Асанәлінің мешіті
«Асанәлінің мешіті»
Қаймана қазақ осылай атап кетіпті. Асанәлі ол мешітті атасы Ысқақ пірәдардың әруағы риза болсын деп салдырған ғой. Актердің өзі өсіп-өнген жері – Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы Жайылма ауылында. Дұрыс атауы – Ысқақ пірәдар мешіті. Ресми тіркелген.
Ысқақ пірәдардың әулиелігі болған көрінеді. Қызыл жолбарыс кейпіндегі қорғаушы киесі болған екен...
Атасының түр-тұлғасы Асанәлінің есінде жоқ. Еміс-еміс. Жадында жатталып қалғаны бір-ақ жағдай.
Ысқақ пірәдар дүниеден өткен күн. Кенет ашық аспанда бір шөкім аппақ бұлт пайда бопты да, ақ жауын төгіп тастапты. Жұрт аң-таң. Бұнысы несі, алты ай жаз бойы бір тамшы тамбайтыны қайда? «Ойпырмай, әулие болған кісі екен ғой», – деп тамсаныпты...
Әкеден жалғыз Асанәлі бала күнінде басқа балаларды баудай түсірген қызылшадан аман қалған. Сонда жұрт айтыпты: «Ысқақ пірәдардың әруағы қорғап қалған» деп...
«Қыз Жібек» фильмі түсіріліп жатқанда да бір өлімнің аузынан қалған. Қапшағайдың оқыстан опырылып түскен жартасы құлап, бұны басып қалу қаупі төнгенде, астындағы жүйрік аты алып өтіпті...
Көлігі отқа оранып, жарылған кезде де отбасымен бірге апаттан аман қалған...
Бір көріпкел айтыпты: «Сізге атаңыздың қызыл жолбарысы қонған» деп. Сол рас-ау...
Бір ғажабы, «Қыз Жібек» фильмінде Асанәлі сомдаған Бекежан бейнесі бәрінің мысын басып тұрады.
Кейде маған бүткіл қазақ киносын Асанәлінің мысы басып тұрғандай көрінеді. Бір кезде бар абыройынан айрылып қала жаздаған театр өнері де соның «тәк-тәгімен» қайта тәртіпке келіп еді ғой...
Расында солай. Асанәлі – Өнердің Қызыл жолбарысы.
Көлеңкеңмен қорғай жүр, Өнердің Қызыл жолбарысы!
Жан ТІЛЕУ
Abai.kz