Сейітқамза ҚАЛИЕВ. Өз тіліміздегі өсімдік атауларын білеміз бе?
Жақында «Арыс» баспасынан белгілі емші Сейітқамза Қалиевтің қазақ емінің рецептері мен Тибет медицинасының негіздерін қамтыған «Емдік рецептер энциклопедиясы» жарық көрді. Кітапта қазақ тіліндегі алуан түрлі дәрілік шөптердің аты аталып, емдік қасиеті көрсетіледі. Сондықтан да бұл еңбек халық емшілігі үшін үлкен қазына ғана емес, қазақтың сөздік қорына көптеген құнды атауларды қосатын сөз қоржыны. Төменде аталмыш кітап авторының қазақ тіліндегі өсімдік атаулары туралы мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Жақында «Арыс» баспасынан белгілі емші Сейітқамза Қалиевтің қазақ емінің рецептері мен Тибет медицинасының негіздерін қамтыған «Емдік рецептер энциклопедиясы» жарық көрді. Кітапта қазақ тіліндегі алуан түрлі дәрілік шөптердің аты аталып, емдік қасиеті көрсетіледі. Сондықтан да бұл еңбек халық емшілігі үшін үлкен қазына ғана емес, қазақтың сөздік қорына көптеген құнды атауларды қосатын сөз қоржыны. Төменде аталмыш кітап авторының қазақ тіліндегі өсімдік атаулары туралы мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Ботаник ғалымдарымыздың есептеулері бойынша, республикамыздың аумағында алты мыңнан астам өсімдік түрі бар делінеді. Оның 760-ы басқа ешбір жерде өспейтіні де дәлелденген. Демек, қазақ жерінде өсетін барлық өсімдіктің қазақша атауы бар деген сөз. Тек сол өсімдік өсетін жердегі тұрғылықты адамдармен кеңінен отырып асықпай әңгімелесу арқылы әр түрдің атын жазып, түсін анықтап, қасиетін біліп, малға жұғымдылығын, дәрілік ерекшеліктерін тәптіштеп жазып алу керек.
Он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» бар болғаны 768 ғана өсімдік атауы бар. Соның өзінде кейбіреуі жаңсақ жазылып, атаудың толық мағынасын бере алмайды. Демек, қазақ жерінің көптеген өсімдік түрлері басқа ұлттардың, әсіресе, орыстардың атауымен тұрғаны ұлттық намысымызға сын деп ойлаймын. Аталған түсіндірме сөздікте 67 мың сөз тіркелген екен. Оған басқа жақтан іздемей-ақ өзімізде өсетін өсімдіктердің атауын қоссақ, сөз қорымыз қанатын жайып, қомдана түсер еді.
«Ертеректе Тарбағатай өңірінде өмір сүрген Оспан Бабалықов деген ақсақал өсімдіктің он мыңнан астам түрінің атын атап, түсін түстеп беруші еді»,- деп еске алушы еді күні кеше ғана көз жұмған ғұлама кария Жағда Бабалықов. Осы орайда еріксіз ойға қаласыз. Осыншама өсімдік болмаса соншама атауды сол адам қайдан білді? Оны кезінде ескеріп, қағазға түсіре алмағанымыз өкінішті-ақ. Ағылшындардың сөздік қорында 415 мың, орыстарда 120 мыңнан астам сөз болса, осының аса қомақты бөлігі өсімдіктердің атауымен көркейіп тұрған жоқ па?!
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары көршілес Қытай еліне барған сапарымызда әр ауданда өсетін өсімдіктердің түсін түстеп, санын реттеп, сапасын зерттейтін арнайы топ жасақталғанына куә болып едік. Топқа осы саланың жанашыр мамандарынан жиырма шақты адам жиналған. Олар тек осы жұмыспен ғана айналысады. Ай сайын жоғарыға есеп беріп, жұмыс нәтижесін сарапқа салады. Өз ісіне салғырт қараған адамдар болса оны жұмыстан шығарып, орнына құлшынып тұрған адамдардан толықтырады. Олар «қай өсімдік қандай топырақта өседі? Топырақтың құнары, ылғалдың мөлшері, мал азықтың құндылығы, жұғымдылығы, дәрілік қасиеті қандай?» деген сұрақтарға жергілікті мал шаруашылығымен айналысатын адамдарды қатыстыра отырып, жауап іздейтіні бізді қызықтырған еді. Әрине, бұл жұмыс түгелдей мемлекет құзырында. Сондықтан да оның жауапкершілігі жоғары.
Біздің елде де осындай жүйелі жұмыс болмайынша өсімдік атауларын толық жинап ала алмаймыз. Әлі күнге дейін ел ішінде ауызша айтылып, тұрмыста қолданып жүрген өсімдік атаулары түсіндірме сөз қорымызда жоқ болуы немесе басқа мағынамен айтылуына бірер мысал келтірейін. Түсіндірме сөздікте «сасық шөп» деп аталатын шөпті ел ішінде «гүлбуын» деп те атайды. Оны орыстар «пустырник» деп атайды. Оны сасық дегеннен гөрі гүлбуын деген мағынасы құлаққа жағымды әрі айтса айтқандай әр жапырағының түбінен гүл қауашақтары ашылады. Ол - жүрек дәрісі ретінде атына заты сай көрікті өсімдіктердің бірі.
Әлі есімде, елуінші жылдардың ортасы болатын, қылтамақ сырқатымен әл үстінде жатқан әкем: «Туған жер топырағында өскен (Алтай тауын айтады) қарағайдың қазанынан дәм татар ма еді», - деп өкінішпен көз жұмып еді. Кейін келе сол сөздің мағынасын көп іздеуіме тура келді. Академиялық сөздіктерді сүзіп, энциклопедияға да үңілдім, табылмады. Бірақ ел ішіндегі көне көз қариялар ұмытпапты. Оның сыры мынада екен: «Елу жылда ел жаңарады, жүз жылда қазан толады» деген қанатты сөз бар қазақта. Осындағы «елу жылда ел жаңарады» деген сөз түсінікті. Ал «Жүз жылда қазан толадысы» қалай? Дәрілік қасиеті өзгеше өсімдіктің бірі - бүршікті сібір қарағайы. Ол бес жүз жыл бойы өңін жоғалтпай өсумен болады екен. Бүршігі бес-он жыл ішінде пісіп жетілмесе де алып жеуге, дәріге жаратуға болады. Сол бүршік дәні жұлынбаса жыл сайынғы көктемде қайта көгілдір тартып, жанданып, өсу үстінде екенін аңғартып тұрады. Осылайша жүз жыл бойы пісіп-жетіліп, мерзімі жеткенде өздігінен үзіліп түседі екен. Бүршік дәннің піскен сол мезгілін бабалар «қазан толды» атаған. Бұл - көпті көрген қариялардың түсінігі. Осы бүршік дәннің дәрілік қасиетін Шығыс емшілері ежелгі дәуірлерден-ақ білген.
Енді ақжүрек (ақбияу) гүлді шөбін алайық. Оның шипалық қасиетінен бұрын атауын республикамыздан шығатын ешбір басылымнан таппадық. Бұл өсімдік өзіміздің Тарбағатай, Текелі, Қапал, Алатау баурайларында өте көп өседі. Дәрілік қасиеті аса жоғары. Халық медицинасында ежелден қолданылады. Ақжүрек - теңіз деңгейінен 1500-2000 метр биіктегі таулардың күнгей бетіндегі қалың шөп арасында өсіп, мамыр-маусым айларында жетілетін өсімдік.
Осы ақжүрекке байланысты айта кетер бір жайт, соңғы жылдары Батыс Қытайға барған сапарымыздағы таңданысымыз еді. Тек қана осы аталған өсімдікті жинау үшін сонау Шығыс Қытайдан Алтай, Тарбағатай, Іле алатауын бетке алған қытайлықтар төрт мың шақырымдық жолды алыссынбай лек-легімен ағылады екен. Олар өз жеріндегі аталған өсімдікті тауысып, қазақ жеріне топ-тобымен өтіп, соны жинап жүргенін мерзімді баспасөз беттерінен талай оқығанымыз бар еді. Өйткені ақжүректі қытайдың медициналық орындары, халық емшілері аса қымбатқа бағалап алады екен. Олар соншама жерден жол азабын тартып, арып-ашып, азып-тозып келгенде әрқайсысы 3-4 килограмнан жинаса, сонысына қуана-қуана қайтатын көрінеді. Осыдан-ақ оның құны қаншалық екенін аңғаруға болады. Өкінішке қарай, осындай шипалы өсімдіктің өз жерімізде бағаланбауы, дәрі жасайтын орындардың назарына ілікпеуін қалай түсінуге болады?..
Халқымыз табиғат бітіміне қарай ат қоюға өте шебер. Қойылған әр атау белгі заттың танымдық қасиетін айдай айғақтап тұратынына қайран қаласың. Мәселен, біздің академиялық сөздіктерімізде «тамыр дәрі» делінетін атауды «кәдімгі женьшень» деп түсіндіреді. «Женьшень» - Қытай сөзі. Басқа елдер де оны осылай атайды. Егер ол өз жерлерінде өсетін болса өздерінше атаған болар еді. Ал «женьшень» біздің биік тауларымызда өскендіктен де өз тілімізде атауы бар. Оны ата-бабаларымыз әлімсақтан «адамшөп» деп атаған. Бұлай атаудың, біздіңше, екі түрлі себебі бар сияқты. Біріншісі, өсімдікте аяқ-қолдың, кеуде, мойын, бастың сұлбасы ап-айқын көрініп тұрады. Екіншісі, оның ғұмырына байланысты. Ертеде Алтай тауларындағы қалың қарағай арасындағы шағын алаңқайда өскен адамшөпті көрген бабаларымыз сол жерге белгі қояды екен. Ондағы мақсат - өсімдіктің өсіп-өніп, пісіп-жетілуін күту. Оған өз ғұмыры жетпесе, ұрпағына табыс ететін көрінеді. Адамшөптің толық қуатына келуіне елу, жүз жыл уақыт кетеді. Он жыл, жиырма жыл толғанына жас деп қараған. Демек, адамшөптің де өсу-толысу мерзімі адаммен пара-пар келетіні ғой. Шөптің түрі, ғұмыры адаммен ұқсас өріліп жатқанын аңғара білген халық «адамшөп» деп орынды атаған.
Бізде күнделікті айтылып-жазылып жүрген «лала гүлдерінің» қазақша атауы жоқ сияқты көрінеді. Бұл өсімдік те халық медицинасында дәрі ретінде жиі қолданылады, қазақша атаулары бар. Мәселен, жапырақтары жіңішке жыланқияқ сияқты таралып өсетін сары түсті, ширатыла бой көтеретін гүлді өсімдікті орысша-қазақша екі томдық сөздікте «лала -«Водяная лилия» - су лаласы»деп атапты. Оны біздің халық «алтын гүл» деп атаған. Миына зақым келген адамдарды халық емшілері осы шөппен сақайтқан. Осы аталған гүлдер тобына жатқызылып жүрген алашұбар лала гүлін халқымыз «сарана» деп атайды.
Кең-байтақ өлкемізде жуаның да түрлері өте көп. Осылардың арасында тек тағамдық қасиетімен ғана емес, шипалы дәрілік ерекшелігімен де бөлінетіндері де баршылық. Соның бірі - шижуа. Оны орыстар «дюсай», қытайдар «жюсай» деп қолдан егіп өсіреді. Бұдан алуан түрлі тағам әзірлеп, дәнін, жапырағын, тамырын жинап кептіріп, дәрі жасайды.
Біз сөздік қорымызда ел арасында ауыздан ауызға таралып, мағынасы түсінікті болғанымен баспасөзімізде көрінбей жүрген, дәрілік өсімдіктер қатарынан қаға берісте қалып бара жатқан, бірақ өте қажетті, шипалылығы аса жоғары, халықтың денсаулығын көтеруге өзіндік үлес қосатын өсімдіктердің кейбірін ғана атадық.
Соңғы кездері сөз қорымызды толықтыру мақсатында көптеген сөздер орысшадан, халықаралық атаулардан аударылып, тілімізге кіріге бастады. Осыған орай өзімізде айтылып, күнделікті тұрмысымызда қолданылып жүрген дәрілік әрі асқа қосылатын дәмдендіргіш өсімдіктер атауларын түр-түсіне, жеке қасиетіне, қолдану аясына қарай құлаққа жағымды әрі түсінікті атаумен атағанымыз дұрыс. Мысалы, «петрушканы» «иістікөк» деп атасақ, өз мағынасын толық ашатын сияқты. Ал «сельдерейдің» түпкі мағынасын сақтай отырып, «селдіркөк» десек, өз сөзімізге айналмай ма?! Ол - жай ғана қатардағы шөп емес, адам денесіндегі түрлі қабыну ауруларын тежейтін, денеге жиналған артық ылғалды ығыстырып шығаратын дәрілік өсімдік.
Республикамыздың әр өңірінен кездесетін тағы бір дәрілік өсімдік - «күйдіргі». Тілімізде күйдіргі деген аурудың атауы да бар. Шөптің атауы жоқ. Біз жазба деректерден кездестіре алмадық. Ел ішінде ол шөпті дәрі ретінде көп қолданады. Оны денеңізге мерзімінен артық ұстасаңыз, күлдіретіп күйдіріп тастайды. Ал шамалы ғана ұстасаңыз, буын ауруларын жазады. Екі тізесінен баса алмай қалған адамдардың осы емнен соң толыққанды жазылып кеткенін көзбен көрдік. Ол қыраң жерде ұйысып өседі. Бойы аласа, басында кәріқыздың жемісіне ұқсас тікенді сопақша жемісі болады. Тікендері әлсіз, ұстай алсаңыз, жапырылып майысып қалады.
Біздіңше, елімізде дәрілік өсімдіктер саны мыңға жуықтайды. Оның белгілі бөлігінің атауы орысшадан тікелей аударылғандықтан, толық мағынасын бермейді. Сондықтан да оның түпкі мағынасын жете зерттеп білу, сұрыптап, ат-атауын нақтылап қағазға түсіру - бүгінгі ғылым алдында тұрған аса жауапты міндеттердің бірі. Сондықтан осы салада еңбек ететін әрбір қазақ өзі білетін өсімдіктер жайындағы мәліметті хал-қадерінше редакцияға жазып жіберсе, сөздік қорымызды көбейтуге қосқан үлесі болар еді.
Сейітқамза ҚАЛИЕВ, халық емшісі
«Ана тілі» газеті