Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 9257 2 пікір 12 Мамыр, 2017 сағат 09:45

Мәдениетті адам

Шағын мейрамханаға осы өңірге еңбегі сіңген белгілі қоғам қайраткердің, мектепке атын беру  құрметіне көл-көсір дастархан жайылып, әкім бастаған «игі-жақсылар»  екі иіндерінен дем алып, найқала басып, музыканың салтанатты үнімен дастарқан басына ыңырана барып жайғасқан еді. Мейрамхананың іші алуан түрлі гүлдермен, қызыл-жасыл шарлармен безендірілген. Үстел үстінде құстың сүті мен жылқының өтінен басқаның бәрі бар. Жәй күндері қарапайым халықтың тойларында иықтарына не ілінсе соны киіп, ала-құла боп, дабырлап сөйлеп, дарықылана жүретін даяшылар бүгін бірыңғай жасыл киініп, сауысқандай сақ қимылдайды. Осыған қарап-ақ ұйымдастырушылардың бұл банкетке тас-түйін дайындалғанын байқауға болады.

Келген қонақтар шен-шекпеніне қарай төрден төмен қарай жайғасты. Ең жоғарыда Астанадан, Алматыдан келген «Үлкен кісілер», одан кейін әкім бастаған ауданның атқа мінерлері, мекеме басшылары дастарқан басынан орын алды. Ең төменгі үстелге бір орынға екіден қысылып ауыл әкімдері отырды. Ішіндегі шілбиген біреуі «Көңіл сиса бәрі сияды» деп маймөкелей сөйлеп еді, ар жағында отырған дәу сары жақтырмай «Көңіл сиғанмен, кө...симаса не істейсің» деп гүр ете түсті.

Бұл салтанатты жиынға ауданнның сүт бетіне шығар өнерпаздары: әнші-күйші, ақындар түгел жиналған. Есіктен кіре беріс оң жағына музыкалық аппараттар құрылып, оның жанына «Ғажайып» фальклорлық ансамбілі жайғасқан. Ансамбілдің жетекшісі Ерденнің басындағы оюланған қалпағы үндіс көсемдерінің рәсімде киетін аң терісінен қаптап тігілген бас киіміндей алабөтен көзге ұрып тұр.

Шашын арзан гелмен жылмита қатырған "пацан" тамада: «Біз жесек тауық жейміз, аяқ-қолын шауып жейміз.... ассалаумағалейкум халқым» деп тақпақтатып барып, төрде отырған қаладан келген лауазымды кісіден бата сұрады. Ақсақалдар тұрғанда менен бата сұрамайтын шығар деп дайындықсыз отырған болуы керек, тап бермеде ауызына сөз түспей: «Екі жас бақытты болсын» деп айдалаға лағып барып, өз арнасын әзер тауып бата берген болды. Берген батаға асабаның «риза» болғаны сондай: «Қаладағы қатындардың бәрі сізге ғашық болсын, ғашық болмағандары сасық болсын» деп қарымта бата бергенде қонақтар күлкіге шашалды. Шапалақ соққанда, мейрамхананың төбесі түсуге шақ қалып, теңселіп әрең тұрды.

Банкетізміз де басталып, өнерпаздар ән-күйден шашу шашып, қонақтар ақ көңілдерінен шыққан «ақжарма»  тілектерін айтып, тойымыздың көрігі қыза түсті. Ансамбіл жетекшісі Ерден концерттік нөмірді реттеп, екі ортада алақ-жұлақ етіп, қасқыр көрген ақбөкенше шауып жүр.

Қонақтардың көз алдыларында отырып, тамақты жапыра жеп, күйсей соққаны әртістерге қатты батты. Өйткені бұл кез дәл түскі астың уақыты болатын. Байқұстардың қарындары ашып, сілекейлері шұбырды. Әйтсе де, бұларға арнайы жайылған дастарқан жоқ болса бір сәрі, жандарында тұр. Көз алдарында тұрған дастарқанға жете алмай дымдары құрыды. Банкет басталмай тұрып Ерден «Естеріңде болсын, той бітпей дастарқанға отырмаңдар.  Мына лауазымды кісілердің, әсіресе аудан әкімінің алдында ұят болады. Мәдениетті болайық» деп қатаң тапсырған еді.  Енді міне іштері иттей ұлып, әрең отыр.

Бір кезде әкімнің әрбір қимылын саққұлақтай қалт жібермей бақылап отырған Ерденді басын изеп өзі де шақырды. Ерден құрдай жорғалап, екі жеңі сусылдай әп-сәтте жетіп барды да «Не бұйырасыз?» - деді бірдеңені бүлдіріп алдым ба дегендей үрейлене қарап. Әкім мұның үсті-басын тінте қарады да «Саған айтайын дегенім... бағанадан байқап тұрмын, костюміңнің жеңінде түйме көп екен, ә?» - деді мысқылдай.  Бұл жеңіне бір қарап, әкімге бір қарап: «Ұят-ай расында көп екен-ау...» - деп ақтала бастайын деп еді, әкім жанындағы адаммен сөйлесіп, мұның не айтқанын тыңдаған да жоқ. Самарқау ғана бұған «бара бер» дегендей ишара білдіріп, мұрынын шүйіре қарады. Ерден бозарған қалпы «Бұл бір мәдениетсіздік болды-ау... Ұят-ай, ұят-ай» деп тынымсыз күбірлеп, сахнаға қымсына келіп, жеңіндегі «Артық» төрт түймесін жұлып алды да төс қалтасына салды.

Бұл кезде дастарқанға үлкен ас: қазы-қарта, жал-жая астау-астауымен әкелініп, қонақтар қиалай турап жей бастаған еді. Мейіз қосып пісірген палаудың иісі мұрынды жарады. Ансамбілдің әртістері жыбырлап, күбір-сыбырға көшті.

  • Ана оңбағанның қазыны асауын-ай,- деді домбырашы жігіт сілекейі

шұбырып.

  • Ана жуан қараны қарашы, палауды қартамен алаластырып, қалай-қалай

соғады ә, - деді примашы жігіт жұтынып.

  • Әртістердің көрген күні күн емес екен ғой, - деді жаңадан жұмысқа

орналасқан скрипкашы қыз күйініп.

  • Пай, пай анау жілікті опырар ма еді шіркін, - деді бас домбыра ұстаған

жігіт басын шайқап.

  • Бүйткен өнері құрсын, - деді сылдырмақшы қыз тістеніп.
  • Мына тұяқты әкімнің басына қарай лақтырар ма еді, - деді тұяқ ұстаған

қыз езуінен майы аққан әкімге қарап.

Бұлардың пыш-пышын естіген Ерден жақындап келді де:

  • Қойыңдар, күбірлеп сөйлемеңдер. Тамақтан өліп пе едіңдер?. Әкімнен ұят болады, мәдениетті болайық, - деді  бұйыра сөйлеп, жан-жағына сақтана қарап.

"Пацан" тамада зырылдап сөйлеп, қонақтарға алма-кезек тілегін беріп жатыр. Әртістердің аш өзектеріне түсіп, көздері бұлдырай бастады. Тамақ арсыз деп тегін айтылмаса керек. Осы кезде бағанадан сазарып отырған - жәй күндері де аузына бірдеңе салып, шәйнаңдап жүретін тамақсау Талғат түлен түртіп, түтігіп шыға келді.

  • Мен бұдан арыға шыдамайды екем, бұл деген адамды қорлау ғой,- деді де иығына ілген баянын жерге шарқ еткізіп қойды да, тағамнан белі майысқан дастарқанға қарай беттеді.
  • Әй, Талғат мұның ұят болады... ұят болады дейім... мәдеиетті болайық... Қайт кейін, - деді де Ерден жүгіріп келіп, мұның иығынан тартып тоқтатпақшы болып еді. Онсыз да көзі қарайған Талғат:
  • Өй, кетші ей, - деп күректей алақанымен итеріп қалғанда, Ерден қаңбақтай ұшып барып, колонка қойған үстелдің астына екі бүктетіле кірді. Сонда да: «Мәдениетті болайық, мәдениетті болайық» - дегеннен жаңылмады.

Талғат мұның сөзін елеген де жоқ.

  • Бүйткен мәдениетіңді ұрайын, - деді де қазыдан бір кесіп таңдайына тастай салды да, қымыздан қомағайлана жұтты.

Бәтшағардың тамақ жегені кісі қызығарлықтай. Жал-жаяны сыпыра жегені былай тұрсын, үлкен қасыққа жіліктің майын еппен  құстырып,  тамсана жұтады да, мені көрің бе дегендей әртістерге қоқилана қарайды.

Аш адам мен аш қасқырдың айырмашылығы жоқ деген сөз рас болса керек, олардың енді төзімі тусылды-ау деймін жүздері сұрланып, дастарқанға қарай жылжи бастады. Түрлері адам шошырлықтай. Бұларды енді тоқтату мүмкін емес еді. Мұны көрген Ерден бейне бір қояншығы ұстаған адамдай:

  • Әй, әй....мәде...ниет....ті........бо...ла..йық....мәд...ени...ет..ті... бол.., - деді де тұтығып сөйлей алмай қалды.
  • Бұл деген барып тұрған әділетсіздік қой.
  • Көз алдыңда тұрған асқа қарап, аш отыру неткен ауыр еді.
  • Суға апарып, суғармай әкелу деген осы шығар.
  • Пай, пай дәттері берік-ақ екен, отыр деген бір адам жоқ.
  • Жегендері іштеріне барып тас болсын.

Іштегі күйініш-қыжылдарын жарыса айтып, дастарқанға даурыға жайғасты да опырып-жапырып жей бастады. Бұларға той бітпей неге отырасыңдар, бұларың ұят емес пе деп ешкім айтқан жоқ. Тіпті әртістердің үстелге келіп отырғанын қонақтардың көпшілігі байқамай да қалды.

Сахнада эстрадалық әншілер фонограммамен ән салып, құдды жанды дауыста айтқандай екі иығын жұлып жеп, қонақтардан қайта-қайта шапалақ сұрауда. Аппаратураның жанында Ерден қаққан қазықтай қалшиып тұр. Басының қозғалғаны болмаса, бейне бір тас мүсін дерсің. Әртістердің дастарқанындағы ортасы опырыла бастаған тамақпен әкім жаққа кезек-кезек қарайды. Дастарқанға жұтына көз салғағанынан-ақ жағдайының аса «мәз» емес екенін шамалауға болады.

Әртістер тамақтан тоя жеп, кекіре түрегеліп, аспаптарын алып орындарына отыра бастады. Сылдырмақшы қыз мелшип тұрған Ерденге жаны ашығанын жасыра алмады.

  • Ағатай, ұятты қайтесіз өзек жалғап алсаңызшы,- деді жалынғандай болып.
  • Өңіңіз бозарып кетіпті, тым болмаса өзіңізді аясаңызшы, - деді скрипкашы қыз ағынан жарылып.
  • Ой, Ереке сіз де қызықсыз. Бізге кім қарап тұр соншама! Барсаңызшы, енді дастарқанға қарай, - деді домбырашы жігіт күйініп.

Бәрі де жапа-тармағай бар білгендерін айтып, оның ауқаттанып алуын жанашырлықпен өтіне сұрады.

  • Жоқ, атай көрмеңдер. Оным ерсі болады. Мәдениетті болуым керек, - деді ол кірпік қақпастан. Дауысы бастапқыдай  өктем емес, әлсіз, әрең естіледі.

Дастарқанға елден бұрын барып, соңында қалған Талғат орнынан тұрды да Ерденнің жанына келіп, өзімсіне сөйледі.

  • Ереке, құрдасыңның сөзін тыңдайтын шығарсың. Мә, мынаны ал тым құрыса осыны жеп ал,- деп қағазға оралған тауықтың санын ұстатты да, жіліктің қалғанын мүжуге кері айналып, орнына барып отырды.

Мұндай тосын қимылды күтпеген Ерден оқыстан жылан ұстағандай селк етіп:

  • Жо..жоқ.. мұның не... мәдениетті болуым керек, - деді де сасқалақтағаннан мұны әкім көріп қоймады ма екен деп, айналасына жалтақтай қарады да жанқалтасына сүңгіте салды.

Ән айтылып, күй шертіліп, тағы ды жарты сағаттай уақыт өтті. Қонақтар жүз грамнан сылқылдата жұтып, әзіл-қалжыңдары жарасып «Мидай жазыққа» шығып та үлгірген еді. Өздері шеттерінен асаба, шеттерінен әнші. Сахна жақтағы өнерпаздарға назар аударар емес.

Қанша намысқа тырысып, жанталасқанмен қу құлқын дегенін істетпей қоймайды екен. Бұл кезде Ерден де сыр бере бастаған еді. Қонақтардың осы бір дабырласқан сәтін пайдаланып, ешкімге білдірмей жанқалтадағы тауықтың санын алды да, енді ауызға сала беріп еді... қырсық шалғанда, бағанадан жанындағы адаммен әңгімелесіп отырған әкімнің  бұ байқұсқа қарай қалмасы бар ма?. Ұялған тек тұрмас дегендей, бұл ауызындағы тістелген тауықтың санын  Талғат отырған үстелге лақтыра салды. Ол да көптен осыны күтіп отырғандай, жерге түсірмей қақшып алды да, бұған көзді бір қысты да жайбарақат жей бастады.

Бұл «масқара» жағдайдан кейін Ерденнің жағдайы күрт нашарлай бастады. Өне бойы қалтырап, жон арқасынан мың-миллион құмырсқа жүргендей әлем-тапырақ күй кешіп, көзі қарауытып, аштық пен ұяттың әсерінен талықсып бара жатты....

Той бітіп, қонақтар өре түрегеліп, шығар есікке қарай беттеді. Айналасында қаумалаған атқосшылары бар әкім сыртқа шығып бара жатып, аппаратураның жанындағы үймелеп, біреуге су шашып әбігерге түскен адамдардың арасынан талықсып жатқан Ерденді көрді. Ерден бар күшін жинап: «Сау болыңыз...біздікі ..мәде...ниетсі...здік болды» деуге шамасы зорға келді.

«Бұлар енді әртіс қой. Бұларға бәрі де жарасады. Көрмейсің бе образға кіріп жатқанын» деді де бойын шараптың уы билеген әкім  қарқылдай күліп бара жатты...

Аршын Нұрбақыт

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434