Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
«Соқыр» Фемида 6663 5 пікір 23 Сәуір, 2017 сағат 21:28

Қазақ елін ұрылар жайлап алды

Елді ұры мен өтірікші жайлады. Және олар жоғарыға көтерілді. Енді түспейді. Тек қана түкірігі мен қақырығы түсер. Бұл қоғамның дерті. Қоғам тәрбиесінің қорытындысы – ұрлыққа, өтірікке, жалаға, қысқасы бітпес күнәһарлыққа әкеп тіреді. Демек, бұл – ұрпақтың соры, қара халықтың азабы! Алға қойған мақсат жоқ, мақсатқа негіз жоқ, негізге ниет, ниетке себеп жоқ болып қалды. Себебі, өтіріктің арты бір тұтам. Халық ығыр болды, өтіріктен мезі болып әбден шаршады.

Қай жерде де «өшіп жатыр» дегенді «өсіп жатыр» деген жалған жарнамалар қаптады. Балалар сабақты нөлебойдан бастайды, мектеп қабырғасында 11 жыл тапжылмастан отырады. Алып шығатын ештеңесі жоқ. Бағдарлама қисық. Баяғы маймылдың тұқымысың деумен қатып қалған, «шеләбек пауктың» қазақ түрі келіп қол ұшын созбаса 2050 жылға дейін жібімес. Ал Құран «топырақтан түзілдің» дейді, және ақиқаты сол. Мұғалім маймылдан шықтың деп оқытады, ал оқушының ата-анасы: «Атасының басы, сенің мұғаліміңнің өзі маймылдан шыққан, тіфу, мә, деп, үйде отырып алып мұғалімге қолын шығарады. Оның қандай жазығы бар? Мұғалімдерге шамадан тыс іс жүктеп қойған, әкімияттың тапсырмасымен итке қабылып үй аралайды кеп, одан қалды қыруар қағаз. Көлік жөндетіп қоймаса болар еді.

Ал Сағадиевке топырақ емес ұннан жаратылсаң да бәрібір. Сонда кім халықты мазақ етіп отырған? «Соткасыз адам – жаны жоқ тән» деген заманда өмір сүріп жатқан жастар кітап оқи ма? Оқымаса оларды 11 жыл зорлап кітап оқыту, еріксіз қораға қамап маңыратып қою кімге пайдалы?

Қазіргі жастар ешнәрсеге бас ауыртпайды. Олардың жүрегін дір еткізетін бір ғана механизм бар. Ол – айфоннан «пілпук» деген дауыспен белгі беріп келіп отыратын СМС. ҚМДБ халыққа араша түсіп, жақ ашып білім министріне бірнәрсе деп айта алмайды, себебі, саясатпен діннің арасы алшақ дейді. Еріксіз күлесің. Күлесің де жылайсың.

Осы 11 жылдық мектепті бітірген түлектер не ұлтшыл болып шыға алмайды. Себебі, біздің елде ұлтшылдыққа жол жоқ. Ұлтшыл деген сөзді жібітіп ұлтжандылық деп өзгертіп еді. Ол да сопайып тұрған сияқты, қазір ұлтжандылықты «елжандылық» деп бұрмалап айтуда. Себебі, бір өнертапқыш «біздің елде 130-дың үстінде өзге ұлт бар» деген диотты миымызға пәйкілеп берген. Кеңес кезінде 16 республикадан артық ұлт жоқ сияқты еді, мына 130 деген сандырақ сан қайдан шыққан? Сонда әлем халқынан бір-бір ұлт, «летающий тәрелкімен» қонаққа ұшып келген өзге ғаламдықтармен бірге бәрі біздің елде босып жүр ме екен? Біздікілер не дінін қорғай алмайды. Себебі, біздің дінді Матурудиге ғана байлап қойған, қалғаны мойындалмайды. Демек, ақылға сыйымсыз. Мысалы, бұрынғылар тек қана: «Қазақпын, мұсылманмын» дейтін сияқты еді, қазіргілер түрлі ағымға бөлініп алып, киім кию мен сақал қоюларына қарай үйір-үйір болып алған, айғырлары мұхиттың арғы жағында, жартысы тыңшы секілді дүйім жұрт арасында жасырынуда.

Қалған дін ғалымдары халықпен ісі жоқ, себебі, уақыт алтын, қол тимейді, олар Құдайдың қайда екенін іздеп әлек. Алла-Тағала оларға: «Мен жасырынамын, қияметке дейін менің қайда екенімді іздеп табыңдар» деп, Жебірейіл періштеден сәлем айтып жіберген сияқты. Біреулері Құдай анда көрінеді, мында көрінеді десе, екіншілері аяғы бар, қолы бар деп ғайыпқа кіріп кетті. Кейбіреулері Қазақстанның астанасы – Сирия деп түсініп елін қорғауға аттанып кетіп жатса, кейбіреулері ғайбатты үлкен жиһад қылып алған. Сәлде шапан киіп алып интернет желілерде насихат деп қойып ғайбатты ұрып жатыр. Осының бәрін Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қылып па?

Қиямет белгісінің исі аңқып тұр. Ел басына бағыну – уәжіп! Енді балақтарыңды ұзартып, сақалдарыңды қысқартыңдар! Айтпақшы, ұмытып барам, бұл заңды шығармас бұрын осы заңға (шариғатты басшылыққа ала отырып) «педофильдер мен қызтекелерді көрген жерден өлтіріңдер, жезөкшелер мен зинақорларды тас боран атыңдар!» деген заң шығара кетіңдер. Біздің ұрпақ не мұнайдың тетігін ұстаған басшы бола алмайды. Себебі, әмірқандықтар мен қытайлықтар зауыт салып алып, енді қызығын көретін уақытта бізге тірілей тізгін бере ме? Себебі, біз қарызға кіріп кеткенбіз. Ол қарыздан ұрпақ, шөбере-шөпшек құтыла алмас. Қарызға кіруге жағдайсыздық себеп болған. Ал жағдайсыздық, аштық дегендер совхоз-колхозды құртып жібергеннен орын алды. Бұл АҚШ саясаты! Ондай нәубет 32-33 жылдары жүзеге асқан еді, мынау соның мәдени тепкісі болды.

Тілімізді қорғайық десек біз қостілдіміз, турасын айтсақ айыр тілді абжыланбыз. Орыстың қас-қабағына қараумен өлетін болдық. Сондықтан да, қайырлы ел бола алмай зайырлы ел болып отырғанымыз. Географ болудан пайда жоқ, жер байлығының қыр-сырын біліп қаламыз. Астроном болу пайдасыз. Аспан түгілі жерді келістіріп алайық. Халықтың аспанмен байланысы болса «кредит-несие» алғандар баяғыда сол жаққа ұшып қашып кеткен болар еді ғой. Онда бүкіл ІІ Бөлімі қызметкерлері мен банк қызметкерлерін аспаннан іздеп сапырылысамыз ғой. Калькулятор тұрғанда математик болу қайырсыз? Айтпақшы, балықшының оқуы бар ма екен? А, олда «безпәлезні». Қызыл балық пен қара уылдырық тонналап Ресей асады, бай-патшалар ғана қоректенеді, қара халыққа қара балық та аулатпайды. Аулағандары балдарын оқытамын деп пара ретінде оқу орын басшыларына береді. Онда табиғат пен жан-жануарларды қорғасам қайтеді? Мәссаған, о да біртүрлі сияқты. Киіктің бәрін қырған «соларды қорғау мекемесі» емес пе?

Ұрпақ мұрасы «Қызыл кітаптағы» киелі аңның бәрі арабтардың еншісінде. Ұрпақты осы алдамай-ақ қойсақ қайтеді? Қызыл кітапты көзге күйік қылмай өртеп жіберген дұрыс емес пе? Жезөкшелік пен қызтекелікке, наркомандыққа, арақ-шарапқа, педофиль-маньяктарға түзету енгізе алмайтын заңымыз «Пәленше шейхқа пәленше дуадақ, пәленше қырғи, бөдене, т.с.с аң-құстар аулауына рұқсат етілсін!» деп шешім шығарып беретін атымтай жомарттар тек біздің елде бар. Ал жер қорғау біздің түсімізге де кірмес. Айта берсе көп....

Енді не істеу қалды, қандай мамандық таңдасам болады? Қолайлысы ұрлық сияқты. «Жымқыру» факультетіне түсіп, «Сыбайлас» аға арқылы ректорға «қымқыру» операциясынан қалған сарқыт деп пара берсең «Сұғанақ» шәкірт болып атып шығасың да, «Алаяқ» фирмасының қызметкері бола саласың. Сосын «Жемқорлыққа саяхат» бағын аралайсың.

Қараболат Болат

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2050