Жұма, 22 Қараша 2024
Қоңырау 17783 9 пікір 27 Сәуір, 2017 сағат 13:43

«Зерделі» - Ырысбек Мәуіт мектебі

-Сонда осыноу ұланғайыр игілікті істі банктен алған 2 миллион теңге несимен бастап кеттіңдер ме?

- Несиеден бұрын бізде идея мен сол идеяға жұмыла кірісетін кәсіби білігі жоғары мамандар мен мұраттас азаматтардың бірлігі болды. Осы екеуі болған жерде аз қаржының айналымға түсіп, түбі табысқа ұласары сөзсіз ғой.

-

Ырысбек Мәуіт дейтін азаматпен (суретте) әңгімеміздің орта тұсында осындай сауал мен жауап болған-ды. Мен ойланып қалдым. Банктен 2, тіпті, 3-5 миллион теңге көлемінде несие алғандар қазір не істеп жүр? Ырысбек менің ойымды оқып отырғандай сәл езу тартып күлді де: «Біз өзі қызық халықпыз, банктен несие сұрағанда дүниенің арты не боларын ойламаймыз. Қаражатты текке шашамыз да, содан соң қарызға батып, санымызды бір-ақ соғамыз», - деді. «Ал сен неге сол «қызық халқыңның» салтына бақпадың?», - деген сұрақты мен Ырысбекке қоя алмадым. Әншейін «қызық» үшін де оған бұндай сұрақ қоюдың өзі қате еді. Өйткені менің алдымда бақыр санайтын бақалшы емес, математик отыр. Математик болғанда да анау-мынау математик емес, математика ғылымдарының магистрі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің екі мәрте Құрмет грамотасының иегері, 10-нан астам оқу құралдарының авторы, халықаралық, республикалық пән олимпиадалары жеңімпаздарының жетекшісі, О. Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінің жоғары санатты математика пәнінің мұғалімі, «ZERDELI» ақыл-ой дамыту орталығының директоры отыр.

«ZERDELI» ақыл-ой дамыту орталығы... Пәлі, бұл орталықты кім біледі? Басқаны қайдам, дүбірлі дүниенің дүрмегінен қалмауға тырысатын менің әріптестерімнің бірі білсе де бұл орталықты бірінің білмесіне, білу былай тұрыпты, естімегеніне бәс тігемін. Бірақ, «Зерделіге» зерделі ұл-қызын күнде жетелеп әкеп жүрген Елордадағы ата-аналар жақсы біледі.

Орталық қалай құрылды?

-Ал, сонымен «ZERDELI» ақыл-ой дамыту орталығы қалай құрылды? – деп сұрадым мен Ырысбектен. Ырысбек өз жайынан мынандай әңгіме айтты:-

-Бұның алдында дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінде қызмет еттім. 2008 жылдары. Сол мектепте сабақ беріп жүргенімде ата-аналар тарапынан балалардың білімін тереңдете түсетін тағы бір мектеп болса дегендей ұсыныс айтылып қалатын. Ата-аналарды, сірә, менің математика пәні бойынша оқушыларға беретін сабағым, методикам қызықтыраса керек. Оның үстіне Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде олимпиадалық - математика пәнінен дәріс оқып жүргенімде алгебра-математика кафедрасының меңгерушісі Уәлибай Өмірбаев ағамыз математика пәнін білгірлікпен оқытатын мұғалімдер мен математикаға қабілеті зор балаларды олимпиадалық жарыстарға даяралудың қажеттілігі туралы айтып жүретін. Қазір Уәкең АҚШ-та тұрып жатыр. Ол кісінің еңбектерін мұхиттың арғы жағындағы жұрт ерекше бағалап, өздеріне шақырған еді, қазір сол жақта. Содан ата-аналардың ұсынысы бар, Уәлибай ағаның арманы бар – тәуекел етуме тура келді. Тәуекелден бұрын Астанада аты әйгілі пән мұғалімдерімен, әріптестеріммен ақылдастым. Алдарынан өттім. Олар бір ауыздан ойымды құптады. Сөйтіп команда құрылған соң банктен 2 миллион теңге несие алдым да іске кірісіп кеттім.-

-2 миллионды не нәрсеге жаратпақ болдың? Орталыққа келетін мұғалімдердің бір айлық жалақысына да жетпеуі мүмкін еді ғой оның?

-Жоқ, мен ол қаржыны Қабанбай батыр көшесінің бойындағы 40-шы үйден 5 бөлмені жалға алуға жұмсадым және балаларды оқытуға керек-жарақтарды сатып алдым.

-Мұғалімдер сенен еңбекақы сұрамады ма сонда? Олармен қандай келісім-шарт жасасып едің?

-Мұғалімдер – менің әріптестерім – бәріміз бір команда әрі идеалас, пікірлес, мұраттас азаматтар болғандықтан басында ешқандай жалақысыз жұмыс жасаймыз, қандай қиындыққа болса да бірге төземіз, бастаған ісімізді қайткенде елге дәлеледейміз деп келіскен едік. Сондықтан арамызда ақша, тиын-тебен туралы әңгіме әу бастан болған жоқ. Ал, қазір бұл Орталықтағы мұғалімдер 300-400 мың теңге көлемінде тұрақты жалақы алып тұрады.

-Жөн екен. Ал, Орталықта осы күні қанша оқушы бар?

-600-ден астам оқушы бар. Сол 600-дің 200-і Атажұртына оралған қазақ балалары.

-Бұларды «ZERDELI» ақыл-ой дамыту орталығының оқушылары деп білеміз бе?

-Иә, солай. Бірақ олар бізге өздері оқып жүрген мектептерде болатын сабақтан тыс уақытта келіп білімдерін жетілдіреді. Негізі Орталықтың мақсаты – оқушылардың жаратылыстану бағытындағы білімі мен ағылшын тілі деңгейін тереңдетіп, интеллектуалдық потенциалын көтеру. Сонымен қатар, шетелден келген қандастарымызды Қазақстанның оқу орындарына бейімдеу.

-Құпия болмаса, айтшы, ата-ана баласының оқуына қанша ақша төлейді?

-Бұның еш құпиясы жоқ. Бізде мектептегідей әр сабақ – 45 минуттан. 45 минуттың бағасы – 600 теңге. Сонда ата-ана баласының екі пар сабағына 1200 теңге төлейді. Шетелдерден келген балаларға 20-30 пайыз жеңілдік қарастырылған.

-Орталықтың жұмысы қашан, қай жылы басталып еді?

-2013 жылы, қыркүйекте басталған. Жоғарыда айттым ғой, ол кезде 5-ақ кабинет болған. Ауданы 120 шаршы метрлік тұрғын-жай еді. Қабанбай батыр көшесінің бойындағы 120 шаршы метрлік тұрғын-жайдағы қызметіміз бұл күнде де жалғасын тауып жатыр. Қазір Орталықтың бас кеңсесі Сәтбаев көшесіндегі 20 үйде. Бұндағы тұрғын-жайымыздың ауданы 330 шаршы метр. 20-ға жуық оқу кабинеті бар. Бұл мекен-жайға 2015 жылы көшіп келдік.

-2013 жылы Орталықта қанша бала оқып бастап еді?

-180 бала.

-Қазір 600-ден асты?

-Иә?

-Ендігі мақсат?

-Ендігі мақсат – Орталықтың бөлімшелерін Астана қаласында көбейте түсу. Өйткені сұраныс күннен күнге артып келеді. Тағы бір мәселе – біз «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығына «Шетелден қоныс аударған азаматтарды бейімдеу орталығы» статусын алсақ деген ойдамыз. Осы жайтты қозғап өткенде Білім және ғылым министрі Сағадиев мырзаға «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауында хат тапсырдым.

-Ол статус Орталыққа не үшін керек болып жатыр?

-Керек болып жатыр. Себебі, Атажұртына оралған жеткіншектеріміз бір сынып шегініп оқуға мәжбүр болуда. Олардың білім деңгейіне, оқуға ынтасына, қабілет-қарымына шәк келтіруге болмайды. Бірақ балалар қазақ тілі мен қолданыстағы кирилл жазуына келгенде жаңа ортаға үйлесе алмай, қатты қиналып қалады.  Біз оларға өз көмегімізді аяп жатқанымыз жоқ. Осы уақыт аралығында «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығы шетелден келген 600-ден астам оқушыны мектептер мен жоғары оқу орындарына бейімдеп берді. Қазірдің өзінде орталығымызда шетелден келген және 200-ден астам оқушы қосымша білім алуда.

-Ырысбек мырза, дұрыс айтасың. Әйтсе де бұл тақырыпқа алдағы уақытта кеңінен бір оралармыз. Әзірге әңгімемізді Орталықтың қызметі туралы жалғастыра берейік.

-Қарсы емеспін.

Орталықтың оқытушылары. Олар кімдер?

Мемлекетімізде қанша мектеп, қанша мұғалім бар екен? Мен бұл сұраққа жауап іздеп, статистикалық мәлімет келтіріп отыруды артық көремін. Оданда сол мектептерде қандай дарынды ұстаздар жүр екен деген оймен Ырысбек Мәуітханды әңгімеге тарта түскенді қалағандаймын. Өйткені өзі сияқты дарынды, білімдар замандастарымен бірігіп Орталық ашуға тәуекел еткен Ырысбектің әңгімесі оқырманға қызықтырақ болуы әбден мүмкін ғой.

-Орталықтың оқытушыларын қалай іріктеп, таңдап алдың? Орталыққа көлденең біреулер бас сұға беремейтін шығар?

-Өз ісіне барынша берілген, кәсіби білігі жоғары мамандар бір-бірін сырттай біліп жүреді. Біз де сол бір-бірімізді алыстан біліп, содан соң қойын-қолтық араласып кеткен адамдармыз. Осы Орталықты ашу – бір менің ғана емес, бәріміздің ортақ ойымыз болып шықты. Сосын ғой қамшыны бастық. Сонымен Орталықтың оқытушылары кімдер дейсіз ғой? Олар алдымен тума таланттар. Мамандықтың қыр-сырын терең мегеріп қана қоймай, өздерін үнемі жетілдіріп, дамытып отыратын, бойларын шығармашылық шабыт кернеген, жаңалық жасауға құмар, жасампаз рухты  креативті тұлғалар. Орталыққа мектеп мұғалімдері ғана емес, Жоғары оқу орындарының оқытушылары да келіп сабақ береді. Мысалы, соның бірі 23 жасында физика ғылымдарының докторы атанған – Азат Абуллаев. Азат – Назарбаев Университетінің білікті оқытушысы. Ол біздің Орталықтан он шақты баланы даярлап, Назарбаев Университетіне түсірді. Тағы бір мықтымыз – Абдул-Разак Масоуд. Ол Назарбаев Университетіне шетелден арнайы шақырылған маман. Бізде де қызмет етеді және «Speaking Club» жобасының жетекшісі. Орталықтың өзге де оғыландары міне, мына жігіттер:

 

 

-Ырысбек, осындай азаматтардың басын қосып, Орталық ашып жатқан кезіңде әріптестеріңнің тарапынан қандай да бір кедергілер, билік тарапынан қысым болды ма?

-Болмады деп айта алмаймын. Болды. «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығы деген не ол? Ол Орталыққа оқушыларды апаруға болмайды. Оқытушылары біздің мектеп бағдарламасын білмейді, оқыту тәсілдері де бөлек көрінеді, өздері шетелдерден келген қазақтар екен» деп абың-гүбің әңгіме таратқандар айналамыздан табылды. Олардың сөзіне қалалық білім басқармасындағы мамандар да ішінара қосылып берді. Бірақ, қолға алған ісімізге сәттілік тілеген, жігерімізді жанып, рухани демеген   мектеп директорлары да көп ішінен суырылып шықты. Ол адамдарға осы күні шексіз алғысымды білдіремін. Алғыс айтып қана жүре бермей қолымнан келгенше көмек жәрдем етуге тырысамын. Біздің Орталықта сабақтан тыс уақытта болып білімін ілгерлететін оқушы мектеп ұжымының да мерейін тасытып, мәртебесін өсіреді емес пе? Менің көмегім сол – әріптестік байланыстағы мектептерден олимпиада жүлдегерлерін шығару, білім санатын арттыру.

-Орталыққа оқу үлгерімі нашар оқушыны қабылдайсыңдар ма?

-Қабылдаймыз. Неге қабылдамаймыз? Деңгейі төмен болып келген оқушы өзіне мейілінше көңіл бөлінген соң озат шығуы мүмкін. Ондай жағдайлар болған, болып та тұрады. Біз Орталыққа келген оқушының алдымен деңгейін тұрақтандырып аламыз. Сөйтіп оның деңгейі жоғары ма, орташа ма, төмен бе соны анықтаймыз да, содан соң барып онымен жұмыс істеуге кірісеміз.

-Орталықтағы мұғалімдер оқу үлгерімі нашар баламен жұмыс істейтіндей емес қой. Меніңше олар озат оқушылардың білімін тереңдете түсетін мамандарға ұқсайды...

-Жоқ, әрқалай. Рас, кейбір мұғалімдер бар деңгейі төмен оқушының оқу үлгерімін жақсарта алмайды. Оған жүйкесі жетпейді. Керісінше, кейбір мұғалімдер бар оқуы нашар баланы үйріп әкетеді. Ондай мұғалімнің алдын көрген бала аз уақыттың ішінде дүр сілкініп, түлеп шыға келеді. Адым аштырмай озаттар қатарына қосылады. Біз Орталыққа оқытушыларды таңдағанда мәселенің осы жағына да барынша көңіл бөлгенбіз.

«Зерделіде» оқып жүр зерделі қазақ баласы

Хакім атамыз Интернатта оқып жүрген өз заманындағы қазақ балаларынан үміт еткен еді ғой. Иә, қатаң ескерту де жасаған. Ол заманнан бүгінгі заман көп ілгерлеп кетті. Қазақ оқымысты халыққа айналды. Бірақ бүгінгі күннің оқуы да күрделеніп барады. Хат жазып, қара танып қана отыру оқудан қалды қазір. Ендігі оқу – ақыл-ойыңмен, білім-білігіңмен бәрінен озып шығу. «Зерделінің» ақыл-ой дамыту орталығы» атануының сыры да осында жатса керек.

-

-Мен бір қызық әңгіме айтайын, - деді Ырысбек сөз бастарда күлімсіреп алатын әдетімен, - бір күні маған біздің Орталықта оқитын Нұрдәулеттің атасы келіп жолықты. Көзі ашық, көкірегі даңғыл қария көрген білгенінен сөз қозғай келіп: «Осы күні мына орыс дейтін тамырларымыз балаларын оқытуды қойды. Оларға болашақ ұрпағының тағдыры бәрібір сияқты. Ал, біз – қазақтар, қалтамыздағы қара бақырды санап берсек те ұл-қызымызды оқытып жатырмыз. Кеше бізге ақыл айтып, жол көрсетіп, қожаңдап келген «қожайыннан» осы озғанымыз – озған, енді оларға қара шалдырмаймыз», - деп жанымызды жадыратып кетті.

-Ақсақалдың айтқаны келе берсін. Бірақ, Ырысбек мырза, «Қазақстанда орыс тілінде ғана сапалы білім беріледі» деген стеротипті көзқарасты қайтеміз?

-Ондай көзқарас бар екен. Тпті соны ертелі-кеш құзғындай сұңқылдап айта беретіндер де көп екен. «Орыс тілді мектептер керемет!», «Орыс тілді мектептер керемет!». Керемет түгі де жоқ. Біз міне, Орталықта тек қазақ тілінде ғана сабақ беріп отырмыз. Оқушыларымыз жүлдеден-жүлде алып озық атануда. Мысал келтірейін. Мысалы, Нарбаев Бақдәурен деген шәкіртімнің кейбір жетістіктеріне тоқталайын. Ол:

  • Биыл Халықаралық Жібек жолы олимпиадасының Күміс медалін иеленді;
  • 2016 жылы Жәутіков атындағы ХІІ Халықаралық олимпиаданың Қола медаліне қол жеткізді;
  • Тағы да сол 2016 жылы XXVIII Азия-Тынық мұхит халықаралық математикалық олимпиадасына қатысып Қола медалді қоржынына салып оралды;
  • Келе салып ТМД елдері арасында ұйымдастырылған Халықаралық математикалық олимпиадада І орын алды.

Жетістіктерімізге қысқаша тоқтала кетсем: Орталықтағы ұстаздарымыздың шәкірттері 113 қалалық, 27 республикалық, 11 халықаралық деңгейдегі олимпиадалардың жүлдегерлері атанды. Назарбаев зияткерлік мектебіне дайындаған 100-ден астам оқушымыздың 68-і грант иегерлері болды. Республикалық физика-математика мектебіне Орталықтан 35-ке жуық оқушы дайындалып, оның 27-сі оқу грантын жеңіп алды.

-Бәрекелде! Бірақ біз жоғарыда аталған олимпиадалық жарыстарға қатысып, нәтижеге қол артып жүрген оқушылардың бәрі орыс мектептерінде оқитын шәкірттер деп естиміз.

-Солардың түгелге жуығы қазақ мектептерінде оқитын балалар. Олимпиадаларда оқушыларға қойылатын сұрақтар орыс тілінде болғандықтан балалар амалсыздан орыс тілінде байқауларға қатысады. Бар құпия – осында.

-Ау, сонда ел ауқымындағы олимпиадаларды қазақ тілінде өткізуге болмай ма?

-Болады. Ол үшін мәселе есептер, теңдеулер, қойылатын сұрақтар балаларға қазақ тілінде түсінікті болуы керек. Ал, біздің олимпиадаларда ондай ұлтжандылық, мемлекетшілдік кем.

-Ендеше қайтпек керек?

-Қазақ тілінде балаларға түсінікті етіп оқулықтар жаза алатын мұғалімдердің қатарын көбейту керек. Оларға шығармашылықпен еркін шұғылдануға мүмкіндік беретін жағдай мен орта тудыру керек. Мысалы, біздің Орталықтың ұстазадры 2016 жылы Жаңа форматтағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге байланысты Математикалық сауаттылық, Оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы, Физика, Биология және Химия пәндерінен тесттер жинағын құрастырып шығарды.

-Байқаймын, сендер бүгінгі қол жеткен жетістікпен желпініп қана отыра бермейтінге ұқсайсыңдар?.. Айтпақшы, неге осы уақытқа дейін БАҚ бетінен көрінбей жүрдіңдер?

-Біз алдымен аяғымызға тұрып алайық, ісімізді көпке, қоғамға дәлелдеп көрсетейік деп шештік. Содан күндердің бір күні бізді әйгілі Abai.kz ақпараттық порталының жігіттері іздеп келетін шығар деп күттік (күлді). Дұрыс айтасыз, бүгінгі барымызға малданып қарап отыра алмаймыз. Болашақта онлайн сабақтар өткізіп, робототехника әлемін ашып, мұғалімдер арасында олимпиадалар өткізуді жоспарлап отырмыз.

-Жарайсыңдар, іске сәт, жігіттер!

P.S. Ырысбек Мәуіт – ҚХР-дың Алтай аймағы, Көктоғай ауданының тумасы. Бұл мекенді бір кезде Алтайдың ақазуы Оспан батыр мекен етіпті. Ырысбектің атасы батырмен үзеңгілес жолдас болған көрінеді. Дін білгірі, ғұлама Ахат Үлімжіұлымен де аталары дәмдес-тұздас болып өмірден өтіпті.

ҚХР-да оқу-ағарту саласында азды-көпті қызмет қылған Ырысбек аңсап-шөлдеп Атажұртына жеткен айбоз ұлдың бірі. Ол қазір Оспан бабасының бойында тулап өткен асау қанды, адуын мінезді, таусылып, түгесіліп бітпейтін ерік-жігерді білім саласына бұрып әкеліп, бұрқыратып құйып жатыр. Ырысбекпен әңгімелесіп отырып менің ойыма даңқты Маман байдың орала бергені. «Сары алтын сақалынан аққан Маман» (Әсет) сасық байлардың сапынан кетіп, 19 ғасырда Ақсу-Қапалдың бір көрікті жерінен мектеп салдырған еді. Мектеп салдырып дүниенің оқуын тауысқан ғұламаларды жиып әкеліп қазақ баласының сауатын ашып, оқуға бетбұрғызып еді. Сол көне мектеп  тарихқа «Мамания мектебі» аталып еніп кеткелі қашан. Дегендей-ақ, Астанадағы   «ZERDELI» ақыл-ой дамыту орталығының да Ырысбек Мәуіт мектебі аталуы бек мүмкін. Менің соған сенгім келеді.

Дәурен Қуат

Abai.kz

 

 

 

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322