Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Дежа вю 9943 12 пікір 25 Сәуір, 2017 сағат 16:01

Ән салшы, Үкімет, бұл өнер ғой киелі...

Жақында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мырзаның бейресми бейне жазбасы жария болды, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

"Қазақстан халқына қайтсем де үш тілді үйретемін" деп ала өкпе болып жүрген Үкімет мүшесі (Білім министрі) әлеуметтік желіде желпініп ән айтып тұр.

Жәй ән емес, министр мырза еркін меңгерген ағылшын тіліндегі ән. Батыс пір тұтатын әйгілі "Queen" тобының "Somebody to love" дейтін әні.

Академик әкенің министр баласы Ерекең, қазақ тілін  қатырып меңгермесе де, өзге тілге үйір екенін әу бастан білетінбіз. Енді көзіміз жетті. Әлеуметтік желіде жүрген бейнежазба 2016 жылдың 8-наурызы күні түсірілсе керек.

Білім жүйесіндегі реформалары қоғамдық ортада дау тудырып, түрлі талқыға себеп болды десек те, Ерекең "әу" дегенде алдына жан салматын көрінеді. Міне, мархабат. Көріңіз.

Айтпақшы, Ерекең Үкіметтің жалғыз әншісі емес. Бұған дейін экс-экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың талантына куә болғанбыз. Саксафонда ойнап, қыз-келіншектердің жүрегін жаулаған Бишімбаев қамауға алынып, ендігі тағдыры тұманға айналды. Өкінішті, әрине.

Өнерімен өрге жүзген министрлер легін әрине, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамадиұлы жалғайды. Мәдениет министрі бәрінен асып түсіп, әйгілі "The Beatles" тобының репертуарынан "Yesterday" әнін синтезаторда ойнады.

Сондай-ақ, талантты министрлер көшінде ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов та бар.

Қазақстаның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Иманғали Тасмағанбетов те ән салады.

Бұл - ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетіні төрағасы Кәрім Мәсімов. Бұл кісі де ағылшынша ән салуға әуестердің тобынан.

Иә, иә, кіл таланттардан жиылған бұл топта "Астана ЭКСПО-2017" ҰК төрағасы Ахметжан Есімов те бар екен. Ақаң Алматыны басқарып тұрған тұста күйсандықта ойнап, жұртты тамсандырған-ды.

Қарағанды облысының экс-әкімі, қазіргі Есеп комитетінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков ән салғанда кәсіби әншілерді жолда қалдыратынына мына бейне жазба дәлел.

Әнші әкімдердің сапында Қостанай облысының бұрынғы басшысы Нұралы Сәдуақасовтың да барын білеміз.

Солай, міне. Министрлерден тартып, әкімдерге дейін өнерден құралақан емес.

Айта кетейік, енді бір-екі айда Елордада өтетін ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінің ұйымдастырушылары шетелдің шытыр көйлекті, бәденді бикештерін миллиондаған долларға алдыртпақ көрінеді. Бір ғана Рианна дейтін Барбадос әншісі бір кәнсерті үшін 2 миллион доллар сұрапты. Хош.

ЭКСПО-2017 - Халықаралық көрме. Шетелдік туристер келеді. Ән де, би де өзімізден болса құба-құп емес пе? Үкіметтің "өнерлі жасағын" жоғарыда көрдіңіздер. Әнді де айтады, аспапта да ойнайды. Ең бастысы бұл азаматтар - тума таланттар.

Біздікі риясыз талантты шенеуніктер Рианнаның тасасында қалып қоймасынның қамы.

Сондықтан да Роза Әлқожаның "Ән салшы, Роза" деген әнінің ырғағымен "Ән салшы, Үкімет, бұл өнер ғой киелі, Ән салшы, Үкімет, әніңді елің сүйеді" деп әуендетіп отырған жайымыз бар.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

 

 

 

12 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048