Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 17358 60 пікір 20 Маусым, 2017 сағат 09:03

Кенесары – қазақ  тәуелсіздігінің ұраны!

Кенесары Хан десе елең етпейтін қазақ жоқ! Ол түсінікті де, өйткені, Қазақтың соңғы ханы – өшпес өршілдігімен, қайтпас қайсарлығымен, елге деген риясыз көңілімен ел есінде мәңгі қалған. Хан туралы зерттеулер, жазбалар, ауыз әдебиетіндегі толғамдар, біршама баршылық. Кенесары ханның ерлікке толы, аяғында қасіретке айналған, трагедиялы өмір жолын, кезінде Алаш ардақтылары да (Әлихан Бөкейхан; Х. Досмұхамбетұлы т.б.), қазақ аяулылары да (М. Әуезов; С. Мұқанов; І. Жансүгіров; Қ. Бекқожин; М. Хакімжанова т.б.) зерттеген, шығармаларына арқау еткен. Қазіргі еліміздің тәуелсіздік тұсында ондай зерттеу-ойлар жалғасын таба бермек. Ол түсінікті де, себебі: хан бейнесі – қазақ  тәуелсіздігінің ұраны!

2017 жылы, Кенесары ханның туғанына – 215, опат болғанына (Наурызбай және де басқа туыс, серіктерімен бірге) - 170, Ұлт-Азаттық күрестің басталғанына – 180, Сұлтан Сыздықтың (Садық) туғанына – 180 жыл толады.

Осы айтулы күндерді қазақ халқы қалай атап өтпек? Ынталы топтар ақылдаса келе, алдағы күзде, діни-қазақи іс-шара ретінде «Ас» беру туралы бастама көтерді. БАҚ-да хабарландырулар берілді. Осы тұста, Жамбыл облыстық әкімдігі, «аталған іс-шараларды толығымен қолдайтындықтарын білдіріп, оларды, «Қазақ Хандығының 550 жылдығы» аталған, қасиетті Таразда өткізуді» ұсынды. Тақырыпқа сай, ғылыми-танымдық конференция ұйымдастыру қолға алынды.

Бастаманың, Республикалық-Халықаралық деңгейге көтерілгеніне тек қана қуанышпен, үлкен алғыспен қараймыз. Алдағы уақыттарда, Үкімет тарапынан да іс-шаралар өткізілетіндігіне сеніміміз зор.

Осыған орай, Кене хан туралы (әсіресе кейінгі) жазылғандардың жинағын шығару да қолға алынды. Әрине, алдында айтқанымыздай, хан турасында аз жазылған жоқ. Солардың ішіндегі ең сүбелі еңбек (тіптен сол еңбегі үшін қудалауға да ұшыраған), атақты тарихшымыз - Е. Бекмахановтың және әдеби-тарихи тұрғысында жазылған, І. Есенберлиннің «Көшпенділер» триллогиясы екендігі дау туғызбас. Өкінішке орай, Алаш ардақтыларының еңбектерімен енді-енді ғана танысып келе жатырмыз.

Тумысы бөлек, өршіл хан бейнесін, әлемдік жазушы Ж. Верн; ақын-жазушылар - Г. Шевченко; А. Орлов; В. Дубинский т.б. өз шығармаларында (прототип) келтірген. Хан және оның ұрпақтары туралы деректер беруде, сол заманның орыс зерттеушілері, офицерлері және мемлекеттік қызметкерлері де тыс қалған жоқ. Кене Хан туралы халық ауыз әдебиетіндегі шығармалар да өте молшылық. Ол түсінікті де! Алайда, сол өзіміздің ардақтыларымыздың кейбір еңбектері, Кеңес Өкіметі идеологиясы «салқынымен», ал орыс зерттеушілерінің көпшілігі, шовинистік тұрғыда (ханды «разбойник, ведет себя как главарь банды» т.б. дегендер сияқты) жазғандықтарын да ескеруіміз қажет.

Кенесары хан тұлғасына жаңаша қарап, оның шынайы бағасын беру ісі Қазақстан, тәуелсіздікке жеткен соң, қарқынды түрде қолға алынды. Көптеген тарихшылар, зертеушілер т.б. өз еңбектерін жариялады. 2002 жылы Ханның туғанына 200 жыл толуына орай халықаралық ғылыми конференция өтті. Астана қаласында Кенесары ханға ескерткіш қойылған және оның есімімен аталатын көшелер бар. Хан туралы, академик М. Қойгелді ағаның кеңесімен түсірілген документальды фильм көпшілік көңілінен шықты.

Жақында, Москвада, түркітанушы Зайцевтің, ханның ұлы - сұлтан Ахмет Кенесариннің өз қолымен жазған қолжазбасын 105 жыл өткен соң тауып, жариялағаны туралы қуанышты хабар айтылды. Ол кітап та елімізге жетері анық.

Осы жинақты құрастыруда, біз алдымызға, бұрыннан белгілі кейбір еңбектермен қатар, хан туралы кейінгі, нағыз халықтық көзқараспен жазылған дейтіндей, көпшілікке аса танымал да емес, қарапайым шығармаларды да қамтуды мақсат етіп қойдық. Жанр түрлеріне шектеу қоймауға тырыстық. Әр шығарма алдында, қысқаша, авторы және шығарма туралы аздап, түсініктер де беріп отырдық. Шығармалардағы, естеліктердегі, жазбалардағы автор-иелерінің өз сөздерін сол қалпында, мәнер-стилистикасын сақтай отырып, өзгертпестен келтірдік, тек қана көпе-көрінеу қателерді ғана түзетіп, сәл өңдедік. Барлық келіп түскен жазбаларды түгел қамту мүмкін болмады және бұрынғы белгілі еңбектердегі сөздерді қайталай берген, мазмұны сын көтермейтін кейбір шығармаларды өкінішке орай, кіргізе алмадық. Ұсынушылардың түсіністікпен қарауын сұраймыз.

Жинаққа, бұрын БАҚ-да жарияланған еңбек, мақалаларды әр автордың өздері ұсынғанын да айта кетелік.

Барлығы 37 автордың шығармаларын қамтыған, 25,5 баспа табақтық жинағымызда, кейбір, көпшілікке былай да танымал, ірі-атақты тұлғалардың еңбектерін емес, сол еңбектер туралы зерттеулерді келтіруге де тырыстық.

Әрине, бір жинақта хан туралы жазбаларды түгел қамту мүмкін емес, сондықтан көпшілік қауым түсіністікпен қарар, өзінің бағасын берер деген үміттеміз.

Үстіміздегі жылдың 7-қазанында өтетін іс-шараларға атсалысуларыңызды сұраймыз. Көмек қолын ұсынам деушілер, Алматы қаласындағы проф. Аман Шотаевқа (8-701-798-27-43) хабарласуларыңызға болады.

Құрастырушылар: проф. Аман Шотаев; Азамат Ақылбеков (Азкен Алтай)

Аbai.kz

 

60 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052