақтар дәл осы дәстүрді әулиелі  деп саналатын жерлерге де жасайды, қазақта мұндай әулиелі жерлер өте көп кездеседі. Адамның назарына түсетін әрбір зат, мысалы жалғыз үлкен тас немесе қурап қалған бұта әулиелі деп саналады. Құдай осындай заттарды құпия мақсатпен, әрбір жолаушының көзіне түссін деп жасаған дейді қазақтар.

Біз оңтүстікке қарай Ұлытауды беттеп тіке жүріп келеміз. Жолымыз Орынборға бағынатын Сібір ведомствосы даласының шекарасымен сәйкес келеді. Әр кеш сайын жартылай кеуіп қалған бұлақтарға тоқтап келдік, бұлақтардың барлығы Торғай деп аталады. Далалық жерде бір өңірден бастау алатын өзеншіктердің барлығы бір ғана атпен аталып, бір бірінен  өзеншіктердің алдына қойылатын сын есіммен өзгешеленеді. Мысалы, Жарқайың-Ағаш пен Ұлытау арасындағы батысқа қарай ағатын өзеншіктер Торғай деп, орысша «жаворонок» деп аталады. 60-тан астам Торғай бар екен, олардың бір бірінен айырмашылығы, алдына қойылатын сын есімде: қара, сары т. б. Олардың бәрі де Ұлы Торғайға құяды. Ұлы Торғай, Ырғыз екеуі қамыстарға, сосын тұзды батпақтарға (Ақсақал Берби деп аталатын) жетіп жоғалып кетеді.

Осылай бірнеше күн жүріп келеміз, даланың түсі өзгерер емес. Ештеңе өспейтін жер, судың тапшылығы, барлық жерде даланың сүреңсіз келбеті, жан-жақтың барлығы түсі көкжиекпен  бірдей болып қошқыл  өскен майсара шөбі. Анда-санда боз селеу басқан жер жолақтары кездеседі; бір қараған көзге күмістей жылтыраған бұл шөптің түсі әжептәуір ұнамды. Үстінен жел желпіп өткен кезде  күміс толқындары бар теңіз сияқты болып көрінеді.. Содырлар жайлы сұрап білетін біреуді кездестірсек деп шыдамсызданып келеміз, бірақ киік пен құландардан басқа ешкімді кездестірмедік. Алдымызда және қос бүйірімізде келе жатқан казактардан көз алмаймыз. Олар бір минутқа тоқтай қалса, отрядта қуанышты сезім жайлап кетеді – дәл солай, жаңа затты көрді; бірақ біздің бұл қиялымыз тез аяқталады. Бір рет алдымыздан үш қазақты көрдік, олар бізді көрді де бұрылып қаша жөнелді. Ұзақ қуып әрең дегенде ұстадық. Сүйтсек, олар біздің Ұлытаудағы отрядтан қағазбен жұмсалғандар екен. Бізді танымай содырлар деп ойлапты.

Ақыры, алыстағы көкжиектен  Ұлытау тауларының шыңдары көрінді-ау, оның екі бүйірінде Арғаната тауы мен Кішітау да көрінді. Таулар даланың тегіс жазығында жәйлап көрініп биіктей бастады, таудың етегіне дейін ештеңе өспейтін қу дала қалпы сақталған. Бұл таулар жазық далада өз алдына дербес орналасқандықтан бейнесі мен пішіні,  көк аспанда  сурет  болып нүктеленіп тұрғанын анық көре аласың. Таудың тар аңғарына түскен соң кенеттен басқа өлкеге келгендей болдық. Тіке жартастардан таза судың бұлағы ағып жатыр, аттарымыз ағып жатқан сансыз бұлақтардың жағасында қалың өскен шөптің арасымен әрең жүріп келеді.  Көп ұзамай осыдан бір ай бұрын Ұлытауға келіп орналасқан отрядқа келіп қосылдық.

(Жалғасы бар. Басы мына сілтемелерде: http://abai.kz/post/49234;http://abai.kz/post/50361; http://abai.kz/post/51010)

Орыс тілінен аударған Сағат Жүсіп

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364