Мәскеуде алапат дауыл тұрды
29 мамырда күндізгі уақытта Мәскеуде алапат дауыл тұрды. Жылдамдығы секундына 22 метрге жеткен жел 600-ден аса ағашты құлатып, шатырларды ұшырып әкетті, қақпалар мен жарнама құрастырмасын қиратты, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz.
Соңғы мәлімет бойынша, табиғи апаттан Ресей астанасында кем дегенде 11 адам қаза тауып, 70-ке жуық адам зардап шеккен. Жүздеген көлік қирап, электр желілері үзілген. Бұл туралы "Россия-24" телеарнасы хабарлады.
Қаза тапқандардың бірі - 26 жастағы қыздың үстіне Бүкілресейлік көрме орталығының территориясында ағаш құлаған. Джавахарлал Неру алаңында тағы бір ер адамды ағаш басып қалған. Екі адам Андреев жағалауында қиранды астында қалған. Мәскеуде дауыл туралы ескерту жарияланды.
Қалада таңға дейін жаңбыр жауып, найзағай ойнайды және бұршақ жауады деп болжанып отыр. Әлеуметтік желі қолданушылары дауылдың салдарын суретке түсіріп, жариялап жатыр.