П.К. Услар. Қазақ даласындағы төрт ай
Жалғасы. Естелік-жазбаның басы мына сілтемелерде тұр: http://abai.kz/post/49234;
http://abai.kz/post/50361;
http://abai.kz/post/51553;
http://abai.kz/post/52170;
http://abai.kz/post/52315
Аңдатпа: Соңғы тарау. Бұл тарауда Услардың Кенесарға тұтқын болғаны, тұтқыннан орайын тауып қашып шыққаны туралы айтылады.
VIII.
Сеніңіздер, сенбеңіздер, бірақ Кенесарының оралғаны жайлы хабарды естіп өте қуанып қалдым. Осыншама уақыт белгісіздікте болу мені әбден шыдамсыз етіп, бұл істің қандай бір болмасын шешілуін зарыға күттім. Келген қазақ менің қасымдағы төлеңгіттің бірінің құлағына бірдеңе деп сыбырлады. Олар дереу қолымдағы байлаған жіпті босатып, атты әкеліп отыруыма көмектесті. Маған деген көзқарастары күрт өзгерді, бұрынғы өктем үн жоқ, сол заматта менің бағынышты қызметшілеріме айналды. Біреуі маған басын төмен иіп, өзі мен жолдасын хан алдында мақтауды, маған қалай ықласты қызмет еткенін ханға жеткізуді өтінді. Мұндай малғұндарға жауап беруді лайық санамадым, олардың егіншілерді күн сайын қорлаған тірліктерінен кейін олардың бетін көргім жоқ, Солай десем де, олардың бұл өтініштері көңіліме жақты, Кенесары жағынан сыпайы қабылдау болар деген үмітті тудырды.
Егіншілерде болған уақыт аралығында ауыл бірнеше рет көшіпті, бірақ мен қалдырған жерден онша ұзамай он шақырымдай ғана жерге көшіпті. Үш сағаттай уақытта ауылға келіп жеттік. Сыртынан қарағанда ештеңе өзгермеген, тек киіз үйлердің аралығында ерекше бірнәрсе болып жатқандай көп халықтың қозғалысын байқадым. Бәрі де жаяу, даланы бетке алып келеді. Бірнеше салт атты бізге жақындап серіктеріммен сөйлесе бастады, не айтып жатқандары маған түсініксіз. Біз де аттарымызды топқа туралап жүрдік, халық та тоқтады. Жақындап келгенде бұрын көрмеген көріністі тамашаладым.
Жерде байлаулы қазақ жатыр, тақырлап алынған шашы мен кеудесі жалаңаш. Беті өліктей боп-боз; бірнәрсе деп күбірлейді, дұға оқып жатқан болар деп ойлаймын, себебі сөздері тұрған адамдардың ешқайсысына арналмаған. Ешқандай қозғалыссыз жатыр, қозғалуға, бұл жағдайдан босануға еш ойы да, үміті де жоқ. Қасында қолдарына пышақ ұстаған бес төлеңгіт тұр. Олар өзара сабырлы қалыпта сөйлесіп тұр, пышақтарын ойнатып жарқыратып ұстаған, пышақтарының өткірлігін шөпке салып байқап қояды. Бұларды қоршап алғандар, болатын драманың көрермендері мен қатысушылары, көруге ыңғайлы орындарды дайындап тұрғандар. Бұл топтың адамдарының ең басты сезімі – олардың қызыққұмар салқынқандығы дер едім. Адамдардың арасында әйелдерді де, тіпті балаларды көрдім. Бұл адамдардың өлім жазасын көруге жиналғандар екендігін түсіну онша қиын емес, Кенесары өзінің қолдаушыларына осындай көріністерді жиі көрсетеді. Адам баласының сезіміне бұл көрініс соншама өрескел болса да, мен қорқынышты құмарлықтың сезіміне беріліп оны көруге ынтыға көз салдым. Мұндай жағдайда одан ешкім құтылуы мүмкін емес. Тағдырлы минутқа бәрі дайын, бірақ жендеттер жазаны орындауға көпке дейін кіріскен жоқ. Мүмкін құрбанның өз өлімін зарыға күтуі оларға ерекше ләззат сылай ма, әлде ерекше бұйрық күтіп тұр ма екен... Ақыры, жендеттердің бірі байлаулы қазақтың басынан ұстады, басқалары оған еңкейді; содан кейін бишараның жүректі тұндырарлық зар даусы шықты... Осы зарлы дауыстың қорқыныштылығы соншалықты, жұрттың бәрі селк ете қалды, тіпті жендеттердің өздері құрбанынан шошып кетті. Сол кезде бәріміз көз алдымызда қанға боялған, тыпырлаған қимылмен, байланғанына қарамастан соңғы аяқ серпулерді жасап жатқан бишараны көрдік. Жендеттер осы кезде қайтадан іске кірісіп бишараны қоршап алды, тағы екі-үш ыңқыл естіліп содан соң бәрі тынды. Жаза орындалған жерде кескіленіп тілінген, ұсқыны адам шошырлық өлікті көрдім. Халық үнсіз тыныштықпен тарай бастады, бірнеше әйелдің өксіп жылағаны естілді, өлтірілгеннің туыстары шығар. Қанды көріністен қорыққан балалардың айқайлаған дауыстары естіледі, әрине оның мағынасын олардың онша түсінбегені анық. Біреулерден бишараның қандай жазығы бар деп сұрауға да рухым жетпеді, бірақ серіктерімнің бірі менің сұрағымды күтпей, бұл қазақтың қарауылшы болғанын, Кенесары қайтып келе жатып оны ұйықтап жатқан жерінен кездестіргенін, басқаларға үлгі болсын деп өлтіруге бұйырғанын айтты. Сірә, бұйрықтың орындалуын маған арнап, ханның құдіреттілігінің қаншалықты екендігіне куә болсын деп ойластырған болса керек. Маған дереу ханға баруым керектігін жеткізді. Екі минуттай шамасында аттарымыз ең үлкен, ең бай киіз үйдің алдына келіп тоқтады. Бәріміз жерге түстік, серіктерім қолымен аспалы есікті нүсқап көрсетті, өздері шақырусыз кіруге батылдары жетпеді. Бүкіл даланы көптен бері дүрліктірген атақты қарақшымен бетпе-бет кездестім.
Ә. Қастеев. К. Қасымов
Кенесары үсті өте бай бұқар кілемімен жабылған сандықтың үстінде отыр екен. Мені көрген сәтте сандықтан тұрып қолын беріп амандасқан сөздер айтты. Тіл білмегендіктен жауап беруге аңырып қалғанымды көрген Кенесары өзінің тілмәшін шақыруға бұйырды. Ол келгенше бір бірімізге үнсіз қарап отырдық. Қазақтардың мен білетін мінезі бойынша, барлық жабайы халықтар сияқты, олар қара күшті жоғары бағалайды деген оймен өз ортасына ерекше ықпалды адам болғандықтан, оны алып тұлғалы болар деп күткен едім. Керісінше екенін көріп таң қалдым. Кенесары биік бойлы емес, ашаң арықша денелі; бет пішінінде тегінің қалмақтан шыққандығын білдіретін кескіндер бар. Дегенмен, қысықтау көздері ақыл мен қулықтың адамы екендігін білдіріп жарқырап тұр, тұрпатында ешқандай қаталдық байқалмайды. Бірақ онысын бірнеше жағдайда байқатып қойды. Тілмәш келді, қазақша киінген, шашын ұстарамен алған, бірақ орысша сөзі сондай жақсы, мен оны қашқын казак деп есептедім, ол жағын бірақ маған мойындағысы келмеді. Кенесары тілмашына: менімен танысуға қуанышты екенін, тұтқыны емес, өзінің қонағы деп қабылдайтынын айтуға бұйырды. Осылай да қонаққа шақыра ма екен, таңмын!
Кенесары өзі жайлы сөздеріне, өзін орыс патшасының ең ынталы қызметшісі деп санайтынын, өзінің, яғни Кенесарының, тырысуының арқасында далада тыныштық сақталуда, кейбір арамниетті қазақтар жалған хабарларды жеткізіп оны орыс үкіметімен ұрыстырып отыр деп қосты. Қарақшылық сүйегіне сіңген адамның бұлтақты айлакерлік сөздері қызықты болғанымен, мен үшін ол сөздердің ешқандай жаңалығы жоқ еді. Бұрыннан білетінмін, әрдайым жеңіліс тапқан сайын, ол осындай бұлтақ сөздерді айтады. Далалық басшылықпен хат жазысуды бастайды, болған оқиғалардан бас тартады, барлық күнәні басқаларға артады, бағынуға дайын екенін білдіреді, сүйтіп жүріп жаңадан жыртқыштық бір іске дайындала береді. Ал мен болсам Кенесарыға өз пікірімді білдіруді қажет деп таппадым, ұзын ырғақты сөздерін үндемей тыңдай бердім. Төлеңгіттер шәй әкелді, тайпақ легенмен Бұқарадан әкелінген жүзімдерді қойды.
Кенесары бар ынтасымен маған сый-құрметін көрсетіп, соңында: тезірек туатын бірінші сәтті жағдайды пайдаланып мені линияға жеткізетінін хабарлады. Бұл сөздеріне сенген сыңай көрсеттім де, дереу қайтаруын сұрадым, адамдары мен жолсеріктерді қайтаруға кепілдік беретінімді айттым. Бірақ ол оған келіспейтінін, даламен жүрудің қауіпті екенін ескертіп, егер маған жолда бірнәрсе бола қалса жауапкершілік жүгі өзіме артылады деп жауап берді. Қарсы айтар сөзім жоқ. Берген уәдесіне сенемін деген сыңай таныттым. Оған қоса, кең пейілді қожайын ауылдың ішінде қайда барғың келсе еркің, тек түнде ғана байлап қояды, мұның барлығы даланың ежелгі дәстүрі бойынша, ол дәстүрді орындамауға болмайды дегенді білдірді. Маған қызметшілікке екі төлеңгіт беріледі, қасымнан бір қадам да аттамай күзетуден басқа тірлікпен айналысуына болмайды деді.
Қонақжайлылық тұрғысынан берілген бұл жарлықтар, маған далалық демократияның тиімділігін түсіндіріп сендірді. Бірақ тез бостандыққа шығатындығыма көп үміт бере қойған жоқ. Дегенмен, Кенесарымен дос болып тарқадық. Мен үшін әдемі шошала дайындап түскі тамақты он адамға жететіндей қылып әкелді. Тамақты аузыма көп татқан жоқпын. Төлеңгіттер менің тамақты аз жейтіндігіме таң қалып тәтті дәмді өздері үлкен ыждағаттықпен жеуге кірісті. Бірнеше минуттан кейін мол тамақтан тауықтың балапаны жейтіндей де қалдық қалмады.
Кеңпейілділікпен жасалған еркіндікті пайдаланып, түскі тамақтан соң ауылдың ішінде қыдырдым. Төлеңгіттер қасымда келеді, олар менің ешқандай мақсатсыз әрі-бері жүргеніме аң-таң болып қарайды. Жаяу серуен деген рахат қой, бүкіл Шығыстың адамдары ғана үшін жаяу серуен тіпті түсініксіз нәрсе, қазақтар үшін одан да түсініксіз, олардың басым көпшілігі атпен жүреді. Аттаған сайын қашу мүмкіндігі еліктіреді. Ауылда бос жүрген аттар көп; арасынан шапшаң біреуіне белгі салып, қарғып мін де, шаба жөнел. Бірақ, мен отрядтың қайда кеткенін білмеймін, ал жақын жердегі казак бекеті осы жерден 400 шақырым жерде, сондықтан оған аман-сау жету мүмкіндігім аз. Отряд жайлы білуге қанша тырыссам да, қазақтар бұл жөнінде Кенесарыдан бұйрық алған болса керек, барлық сұрақтарыма «ештеңе білмейміз» демен болды. Тек бір ғана төлеңгіт мақтаныш екпінімен, отрядтың лагеріне өте жақындап бәрін көргенін айтып қалды. Сөзінің растығын дәлелдеу үшін, казактардың зеңбірегі алтау екен, өзім санадым деді. Түсіне қойдым, ол зеңбіректерді алдыңғы дөңгелегінен түсіріп қойған жағдайын айтып отыр, алдыңғы дөңгелектер мен оқ-дәрі жәшіктерін зеңбірек деп таныған. Оның айтуынша казактардың саны екі мыңға дейін жетеді. Казактардың санын мен нақты білетіндіктен ол әрине мені алдағысы келіп тұрған жоқ, ойлағанын айтып отыр. «Қорыққанға қос көрінеді» деген мақал рас қой. Қазақтар біздің отрядымыздың санының аз екендігіне сенгісі келмейді, қиялына сеніп біз далаға шығып жүрген жүз адамды мыңға айналдырады.
Ауыл ішінде қыдырып жүріп үйлердің арасында ешкімді кездестірмедім. Қазақтардың барлығы ұйықтап жатыр, ыстық шаршатқан, оның үстіне мол мөлшерлі түскі тамақтан соң оны қорыту үшін шынында да батырдың асқазаны қажет. Кейбір жерлерде әйелдер отыр, барлығы біркелкі қызыл түсті кір көйлектерді киіп алған. Шаштарының көптеген тұлымшақтарға өріліп, маржандармен, түрлі түсті шыны маржандармен әшекейленгендігі олардың әдемілікке құмарлығын көрсетеді. Ауылдың бір бұрышынан ескі сүйкімді танысым Жұлдызды кездестірдім. Мені көрген кезде бетінің қызылы бір сәт жарқ ете қалып ұялғандығын жасырып балалық қарапайымдылықпен күлді де киіз үйдің ішіне тығылып қалды. Қасымдағы еріншек төлеңгіттердің сенімдерін тыңдап, ерекше қуантып шошалама қайтып келдім.
Кешке үйімде жалғыз өзім қалып, мұңды ойларға түсіп жүзінші рет қашу жоспарымды жасап жатқан кезімде бір қазақ келді. Досалы сұлтанның әйелі Құнанжанның атынан келіп, менің бірнеше тал шашымды сұрады. Менен ескерткішке бірдеңе сұрап алатындай Құнанжан ханыммен еш таныстығым жоқ; менің шашым оған не үшін қажет? Мүмкін ол сұраған заттың мен білмейтін қазаққа тән идиомалық немесе омонизмдік мағынасы бар шығар? Жоқ! Менің түсінбегендігімді аңғарған қазақ, анықтап түсіндіру мақсатында қолын шашыма тигізіп шашымды кесіп алуға бола ма деп сұрады. Ұзаққа созылған түсіндірулерден соң түсіндім, маған таныс емес әйел айы, күні жетіп, ағылшындар айтатын «өте қызық жағдайда» екен. Менің шашым сол бір шешуші минуттарда жын-шайтандарды қуып жіберу үшін, әйелге тұмар есебінде керек екен. Бұл ерекше қасиет тек менің жалғыз өзіме ғана тән деп ойламаңыздар. Барлық христиандардың шаштарында қазақ әйелдерінің пікірінше, осындай қасиеттер болатын көрінеді. Бұл жөнінде сіздер ешқашан естіп білмеген боларсыздар. Келген кісі шашымды алып болған соң, Құнанжан ханымның босану кезіне менің де қатысуымды шақырды, оған сенерсіздер, мен ұсынысты қуана қабылдадым,
Киіз үйге кірсем, іші толған адамдар; көпшілігі кіруге мүмкіндігі болмай үйдің айналасында түрегеп тұр. Мені құпия сырлы тұмардың иесі ретінде алға өткізді. Жерде жатқан жас әйелді көрдім, беті өлікке тән боп-боз болған. Есінен танып жатса керек, үзіліп, тоқтап ауыр дем алуына қарағанда қандай азапты күйді кешіп жатқанын аңғаруға болады. Анда-санда ғана болатын бір минуттық рахат тыныштықты қарап тұрғандар жақындап келіп қайта-қайта бұзып жібереді. Әрқайсысы бейшара Құнанжанға жақындап келіп қамшымен ішіне жеңіл ұрып: «Шық!» деп күбірлейді. Маған да көпшіліктің үлгісін қайталауды ұсынғасын, шын көңіліммен азап кешіп жатқан әйелге жеңілдік тілеп сол сөзді қайталадым. Әйелдің толғағы қысқанша, бәрі салиқалы, ешкімнің араласуынсыз жүріп жатқан болатын. Бір кезде әйелдің зарлы дауысы естіліп еді, күйеуі Досалы сұлтанның ерекше қатыгездігі қозып, әйеліне жүгіріп барып жағынан ұрып жіберді, бірнеше рет пышағын кеудесіне тақады, неше түрлі лағнатты, балағатты сөздер де аузынан шығып кетті. Қазақтардың мұнысы несі, әйелдері осындай адам төзгісіз жан азабын кешіп жатқанда олардан ерекше ерлік жасауды талап еткені қалай деп ойладым. Ең болмағанда, жан азабын шыңғырып айқайлап жеңілдетуге де әйелдерге рұқсат берілмегені ме? Болып жатқан жағдайға бейжай қарап тұрғандардың бірі, оның балағаттары, қорқытуы, ұруы Құнанжанға емес, Албасты жын-шайтанға қарсы айтқаны деп бұны біреулер маған түсіндіріп жатты. Албастыны қорқытып қуып шығару керек екен. Сұлтан Досалының ерекше өлермендікпен жасаған іс-қимылдары Албастыны қуып шығуға көмектеспей, бишара Құнанжан қайтадан ыңқылдап қиналып жатқанда екі қазақ жабайы дауыспен өкіріп кіріп келді. Үстеріне кигендері нағыз қиял-ғажайыптың киімдері, ежелгі заманның дулығасы мен сауыттарын киіп алыпты, қолдарында жалаңаш қылыштар. Құнанжанға ерекше қаһармен ұмтылғанда, олардың бұл істері мағынасы жоқ комедия екенін ұмытып, көмекке ұмтыла жаздадым. Шегіп жатқан қасіретінен бе, әлде қорыққандықтан ба, Құнанжан талып қалды. Еркектер сол заматта есерлікпен үйден шыға жөнеліп, жақын жерде жайылып жүрген аттарына шапшаң қимылмен мініп алып ауылдан бір шақырым жердегі бұлаққа шаба жөнелді. Мен де жұртпен бірге шықтым, бірақ маған ат жетпей қалды да, не болып жатқанын алыстан қарай бастадым.
Қазақтар бар қарқынымен у-шумен қиқуға басып шауып кетті. Байқағаным – бәрі де ат үстінде отырып оң жағына бұрылып қамшымен жерді сабалап барады. Қасымда мен сияқты ат жетпей қалған бірнеше адам тұрған болатын, солардан мына шабыстың мәнісін сұрадым. «Албасты Құнанжанның ішкі денелерін ұрлап әкетті, енді оны бұлаққа батырмақшы. Соны болдырмау үшін бәрі асыға шауып барады, албастыны қайтадан үйге кіргізбекші» деді. Осыны естіп болғаным сол екен, салт аттылар кері бұрылып қиқулап, жерді қамшымен сабалап келе жатты.Топ сол күйінше Құнанжанға қайтып келді, ендігі қалған жұмысты өздері оқып үйренген акушерлерге қалдырып, өз білгендерін жасасын деп шошалаға қайтып келдім. Көпке дейін осы көргендерім мен естігендерімнің нәтижесінде қажыған нервтерімді қалпына келтіре алмадым.
Бір сағаттан соң маған Құнанжан аман-есен босанып ұл туды деген хабарды жеткізді. Атын Мылтық қойыпты, себебі босанғаннан кейін Құнанжанның бірінші көрген заты мылтық болыпты. Қазақтардың қалмақтардан алған, адам таң қалатын бір дәстүрі бар – босанған әйел баланы туған сәтте қандай затты бірінші көрсе, сонымен баланы атайды. Қазақтардан құралған отрядты дауыстап түгендеу – фанта ойынын, әйелдің туалет деп аталатын ескі ойынына ұқсайды. Мұнда әрбір ойыншы үй заттарын өзіне атау етіп алады. Мен аттары Ит, Торсық (outre), Қамшы және т. б. деп аталатын қазақтарды да кездестірдім. Байқаған боларсыздар, бұл жөніне келгенде, басқа да мәселелерде де, қазақтар терең бойлай бермейді. «Адамды аты даңққа бөлемейді, адам өз атын даңққа бөлейді» деген ақиқатты сөзге сенеді.
Құнанжан босанғаннан кейін бірнеше күн өткен соң, мен қазақтың ырымшылдығының тағы бір куәсі болдым. Бұл жолғы фарстың басты кейіпкерінің ролін менің ескі танысым Әбілхайыр орындады. Аялдайтын орындардың бірінде жыландар көп жүретін. Міне, осы жерге бұта отынын жинауға келген бір қазақтың аяғын жылан шағып алыпты. Өзін шаққан жыланды ұстап ол (ем қону үшін шаққан жыланды ұстап әкелу керек) арқанға байлап Әбілхайырға емделуге келеді. Ол келген кезде Әбілхайыр менің үйімде отырған еді. Сондықтан да Әбілхайырдың емін басынан аяғына дейін көрдім. Әуелі екі көмекшісін шақырып қазақтың аяғын шаққан жерден жоғары тұсынан белбеумен байлатқызып, жараның қанын сорып алуды бұйырды. Әбілхайырдың өзі үйдің есігінің алдында жыланмен айналысып, сиқыр сөздер айтып жыланды тал шыбықпен жеңіл ұрып жатты. Қазақтардың айтуынша, соны жасап жатқан кезде хәкім мен жыланның ойлары бірдей. Хәкім жыланның атын, жылан өзі шаққан адмның атын табуы керек. Егер жылан бірінші болып адамның атын тапса, ол адамды ештеңе құтқара алмайды; көпшлігінде Хәкім бірінші болып жыланның атын табады, жылан сол заматта өледі, ал адам бірте-бірте жазыла бастайды. Әбілхайыр менімше жарты сағат бойы жыланмен айналысты, анда-санда ақыл-ойына үлкен саламақ түсіп тұрған адам сияқты маңдайын сипап қояды. Аурудың барлық назары Хәкімде, аяғының қанын ерекше ыждағаттықпен қанын, қанымен бірге уын сорып жатқан екі қазаққа рақмет айтпақ түгіл, назарын да салар емес. Бір кезде Әбілхайыр салтанатты түрде бір сөзді айтты (ол сөз қазір есімде қалмапты, сірә ол сөз жыланның аты болса керек). Әбілхайыр сонымен бірге өліп қалған жыланды көрсетті. Жыланды ерекше ептілікпен өлтіргені сонша, оны қалай істегенін байқамай да қалдық. Осыдан кейін Әбілхайыр биенің сүті құйылған торсықты әкелдіріп, оның ішіне аурудың аяғын салып жылан шаққан жерді жоғарғы тұсынан мықтап жіппен байлап тастады. Емінің бұл түрін адам таңғалатындай етіп көрсету үшін, Әбілхайыр аурудың екі жағына сары жүнді екі ешкіні қойды, басы қара ақ қойды жеті рет айналдырды. Қой кейін пышаққа түсті, еті ақысы ретінде Әбілхайырға, басы ауруға пісіріп жеу үшін берілді. Ауру келесі күні құлан таза айығып кетті.
Осы оқиға болған кезде төлеңгіттердің бірі маған анекдот айтып берген еді. Бұл анекдоттың желісі Сібірдің қарапайым халқынан талай рет естіген әңгімелеріме өте ұқсас. «Әкемнің бір қызметшісі болды – дейді төлеңгіт, - еңбекқор, адал, зерек, бір сөзбен айтқанда мақтауға тұрарлық қызметші еді. Ойда жоқта әлгі жігіт өзгеріп кетті. Тамаққа тоймайтын болды, мешкейге айналғандығы сол, бір өзі он адамның тамағын жейтін болды. Қанша тамақ ішсе де араны ашылып, үш күн тамақ ішпегендей. Осылай жаз өтті, қыс келді, қызметшінің мешкейлігі үдеп барады, ал өзі қуарып, сола бастады. Жақсы көретін қызметшісіне тамақ беруге әкем аянып тұрған жоқ, бірақ бишараның күн сайын солып, өлер халге жеткенін көру аянышты еді. Бірде әкем қызметшісінен біраз уақыт тамақ ішпеген кезіңде өзіңді қалай сезінесің деп сұрастырып көріпті. «Шыдас бермейтін азапқа түсемін, - дейді қызметші, - ішімде бірнәрсе қозғалып жүргендей болады». Шал оған қалай көмектессем екен деп көп ойланады. Сүйтеді де отарынан меңі жоқ бір қойды сойып, тек майларын бөлек алып қызметшіге жегізеді. Майдың ең соңғы кесегін тауысып болғаны сол екен, қызметшіні ұйқы қысып көп ұзамай ұйықтап кетеді. Ұйқысы мазасыз болыпты; қиялды түс көргендей, аунап дөңбекшіп дұрыс ұйықтамапты. Қасында отырған әкем, оның ұйқысын қалт жіберермей бағып отырған. Бір кезде аузын ашып ұйықтап жатқан қызметшінің аузынан жыланның басы көрініпті. Әкем ерекше сақтықпен екі таяқшамен жыланның басынан ұстай алып ұзындығы бір аршыннан (0,71 см. - С.Ж.) астам келетін қара жыланды суырып алыпты. Қызметші сол мезетте оянып кетіп, бүкіл денем жеңілденіп қалғандай болды дейді. Қызметші осыдан кейін бірнеше күн әлсіздікте болып, екі аптадан соң сауығып кетіпті.
Мұндай көңілді көтеретін көріністер жиі кездесе бермейтіндіктен, мен үшін мұндағы уақыттарым зеріктірген күндер болды. Рас, таңның атысынан күн батқанға шейін боспын, ауылдың ішінде қалаған жеріме барамын, тек мына қарғыс атқан төлеңгіттердің қасымнан кетпейтіндігі, жасаған серуендерімнің бар ләззатын жоқ қып жібереді. Қазақтың мінез-құлықтарын сұрап зерттеу ойымды жүзеге асыру қиын еді, қойған сұрақтарым олардың көңілдерінде, қандай оймен сұрап тұр деп күдік тудырады: жауап бермейді немесе жалған жауаппен адастырмақ болады. Ауылда барлық жағынан тыныш. Бірнеше щақырым жерге көшіп барады да сол жерде тағы да үш-төрт күн отырады. Кенесары менімен бұрынғыша өте сыпайы. Күнде өзіне шақырып ұзақ сонар әңгіме-дүкен құрамыз. Әңгімеміздің тақырыбы – бұрынғы жасаған тонау мен қарақшылықтарына ақталу, орыс үкіметіне қызмет етуге адал екендігіне сендіру. Кенесарының бұл кездегі жағдайы өте үмітсіз емес болатын, сондықтан да жібергісі жоқ, мені ең қиын жағдайға сақтап отыр. Қиналатын күн туған кезде ғана мені босатып, орыс үкіметіне кеңпейілділігін көрсете отырып оның көңілін алу, сүйтіп өткен істерін ұмыттыру: бұл қулығын ол талай рет жүзеге асырған болатын. Кенесарының бұл қулығын біле отырып, оның маған деген тәуір қатынасы өзгерместігін біле отырып, ойыма қорқынышты ой түсіп кетті, мүмкін осылай тұтқында бірнеше жыл жүретін шығармын, ең жалынды жастық жылдарым бекер өтер. Осы ойларға шомылып, алғашқы жоспарлаған қашу ниетімді миымнан шығармадым. Қасымдағы мені қарауылдап жүрген төлеңгіттерім мені бұл кезге дейін сақ күзетіп келеді, бірақ күндердің бір күнінде олардан айламды асырармын деп ойлаймын. Кеш сайын қолымды өз еркіммен байлауға ұсынып жатып, жақын уақыттарда Кенесары мені үйіме босатады деген ойдамын деп айтып қоямын. Ойымда қашу ниетім бар дегенге бір тал да сезік бермеуге тырысамын. Шынында да байқай бастадым, төлеңгіттердің сақтық шаралары аз-аздап босай бастаған сияқты. Кеш сайын өтірік ұйықтаған болып жатамын: төлеңгіттер мұқият қарап, шын ұйықтап жатқанымды көріп әуелі біреуі, сосын екеуі де көрші үйге барып ұйықтайтын болды. Осы жағдайды пайдаланбақ болдым, бірақ бұрынғыша байлап қояды, одан босану қиын емес: пышақ тапсам болды.
Мұң басқан далалық өмірімдегі жалғыз ғана алданышым – менің сүйкімді Жұлдызымның бар екендігі. Әрине, менің Жұлдызға деген сезімім махаббатқа түк ұқсамайды. Менің түсінігім бойынша, бірін бірі сүюшілірдің арасында сезім мен пікір алмасуы болмай махаббаттың болуы мүмкін емес, менің бұл жайлы түсініктерім мен қазақ қызы Жұлдыздың түсінігінің кереғарлығы сонша, екеуміздің арамызда ештеңе болуы мүмкін емес. Солай бола тұра, Жұлдыздың бір ғана көзқарасының өзі жанымды адам түсіндіріп бере алмайтын қуанышқа бөлейтін. Оның ақкөңілділігі, балалық көңілділігі, тіпті еш қулықсыз наздықтары бойымдағы жаман ойларды қуып жіберетін. Жұлдыз мен серуенге шығатын уақытты белгілеп алыпты; әртүрлі желеу тауып жолыма шығады, ол әдетін шеберлікпен жасайтындығы сондай, кездесулеріміз қажетсіз куәлерсіз өтетін. Кездескен сайын оған көп білмейтін қазақша сөздік қорым мүмкіндік бергенше әртүрлі мейірімді сөздерді көбірек айтпай тұра алмаймын. Бұл сөздерім менің сұлуымды ешқандай ренжіткен жоқ. Әуелі беті қызарып үндемей тыңдап тұратын, содан күн сайын батылдығы арта берді, аз-аздап менің құмарлыққа толы монологтарыма жауап қайтарыла бастады. Бірақ, Жұлдызбен қарым-қатынасымыз осы шекарадан асқан жоқ. Жақын күндері Жұлдызбен мәңгі қоштасатын болғандықтан, қыздың жарқын жастығын тұмандандыратын, жүрегінде ащы болып қалатын естелікті, нәтижесіз өкінішті қалдырғым келмеді. Мені ұстап тұрған ойдың өзегі осы болатын. Мойындауым керек, қазақтың мінез-құлық салты Пиго-ле-Брён мен Поль-де-Коктың романдарында суреттелетін әртүрлі оқиғаларға қолайлы екендігін айтуға тиіспін. Қазақтар тұрмыс салты бойынша, түріктер немесе персиялықтар сияқты әйелді жабық есікте ұстамайды, Мұхаммед дініндегі әйелдерді үш қатар құлыппен немесе әтектердің күндіз-түнгі күзетуімен ғана ұстап тұрған. Сондықтан да, Дон Жуанға ең көп құрбан әйелдерді тауып беруге келгенде Қазақ даласынан асатын ел жоқ. Бұрынғы кездерде қазақ даласында пәктік өте қатал сақталыпты, оны бұзғандарға ең қорқынышты жаза түрлері жасалады екен. Абылай хан ашыналардың аяқ-қолын байлап түйенің мойнына байлатып, сосын түйені тұрғызып далада өлгенше шапқызады екен дегенді естідім. Енді бұл жабайылық салт тек шалдардың есінде ғана қалған, пәктікті бұзғаны үшін жазалау дала заңдарында да, қоғамдық пікірлерде де айыпталмайды. Дегенмен, пәктікті бұзған кейбіреулерге кейбір жазалаулар сақталған, бірақ олар сайқымазақтық түрде, қатысушыларға үлгі үшін емес, қызықтау үшін орындалады. Бұл орайда, осындай қылмыспен ұсталған бір жас жігітті жазалағанын көрдім, жігітті жаман атқа теріс отырғызып ауылдың ішінде күлкімен мазақ етіп жетектеп жүрді. Кінәлі басқаларға еріп өзі де күліп отыр, ол да бір күні өзін мазақ еткендерді күндердің бір күнінде осылай атқа теріс отырғызып күлері анық.
Қыркүйектің басында ауа райы нағыз күзге ұқсап кетті. Майда жаңбыр тоқтаусыз себелеп тұр; сазды топырақ жібіп, біздің түйелеріміз, оларды Боффон дала кемелері деп атаған, таусылмайтын шексіз батпақтың теңізімен әрең-әрең жүреді. Қаздар мен тырналар және тағы басқа қаптаған құстар аспанды жауып кеткен, олар Сібірден жылы жаққа, көк теңіздің ар жағына қайтып ұшып барады. Мен тұрған ауыл Ұлытауды бағытқа алып, Ұлытаудың қарлы бораннан сақтайтын қонақжайлы ық аңғарларында қыстап шығу үшін сол жаққа көшіп барады. Ұлытауға дейін әлі 250 шақырым бар. Түйе мен аттарды шаршатып алмау үшін күніне он шақырымнан артық жүруге болмайды. Түнейтін жерге келген бойда әйелдер бізге киіз үйлер мен шошала, қостарды құрып беруге асығады. Сосын жұрттың бәрі жайсыз ауа райынан үйлеріне кіріп тығылады. Ең бақытты адам, құрғақ отын мен бұтаны күні бұрын сақтап алғандар, күні бойы маздаған оттың жанында жылынып кептірініп аласың! Әлі күнге дейін, бірнеше сағат бойы қасымда үнсіз отырған төлеңгіттерімді, сәт сайын ойнақы қимылмен отқа тастаған отынның сыртылдап жанған дауысы мен жалыны қиялымды баяғыда тастап кеткен, алыста қалған өлкеге апарып жеткізетін осы бір күндерімді күрсініп еске аламын. Киізге сартылдап соққан жаңбырдың дауысы, шөл даланы кезіп соққан желдің гуілі - мұңды естеліктерімді есіме түсіретін, алыста қалған сағынышты дауыстары сияқты.
Осындай кештердің бірінде, ауа райы күндегіден де нашар, біздің үйден алыс емес жерде қатты айқай естілді. Не болғанын білмек болып, шошаламыздан жүгіріп шығып адамдар жиналған киіз үйдің жанына келдік. Олардың бірнешеуі қолдарында жанған бұтаны ұстап тұрды, соның жарығының сәулесімен не болып жатқанын көруге мүмкіндік алдық. Қоршаған топтың ортасында тырдай жалаңаш бір еркек жатыр. Өлі деуге болар ма еді, бірақ оны ұрып жатқандардың тепкен, ұрған кездерінде денесінің діріліне қарап тірі екенін аңғаруға болады. Көпшіліктің сөздеріне қарап түсінгенім, бұл адам барлаушы екен, ауылдың дәл ортасына кіріп аралап жүргенін екі қазақ көріп қалыпты. Көптеген тәжірибелерім бойынша, бұл халықтың қорқақтығын білемін ғой, сондықтан да ұсталған барлаушының адам таң қаларлық ержүректілігі мені таң қалдырды. Шындығында да, бөтен ауылға түнде кіріп, оның қалай орналасқанын көріп, киіз үйлердің ішінде отырғандардың не айтып жатқандарын тыңдау – ерліктің ерлігі, мұндай ерлік дұшпан қамалының қазылған орының тереңдігін өлшеуден де қауіпті. Солай болса да, кез келген ауылдан осындай жанкешті ерлікке баратын бірнеше адамды табуға болады. Тағы бір таң қаларлық жағы, басқа жағдайларда, осы ержүрек жігіттердің он адамы жақсы қаруланған екі казакты көрсе қаша жөнеледі. Адам баласының бойындағы ержүректіктің осындай қарама-қайшылығын қалай қиыстыруға болады? Түн қараңғылығының көмегімен барлаушы жалғыз өзі осындай іске шығады да, ауылға екі шақырымдай жерде атын байлап, жыландай жорғалап ауылға жетіп керекті нәрселерді көріп, тыңдап таң алдында аулына қажетті хабарларды жеткізеді. Барлаушы мұндай жағдайда ерекше сақтық жасап, үстіндегі барлық киімін шешіп тастайды. Қазақтардың киімі өз ауылының түтінімен әбден ысталғандықтан, иттер бөтен ауылдың адамын осы түтіннің исінен ажыратады.
Ұсталған барлаушының жас шамасы қырықта, ұзын бойлы, қарулы денелі екен. Басына төнген қатерден құтылудың ешқандай мүмкіндігі жоқ екенін біліп жатқандықтан тағдырының шешілуін сабырмен күтіп жатыр. Бұл мақтанышты ерлік емес, солтүстік америкалық жабайының қорқынышты азаптаулар кезіндегі әскери әнін айтуы емес-ті. Бұл қасқырдың үмітсіз үнсіздігі еді, доғал қылышпен азаптап ұрып өлтірген жағдайды талай рет көрген едім, мұндай кезде адам үнсіз өледі. Бейшара барлаушыға азаптау дайындалып жатты. Ауылдың билеріне оның қай ауылдан екендігі, қай тайпа, қай ру қандай шапқыншылыққа дайындалыпп жатыр –білу қажет болатын. Тұтқын қойылған сұрақтың біреуіне де жауап берген жоқ. Дойыр қамшы әкелінді. Азаптау ұзаққа созылды; уақыт аралығында азапкердің ауыр дем алысы естіледі, кейде «Алла» деген ғана сөзді айтады. Қазақтар бірнеше рет азаптауды тоқтатып, тұтқыннан шынын айтуды үгіттейді, бірақ дойыр қамшымен де, жылы сөзбен де ешқандай жауап ала алмады. Бір кезде қазыққа ұқсайтын ағашты, қыл арқанды әкелді.. Дайындалып жатқан азаптауды көруге рухым жетпеді, бұрылып шошалама кеттім. Төлеңгіттерім маған соншама қызық көріністі көргізбегеніме қатты ренжіді. Түні бойы ұйықтай алмадым, құлағыма бейшараның ыңқылдаған дауыстары естіліп жатты.
Барымта
Таң алдында ыңқылдаған дауыс сап тиылды, бірақ ауылда абыр-сабыр бірдеңе болып жатыр. Не болып жатыр екен деп сыртқа шықтым. Ұсқынсыздыққа жеткізілген өлік батпақта жатыр... Қазақтар аттарын ерттеп жүр екен. Барлаушының жақын жерде көшіп жүрген шөмекей руынан екенін бір жолдармен тауып біліпті. Болған жағдайды олар білмей тұрған кезде барымтаға шығуға шешім шығарыпты. Дайындық ұзақ болған жоқ, бір сағаттан соң қос атқа мінген үш жүз адам Кенесарының өзінің басқаруымен (Жалған пікір, ханның өзі бастап 300 (!!) адаммен барымтаға шықты дегені, еш қисынсыз нәрсе. - С.Ж.), жорыққа шықты. Ауылда қалғандарға бұрынғыша Ұлытауды бетке алып көше беру тапсырылды.
Біздің барымташылар аттанып кеткеннен соң, мен кешқұрым әдеттегіше Жұлдызбен сыпайы әңгімелесіп отырған едім, бір уақытта Жұлдыз матадай боп бозарып кетті де, саусағымен ауылға жақындап келе жатқан бірнеше салт аттыны көрсетті. Салт аттылардың саны үшеу ғана – бәрі де әдемі киініп алған, тек қана бейбіт пиғылдарымен келе жатса керек. Жұлдыздың неге қорыққан себебін түсіне алмадым. Оны сұрап үлгермедім, Жұлдыз шапшаң қимылмен өз үйіне кіріп кетті, артынан бару маған ыңғайсыз еді. Соның арасында, салт аттылардың келе жатқанын көрген ауылдың бірнеше адамдары оларға қуанып сәлемдесіп жатты. Қасымдағы төлеңгіттің бірінен мына бейтаныс салт аттылар кімдер, неге келіп жатыр деп сұрадым. «Олардың бірі Жұлдыздың айттырған күйеуі, - деді төлеңгіттің бірі, - қасындағылар оның достары. Қалың мал түгел төленбеген, сондықтан той жасауға болмайды, қыз болса бойжетіп қалған, күйеу бала көңілін көтеруге келгені». Бұл жауап менің көңіліме ерекше ауыртатын сезіммен әсер етті. Мұндай жауапты бұрын-соңды күтпеген едім. Жұлдызға деген осы минуттағы пейілім сабырлылығыма, осы кезге дейінгі оны құрметтеуіме өте қауіпті болып көрінді өзіме. Бейшара қыздың күйеу баланы көрген кездегі қорыққаны, оның келгеніне қуанышты еместігін, Гименейдің неке жібі азиялық қызға махаббаттың ауыр бұғауын көтеріп жүруге көмектеспейтінін көрсетеді.
Қазақтар үшін үйленудің үш түрі бар. Мұрагерлікпен немесе алып қашумен үйленеді, үшіншісі - ата-анасының келісімімен. Күйеуі өлсе, жесір марқұмның ағасына (інісіне), ағасы (інісі) жоқ болса, немере ағасына, олар да жоқ болса жақын тармақтағы туысына шығады. Мұндай тұрмыстық некелер онша ұнамды емес, бірақ бұл дәстүр далада ежелден жалғасып келеді. Некелік қатынастардың ұрлап алуға негізделген түрі, ең қарапайымы. Барымта жасаған кездерде түйе, жылқы, қойлармен қоса бірнеше сұлуларды да қосып алып кетуге тырысады. Өзара олжа бөліскен кезде сұлуларды да бөледі, олар содан кейін жеңімпаздардың заңды әйелі болып саналады. Ең соңғы түрі, ұл мен қызды туғаннан атастырып қояды, бірақ қалың мал толық төленгенше заңды некеге тұрмайды. Осындай кездерде, күйеу бала қалыңдығына некеге тұрғанға дейін қонаққа келуіне болады. Күйеу балаға мұндай кезде некелік ережелерді толық жасай беруіне болады. Қалың малдың басым көпшілігі төленіп қойғандықтан, болашақ неке бұзылады деп қорықпайды.
Бишара Жұлдыздың күйеуінің қонаққа келмегеніне екі жыл болғанына қарағанда, оның бұл жолғы ой-ниеті ерекше батыл болса керек. Үй жанынан бөлек әдемі киіз үйді құрғанын, үйге жылаған Жұлдызды кіргізіп бара жатқанын, есіктің алдына бір топ кемпірлердің келіп орналасқанын көрдім. Бір уақытта күйеу бала көрініп тура киіз үйге беттеді, түріне қарап нағыз даланың жабайысы деуге болады. Кемпірлер бажылдаған даусымен күйеу баланы бас салды, қолына түскен заттарымен, арасында батпақ та бар, ұрып жатыр. Күйеу бала сасып қалды, жолдастарына барып әртүрлі жылтырақ әшекейлерді алып қайтадан кемпірлерге сыйлық ретінде ұсына бастады. Кемпірлер сыйлықты алды да қайтадан күйеу баланы ұрып соға бастады. Осы көрініс бірнеше рет қайталанды, ақыр соңында мыстан кемпірлер берген сыйлықтарға қанағаттанса керек, мүмкін күйеу балада беретін сыйлықтарының таусылғанына көзі жеткен болар. Жігітті Жұлдызға жіберіп, өздері үйлеріне тарады. Бәрі тынышталды.
Алдыңғы күні көрген азаптау көрінісі мен сырттан келген күйеу баланың шүйіркелесуі қазақтардың өміріне деген жеркенішімді тудырды, бостандық жайлы ойларым бойымдағы барлық сезімдерді тұншықтырды. Күн сайын қашу жоспарын кейінге қалдыра бергенім үшін, қылмысқа тән жасықтығым үшін ар соты бір күндері мені өте қатаң айыптайтынын ойладым. Осы сезім тұла бойымды кернеп толғандырып, дәл сол түні қашуға бел байладым. Бұл жоспарым әңгүдік жоспар емес-ті. Бұлттар аспанды толық жапты, сондықтан түннің қап-қараңғы болары анық; төлеңгіттерім Кенесарының жоқтығын пайдаланып міндеттерін орындауға бұрынғыдан да бос қарайтын болды. Олардың бүгін де менің шошалама қонбайтынына күмәнім болмады.... Содан соң, қолымның бос кездерінде қашудың әртүрлі жолдарын ойлап, ойша әртүрлі болып қалуы мүмкін жағдайларға дайындалып қойдым. Күн қараңғы болғанша ауылдың ішінде жүріп, желдің қандай бағытта соғарын дәл анықтауды ойластырдым. Байқағаным, жел күні бойы тек бір ғана бағытта соғып тұрды. Бұл жағдай менің алған бағытымнан адаспауыма мүмкіндік береді. Ауыл ол кезде Шұбар-Теңіз көлінен алыс емес жерде, Қарғалы өзенінде орналасқан еді. Барлық ой-санамды жұмылдырып, отрядта жүрген кезімде көрген картаның географиялық егжей-тегжейлерін есіме түсіре бастадым. Орыс отрядтары тұрақты орналасқан, Қарғалыға жақын бекіністер мыналар: Жарқайың-Ағаш және Ақтау. Әрқайсысы, менің ойлауымша Қарғалыдан 500 шақырым жерде. Біріншісі – солтүстікте, екіншісі – шығыста. Мен Ақтауға қашқаным дұрыс болар деп шештім, себебі ол жақтың жолы айқындау сияқты – 150 шақырымнан кейін өзімнің сол жағымда Ұлытаудың таныс сүлбесін көруге тиіспін. Әрі қарай Кеңгірлердің біріне түсіп, соның бойымен міндетті түрде Сарысуға жетіп, содан кейін Сарысумен жоғары бойлап Ақтаудан 60 шақырым жерде тұрған Ақтау бекетіне жетемін. Бұл жолдың тағы бір тиімдігі – бұл жолда ешкіммен, яғни ұнамсыз кісілермен кездесу мүмкіндігі жоқ болатын. Қыркүйек айында Сарысудың ештеңе өспейтін жағалауларында ешкім көшіп жүрмейді, екі атқа жем кез келген жерден табылады. Алты күнде Ақтауға жету қиын емес. Алты күннен кейін толық бостандықта боламын! Бұл ойым мені қуанышқа бөлегені сонша, жолымда кездесетін қиындықтар мен қауіп-қатерлерді ойлаған да жоқпын.
Киіз үйлердің арасында аттар көп кезіп жүретін, оларды қажет болуы мүмкін деп жақын ұстайды. Солардың ішінен екі сенімдісін таңдап алсам болды. Осыдан бірнеше күн бұрын қазақтар бәйге өткізген еді, сол жарыста бәрінен озған екі атты байқаған едім. Менің бақытыма оларды барымтаға алып кетпепті, екеуін де Кенесарының әйелінің киіз үйінің жанында байланып тұрған жерінен таптым. Қару жайында ойлаған да жоқпын – несіне оны өзіммен бірге алып жүремін? Бір топ шайкамен кездескенде ұшы сынған найзамен немесе жартылай сынған мылтықпен не істейсің. Жолымның болуы менің қолымнан емес, аттардың тұяғына байланысты.
Қараңғылық толық түскен соң өз шошалама оралдым. Төлеңгіттер кешкі асқа қойдың етін әкеліп оны менімен бірге жей бастады. Ештеңе білмейтіндей олармен сөйлесіп отырмын, тіпті Жұлдызға деген менің құмарлығым жөнінде айтқан ақымақтық әзілдеріне де күліп отырмын. Лондонның алаяғы жасай алмайтын ептілікпен біреуінің пышағын ұрлап алып шошаланың ең қараңғы бұрышына лақтырып жібердім. Біршама уақыт өткен соң төлеңгіт пышағын іздей бастап еді, назарын бір әзілмен аударып жібердім, азаптан құтқаратын пышақ шошаламда қалды. Кешкі асты ішіп болған соң біраз уақыт сөйлесіп отырдық, сосын төлеңгіттер күндегі әдетімен мені байлап үшеуміз де ұйқыға кеттік.
Мен ұйықтап қалған болып жатырмын, төлеңгіттер қашан кетер екен деп шыдамсыздана күтудемін. Сәтті жағдайдың болуын көпке дейін күттім. Бір уақытта төлеңгіттердің біреуі кетті, ширек сағаттан соң екіншісі түрегеліп жақындап келіп ұйықтап жатқанымды білмек болып біраз тұрды да, ол да шошаладан шығып кетті. Бір минутты да жоғалтпай пышақты лақтырып жіберген бұрышқа еңбектеп бардым. Пышақты ұзақ іздедім, бірнеше рет пышақ екен деп қуанып қамысты ұстадым, бір уақытта пышақты тауып, орныма оралдым. Сол заматта жұмысқа кірістім. Біраз қиналыстан соң, әрең дегенде бір жіпті кестім-ау, қалғандарын кесу оңай еді. Дәл сол кезде төлеңгіттердің бірі шошалаға қайтып келді. Бұл күтпеген жағдай маған найзағайдың жайындай әсер етті. Әрине қап-қараңғы болғандықтан төлеңгіт ештеңені көре алмайды, бірақ ол бар кезде қашу өте қиын. Шошаланы ашқан кезде даланың суық желі кіріп оны оятары анық, себебі ол есіктің дәл аузында жатыр. Екінші жағынан қашуды ертеңге қалдырсам, таңертең төлеңгіттер жіптің кесілгенін көреді де, менің ойымды біліп қояды. Кішкентай ғана қатесі бар табыс пен сөзсіз сәтсіздіктің екеуінің бірінде көп ойланып қажеті жоқ, бастаған ісімді жалғастыруға бекідім.
Төлеңгіт жаңа ғана ұйықтап қорылдағаны сол екен, пышағыммен қалған жіптерді үзіп жібердім. Ұйықтаған жерімдегі киіздерді көтеріп адамға ұқсатып, таңертеңгі жарықпен де қараған кезде суықтан тоңып үстіне киізді жауып алған сияқты етіп қойдым. Бұрышта жатқан, жолда жейтін азығым болар деп дайындап қойған қапшықтағы құртты қолыма алдым. Ендігі қалғаны, әрі қауіпті, әрі қиын іс – шошаладан шығып кету. Қозғалысымды өте жай, өте сақ бастадым, бір кезде аяғымды жылан шаққандй кері тарттым: қараңғыда ұйықтап жатқан төлеңгітке аяғым тиіп кетіпті. Ол бір бүйірінен, екінші бүйіріне аунады да, бірдеңе деп күбірлеп қайтадан қорылға кетті. Бір минуттан кейін әрекетімді қайта бастадым. Төлеңгіттің үстінен сәтті аттап, жерге жата қалдым, бір мезет күтіп, желдің соғу қарқыны азайған сәтте киізді мүмкіндігінше сәл ғана көтеріп аман есен шошаладан еңбектеп шықтым.
Уақытты жоғалтуға болмайды. Жүгіріп аттар байлаулы тұрған жерге бардым. Аттар адам шеше алмайтын қалмақтардың әдісімен шиеленіп байланған екен, оны күндіз де шеше алмаған болар едім, қолымдағы пышағым мәселені Александрше шешуге мүмкіндік берді. Бір ит жаныма жақындап келді, үрген жоқ, тек маған қарап марқұмға қарағандай ұли бастады. Ешқандай ырымға сенбеймін, қайта оның денені шымырлатып ұлығанына қуандым, себебі ұйықтамай жатқан қазақтар болса, ештеңені ести алмайтын еді. Аттарды жәймен жетектеп далаға қарай жүрдім, Жұлдыз қонып жатқан үйге бір сәт қош бол дегендей көз тастадым...Ауылдан елу сажындай шығып аттардың біріне мініп, екіншісін тізгінге алып желдің бағытына бейімделіп шығысқа жол тарттым.
Аттарымның жылдам шапқаны соншалық, кеудемнің демі тоқтап қалғандай болды. Дәл арқамнан соққан жел, мені соңымнан қуып келе жатқандай, желдің жын соққандай ұлуы, қарақшылардың қиқуы мен шуылына ұқсап аттарымды ешқандай қамшысыз ақ шапқызып келеді. Боранның қаталдығына, басқа уақытта күннің тымық батқанына сүйсінгендей сүйсініп келемін; стихияның осылай бір бірімен шайқасы менің сезімдерімнің толғаныстарына жақсы сәйкес келіп тұр. Жүрегім кеудемнен шыққысы келгендей қатты соғып барады, бірақ қорыққандықтан емес. Адам түсіндіре алмайтындай қуаныш кернеп тұр, ауаны құшырлана жұтып келемін, ауаның құрамында ерітілген бостандық бар сияқты. Шамамен жарты сағаттан кейін аттарымның ағынын аздап бәсеңдеттім, бірақ ауылдан он бес шақырымдай ғана алыстаған шығармын деп ойлаймын. Түннің қалған бөлігін ірі желіспен жүріп отырдым, арасында бір аттан екінші атқа ауысып мініп аламын. Таң алдына жақындағанда ауа райы өзгеріп таң шапағы арайлана бастады. Мен енді алған бағытымның дұрыстығын тексеруге мүмкіндік алып, болжамдарымның дұрыстығына көзім жетті. Қанша шақырым жол жүргенімді айтқан адамға бәрін берген болар едім. Бірақ айналамда ешқандай айырмашылықты көрсететін ешқандай зат, белгі жоқ, болған күнде де оларға қарап ештеңені тани алмаймын, себебі бұл өлке маған түгелдей таныс емес-ті.
Түні бойы ат үстінде келе жатсам да, ешқандай шаршағандықты сезбедім. Тоқтап аттарға дем алдырғаным жөн сияқты. Ауылда менің қашып кеткенімді енді білген болар деп ойладым, әрине сөз жоқ дереу қуғынға шыққан болар. Қуғыншылардан кем дегенде елу шақырымдай алыста екенім сөзсіз болғандықтан, өзімді біршама қауіпсіз жағдайдамын деп санадым. Аялдауға таңдаған жерім жан-жағынан қыратты биіктермен қоршалған жер еді. Алаңқайдың шеткі жағалаулары аттарымды тойдыруға жететін қалың шөпті жер екен. Ентіккен аттарымды зорықтырып алмайын деп оларды олай, бұлай ұзақ жүргіздім, аяғым жерге тиген сәтте-ақ өзімді үйқы қысып бара жатты. Біраз уақыттан соң барып, аттарым суыды-ау деген кезде оларды отқа жібердім, өзім өліктей болып ұйықтап кеттім.
Қанша ұзақ ұйықтағанымды білмеймін, бірақ тұрған кезімде аспанды қара бұлт басқандықтан күннің қандай уақыт болғанын білу мүмкін болмады. Қатты қарнымның ашқанын сезіп қапшықтан құртымды алып шығардым. Өкінішіме қарай, ыдыс алмаппын, ал құртты суға езбей іше алмайсың. Жоқтық бәріне үйретеді, бір шөптің үлкен жапырақтарын тауып алып, одан ыдыс жасап алдым. Таңертеңгі қарапайым асымды енді тауысамын дегенімде көкжиектің шетінде бір топ салт аттыларды көрдім. Мен отырған жер жан-жағынан түгелдей жабық болғандықтан салт аттылар өте жақын келмесе мені көрмеуі де мүмкін. Бірақ олар бұл жерді жақын келіп көрмейді деп сенуге болмайды, сондықтан да оларға көрінейін, мейлі қуғаны дұрыс деп шештім. Аттарым тойып алды және дем алды. Сайдан шығып көрінгенім сол екен, салт аттылар бар шабысына салып қуа жөнелді. Бірден байқадым, сонша ұзақ қашықтықтан келе жатқандықтан шаршап келе жатқандығы бірден көрінді. Олармен менің аралығым жайлап алыстай берді, екі сағаттан соң қарасын көре алмадым. Аттары әбден шаршаған, сондықтан тоқтауға мәжбүр болды. Аспанға қарап маған қолдаушы болғаны үшін алғысқа толы дұғамды оқыдым: егер салт аттылар мен жатқан жерге жарты сағат бұрын келгенде мені ұйықтап жатқан жерімнен табар еді, мен қайтадан тұтқынға түскен болар едім. Одан мені мүмкін тек өлім ғана құтқарған болар еді.
Кешке қарай ауа райы толық ашылды. Жел тынып, күн ұясына бұлтсыз қонды. Темір қазықты тауып алып, оған сол иығыммен бұрылып түні бойы тоқтамай жүріп отырдым. Түн ортасы шамасында ай туды. Ерекше ынталылықпен сол жағыма қарап қоямын, Ұлытау тауларын көрсем деймін. Көкжиек сол жағымнан тегіс емес сызықпен сызылған, бірақ оның тау ма әлде бұлт па екендігін білу қиын. Таң атар алдында Ұлытаудың дәл сол жағымда екеніне көзім жетті. Алыстан маған таныс шыңдар көрінеді, осыдан екі ай бұрын сол жерде болған кезімде көрген Едігенің қабірі қойылған тауды да көрдім. Үш сағаттан соң тура шығысқа ағатын кішкентай жылғаға шықтым, мен оны Кенгірлердің бірі болар деп топшыладым.. Келесі күні басқа жылғаға, бұдан үлкенірек жылғаға шықтым. Белгілеріне қарағанда Сарысуға ұқсайды. Бұл жылға сусыз түк өспейтін даладағы саяхатымда мен үшін Ариаднаның жібі қызметін атқаратын болады.
Жолымда ешкімді кездестірген жоқпын, тұтқыннан құтыламын деген үмітім ғана, басқа ештеңе емес, маған соншама күш берді, сапарымдағы барлық қиындықтарды жеңуге қуат берді. Шаршағаныма ешқандай көңіл аудармадым, тек аттарды сақтауды ғана ойлап қамын жедім. Мен үйрене қоймаған тамақтың тапшылығы; тоқтамай соққан жаңбырдың әсерінен су өткен киімімді ауыстыру мүмкіндігінің болмауы; ең соңғы қиындық, ұзақ уақыт бойғы жалғыздықтың ауыр сезімі – осының бәрі денсаулығыма әсерін тигізді. Кей кезде ойларымның тұманданып бара жатқандығын сеземін, таң қалдыратын, қиялды бейнелер тал түсте алдымда жүгіріп жүргендей болады... Бір минут та тыныш ұйықтаған емеспін. Біреу мені ұстап алу үшін тығылып келе жатқандай, аттарым шідерлерінен босап далада шауып бара жатқандай көріністер жиі көріне береді.. Салмақты ойларым болған кездерде алдымда қанша шақырым жүріс қалғанын ойладым. Жылдамдық пен уақыт өлшемі жайлы түсініктердің алдамшы екені белгілі ғой.. Кейде өте баяу жүріп келе жатқандаймын, уақытымның көпшілігі дем алуыма кеткендей көрінеді, кейде бұл өлшемдерді тіпті керісінше сезінемін.
Осындай күндердің бір таңертеңгілігінде жабырқаған көңілмен келе жатқанымда алдымнан бір шөмеле шөпті көрдім. Жоқ! Казактардың жақын жерде екендігін білдіретін осы белгіні көргендегі қуанышымды айтып жеткізу қиын. Аттарым да алыс жолдың аяқталып келе жатқанын байқап бар күшімен шаба жөнелді. Көп ұзамай бекет көрінді. Мұржадан жеңіл түтін шығуда; бекеттің айналасында аттар жүр. Көптен бері көрмеген әдемі көрініске көзімді салып табынның ортасына зымырап шауып кірдім, сол кезде жаңғырыққан: «Өй, орданың әңгүдігі, сені ме!» деген дауыс естіліп, артынша дәл басымның үстінен оқ зу ете қалды. Қолдарында жалаң қылыштары бар екі казак тура маған шауып келеді. Жерге дереу қарғып түсіп, айғайлап үлгердім: «Тоқтаңдар, жерлестер!». Казактар мені аттарды қуып кеткісі келген жанкешті батыр деп ойлапты. Шынында да, менің үстімде православиялық ештеңе жоқ еді. Ескі сырма шапан, қызыл малақай мені нағыз қазаққа ұқсатып тұр. Күнге күйген жүзім, шаң басқан сақалды бетіме қарап бұрын-соңды көлеңкелі баспанада тұрмаған адамға ұқсатыпты. Бір-екі сөзден кейін бірден түсіністік. Казактар мені туғанындай қабылдады; бар тамағымен сыйлады, сол күні менің қалауыммен Ақтауға жеткізіп салды.
Бір айдан соң Петропавлда болдым.....
(Соңы)
Қазақшалаған Сағат Жүсіп
Abai.kz
.