Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Алашорда 7898 10 пікір 2 Мамыр, 2017 сағат 16:56

Қордай асуында Хан Кененің ескерткіші қойылса...

Биыл – Хан Кененің қайғылы жағдайда шейіт болғанына 170 жыл. Осыған орай, хан ұрпақтары мен бір топ ел азаматтары ой қорытып, өмірлерінің соңғы кезеңдерін оңтүстік өңірде өткізген жалғыз Хан Кене емес, оның үзеңгілес, бірге шейіт болған адал серіктері, батыр-жауынгерлерінің рухтарына арнап, қасиетті Тараз қаласында қазан айының бірінші жартысында құран бағыштап, ас берсек деген ұсыныс-шешім қабылданып еді. 

Алла бұйыртса, құран оқылар, ас берілер, бұл іс-шараға ешкім де қарсы бола қоймас. Өйткені Кенесары хан – тек өз ұрпақтарына ғана, барша қазаққа ортақ тарихи тұлға. Көзіқарақты ел азаматтары соңғы ханымызды ұмытқан жоқ. Қазақ елі егемендік алған соң, Кенесары жайында білгісі келгендер қатары күннен-күнге артуда.

Кенесары қазақ халқының дербес мемлекеттігін қалпына келтіру, халқын бодандықтан құтқарып басын біріктіру, азаттық пен бостандыққа қол жеткізіп, тәуелсіз ел ету мұратын көздеген сұңғыла саясатшы, қайраткер, ірі мәмілегер, дарынды әскери қолбасшы ретінде ел есінде мәңгі қалды. Оның әкімшілік және сот реформаларын жүргізгені, биліктің орталықтандырылуын күшейтуге тырысқаны, өз әскерін заман талабына сай қайта құрғаны, артиллерияны қолдануға ұмтылып, әскери тактиканы дамытқаны, қатал тәртіпке бағынған, ұтқыр тәсілдерімен әрекет ететін әскер бөлімдерін құра білгені сол кезде-ақ әділ бағасын алды. Орыс отарлаушыларын шошытты.
Қазақтың соңғы ханы Кенесары қырғыз жерінде шейіт болды. Сол кездері болған қайғылы уақиғаға қазір біз де, қырғыз ағайындар да баға беріп, сын айтудан аулақпыз. Ол оқиға сол кезде түсінбестіктен туындаған ағайын-туыс, құдайы көрші, елі аралас, қойы қоралас ел-жұрт арасындағфы даудан болғаны белгілі. Осыдан бірнеше жыл бұрын қырғыз ағайындар осы жағдайды еске алып, құран бағыштаған еді.

Бұл қырғыз ағайындардың екі ел арасындағы жайсыз оқиғаны әлі ұмыта қоймағанын білдіреді. Бірақ Кенесары ханның тікелей ұрпақтары сол іс-шараға бара алмадық.

Себебі бұл мәселе жай ғана ет жеп, шапан киіп қайтумен шешілмейді. Осы орайда, менің айтпағым: бұл дүниеде сұраусыз нәрсе жоқ, судың да сұрауы бар. Осыған байланысты қазақ пен қырғыздың ақсақалдары жиналып, осы мәселені салқынқандылықпен шешімін ойластырсақ қалай болар еді? Ел ішінде ара-тұра айтылып қалатын осы дауды кейінгі ұрпаққа қалдырмай, біздің шешуімізге Жаратқан Иеміз, бір Алла нәсіп етер ме екен?

Тағы бір айтарым, екі ел арасындағы Қордай асуында Хан Кене мен екі жақтан да шейіт болған батырларға ескерткіш орнатылса... Сонда ғана осы дау екі ел арасында ескіден келе жатқан ата-баба жолымен өз шешімін табар еді. Сонда ғана осы жайсыз жағдайды еске түсірмек болған ағайындарға «бұл мәселе аяқталған, оның құны толығымен өтелген» деп айтуға жол ашар едік. Ал құны өтелген жағдайды ағайын екі ел арасында еске ала бермейтін салт-дәстүр ертеден бар емес пе?

Енді ханның шейіт болғанына құран бағыштап, ас берердің алдында Кенесары ханның қасиетті күресінің мән-мағынасын толықтай тану үшін мынандай мәселелерге көңіл бөліп, көмек көрсетсе екен деген тілегіміз бар: ең алдымен Кенесары ханның шейіт болғанына 170 жыл өтуіне орай, халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылса... Сосын Жамбыл облысының аумағында Хан Кене атында бірде-бір елді мекен, көше, мәдениет немесе оқу орындары жоқ екен. Осы мәселе қолға алынса деймін. Жамбыл облысының көрнекті бір жерінде Кенесары ханға ескерткіш қойылса және ғылыми конференцияның материалдары ас берілер алдында жеке жинақ ретінде шығарылып, жергілікті билік осы іс-шараларды өткізуге қол ұшын берсе нұр үстіне нұр болар еді.

Сұлтан Аман Нұғманұлы ШОТА,
«Тезек төре» қорының төрағасы, Дүниежүзілік Шыңғыс хан академиясының академигі

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019