ОҢТҮСТIКТЕ ЖЕРАСТЫ ЖАРЫЛЫСЫ БОЛҒАН БА?
Екiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн, дәлiрек айтсақ, 1945 жылдың тамыз айының алғашқы күндерiнде АҚШ әскери ұшақтарының Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына атом бомбаларын тастағанын, осы жойқын жарылыстардан 158 мыңнан астам адамның мерт болғанын, мыңдаған үйлер мен түрлi ғимараттардың жермен-жексен болып, тұрғындардың баспанасыз қалғанын кеңестiк кезеңде мектеп оқулығынан жаттап өскен ұрпақпыз. Жалпы, жапон жұртына қасiрет әкелген алапаттың зардабы көп жылға созылатынын бала жүрегiмiз сезетiн. Америка Құрама Штаттары әскерилерiн өзiмiзше айыптайтын едiк. “Сол бомбалаушы ұшақтың экипаж командасындағы бiр ұшқыш қос қаланың сұмдық күйге ұшырағанын көрiп, жынданып кетiптi” деген ақпаратты естiп, “өзiне де сол керек, бейбiт халықтың көз-жасы мен қарғысына қалған оңбайды” деп өзiмiздi жұбататынбыз. Осылайша мұхиттың аржағындағы алпауыт елге кiжiнiп жүргенiмiзде, Отанымызда да одан өткен сорақылық жасалып жатқанын сол кездегi кеңестiк идеология қитұрқылықпен сездiрмейдi екен ғой бiзге. Кеңестер Одағының кез-келген әрекетi iзгi-ниеттi, бейбiтсүйгiш, жанталаса қарулануға жаны қас жағымды жақтарымен ұнайтын. Империалистiк мемлекеттердiң НАТО-ның қолтығына су бүркуiмен от көсеп ойнағысы келетiндердiң iс-әрекетiн үнемi сынауға даяр тұратынбыз. Ал бiздiң елдiң iс-қимылы солардың әрекетiне қарымта есебiнде елене бермейтiн. Онысы өзiне жарасып тұратындай едi. Мұндай көрсоқырлықтан тәуелсiздiк құтқарған жоқ па? Жойқын бомбалардың қаншасы қазақ жерiн жараламады десеңiзшi?! 40 жыл бойы Семей халқына у жұтқызған ядролық полигонда 500-ден астам жерүстi және жерасты сынағы жасалғанын ендi бiлiп жүрмiз. Мамандардың айтуынша, 1 миллионға жуық адам әлi күнге дейiн осындай жарылыстар салдарынан зардап шегiп келедi. Ал олардың ұрпақтары қашанға дейiн залалын тартатынын ешкiм тап басып айта алмасы анық. Бұл ақпараттар күнi кешегiге дейiн құпия болып келгенi белгiлi.
Орталықтың озбыр саясаты ауыз аштырмады. Бүкiләлемде маңыздылығы жағынан үшiншi болып есептелетiн Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа Н. Назарбаевтың 1991 жылы 29 тамызда қол қойюына байланасты еліміздің ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет ретiнде тарихқа енгенi мәлiм. Байқоңырда ұшырылған зымырандардың қалдықтары да байтақ Қазақстанның аймақтарына құлап, зардап әкелуде. Әсiресе, гептилдiң зияны жөнiнде бөлек әңгiме. Ал мұның сыртында Оңтүстiк өңiрiнде жерасты жарылысы болғанын былайғы жұрт бiле бермеуi мүмкiн. Соның бiрi – 1972 жылы Отырар ауданының аумағында болған жерасты жарылысы. Шежiрелi әрi тарихи өлке мұндай сұмдықты күнi бүгiнге дейiн қалайша құпия күйiнде бүгiп жатты десеңiзшi?! Оған таңқалатын түгi де жоқ. Тоталитарлық режимнiң тәртiбi сондай болатын. Екi елi ауызға төрт елi қақпақ қоя бiлетiн кеңестiк қоғамда мұндай ақпарды жария ету өлiммен тең. Басы-қасында болған азаматтар ант берiп, ешкiмге тiс жармағаны сөзсiз. Тоң боп қатқан сеңнiң тәуелсiздiк тұсында, жариялылық кезiнде ғана сетiней бастағаны әмбеге аян-ақ. “НКВД”-ның адамдарынан зәбiр көрiп қалған қариялардың да тiлге келуi қиынның қиыны. Алайда, ақиқат көзi бiтелiп қалған бастау сияқты. Ерте ме, кеш пе қайнар iспеттi сыртқа шықпай қоймайды. Үш мүшел бойы беймәлiм болып келген құпияның сыры бiр күнде куәгерлердің айтуымен жария болды.
Бұл жайында әрiптесiм Нұрлан Кенжеғұлов былай дейдi:
“Кiм қандай әңгiме айтса да оның түйiнi сол жылдары Қызылқұм (қазiргi Отырар) аудандық атқару комитетi төрағасының орынбасары болып қызмет iстеген Әбубәкiр Жаппаров ағамызға тiреле бердi. “Бұл оқиғаның жай-жапсарын бiр кiсi бiлсе, сол кiсi бiледi”, -- деседі көпшілік. Содан біз ауданның қадiрлi әрi шежiрешiл қариясына жолығып “Кетпенқалды” деген жердегi жерасты жарылысына қалай куә болғанын сұраған едік. Әубәкір ақсақал болған оқиға турасында былайша әңгіме өрбітті:
“1972 жылы болса керек, Шымкенттен облыстық партия комитетiнiң хатшысы Төлепбек Назарбеков телефон соқты. Ол кезде обкомда бас хатшы болатұғын. Төкең марқұм аулышаруашылығы жөнiндегi жұмыстарды үйлестiретiн қатал әрi әдiл азамат едi. Әңгiмемiз қысқа да нұсқа болды. Түсiнгенiм, ертең сағат таңғы 5-те “Овцевод” (қазiргi Маяқұм) совхозынан 60 шақырым жерде “Кетпенқалды” деген аймақта жерастында бомбаны жарып, оның сынақтан өткiзiлетiнiн хабарлады. Бұл жайында жұртқа жария етпеудi қатаң тапсырған Төкең сынақ жұмысына қатысу үшiн облыстан үш адамнан комиссия құрылғанын, облыстан өзi, ауданнан мен, ауылдан “Овцевод” совхозының директоры Тұрмахан Досбердиевтiң енгенiн, бiр күн бұрын Темiр станциясынан комиссияның самолетпен ұшатынын шегелеп айтты. Бұл мәселе обкомның қаулысымен бекiтiлдi. Оны өзгертуге болмайды. Жағдайдың бiрiншi хатшы В.Ливенцовтың бақылаудында болатынын еске салып, тағы бiр нықтап қойды.
Белгiленген күнi кешкi сағат 17.00-де “Кетпенқалдыға” келдiк. Совхоз директоры бiздi осында қарсы алды. Комиссия қонатын киiз үй тiгiп қойыпты. Обком хатшысы Төлепбек Назарбеков, мен және совхоз директоры Тұрмахан Досбердиев арасы 2,5 шақырым жерде бомба жаратын орынды барып көрдiк. Оның басы-қасында жүрген, жасы 40-қа жақындап қалған орыс жiгiтiмен таныстық. Жерасты жарылысына жауапты жан осы болып шықты. Омырауындағы үш әрiптi көрсеттi.
--Оларды толық жазуға болмайды, бiздегi тәртiп сондай. Бiр нәрсе өз атымен аталмайды. Жалпы, техника ғылымының докторы, генерал-лейтенант деуге болады, -- дедi ол.
Генерал жарылатын бомбаның макетiн көрсетпекке су жаңа “Судабекер” көлiгiне алып барды. Автокөлiк жұмыр темiрмен төрт бұрышынан қоршалған екен. Қоршаудың әр бұрышында автомат ұстаған солдаттар тұр. Генерал бастап машинаның үстiне шықтық. Ортада “Изделия” деп аталатын бомбаның макетi жатты. Әлгi әскери адам бiзге бомбаның 500 метр тереңдiкке орналастырылғанын, оның жатқан орнынан жердiң бетiне дейiн арнайы цементпен араластырылып, бетондалғанын мәлiмдедi. Жарылыс аумағының радиусында бiрде бiр автокөлiктiң болмайтынын, ал аспанда самолет болмайтынын, бомба iске қосылғанда 500 метр аумақ шеңберiнде жер қатты сiлкiнетiнiн, шаң аспанға көтерiлiп, көктен топырақ жауатынын алдын ала ескерттi. Сөйтiп, ертеңiне таңғы 5-те жарылыс болды. Оны сөзбен айту мүмкiн емес. Жер қатты сiлкiнгендей болды. Шаң топырақ сейiлiп, жердiң дiрiлi басылған кезде офицерлер жапа-тармағай приборларға ұмтылды. Генерал барлығын өзi бақылап, тексерiп көрiп шықты.
--Бұл өте құпия болуы тиiс, -- дедi бiзге генерал. –Бөгде адамдардың ешқайсысы бiлмеуi керек. Бiз сiздерге ешқандай мәлiмет бермеймiз. Алынған мағлұматтардың барлығын орталыққа жiберемiз. Әрине, жарылған заттың өте улы екенi рас. Сондықтан да ол өте тереңде жарылды. Түтiн жердiң жарығын, сызаты мен саңылауын iздеуi әбден мүмкiн. Жердi үгiтiп жей бередi. Сақтық шараларын жүргiзiп, жылына 3-4 рет арнайы аспаппен тексерiп тұрамыз. Он жылға дейiн осылай байқаймыз. Сондықтан бұл маңға мал жаюға, ұстауға, адам отыруға болмайды. Құдықтардан да су iшуге тыйым салынады. Содан кейiн олар келiп тексердi ме, ол жағын бiлмедiк. Көзбен көргенiм де, айтар әңгiмем де осы, қарақтарым».
Отырардағы жарылысқа куә болған басқа да ауыл тұрғындары не дер екен?
Зейнеткер Өсен Қалкөзов: Ол кезде “Шәуiлдiр” совхозында электрмен жабдықтау жағына жауап беретiнмiн. Таң атайын дап келе жатқанда жер солқ ете қалғандай болды. Үйлердiң қабырғалары дiрiлдеп, терезелердiң әйнектерi сынып, шашылып түстi. “Бұл не?” деп үлкен кiсiлерден сұрап едiк, ешкiм мардымды жауап қатпады. Дұрысы, ешкiмге ештеңе айтқызбады. Көрген адамдар “Кетпенқалды” жақта от жанып жатыр” дей айтып келетiн.
Сонау сексенiншi жылдары ауыл адамдарын белгiсiз бiр жара басып кеттi. Мұрындары тесiлген жандар көбейдi. Кезiнде сол өңiрде мәшине айдағандар жарылыс болған жердегi құрылыс материалдарын пайдаланған екен. Олардың көбi ұзаққа бармай қайтыс болып кеттi.
Темiр мектебiнiң директоры Рахматулла Тiлекеев:
--Сол жылдары босанған әйелдердiң сәбилерi кемтар болып туа бастады. Халық бәрiне шыдады, көндi. Осы орайда экологияның жағдайына байланысты бiздiң аудан халқына жеңiлдiк қарастырылса дұрыс болар едi.
Темiржолшы Досымбек Омарбеков:
--Осы салада жүргендiктен бiз жаңалықты өзгелерден бұрын еститiн едiк десем, қателеспеймiн. Әсiресе, тосын жайлар көзге тез шалынады ғой. Сол уақытта вагон-вагоннан десте-дестеленiп жатқан, таңба ұрылған, нөмiрленген тақтайшаларды көрiп таңқалғанымыз рас. Кейiн ойласақ, әлгi ағаштар сол номерге сәйкес рет-ретiмен орналастырылады екен ғой. Жай киiммен жүргендердiң өзi подполковник, полковник шенiндегi әскерилер екенiн кейiн бiлiп жүрмiз ғой. Жерасты жарылысы болғанын кiшкентай радиоқабылдағыштан естiдiк. «Шымкент облысының Қызылқұм ауданындағы “Овцевод” совхозының аумағында Совет өкiметi жерасты атом бомбасын сынақтан өткiздi” деп Қытай радиосынан сарнап тұр.
Жарылыс болғаннан кейiн бiр аптадан кейiн-ау деймiн, аппақ ақ матамен оралған бiр адамды сүйемелдеп, арнайы жабдықталған вагонға әкелiп мiнгiздi. Тiрi әруақ сияқты. Шашы мен сақалына дейiн ағарып кеткен. Кейiн бiлгенiмiздей, жарылыстың басы-қасында болған генерал екен…
Куәлер осылай дейдi. Әрине, сол кездегi жерасты жарылысының қоршаған ортаға, адамдардың денсаулығына, жалпы экологияға қаншалықты зардап әкелгенiн, радиациялық қандай мөлшерде болғанын тап басып айтатын маман, сарапшы, эколог емеспiз. Бiз тек сонау 37 жыл бұрын болған жарылыстың құпиясы тек биыл ғана ашылғанын әңгiме еткiмiз келдi.
Серiкқали ЖЕКСЕНБАЕВ.
Оңтүстiк Қазақстан облысы