Қара «Қытай» қаптаса Бұхар айтқан Мүрдеңді қазып жейді-ау көмілулі
«...Жауы мен өзін жақсы білетін, жүз соғыста да қатерге тап болмайды. Жауын жақсы білмейтін, бірақ өзін жақсы білетін біресе жеңіп, біресе жеңілетін болады. Ал жауын да, өзін де білмейтін айқас сайын үнемі жеңіліс табады».
Сунцзы «Соғыс өнері» кітабынан
Әңгіме Қазақстанның ішкі жағдайына төндіріп отырған қытайдың қауіп-қатері жайында болмақ.
Қытайды зерттеп жүрген ғалымдардың пайымдауларына қарағанда, елдiң жалпы табиғи ресурстары 2 миллиард адамды қамтамасыз етуге ғана жетiп, одан кейiн өз мүмкiндiгiн сарқа беретiн көрiнедi. Дегенмен, осындай бiр тықырдың таяп келе жатқанын Қытайдың өзi де жоққа шығармайды. Су көздерi тартылып, орман сиреп, жайылымдар азып, егiстiк алқаптар уланып, экологиялық апат төне бастағаны хақында өздерi де дабыл қағып жатыр. Қазiр Қытай елi - қақпағы жабық өз iшiне сыймай бұрқылдап қайнап жатқан қара қазан тәрiздес. Түбiнде ол бәрiбiр тасиды. Сонда, ол қалай қарай құйылады? Қазақстанмен бiрге әлемдi де мазасыздандырып отырған осы мәселе. Бұл жерде Қазақстан үшiн өте үлкен қауiптiң басын ашып айтқан жөн. Қытайдың территориясымен шектесiп жатқан жерлерге назар аударып қарасақ, айналасының барлығы халықтың тығыз орналасуы нәтижесiнде тығындалып тұр. Қаруына сенген Ресейдi есептемегенде, қытайлар үшiн тек Қазақстанға (Орталық Азия) қарай ғана ағылуларына мүмкіндік қалады.
Қытайлықтар бүгінде Қазақстанның 132-ші этносы болып қалыптаса бастады. Келесі санақта бұл жаңа этнос ретінде анық көрінетін болады. Ұлты қытай жиендеріміз де дүниеге келіп жатыр. Бір күндері олар Қазақстан халықтары ассамблеясы аясында Парламенттен орын алады. Оған күмәніңіз болмасын. Кез келген шет елдік мемелкет қазақ жеріне ие болып отырған өз азаматтарының мүддесін қорғауға құқы барын тағы ескерейік.
Қытай адам құқықтарының халықаралық норма талаптарына сай қорғалуына аса назар аударып отыратын ел. Ол жақта 150 миллионнан астам адам жұмыссыз екен. Қытай үкіметі қабылдаған «Батысты игеру» бағдарламасында осы жұмыссыздар Қазақстан рыногын игеруге жұмылдырылмақшы. Бүгінде Жетісу өңіріне қытай жағынан келушілердің ағыны толастар емес.
Үлкен жауапкершілікпен айтамын, егер алдағы уақытта да осы айтылған жайларға шыныменен көңіл аудармасақ, бұл мәселелер болашақта Қазақстан мен Қытай арасында геосаяси жағынан да, этникалық жағынан да түрлі әлеуметтік түсінбестіктерді туындатуы мүмкін. Қазақстанды тізерлетіп болғасын Қытай таяудағы 15-20 жылда Еуроодақ елдеріне де ықпалын жүргізіп, оларды кез-келген мәселе төңірегінде мәмілелер жасауға мәжбүр ете бастайды. Қытайдың «қатал ойыны мен жұмсақ экспанциясы» Еуропаға Қазақстан мұнайына иелік ету арқылы ашылған қақпа арқылы жүзеге аспақ. Талай қанды қырғын, қып-қызыл соғыспен ала алмаған Қазақ жерін екі арадағы осындай құйтұрқы тәсілімен қолдарына іліктірген қытайлықтарды ол кезде күштеп те кетіре алмайсың!
Қытай диаспорасы кімге сүйенеді? Олардың иммигранттары әлемнің қай түпкірінде болмасын қытайдың әскери және қаржылай көмегіне арқа сүйейді. Ендеше, бүгінгі қал-ахуалымыз шығыстағы көршіміз Қытаймен байланысымызға баға беруді талап етеді. Қытайдың соңғы жылдардағы экономикалық жағынын тез өркендеуі мен оның әскери күшінің өсуі ерте ме, кеш пе аймақтағы мемлекеттердің өзара ықпалының ара-салмағын өзгертуі мүмкін. Уақыт өте келе екі ұлт өкілінің арасындағы керіс туындап, ол екі мемлекеттің мәселесіне дейін көтеріліп, дауына айналса, сонда кімнің мүддесінің үстем шығатынын өзіңіз аңғара беріңіз. Оларға әскери тойтарыс беремін деп ойлаудың да қажеті жоқ.
Қытайдың Білім министрлігінің бекітуі бойынша Шанхай Халықаралық Зерттеулер университеті 2017 жылдан бастап, қазақ тілін үйрететін арнайы бөлім ашады, - деп хабарлайды Qasym.kz тілшісі. Иә, Қытайда көршілес елдерді соғыссыз жаулап алудың жолын көздеген Шанхай Халқаралық зерттеулер орталығы бар.
"Нешауа десең, орыс қызын береді" дегендей қашанда қазақша сөйлеген өзге ұлтқа таңданыс білдіріп, қой сойып, жайлып төсек болып, төрімізден орын беретін қонақжай, көңілшек қазақ емеспіз бе? Осылай бір кездерде қазақ жеріне орыс та жайылған. Қазақтың осындай әлсіз тұсын олар жақсы зерттеп, біліп алған. Мұны сараптап отырған Қытай Қазақстанды зерттеу объектiсiне алып отырғанын қытай ғалымдары да жасырмайды. Қытай қоғамдық академиясының профессоры Гу Гуан Фу: «Қазақстанға жылына үш төрт рет барамын. Қытайдың орталығында және шекаралас аумағында Қазақстан мен Орталық Азияны зерттейтiн бiлiктi институттар бар. Бiр жақсысы, Қазақстанмен қарым-қатынас ұстау өте тиiмдi. Сiздер байланысқа тез келесiздер. Ал Ресейде болса олай емес. Екi ортада саяси қайшылықтар кездесiп қалады», - деп ағынан жарылуында үлкен алпыс астарлы мән жатыр.
Орталықтың түпкі көздегені көрші мемлекеттерді қытайландыру. Осы жолда олар қазақ тілін оқыту арқылы қазақ тілін игерген қытайлықтарды қазақ ортасына енгізуді бастайды. Уақыты келгенде қазақ тілді қытайлықтар бірі аудармашы, мектеп мұғалімі, бизнес өкілдері болып келіп, Қазақстан нарығын иегеруге ағылады. Сондай-ақ қазақ тілді қытайлықтардың Қазақстан азаматтығын алуына да жеңілдік болады. Бұған бір қытайдың соңынан мың қытайлықтың келетінін және қосыңыз. Қазақстанды қытайландырудың қытайлық жымысқы жолы бұл.
Соңғы 20 жылда Қытайдан иммиграцияланғандардың саны шамамен 30 миллионға жеткен. Кейбір дерек көздері бойынша, Қытайдан шыққан іскер топтардың ең кемінде екі триллион доллар қаржысы бар көрінеді. Ол - ол ма, Азиядағы аты жер жарған жүз милиардердің 39-ы тағы да сол қытайлықтар екен. Мұндай қалталы адамдар, сөз жоқ, ертеңгі Қазақстан саясатына араласады. Мұның соңы не болмақ? Осыған кім жауап бере алады? Аты мәшһүр американдық саясатшы Збигнев Бзежинский: «Көп ұзамай Оңтүстік Шығыс Азияға түгелімен Қытай үстемдігі орнайды» деп үрейленетіні осы себептен.
Бұл түптің түбінде Қазақ мемлекеттігінің негізін шайқалтатын, ұлтаралық ахуалды ушықтыратын аса қауіпті қадам. Бұған Синцзян Ұйғыр автономиясындағы қазақтар мен ұйғыр бауырларымыздың өз жерінде азшылыққа айналып, мектептерінің жабылуы, қалыптасқан күрделі әлеуметтік, ұлтаралық хал-ахуалдың жиі-жиі ушығуы дәлел болады. Өкініштісі қытайлықтардың бұл жымысқы саясаты "Қытай мен Қазақстан арасындағы саяси, мәдени, экономикалық қарым-қатынастың нығайуына, сондай-ақ өзара бейбітшіліктің орнауына ықпал етеді" - деген үлкен сөздермен бүркемеленіп жүргізілмекші. Қытайдың болашақ гегемониясының қазiрдiң өзiнде көзге түсiп қалатын элементттерi жайына келгенде қытай саясаттанушылары пікірлерінен алыстан орағытып, ол жайында ойлауға мұршаңызды келтірмейтіндей етіп шатастырады. Сондықтан да Қытайдың Қазақстанға қауiп төндiруі мүмкін саясатын жоққа шығаруға болмайды. Тiптi, Қытайға көршілес өзге елдердiң бәрiнде де сол қауiп бар. Бұл заңды да. Өйткенi тарихтан да белгiлi, Қазақ мемлекетіндегі ішкі қуаты артқан сайын, оның араны да ашыла түспек. Ендеше қытай бұғауына түскен Қазақстанның жағдайы қандай болмақ деген сұрақ өздігінен туындайды.
Қара Қытай қаптайын деп тұр. Ойлан қазақ!
Abai.kz