Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4808 0 пікір 22 Қазан, 2010 сағат 05:00

Несіп Жүнісбайұлы. Ақселеу жұмбағы

Енді  сол жұмбақты шешу серті жүрегі елім, жұртым деп соғатын  талай азаматтың өмірлік  мұраты боларына  дау жоқ. ...Қазақ қоғамы Ақселеудей  асылын жоғалтқанына да жыл өтіпті.

Енді  сол жұмбақты шешу серті жүрегі елім, жұртым деп соғатын  талай азаматтың өмірлік  мұраты боларына  дау жоқ. ...Қазақ қоғамы Ақселеудей  асылын жоғалтқанына да жыл өтіпті.

Адам баласы  бұл  дүниеге бақытты болу үшін де, қыруар шаруа атқарып, атын  тарихқа  алтын әріптермен  жазу үшін де келмейтін болар-ау. Менің өзіме адам біткен  жарық жалғанға сол Жалғанның  басты жұмбағы - жарық дүние  дегеннің не  екенін шешуге келетін  секілді. Жұмыр жер жаратылғалы  миллиардтаған  жыл өтсе,  соның бірнеше  миллион жылынан бері Жарық дүниеде  адам тектестер,  кейіннен адам кейіптілер, одан соң  нағыз адамдар ғұмыр кеше бастаса, солардың арасынан  қауашақтарына сұйықтық көбірек құйылған біраз жандар  жаратылыстың  небір  жұмбағын шешіп тастады. Мысалы, жердің доп тәрізді  домалақ екенін,  тартылыс  заңын, дыбыстың жарықтан жылдам екенін т.с.с. Ал, бүкіл  ғаламның тұтас  жұмбағын шешкен, яғни «ол кім, бұл не,  не үшін» деген сұрақтың жауабын  түгел берген жан жоқ.  Бірақ мен  ондай жанның жер бетінде бар екенін сезіп  жүргелі біраз болған.  Ол - Ақселеу  Сейдімбек  аға еді.  Әттең,  сол  жұмбақтың  бар жауабын сұрап  алып қалуға тағдыр  жазбапты... Теңіздың дәмі  тамшысынан болса,  соның бәрін  білетіндігін  бірер саладағы  жауабымен-ақ  сездірген Ақаң  әлгі  толық жауапқа  Адамзат  баласының  бәрін сусатып,  мезгілсіз, асығыс қазасымен өзі білетін  жандардың бәрінің кеу­десіне сұрақ белгісінің суретін салып, «енді Жалғанмен  бірге мені де  зертте» дегендей,  мәңгілік  әлеміне  ұшты та  кетті  өткен күзде.  Мұнысымен  Ақаң да жұмбақ жанға айналып шыға келді. «Ақселеу  жұмбағы»  деп  жатқаным сол сөз басында.  Осы бір  тұлғасы да қойған атына  лайық - Сарыарқаның салқар даласында  желді  күні  шайқалып-теңселіп, иіліп-түзіліп тұратын ақ селеудей, өзі ақ жүзді, қоңыр көзді, биік бойлы, шыңырау ойлы,  сұлу сақалды  сұлтан  мінезді,  арыстан білекті, жолбарыс жүректі, тарихта  бұған дейін жасаған ең ғаламат  патшаның ғана  бас уәзірлігіне лайық, жайған  құшағы бала-шағасынан артылып, туған еліне  еркін жетіп  жатқан жанды білетіндер  қалған ғұмырларын осы  Ақселеу жұмбағын  шеше  жүріп  өткізеріне  менің  еш  күмәнім жоқ.   Әкеліңіз  қолыңызды,  дәл қазір  Сіз де  соны  ойладыңыз!  Ойлатпай  қоймайды Ақаңның бейнесі,  жазғандары, айтқандары,  жүріс-тұрысы,  жымиыс-күлкісі,  кең  маңдайы,  қысқа  ғұмыры...

Сол  мыңның бірі  мен едім!  Журналистиканың торы атын  ерттеп  мінген кезеңде Ақаңның  ауыз аштырып,  көз жұмғызатын  очерктері мен  толғаулы  жазбаларын әуелі  «Лениншіл жастан»,  одан соң «Социалистік Қазақстаннан»  оқып  жүрдік.  Жүзбе-жүз  танысып, қол беріп қол алған  кезіміз Ақаң «Білім және еңбек» журналына  бас редактор  боп келген жылдары. Бұл өткен ғасырдың 80-жылдардың  орауын  жаңа жазған  кездер еді.  Осы  Несіпбек Айтұлы, Тұрсын Жұртбай, марқұм  Жәнібек  Кәрменов, өзге де  өзегі алтын жігіттер бар, бәріміз  Ақаңа жиналып, күнді  түнге,  түнді  таңға ұрып  бәріміз бірге болатынбыз. Сол кезде-ақ Ақселеу  аға бізге өнер мен ұлттық  құндылық жайлы  жабық есік  ішінде құпия  сабақ береді екен-ау! Ал ол сабақтардың жұмбағын  Ақаңдай білетін, Ақаңдай шешіп үйрететін   жан болған жоқ шығар. Оны да  кейіннен,  Ақаң  ақиқаттан аңызға айналар  жылдар  таяғанда ғана  сезіне бастағаным  қандай  аяулы. Бірақ  өте өкінішті!

Ақаңның жұмбағын  оны білген  жандар бірігіп шешеміз дедім.  Соның мыңнан бір тармағы ол кісінің  қазақ әні мен  күйіне деген  кісесіз махаббаты. Өзі әнші (Ақаң ішкі  сезімтал дауыспен ән айтқанда, қалт  етпей тыңдап  қалатынбыз. - Н.Ж.),  өзі күйші,  өзі  сазгер... Осы  Ақаңның «Дәурен-ай», «Сарыарқа» атты  әндері дүниеге келіп,  әндердің алғашқы  орындаушысы Жәнібек  Кәрменов қапыда  дүниеден озған  соң  Ақаң да сарқылғандай,  үнсіз жүріп қалды. Мен бірде,  ішкі  жарасы  жазылды-ау деген кезде,  еркелеп: «Ақа, ана  құдіреттей екі  әннен соң  ән жазбай  кеттіңіз ғой, неге?» дедім. Ақаң өзіне  ғана тән  құпия жымиыспен  бетіме қарап: «Е, ол әндер әнжазғыштарға  қазақ әнінің қандай болатындығын  шұқып көрсету үшін  жазған әндер ғой!» деді де  ары қарай тереңдемеді бұл  тақырыпқа. Сөзінде  дән бар еді. Рас,  екінші бір  себебі Ақаңды  ән әлеміне шақырып жүретін    шабытының  сыңар қанаты  Жәнібегінен  айырылуы  болмас дейсің бе?!.

...Жәнібек 50-ге  толуға тиіс жылы ұлы  әншіге арналып  ән  кеші өтті. Ән кешінің соңынан берілген астан  қайтар кезде  есік  көзінен  мені көріп  қалған Ақселеу аға мейірлене құшағына тартып, маңдайымнан сүйіп тұрып: «Әй, Несіп,  мана  Жәнібек  сұмдық қой, не деген  диапозон,  не деген шалқар  кеңдік!  Әй, бұл  Жәнібекке жетер  әнші жоқ қой өзі...»  деп өзегі  өртене  қайталағанда,  лап етіп  тұтанған  өрт  ішінде  қалғандай болдым.

- Әрине, Ақа, әрине!  Жәнібек  дара ғой, жалғыз ғой... Жаңа ғана  Әсет пен Кемпірбайдың амандасуын  айтқанда  Бекболаттың  өзі сыбырлап,  сөйлеп қалған жоқ па?!  Жәнібек ол суретті  лапылдатып,  лаулатып,  өршітіп, дауыс  биіктігіне  жан жалауын қосып,  құлындай  шыңғыртып  жеткізбеуші ме еді?! - деймін.

- Рас, рас, Бекболат та сыбырлап қалды.  Құдіреті-ай,  мына Жәнібек  не деген   ғаламат, не деген ғажап?!! Жаңағы әндеріндегі не қылған ой, қиял  жетпес  пафос...  Ойпырым-ай, мына Жәнібек  сұмдық қой, ей, ғаламат қой...

Білімі мен  білігіне  бой жетпек  түгілі  мың сүңгіп шығатын Ақселеу  ағамның бұл таңдай  қағысы  дәл осы кештегі  тұтар  медеуім болды. Әлде... осылай бағалаған  Жәнібегінен айырған соң ән-аққуы да көліне  қонбай кетті ме екен Ақаңның.

Ақаңның жұмбағын шешу мен үшін  ғұмырлық мұрат болғаны болған.  Аузыма  Ақаң жайлы  түскен сөздің  бәрін айтып,  қолыма  Ақаң жайлы түскен дүниенің бәрін  алып жатқаным сол.  Міне,  мына кітабы - «Қазақтың  күй өнері» монографиясы Ақаң жұмбағының тағы бір жібек пердесін көтергендей.  Бұл жолы ол  зерек тарихшы, зерделі зерттеуші,  күңіренген күй абызы  бейнесінде... Әлгі қазақтың мәдениеті мен өнеріне тау­дай қызмет көрсеткен Затаевич марқұм ба еді:"Маған қазақ даласы үнемі ән салып тұрғандай көрінеді" дейтін, сол сабаз сөзді бір детальмен байыту талап етіліп тұр. Ол сөз "...ән салып және күй тартып" деп келсе жарасар еді. Бұл толықтырудың діңгегі - қолымызға алған Ақселеу Сейдімбектің "Қазақтың күй өнері" монографиясы.

Ақселеу Сейдімбек - ХХ және ХХІ ғасырдың алып кемелері қабырғаласар кезеңде қазақтың халықтық өнерінің, қазақ мәдениеті және салт-дәстүрлерін өз бесігіне бөлеп алу ісінің, қазақ тілі мен дінінің бір ізге түсірілуіне көзге көрінер еңбек сіңірген айтулы қоғам қайраткері, қаламгер.

Ақселеу - күрескер. Аталған кітабының табалдырығынан аттай бере бәрімізден сұраған Сауғасынан-ақ Ақаңның сол күрескерлік бейнесінің күшеймесе солғын тартпағанын көріп, қол соғасың: "Уақыт мейлінше күрделі. Соңғы тынысқа дейін рухани мәңгүрттікке қарсы күресуден басқа жол жоқ. Технократтық даму ұлттық атаулының бәрін кеміріп, жалмап, обып, құртып барады. Ішіңнен шыққан балаңа "біз осындай болып едік" деп нандыра алмайсың. Ал, өзіндік қасиеттен айырылған ұлт өледі. Ұлтты өлтірмейтін оның төлтума мәдениеті ғана. Сондықтан бұл жолда еткен еңбек пен төккен терді тәңірдің сыбағасына балап жүріп, өткеннің асылдары болашақ ұрпақтың жан жүрегін жылытуы үшін қол жалғап жіберу қажет-ақ", - дейді Ақселеу Сейдімбек. Бұл салмақты сөз, терең ой, ғаламат ескерту. Бүгінде қазақ боп туса да маймыл болып өсіп келе жатқан бір шоқ  этносқа ел ертеңі (дәстүрі, тілі, мәдениеті, өнері... - Н.Ж.) бәрібір. Олардың жақсы пәтер, жүйрік көлік және жарқ-жұрқ өмір жалғаса беруін мұрат тұтқанын көре отырып, олардан қан көргендей іргемізді аулақ салмасақ бүкіл ұлттың болашағы бұлдыр дегенді бір бүгін ғана айтып отырмаған қаламгер-ғалым бұл кітабында сол ұлы ойларды өнер табиғатының, оның ішінде күй құдіретінің туу, даму, өркендеу, шарықтау динамикасымен дәлелдейді және бүкіл қазаққа сол өнерінің пірі - күй мұхитқа шомылып шығуды ұсынады. Қолыңа "Қазақтың күй өнері" кітабын алсаң-ақ сол мұхит ернеуінен аса мөлтілдеп, арғы жағасы көз жетпейтін алыстан бұлдырап, еріксіз өзіне тартып, шомылу аңсаған жанды дереу шешіндіре бастайды...

Таза ғылыми еңбектің биік ғимаратына да сыймай, көпшілік-әдеби жанрда жазылған "Қазақтың күй өнері" кітабы алғашқы бетін парақтасаң-ақ сені сиқырдай арбап, өз соңынан мұрнын тескен бұзаудай жетектеп алатын ғаламат бір әпсана, таза тарих, ән мен жырға, өлең мен күйге орап ұсынған балдай тәтті әдеби шығарма, жерік астай құныға бас салатын тарихи тұлғалар тізбегінің энциклопедиясы. Кітаптың "Тарихнама" және "Этнографиялық шолу" тараулары Оқырманға жалпы көшпелілер өнерінің дәстүрге, қоғамдық ситуацияға қаншалықты байлана туғанын терең дәлелдей жазылған. Бұл тарауларды көз талдыра шолсаңыз бір ғажап тоқтамға жолығасыз. Ол - көшпелілер өміріңдегі ән-жыр, айтыс-дастандар, тіпті бақсылық өнердің белгілі бір аспапсыз айтылмағаны, айтылса да өз биігіне көтерілмегені, яғни халқымыз өзі этнос боп қалыптасу дәуірінде ән мен күйді төл туғызған, қатар тәрбиелеген, ол өнерлер біте қайнасып, бірінсіз бірі жетім көрінген. Ақаң айтты деп емес, өзіміз-ақ бір сәт ой-қиялымызды алысқа ұшырайықшы: тіпті сонау қобыз, жетіген, домбыра дүниеге келмеген кезеңнің өзінде баба-әжелеріміз бесік жырын да, той-томалақтағы өлеңін де әлденеге қосып айтқан болар-ау. Өз басым тым болмаса үй іргесінен кетпейтін қара қазанға қайың ожауды тықылдатып отырып салғандай көрінеді ән мен жырларын. Тіпті керек болса, қазақтың музыка аспаптары да дәл осындай қажеттіліктен туып, тарих доңғалағымен бірге жетіліп, дәл бүгін "нағыз қазақ - домбыра" кезеңіне жеткен болармыз. Бұл да Ақселеу ағамыздың осы ғана емес, бұрыннан жазғандарының жеміс-әсері.

Ауызды "Күй аңыздары" тарауына келгенде кеңірек ашасыз. Бұл бір ғылыми құндылықтарға толы, танымдық-тарихи әңгімеге бөккен, екінің бірі жазуға ниет қылса да оңайлықпен тіс батыра алмайтын пласт. Тереңдігі - шыңырау, қажеттігі - ғұмырдай, өнер сүйер жан үшін ғаламның туу кешіне куә болғандай кесек жазу. Сөзді Ақаңның өзіне берейік: "Осы уақытқа дейін қазақ музыкасының, дәлірек айтқанда, қазақтың музыкалық фольклорының бірі ғана қырына баса назар аударылып келгені аңғарылады. Ол - ән-күйлердің таза музыкалық туынды ретіндегі қасиеттері. Яғни ән-күйлердің әуендік, сарындық ерекшеліктеріне ғана мән беріліп келді. Ең талдап сөз еттік дегенде, сол ән-күйлердің музыкалық туынды ретіндегі жанрлық сипаты, ішкі құрылым-бітімі, орындалу ерекшеліктері тілге тиек болып отырды. Алайда, қазақтың аса бай музыкалық фольклорының екінші қыры - сөзбен байланысты филологиялық қыры назардан тыс қалып келді. Ән-күймен біте қайнасып жатқан өлең, жыр, толғау, аңыз, әңгіме сияқты көптеген жанрлар музыка зерттеушілері үшін филологиялық объект болып есептелсе, филолог­тар үшін музыкалық мұраның объектісі ретінде ескерусіз қалып отырды. Нәтижесінде, қыруар мұраның назардан тыс қалып, жиналмай келуі өз алдына, оған қоса музыкалық фольклордың синкретті болмысындағы тарихи-эстетикалық қадір-қасиеті де толық ашылмай келді. Әрине, мұндай жағдайда музыкалық фольклордың және онымен шендесіп жатқан күй аңыздарының да төл ерекшеліктері туралы ойдың өрбеуі мүмкін емес. Бұл тұрғыдан келгенде, қазақ халқының тарихи - рухани шежіресінің құнарлы бір арнасы болып табылатын көл-көсір күй аңыздарын жинап бастыруды саралап зерттеудің мән-маңызы ерекше зор. Кезінде академик Мұхтар Әуезов былай деп жазды: "Күй аңыздарының көп екенін ел біледі, бірақ кітап, баспа білмейді. Егер олқылықтар толып, күйлердің көрікті аңыздары, тілдегі баяндауыш әңгімелер жазылса, онда қазақ халқының музыка фольклорына әдемі айшық, нақыш қосылуымен, мағыналы мазмұн анықталып, жалғасуымен қатар, ауызша фольклор да өзінің бір қысқа түрдегі көркем әңгіме, новеллаларын көп айтқан болар еді". М.Әуезов көтерген, жүзеге асуын арман еткен бұл проблема өзінің мән-маңызын әлі күнге жойған жоқ".

Ақселеу айтқан соң сөз қосу артық. Әйтсе де, ғалым-жазушы өзім білемдікке де салынбайды "Күй аңыздары" тарауының тартпасын тарихи тұлғаларға, ғалымдар мен өнер зерттеушілеріне кезек тартқызып, өзі қазына жинаушыдай солардан қолсозым жерде жүріп отырады.

Автор әр кезеңді саралап, кейбір ел білетін аңызды даралап баяндап келе жатады да Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Тоқа, Қазанғап, өзге де дүлдүлдер топталған қазақ ән және күй өнерінің алтын ғасыры болған ХІХ ғасырға келгенде дүр сілкініп, сөз түсінетін адамды дір еткізетін жолдар жазады: "Егер әрбір халықтың тарихтағы орны жалпы адамзат мәдениетінің дамуына қосқан рухани үлесімен өлшенер болса, онда қазақ халқының ұялмай бетке ұстары - музыкалық мұрасы болса керек. Бұл орайда, әсіресе ХІХ ғасырдың алар орны айрықша. Өзіне дейінгі талай ғасырдың сарын-сазынан нәр алған ХІХ ғасырдағы қазақ музыкасы бойын түзеген арудай сыланып шыға келді де өзіне бұрынғы-соңғы ғасырларды тәнті етіп, мәңгі ару күйінде қалып қойды".

Қос алақанға әрең сиятын ірі денелі кітаптың мінезі де ірі, көтерер жүгі де жүз батпан. Сөз еткен тарауымыздың өзі жүз тақырыпшаға бөлініп, бас-басына күй аңыздарының бір-бір қырын баяндайтынына, Оқырман үшін білмеуге түк қалдырмай, тәптіштеп түсіндіретініне қарап, қарапайым кітапқұмар қорқып қалмасын. Ғалым, немесе ғалым-қаламгер қаншалықты терең білімді болса, тақырыпты Сіз бен біз үшін соншалықты түсінікті тілмен жаза алады. Осы кітаптың сүбелі бөлігін алып тұрған "аңыздарды" сырттай бір түсініп, бір күмәнданып отырған Оқырман мына анықтаманы оқығанда: "Қазақ халқының ертеден қалыптасқан өнерпаздық дәстүрі бойынша кез келген күй тартылмас бұрын білікті домбырашы сол күйдің шығарушысы, шығу себебі, күйдің тартылу ерекшелігі, күйді кімдердің жеткізгені және қазіргі тағдыры жайында толық мағлұмат беретін әңгімесін айтып алады. Түптеп келгенде, күй аңызы дегеніміз осы", "е, мұны өзім де білемін" дейді еріксіз. Автордың айту мен жазу шеберлігі де осында. Білген нәрсесін әдемі етіп, алдыға жайып сала алуда, Мұқағали ақынша айтсақ, "күпі киген шындықты, шапан кигізіп" қайтарып беруде. Ақаң солай істейді.

"Халық күйлерінің аңыздары"  аталатын төртінші тараудан ілгері автор бізді білетін, естіген оқиғаларға араластырып, өзіміз ат ерттеп мінгендей сілкіндіре түседі. Бұл бір әуелі терең білім үшін тапжылтпай оқытып алып, енді өмірге араластырғандай - көздің ашылатын сәті. Әрі бұл аңыздар қызықты, көркем, аяулы - күйлерге өзек болып замана қатпарынан жеткен оқиғалардың әрбірінен халқымыздың хандай қадамы, қыздай мінезі, құлдай шыдамы атойлап, оқиға іргесінде өзің жүргендей тізгін қағып отырасың. Осыдан соң-ақ Ақселеу Сейдімбек бізге арнап қос ат жеккен пәуеске арбадан түскің де келмейді, түспейсің де.

Сонау "Лениншіл жас" газетінде тілші боп жүргенінде-ақ өнер тақырыбына жазғандары құлашы кең қаламгер ретінде танытқан Ақселеу Сейдімбек жүрегіне жылдар ұялаған сайын тереңдеп, самайын қырау шалған сайын биіктеп, заман түрленген сайын толысқан зерделі қаламгер-аңыз болып қалыптасқаны көз алдыда. Керегі де, кереметі де сол - Ақселеу Сейдімбек Оқырманын орнында қалдырмай өзімен бірге өрге сүйрейтін жазушы. Бір қарағанда, Ақаңды оқу үшін үш Академия бітіру қажет секілді болғанымен, түпсіз терең білімі бар қаламгер үнемі төменге түсіп, ойының Сізге түсінікті болуын басты қағидасы етіп алып, қарапайым да қызықты, тербетіп әрі түсінікті етіп жазады. Кітаптың "Байырғы күйшілер" тарауы қандай ұғымды! Қорқыт ата бастаған күйші бабаларымыздың қатарында Асанқайғы ата да, Абылай хан да бар екендігі екінің біріне жұлдыз жерге түскендей жаңалық. Ал, Абылайдың "Терісқақпай" күйін Сәкен Сейфуллиннің орындауы - ол да тарихи оқиға, саналыға ой салар сылқым факт. Бар қазаққа ай маңдайлы хан болған тұлғаның осы өнер өрісінде Бұқар бабамызбен арадағы тілқағыс, сөзқағыстары, дәл сол секілді өзге тұлғалардың тарихи, әпсаналық тағдырлары бұл кітапты тек күй, күйші жайлы кең құлашты әдеби-зерттеу еңбектен бүкілғаламдық, жалпыұлттық тарихқа өнер бұлағымен келіп қосқан алып арнадай, ғұлама шығармаға айналдырып жібереді.

Боғда, Махамбеттермен басталып, бүгінгі Қаршыға, Шәмшілдермен аяқталатын "Жаңа заман күйшілері" тарауы қазақ күйшілеріне сөзбен салған суреті, ой-зердемен орнатқан ескерткіші, ғылыми-зерттеу еңбегімен жазған Антологиясы секілді. Күн сайын шаңырағымызда жүз тартылып жататын Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап күйлерін қанша жатқа білемін десек те, сол күйлердің шығу тарихы, шығу себебі, оған түрткі болған, әсер еткен, туғызған тарихи оқиғалар мен тұлғалар тағдырын автор тостағанға толтырған қымыздай етіп, әрқайсымызға ұсынады кітапта. Іше алмасақ, ішіп алып бойға сіңіре алмасақ бізге серт. Тараудағы тарамыстай мыңға бөлінген оқиғаларды оқи отырып, құдіретті күйдің саусақтан емес, тағдырдан туатынын автормен бірге сіз де мойындайсыз. Күйлерді классификациялау, олардың орындалу ерекшеліктері, орындайтын аспаптар артықшылықтары, домбыра бұраулары, тағы-тағылардың өзі соңына жеткенше тамақ батырмай отырғанда, кезіндегі ұлы композиторлардың бір-біріне күй арнау, күй сыйлау дәстүрін зерделегенде одан сайын ойландырып, сол кезеңнің өнер алыптарының шеруіне тамсана қол соғып, сәт сайын қиял ұшырып қана отырасың. Қазақтың ұлы күйшілері, Ақаңнан оқығандай, бір-бірін бізше білетін болса, сол кезеңде әлгідей ұлы күйлердің тууына аламан бәйгеде бір-бірін тізгінсіз сүйреген жүйріктердей өлшеусіз әсер еткен-ау?! Осыны бізге айта алған Ақселеу-автордың шабысына қол шапалақтамай көр енді.

Ақселеу Сейдімбектің жазғанын оқымайтын, Ақселеу сөйлегенде тыңдамайтын, Ақселеу айтты дегенге қызықпайтын қазақ жоқ бүгінде. Әлгі "тілсіз" туғандар мен жан серігін жүре жоғалтқан ұрпақты алмай отырмын есепке. Ақаңды өзгеден көп оқыдым десем, шындыққа сын. Ақселеуден басқаны оқымайтындар да бар... Біз сол "Күмбір-күмбір күмбездерінен" "Күй шежірелеріне", одан бүгінгі "Қазақтың күй өнері" атты салмағы алты атанға жүк болар еңбегіне тізе бүгіп отырмыз. Шіркін, осы кітапты ерінбей парақтап шыққан жанның терезесінен төлтума өнердің күн шуағы сығалар еді: тіпті күй тартпайтын, оны зерттемеген жанның өзінің кеудесінде әсем күй күмбірлей жөнелері сөзсіз. Ал күй тарихын танып, күйшілерге бас иіп, өзі күй шертіп жүрген жандардың құдайы берген күн, бұл күн, олардың шаңырақтарына ең қадірлі қонағы келгендей мереке. ...Біз де бұл кітапты ұстап, әр бетін ашқан сайын жанымызға ұлы күй өнерінің теңдессіз шеберлерінің бірі тізе бүккендей, булығып, толғана түсеміз.     ...Бір сәт байқасам, шаңырағыма қазақтың күй өнерінің бар сұңғыласы жиналып қалған екен деймін. Араларында Ақселеу Сейдімбек те бар. Араларында деймін, сол ұлыларды түгел ертіп келген Ақаң екен.

Осы тарихи күннің ақ орамалындай бейқам жатқан бағалы кітапты оң алақаныммен аялай сипап қоямын.

Ақаңның кітаптарының барлығы дерлік бар менде.  Көбісін  өзі қолтаңба қойып,  оң қолымен берген. Ал, мына соңғы  қолтаңбасы тағы да жұмбақ...  Ақаңнан  айырылатын  жыл дамылсыз есік қағып  тұрған бір  күндері «Ана тілі» газеті бас редакторының бірінші  орынбасары Ержан Байтілес  телефонмен хабарласты. Амандық сұрасқан соң Ержан бауыр Астанадан маған бір қымбат сыйлық ала келгенін айтты. «Ол  не?» дедім. «Кітап» деді. «Рақмет, Ержантай, келіп  алып  кетейін» дедім.  «Несаға, өзім  апарып  беремін, сәл парақтай  тұрайын» деді. «Мақұл» дедім. «Кімнің кітабы?» деп те, «кім берді?» деп те  сұрамаппын. Неге екенін бүгінге дейін  түсінбеймін. Содан бір күніне бір күні  ілесе  жылжыған  уақыт  тоқтай ма, тоғызыншы  жыл басталғанда бір-ақ алдым ол  кітапты. Әуелде тұтқиыл  әсерден  шалқамнан түсе жаздадым. Ақаңның  кітабы! Кітап болғанда  кейіннен  бүкіл қазақ  қоғамын  дүр сілкіндіретін  «Қазақтың ауызша тарихы!» Алғашқы  ақ бетіне  маржандай жазумен  қолтаңба  қойыпты. Астында  қолына қалам  алған күні... Имандай шыным,  мен бұл кітаптың жазылуынан да, жарыққа шығуынан да бейхабармын.  Ақаңа «маған кітабыңызды жіберіңіз» деп өтініш айтқаным да  есімде жоқ.  Олай ете  алмас та едім.  Хақым  жоқ болатын. Алаштың бар баласы құрмет тұтқан Ақаңның  есіне  неге түстім  екен? Үлкен  басымен маған үкілеп  кітап  жолдағаны  қандай ғажап! Менің  Ақаңа деген  құрмет тауым Алатаудан  кем емес болатын.  Біле  білсем,  бұл  менің өз бақытым. «Кітапты  кім беріп жіберді?» деп  Ержаннан  бүгінге дейін сұрамадым.  Сұрай алмадым.  Сұрағым келмеді.  Енді  сұрамаймын да! Бүгін оны білмегенім жақсы. Ал,  неге, қалай,  не үшін  деген сұрақтар әлі күнге дейін  ұйқымды  бөледі.  Әрине, Ақаң да ет пен сүйектен  жаралған адам, өзі  құрмет  тұтқан біраз  жандарға  қолтаңбасымен кітабын сыйлаған болар-ау. Бірақ мен қалай  еніп  кеттім  ол тізімге? Тағы да жұмбақ.

Ғұмырлық нысана еткен спорт  қаламгерлігінің тура жолынан  кенет  тайып жығылып,  қазақ қоғамына өз үйімнің терезесінен  ғана қарап қалғанда,  Ақаң мен үшін  көп қиналды.  Қамқорлығын да  аяп  қалған жоқ. Талай азаматқа айтып,  қызметке  орналастырмақшы да болды.  Астанаға келе  қалсам  жанына  шақырып,  көңілімді аулап,  арқамнан  қағып,  еңсемді  түсірмеуші еді.  Сондай бір сапарда Ақаң  қоярда қоймай үйіне  ертіп  әкетті. Орал тәтемізді білемін, сол кісі де мені  таниды.  Табалдырықтарынан  қасиетті қамал  аттағандай боп  ендім  үйге. Ақаңның кітап-қағаз жинаған  бөлмесі  ауызды аңқайтты. Кітаптардың саны емес,  мен көрмеген сапасы  ғаламат. Ал,  буылып-түйілген  архиві  тіпті ерекше. Бүгін жазылатын кітап пен  ертең қолға  алынатын  қолжазбалар  кезекте тұрған  жандардай,  жазу үстеліне дейін  тізіліп кеп тоқтапты. «Несіп, енді  бір-ақ кітап жазамын, - деді  Ақаң  маған  өзімен-өзі  сөйлескендей ойлы  кейіппен, - қазақтың  шығу тегі, сол  тарихтың  негізгі  тармақтары, сол жайлы  ең  құнды мағлұматтар. Содан басқа - ештеме  жазбаймын.  Болды!» Жүзіне қарадым. Өзіне  сенімді, сөзіне  берік жанның кепілі. Жүз кітап жазған  Ақаңның кітапты  бағалауы біз үшін аспанда. Ол жанға кітап жайлы ештеме айта  алмайсың. Жазғанын жазғанша оқырманы тәтті  айрандай  сіміріп алатын  Ақаң  енді бір-ақ   кітап жазамын десе,  кітапқа да, оны  оқитын  қоғамға да өз бағасын  бергені. «Баяғыда қазақтың  шығу тегі туралы  бір үлкен  емен белгісінде  шежіре  шығарған едім.  Соны бір пысықтар  әлі  күнге  қайта-қайта басып, нанын тауып жүр екен.  Өй, солары маған жақсы болды. Әлгінің астында  менің аты-жөнім, мекенжайым бар болатын.  Қаншама  хат, шежіре, ұсыныс,  түзетулер келді атыма.  Енді соларды жүйелеп, әлгі  тарихи  кітапқа кірісіп жатырмын.  Бұл бір  ғаламат кітап болғалы тұр!» Сендім. Ақаң  сыпырынды дүние  бермейді. Сонау «Күмбір-күмбір  күмбездерінен»  бастап бүгінгі «Қазақтың  ауызша тарихы» кітабына дейінгі  жазғандарын оқыған жан   әсер  емес, білім  еміп,  сөз емес, тарихи  көріністерді  қолға ұстататын  мұндай  еңбектердің бағасын береді әлі. Әттең, Ақаңның ғаламат болса да бір-ақ  кітап жазамын дегені  сескендіреді  бір сәт.

- Ә, өткенде  берген  «Әкемнің қамшысы» деген кітабыңды  оқыдым, - деді  мені де  мынадай қысылып жүрген  кезімде  жауырынымнан сыйпай кетейін дегендей, - тәуір екен. Өй, сен Жәнібекке  ғашық екенсің ғой өзің!

Соңғы сөзден  бір  әріп қате  таппадым.  О, ғажап,  300-беттен асатын кітаптың  ішінен  Ақаң өзі айтуға лайық  бір-ақ  ауыз сөзді  сүзіп алуы  не деген керемет?! Бірақ, өйтпесе  Ақаң Ақаң бола ма?!

Осы жолығысуда  ерінбей бар  жинағанын жайып салып,  ұзақ күнге әңгіме еткен кітабын  елп етіп  елден беріп жіберген Ақаң не  ойлады екен сол сәт мен жайлы? Ақаңдай  асқардың  есінде  қалу бұйырған менде  арман бар ма? Бар екен!  Арман - Ақаңның  жанына  еріп жүре тұрмағаным  ғана.  Неге  асықты екен осы бір өз ғұмыры жұмбақ, бірақ бар Жалғанның жұмбағын  шешіп  үлгерген  үлкен жүректі қазақ?!  Сол  ұлы жұмбағының бірі - сонау 2004-2005 жылдың  шекараласар шағында-ақ «Енді бір-ақ кітап  жазамын. Болды! Басқа  ештеме жазбаймын!» деп  кесіп айтуы емес пе? Мен  бұл әңгімені 2005 жылы  шыққан «Ережесіз «белдесу» атты  кітабымда  келтіріп  кетіппін...

Бұл  суалғыр  сөзді  Алла тағала  Ақаңның  аузына 4-5 жыл бұрын  қалайша салып тұр екен? Рас, кейіннен, тура  сол 2009 жылдың күзі келген кезде тағы бір жолым түсті Астанаға. Келгенімді айтып  едім, дереу  бильярд  кешін ұйымдастырды Ақаң.  Кешке Қойшығара  Салғара мен  Қажығали Мұхаметқалиевті шақырыпты.  Төртеуіміз армансыз  шар қудық. Сол  кеште  Ақаңның  жүзі сәл  сынықтау  көрінді.  Әдеттегідей арақ ішпедік. «Жарайды, сен келдің  ғой» деп  бір-бір  тостаған  сыра  іштік екеуміз. Бильярд үйінің  иесі  Ақаң мен Қойшыағаңның  сыйлас азаматы екен. Бір  әдемі малта тастардай  құрт берді. Әлгі  құртты Ақаңның  ұнатқаны  сондай,  бір-бір  тостағаннан сыра  қайталадық. Ертеңіне  Ақаң өзі іздеп  тапты  телефонмен.  «Несіп,  сен кел  кешегі жерге.  Бүгін ана Жолтай Әлмешов деген  қаламгер  ініміз  бильярд кешін  ұйымдастырып жатыр...»

Кешігіп  келдім. Ақаң, Қойшыағаң, Алдан Смайылов, Жолтай, тағы бірер  азамат бар,  шар  қуаладық.  «Ақа,  кешегі  сыраға  қалайсыз?» деймін Ақаңмен  у ішсең де  тәтті  болатынын ойлап. «Жоқ, Несіп, кешегінің өзі  жақпай қалды» деді Ақаң  өзіне тән  емес  жабырқау  жүзбен. Сол жолы  екі кеште де,  кейіннен сырлас  азаматтарының  бәрі  таңдана айтып  жүретін, мына сөзді айнала беріп,  екі-үш рет қайталап еді сұңғыла ағамыз:  «Бітті! Енді  ештеме  жазбаймын!»

Бұл Ақаңды  соңғы рет  көруім екен. Әлгі  сөзі де білдірмей ғана  қоштасу  екен бізбенен. Ажал түгілі ауруын айтуға  қарап тұрып  қорқатын қазақ баласының ішінен: «Ал,  мен болдым, хош, енді  сендер аман  болыңдар!» деп естіртіп айтқан  арысты  мен әлі  білмейді екенмін.  Соның бәрін осыдан бес жыл бұрын сезіп, алтын ғұмырды  жалғастыра беруге  қуат  тапқан,  қайран Ақселеу  аға-ай,  сенің жұмбағың шешілер ме екен ХХІ ғасырда?!

...Қиналсам  иек сүйеп, сұрақ атаулыдан  төрт қабырғаға  қамалсам  жауабын іздеп баратын  абызым  еді Ақселеу  аға. Сол бір  кейіннен санаға салмақ салатын 2009 жыл келген кез. Әлемдегі небір  ғажайып оқиғаларды  көріп,  естіп жатсам да  қазақ қоғамында мені қатты таңғалдырған  нәрсе - Жәнібек Кәрменовтің  60 жасқа толатын жылы сол бір бүкіл қазақ жиналып, қиналса  қайта  туа алмайтын ғажап  әнші  досымыздың дауысы  «қазақтың  радиосы мен телеарнасынан  неге күн сайын,  сағат  сайын шырқап жатпайды»  деген сұрақ  жүректің  орнына  дүрсілдеп,  өмір сүргізуді  қойды. Жәнібекті   еске алуға Астанада Несіпбек, Тұрсын,  Ақаңдар кеш  өткізіпті.  Алматыдағы кеші  Ғайникен Бибатырова  апамыздың арқасында ғана  Ғалымдар үйінің   шағын залында  өтті. Кім  көрінген  тайлақтай  тайраңдаған  Республика  сарайы түгілі, қатардағы  көп  концерт  залдарының бірінің  сахнасы  бұйырмады Жәнібекке. Күйдің- пістім, ысымдым-суыдым, тыныштала алмадым. Ақаңа  телефон  соқтым. Ақаң сабырлы, ғаламдағы бар сұрақты  қойсаң қаттап  жинап қойған жауаптарының  арасынан  керігін  алып,  жайып тастайтын  ғұламалығына басып:

- Өй, Несіп, сен қызық екенсің ғой  өзің! Бүгінгі қазақ қоғамына Жәнібектің не  қажеті бар? - деп  қарсы сұрақ қойды.

- ...Енді, Жәнібектей әнші жоқ қой,  Ақа, өзі Жәнібектің  60-жылдығы... Ең болмаса  биылғы  жылы  күні-түні шырқап  тұрса  болмай ма Жәнібек?..

- Жәнібек  күн сайын шырқап тұруы үшін ол қазақ қоғамына  ауадай қажеттілік  болуы керек.  Ал,  бүгінгі  қоғамымыз Жәнібекті  қажетсінбек түгілі жете біле ме өзі? Жәнібек  айтқан  әннің бағасын біле ме қоғамың? Тіпті  қазақ әніне басы ауыра ма сол қоғамыңның?!

Арадағы 1200 шақырым  бір тұтам болып,  телефонның  екі  тұтқасының арасы бір  құлаштай ғана  болған  сәтте Ақаңның үнін  анық  естідім.  Балаға, жақынға, туысқа  мейірленсе майтоңғысыз мамырдың  күніндей  нұр шашып, толқып шыға  келетін  ақ құба жүзі бір сәт Астананың ақпандағы бораны  шалғандай  қар  ұшқындатып тұрғанын байқадым.  Үнсізбін.  Дауыл келе жатқанда майда  желдің  артын қысып  тұра тұрғаны  жарасады.

- Жәнібек дейсің, Жәнібекке дейінгі  қазақтың әнінің, әншісінің бәрі  сақау  бүгінде! Күй -  көкжөтел! Е, оларға салауат, ертеңінен  қорқамын қазақ қоғамының! Білесің бе, сен, әлгі «Әнші балапан» деген балалар әнінің  жобасы  жарияланды ғой. Сол  кезде бүкіл қазақ  даласы  домбыраға қосылып ән  шырқап кетті. Сол бақытымызды  қызғанғандай, «Әнші балапанға»  интернационализм деген желеумен  өзге  тілдегі әндерді араластырып еді, әлгінде  ғана  шырқап тұрған  қазақ әні  сап тыйылды!

Ары қарай  ештеме  айтпады. Айтатыны  болмаған соң емес. Әдейі  үнсіз қалды. Шайнап берді, жұтуды өзіме қалдырды. Тез қоштасып,  телефон  тұтқасын  шегеге ілді. Әлгінде ғана қол созымда тұрған Ақаң мың шақырымға бір-ақ  қарғып, суға сіңгендей жоқ болды. «Әрине, Ақа, - дедім өзіме өзім міңгірлеп - қазақтың  дәстүрлі әні мен  күйінен гөрі  бүгінгі «Superstar.kz»  жобасын  көбірек  ұнататын  қазақ қоғамына Жәнібек, Қайрат, Рамазандар неге керек? Жәнібектің  тамағына  құм құйған  шойынқұлақ заман-ай, қай жақсыңды жарқыратар  екенсің, қай  асылыңды бастан сипап, қай  ұлыңды  ұлықтар екенсің? Ақа, сізді түсіндім,  енді  бұл сұрақты  қоғамға да қоймаймын. Қазақ қоғамында  бізді  тыңдар  құлақ жоқ.  Жүрек те жоқ   мазасыз дүрсілдейтін...»

Өз тағдырынан  гөрі ұлтының ертеңі жайлы қатты  қайғыратын еді  Ақселеу аға.  Әсіресе,  өсіп келе жатқан қазақ жауқазыны дегенде  жаны  бөлек еді. Жанына ерген  қыз-жігіттің не баласы, не  немересі орысша  шүлдірлей қалса, «құлыным-ау, қай тілде  сөйлеп  кеттің. Біздің тіл қазақ тілі ғой. Анаңның сүтімен  емген  тіліңнен суалмасаңшы» деп  езіліп,  еңіреп тұрушы еді жарықтық.  Сол  әсерден  шырмалып,  ұзақ шыға алмай жүріп-жүріп, бірде маған: «Бұл қала  қазағының  баласына да  түк кінә жоқ. Олардың тілін  қынадай  қырып, құртып жатқан ана теледидардағы «Nickelodeon»,  «Jetix», «Теленяня» деген арналар! Соларыңды  қала қазағының баласы  анасының  кеудесін   сорып жатып көреді. Сол  арналар  құрымай - сор  арылмайды!» дегені бар. Өз бала, немерелерімізді   жұбату үшін көрсете  салатын бұл арналардың қазақ баласының болашағына балта  шабатын жау екенін  бір-ақ  сөзбен  астын  сызып көрсеткен  Ақаңнан  өзекті суырған өзге трагедиямыз жайлы сұрауға бүгін  кеш... Ендігісі  тек  қалған  мұрасын ақтару...

Ақаң  қаламгер,  өнер  зерттеушісі,  этнограф-ғалым,  ер шауып, домбыра  жасайтын, шақша,  кездік  соғатын  қолөнер  шебері,  домбырашы, сазгер, сал-сері, тұтас бір  тұқымның көшбасшысы,  елдік  сөз ұстар би,  шешен еді. Бұлар  жекебасының  қасиеті десек,  шетсіз де шексіз мұхиттың алып   толқындарындай  лықсып келіп  жататын ұлы ойлары  орындала қалса-ақ, сәт сайын аспанын  бұлт  торлап тұратын  қазақ  қоғамы айға оранып,  күннен  көйлек  кигендей  түрленіп шыға келеріне  күмән болмайтын  бізде. Олар - Ақаңның ұлттық   идея­лары.  Қолымдағы жиған-тергенімнен  соның  бір-екеуін ғана  келтірейін.

Біз үшін  ғасыр  проблемасы болып отырған  ұлттық идея жайлы  Ақаң былай дейді: «Қазақстанда қазақтан  басқа бірде-бір ұлттық  диаспора  ұлттық  идеяға  ұйытқы да,  тірек те  бола  алмайды.  Қазақстан үшін іргетас болатын  жалғыз ғана идея бар.  Ол - қазақ идеясы!» «Ұлттық идея деген сәнге  киіп шығатын  көйлек емес, немесе,  бүгін  алаулатып, жалаулатып,  ертең  ұмыт болатын  жалаң ұран да емес.  Ұлттық идея деген - ұлттың  мемлекеттің тек  бүгін ғана емес,  ұзақ мерзім аясында бақытты да  кемел  өмір сүруін  қапысыз  қамтамасыз ететін   тетік  және  халықтың  ынта-жігерін  оятатын өмір  салты». «...Қазақстанның қазір жағдайымен  шеңдестіргенде біртұтас мемлекет аясындағы жүзден астам  ұлттық диаспораның әрқайсысын  ұлттық идеяның  субъектісі  бола алады  деп  емексітудің  еш  қисыны жоқ.  Бұл - ақыры  қайырсыз,  түпкі  нәтижесі баянсыз  тіршілік болар еді».

Солқылдақтық жоқ.  Нақты да  қатты айтқан.

«Қазіргі  демократияның арқасында қол жетті деп  жүрген  тұрақтылық пен  тыныштық,  түптеп келгенде қазақтардың  көнбістігі мен  кеңпейілділігінің  арқасында ғана  мүмкін болып отыр.  ...Одан гөрі  нақтылап айтқанда, Қазақстандағы қазіргі  тұрақтылық пен  тыныштық әзірше тек қана қазақ  ұлтының тарихи  мүддесі мен  ұлттық  ділін  тұқырту  арқылы, сөйтіп былайғы ұлттық  диаспоралардың көңілін аулау арқылы мүмкін болуда».

Қанын шығарып, тіліп айту деген  осы емес пе? Тыңдайтын құлақ,  соны іске асыратын  ақылдылар, қайдасыздар?!

«...Ұлттық идеяны темірқазық еткен,  оның жүзеге асуын  кезең-кезеңмен нақтылаған, сала-саласымен  саралаған  тегеурінді  іс-шараларға Қазақстан Үкіметі мен Парламентінің  айтарлықтай мұрындық бола алмай отырғанын да,  ондай іс-шаралармен көпшілік,  әлеуметті  еліктіре  алмай отырғанын да мойындауға  тура келеді. Мысал - қазақ тілінің тағдыры. Қазақ тілі - Қазақстан Үкіметі мен Парламентінің тілі бола алмай отыр».

Ал бұған не дейсіз? Ұрысқан да жоқ,  салғыласқан да жоқ,  сонымен қатар, жауап  қайырып,  ақталуға жол да қалдырған жоқ. Жүйесімен айтты да  асқан  сабырлылықпен  ұрыс-керіске  араласпай, сол  өзінің  жұмбақ  жымиысымен  сәл әріден  бақылап қана тұр. Қазақ қоғамының бүгінгі  сырқатының бетін ашқан ұлы  Шипагер кейпінде бұл жолы Ақаң. Ер болсаң, қолға ал да - емде!

Ділмәрсіді  демеңіздер,  Ақаңның  асқақ  бейнесін  анамнан қайта  тусам да мен жасап  бере алмаймын. Ол  бейнені жүз адам,  мың адам да сомдай алмайды таяуда. Ақаңның жұмбағын шешуге қазақ елінде  тұтас  институт ашса,  артық болмас еді. Ұлыларын  ұмытқысы  келмеген  ұлтқа бір институт деген  не тәйірі?! Ал, менің  мұнарлап айтып  жатқандарым  - Ақаң жайлы болашақ зерттеулерге  үтірдей пайдасы  тие ме деп  үміттенумен ғана   тәуекелге бару.  Аймүйізді ағалар  Ақаң жайлы төбе басына топталып алып  толғанып  жатса,  біз секілді  маңдайымызда  Ақаңның ыстық алақанының  табы  қалған  табынушы інілері де сол қазынаның   шоғын  қоздата  түскені  айып емес болар. Ақселеу жұмбағы -  бүкіл  қазақ боп зерттегенде ғана  шешілетін жұмбақ.

Өзім ғұмырымның  соңына дейін шешетін  Ақаңның соңғы жұмбағы мынау:  Өткен жылдың  қыркүйегі  кіндігінен  аунап түскен күні телефоным  қақсап  қоя берді. Ар жақтағы  бейтаныс дауыс: «Несіп аға, Ақселеу Сейдімбеков ағамыз  қайтыс болды.  Жерлеуі - бірсүгіні!» деді  сөзін шолақ  қайырып. Аһ ұрдым да қалдым. Жылап жүріп Астанаға жеттім.  Сонау  Жаңаарқаға дейін шығарып салып, топырақ  салғаннан соң,  мәңгілік  жатар жерін өзі  арнайы келіп таңдап кеткен  төбенің басында тұрып, біраз жігіт  бұл жерді «Ақселеу биігі» деп  атайық деп баталастық. Солай болатын да шығар.  Әйтсе де, мені   аударып-төңкеріп  жүрген  Ақаңның  жұмбақ  табиғаты. Өзін айтты  демеңіздер,  Ақаң... өзі  дүниеден өткен соң жерлеуіне шақырылатын  қимастарының тізімін  жасап,  жанына мекен жайын, телефондарын жазып кетіпті. Сол тізімге мені де қосыпты. Әлгіде тап басып,  тауып  шақырғаны да сол екен. Оны маған  кейіннен  Ақаңа  жақын,  жанашыр  бір азамат айтты.

Мұның алдында соңғы  кітабын жазып шығарып, алты томдығын баспаға тапсырып, қалған қолжазба,  небір  құнды құжаттар, тарихи зерттеулер,  өзге де өзіне  тиісті жазбаларын  қаттап, архивке  өткізіп кеткенінің өзі ше? Осының  бәрі тегін адамның тірлігі ме? Меніңше,  олай емес. Тек  әулиелер ғана  осылай ғұмыр  кешіп,  осылай сөйлеп, осылай іс тындыра алар!  Ал,  әулие жан  әрқашан жұмбақ.  Ақселеу ағам да  әр қыры  алтындай жарқырап  көрініп жатса да барынша  жұмбақ жан. Менің ендігі  мақсатым - Ақселеу  жұмбағының мыңнан бірін  шешу. Бұл  Ақселеуді білген-білмеген  бәрімізге  сын. Жұмбағын толық шешпей Ақселеу  Сейдімбек ағаға  қазақ қоғамындағы  нағыз  тарихи орнын бере  алмаймыз. Мен білетін шындық осы ғана.

Несіп Жүнісбайұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 

"Жас қазақ"  газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5510