«Агрошикізатқа сұраныс артатын күн таяу»
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шавхат ӨТЕМІСОВ:
- Шавхат Әнесұлы, елге келген екі аптаның ішінде облыстың ең шалғай ауылдарына, Ресеймен шекаралас аудандарына ат басын бұрып үлгеріпсіздер. Ел-жұрттың жағдайы, көңіл күйі қалай екен?
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шавхат ӨТЕМІСОВ:
- Шавхат Әнесұлы, елге келген екі аптаның ішінде облыстың ең шалғай ауылдарына, Ресеймен шекаралас аудандарына ат басын бұрып үлгеріпсіздер. Ел-жұрттың жағдайы, көңіл күйі қалай екен?
- Бірден айтып кетейін, шалғай аудан, алыс ауылдардағы халықтың биыл көңіл күйі көтеріңкі. Оның ең басты себебі, соңғы бірер жылда біздің облыстың ең қашық деген аудандарының өзіне көгілдір отын желісі жетіп, сонымен қатар ауыз су мәселесі шешімін табуда. Мысалы, бұрындары Бөкей ордасы ауданына барғанда алдымыздан бірінші кезекте газ мәселесі шығатын еді. Ал Елбасының тапсырмасына сәйкес былтыр облыс басшылығының қажырлы еңбегінің арқасында біздің өңірдің ең шалғай ауданына көгілдір отын жетті. Биыл осы шаруа заңды жалғасын тауып, Сырым, Қаратөбе аудандарының тұрғындары әлгіндей қуанышқа кенелді. Бұл сөз жоқ, ел-жұртқа қоса, билік үшін де айтулы әлеуметтік жетістік. Сонымен қатар барлық ауданда балабақша, мектеп, мәдениет ошақтары мен емдеу мекемелерінің ғимараттары берісі күрделі жөндеуден өтіп, әрісі жаңадан салынуда. Осының бәрі жергілікті жұрттың көз алдында әрі өздерінің белсенді атсалысуымен жүзеге асып жатқан жағымды жаңалықтар. Әрі әлгіндей әлеуметтік игіліктердің көрініс табуы тұрақты сипат алғандықтан, соңғы жылдары жас мамандардың ауылдық жерлерге баруға да ықыласы артты.
- Сөйте тұра, Парламенттің депутаттары арнайы келіп тұрғанда, ауылдағы ағайын көкейкесті мәселелерді де алға тартқан шығар?
- Қазталов, Жаңақала және Жәнібек аудандарына барған сапарымызда жергілікті жұрт жүн-жұрқа, тері-терсек өткізу мәселелерін жиі тілге тиек етті. Иә, әзірше әлгіндей агрошикізат атаулыны өткізу, өңдеу жағы оқсаңқырымай тұрғаны рас. Бірақ бұл бағытта да қолға алынып жатқан оңды бастамалар баршылық. Өздеріңізге мәлім, Елбасының тапсырмасына орай елді индустрияландыру бағдарламасы, индустрияландыру картасы жасалып, бекітілді. Осы жоба-жоспарға сәйкес Қазақстанның оңтүстігінде тігін-тоқыма кластерін қалыптастыру көзделіп отыр. Демек, жүн-жұрқа, тері-терсек сықылды агрошикізаттарға сұраныс артатын күн таяу. Оның үстіне Кеден одағы құрылып, қазақстандық шикізатқа қоса, дайын өнім үшін де тұтыну рыногы бірнеше есе кеңейіп жатқанда жүн-жұрқа, терітерсек енді сұраусыз қалмас деп ойлаймын.
- Шавхат Әнесұлы, енді бір сәт ауылдан Астанаға қарай ойыссақ. Төртінші шақырылымдағы Парламенттің үшінші сессиясы өткен айдың соңында мәреге жеткені мәлім. Аталмыш сессия барысында депутаттар сүзгісінен өткен заң атаулының қайсысын бөле-жара атар едіңіз?
- Үшінші сессия өз жұмысын былтырғы қыркүйектің бірінде бастап, биылғы маусым айының отызында тәмамдады. Аталмыш сессия басталған сәтте біздің қоржынымызда 200-дей заң жобасы бар-тын. Соның 134-ін Мәжіліс депутаттары елеп-екшеп Сенатқа жолдады. Ал Сенаттың сүзгісінен өткен 100 заңға Президент қол қойып, қолданысқа енді. Әрине, парламенттік талқылаудан өткен заңдардың әрқайсысының еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігі үшін өзіндік маңызы бары анық. Сөйте тұра, күшіне енген заңдардың ішінде Кеден одағы құрылуына орай осы салаға қатысты заң актілері мен Салық кодексіне енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды, 2010-2014 жылдарға қатысты бюджетті пысықтағанымызды алдымен айтар едім. Сондай-ақ осы қатарға Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы қазақстандық қамтуды жетілдіруді көздеп, отандық тауарларға басымдық беруге ұйытқы болғанымызды да қосуға болады.
- Жақында сіз «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалында өткен «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына қатысты азаматтарды қабылдау күніне қатыстыңыз...
- Өз басым «Бизнестің жол картасы - 2020» кәсіпкерліктің дамуына соны серпін беретін бағдарлама екендігіне кәміл сенімдімін. Тек енді оның жай-жапсарын ел-жұртқа, әсіресе, бизнес өкілдері мен банк саласының қызметкерлеріне кеңінен насихаттап, ұғынықты жеткізу шарт. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес үкімет бекіткен аталмыш бағдарлама мынандай үш құрамдас бөліктен тұрады:
- Жаңа бизнес жобаны қолдау,
- Кәсіпкерлік секторын сауықтыру,
- Экспортқа өнім шығаратын кәсіпкерлерді қолдау.
Міне, осындай мұрат-мақсат үшін бюджеттен 30 млрд. теңге қаралып отыр. Ендігі кезекте жаңағы үш мәселенің бас-басына қысқаша тоқталып өтейік.
Жаңа жобаға 12 пайыздық несие беріледі де, оның 7 пайызын кәсіпкердің өзі төлейді. Ал қалған бес пайызына үкімет демеуқаржы (субсидия) бөледі.
Енді кәсіпкерлікті сауықтыру мәселесіне келейік. Қаржылық дағдарыс кезінде жарты жолда қалып қойған жоба атаулы аз емес. Қаржы-қаражаттың тапшылығынан кәсіпкер жобасын жалғастырмақ түгілі, банктен алған бұрынғы несиесінен құтыла алмай әуре. Мұндай тығырыққа тап болған бизнес өкілдері де енді жаңа жобаға қатысты жоғарыдағыдай жүйемен несие ала алады. Яғни 12 пайыздық несиенің 5 пайызы үкімет тарапынан демеуқаржымен өтеледі. Сондай-ақ шетке тауар шығаруға қабілетті кәсіпкерлік нысаны үшін де 12% несие қарастырылған. Бұл несиенің 4 пайызын кәсіпкер өтесе, ал 8 пайызын үкімет демеуқаржымен жабуға міндеттеніп отыр. Мұндай қадам отандық кәсіпкерлерді Кеден одағы жағдайында бәсекеге қабілетті өнім өндіруге ынталандырары анық. Экспорттық өнімге негізделген бір жобаның өзіне 3 млрд. теңгеге дейін қаржы бөлу қарастырылған.
- Сіз тілге тиек етіп отырған қаржы көздері кәсіпкерлерге қандай институттар арқылы берілмек?
- Үкімет «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына, ал бұл қор екінші деңгейлі банктерге қарастырылған қаржыны сұранысқа орай жіберіп отыруы тиіс.
- Кәсіпкерліктің үлес салмағы жыл өткен сайын аудан-ауылдарда да артып келеді. Алайда екінші дәрежелі банктер ол жаққа әлі аяғын баса қойған жоқ...
- Ойыңызды түсіндім. Аудан-ауылдағы кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы» бойынша қаралған несиелік қаражатты жеткізудің бір жолы - шағын қаржылық ұйымдардың жәрдеміне жүгіну. Мендегі мәлімет бойынша біздің облыста бүгінгі таңда 20-дан аса шағын қаржылық ұйым әрекет ететін көрінеді.
- Демек, делдалдық тізбек іске қосылғандықтан, несиенің пайыздық көрсеткіші аз-маз болса да артады ғой?
- Сіз алға тартып отырған пайыздық өсімді жоққа шығаруға болмайды, әрине. Дегенмен бұл өсім меніңше, кәсіпкер үркетіндей деңгейге жетпеуі тиіс. Жалпы, соңғы кездері бұрынғы «Агробанк» сықылды ауыл шаруашылығы үшін арнайы қаржы институтын ашу керектігі жөнінде жиі сөз бола бастады. Маған осы мәселе қолдауға тұрарлық бастамадай көрінеді.
- Шавхат Әнесұлы, биылғы қуаңшылық облыстың егін шаруашылығын былтырғыдай тағы да тақырға отырғызды. Ал сақтандыру компаниялары біздің облысты айналып өтуге үйір. Жергілікті мамандар бүгіндері «Сақтандырудың үкімет төлейтін қазіргі 50 пайыздық мөлшерін 70-80 пайыздық деңгейге көтеру керек» деген пікір айтып жүр?..
- Өздеріңізге мәлім, Батыс Қазақстан облысының климаты күрт континенталды. Яғни бұл қысы суық, жазы ыстық деген сөз. Сол себепті Орал өңірі - егін шаруашылығы тұрғысынан нартәуекелді талап ететін өлке. Есесіне Ақ Жайық атырабында өскен ақ бидай атаулының қамырлығы (клейковиналық көрсеткіші) жоғары. Біздің өлкенің топырағында өнген дәннің әлгі қасиеті оның мәртебесін күрт көтеріп, халықаралық рынокта бәсін аспандатып жібереді. Осыған сенетін ақжайықтық диқан атаулы жыл сайын егін салуға ынталы. Жаз жаңбырлы, күн райы егінге қолайлы болған жылы еңбеккер қауымның бейнеті артығымен ақталады. Ал көктен нәр тамбаған жылы еңбек еш болды деген сөз. Мінеки, биыл да былтырғыдай қуаңшылық диқан қауымның төккен терін текке кетірді. Бұған қоса олардың басым көпшілігі себілген дәнді, егілген егінді сақтандыра алмаған. Сонымен қатар көктемгі егістің қамымен тұқым мен жанар-жағармай үшін алынған несие және бар.
Біздің облыста былтыр да, биыл да егін адам факторының кесірінен емес, табиғи жағдайдың әсерінен көңіл көншітерліктей өнім бермеді. Сол себепті өткен жылы Парламент депутаттары ұйытқы болып, Ақжайық диқандары алған несие атаулының өтеу мерзімін кейінге шегеруге қол жеткізгенбіз. Ал егінді сақтандырудың мемлекет төлейтін мөлшерін көбейту мәселесін де менің ойымша, талқыға салып, талпынып көруге болады. Егер диқандар «Егін шаруашылығын сақтандыру міндеттілігі туралы» заңға өзгерістер енгізу жөнінде жанұшыра дабыл қағып жатса, демек оған құлақ асқан жөн.
- Ұлттық бірыңғай тестілеу жөнінде ел-жұрттың пікірі екіге жарылып тұр. Ал бұл мәселе Парламент депутаттарының назарында бар ма?
- Ел ішінде ҰБТ жүйесін жақтайтындар да, даттайтындар да бар екендігінен хабардармын. Сол себепті Мәжілістің бір жиналысына Білім министрі Жансейіт Түймебаевтың өзі келгенде Ұлттық бірыңғай тестілеу жөнінде әңгіме қозғағанмын. Мен министрге «ҰБТ-ның қолданысқа енгеніне біраз жылдың жүзі болды. Демек, министрліктің осы мәселеге жауапты қызметкерлеріне қоса, педагог ғалымдар мен білікті ұстаздардан құралған біріккен комиссия құрып, меніңше, ҰБТ жүйесінің жетістігі мен кемшілігін саралайтын уақыт жетті. Бәлкім, комиссия құрамына депутаттар мен ата-аналар қауымының да өкілдерін қосқан жөн шығар» деген бағытта ұсыныс айттым. Министр Түймебаев «Пікіріңізге назар аударамыз» дей келе, екі сатылы тест нұсқасын да қарастырып жатқандығын алға тартты. Яғни мектеп бітірген кезде және ЖОО-ға түсу барысында тест тапсыру жүйесі.
Жалпы, ҰБТ-ны түгелдей теріске шығаруға болмас. Өйткені бұрынғы жүйе кезінде арнайы және жоғары оқу орындарына түсу барысында парақорлық белең алғаны бар. Әрі талапкер (абитуриент) әуелі мектеп бітірерде, сосын қалаған оқу орнына түсерде және емтихан тапсырып, біраз әуре-сарсаңға түсетін еді. Сөйте тұра, қазіргі қолданыстағы ҰБТ жүйесі баланың ой-өрісін, дүниетанымдық көзқарасын айқындап бере алмай отырғаны және ақиқат. Сол себепті қазіргі жүйеге, бәлкім, шығармашылық тұрғыдағы бір емтихан қосу керек шығар. Тағы бір айтпағым, меніңше, ҰБТ тапсыруға мектеп бітірушілерді психологиялық тұрғыдан даярлау әлі кемшін. Әрине, жауапты сын-сынақтың алдында кім-кімнің де қобалжуы заңды құбылыс. Бірақ толқу, қобалжу сықылды сезімдердің кесірінен біліп тұрған бала кейде төмен нәтиже көрсетіп қалады. Өз басым осы фактор ата-аналарға қоса, педагогтар мен психолог дәрігерлерді де мықтап ойландыруы тиіс деп есептеймін.
ҰБТ-ға қатысты мына керағар факторды да назардан тыс қалдыруға болмайды. Бүгіндері білім саласының, мектеп басшыларының жұмысы негізінен ҰБТ-ның қорытындысы бойынша бағаланатыны жасырын емес. Сол себепті педагогтар шәкіртінің кез келген тәсілмен жақсы нәтиже көрсетуіне мүдделілік танытуда. Бұл көзбояушылыққа да жол беріліп жатыр деген сөз. Ал жас адам мектеп қабырғасынан шықпай жатып көзбояушылыққа бой алдырса, демек мұндай қауіпті дерт қоғамды ойлантуы тиіс. Ретті жерінде қатты да болса, айта кетейін Кеңес одағының мемлекет ретінде жойылуына мықтап ықпал еткен негізгі факторлардың бірі - көзбояушылық, яғни жалған ақпар беру. Біз тарихтың осы ащы сабағын ұмытпауға тиіспіз...
Сұхбаттасқан
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН.