Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2931 0 пікір 3 Қараша, 2010 сағат 07:39

Сейсенбаева Айнаш. Сталинге домалақ арыз

1930 жылдардағы ақыры алапат апатқа, аштыққа әкеп соқтырған экономикалық-шаруашылық реформаларын жүзеге асыру барысында жүргізілген әлеуметтік қуғын-сүргін салдарынан халыққа мемлекеттік деңгейде жасалған ауыр қылмыстар туралы аз жазылған жоқ және жазыла бермек. Өйткені, бұл адамзат тарихындағы тұтас этносқа қатысты қолмен жасалған бірден-бір орны толмас қиянат. Бұл - КСРО сияқты мызғымас алып мемлекетті құрудағы оның көсемінің жеке басына табынушылықтың ғана емес, оның басқа тікелей басшыларының тәжірибесіздігінің, білімсіздігінің, мақсатқа кез келген бағамен жетудегі қатігездігінің, сондай-ақ жергілікті билік өкілдерінің «шаш ал десе бас алған» озбырлығының, қала берді іске олақтығының, ең бастысы - сыбайлас жемқорлығының нәтижесі.

Оқырман назарына ұсынылып отырған дерек көз - 1930 жылы Ақмола өңіріне қарасты кезінде Социалистік деп аталған аудан тұрғынының И. Сталин атына жазылған домалақ арызы. Аталған арыз Қазақстан бойынша Біріккен мемлекеттік саяси басқарма, БК(б)П Қазақ өлкелік бақылау комиссиясы - Қазақ КСР Жұмысшы-шаруалар халық комиссариаты сияқты республикалық бақылау органдарында қолдан қолға өткен. Ақыры соңғы ұйым қорына түсіп, оның мұрагері - ҚР Президенті Мұрағатында ұзақ жылдар бойы құпия сақталып келген.

1930 жылдардағы ақыры алапат апатқа, аштыққа әкеп соқтырған экономикалық-шаруашылық реформаларын жүзеге асыру барысында жүргізілген әлеуметтік қуғын-сүргін салдарынан халыққа мемлекеттік деңгейде жасалған ауыр қылмыстар туралы аз жазылған жоқ және жазыла бермек. Өйткені, бұл адамзат тарихындағы тұтас этносқа қатысты қолмен жасалған бірден-бір орны толмас қиянат. Бұл - КСРО сияқты мызғымас алып мемлекетті құрудағы оның көсемінің жеке басына табынушылықтың ғана емес, оның басқа тікелей басшыларының тәжірибесіздігінің, білімсіздігінің, мақсатқа кез келген бағамен жетудегі қатігездігінің, сондай-ақ жергілікті билік өкілдерінің «шаш ал десе бас алған» озбырлығының, қала берді іске олақтығының, ең бастысы - сыбайлас жемқорлығының нәтижесі.

Оқырман назарына ұсынылып отырған дерек көз - 1930 жылы Ақмола өңіріне қарасты кезінде Социалистік деп аталған аудан тұрғынының И. Сталин атына жазылған домалақ арызы. Аталған арыз Қазақстан бойынша Біріккен мемлекеттік саяси басқарма, БК(б)П Қазақ өлкелік бақылау комиссиясы - Қазақ КСР Жұмысшы-шаруалар халық комиссариаты сияқты республикалық бақылау органдарында қолдан қолға өткен. Ақыры соңғы ұйым қорына түсіп, оның мұрагері - ҚР Президенті Мұрағатында ұзақ жылдар бойы құпия сақталып келген.

Арыз иесі бір ғана аудандағы бай-құлақтарды тап ретінде жою, жергілікті жерлердегі астық дайындау, тұқым қорын жинау барысындағы халыққа орынсыз, мөлшерсіз салынған салықтар, ондағы орын алған олқылықтар мен кемшіліктер, басшылардың әкімшіл-әміршілікпен басқару нысаны, өзара сыбайлас жемқорлық фактілері, құқық қорғау органдары жендеттері тарапынан болған озбырлық әрекеттері, нәтижесінде елде жайлай бастаған ашаршылықты ашына әңгімелеген. Осы арыздан-ақ жергілікті жерлердегі бұл экономикалық-шаруашылық науқанының қалай жүргізілгенінің шынайы бет-бейнесін көруге болады.

Арыз мәтінінің сөз саптау мәнеріне қарағанда иесі славян халқының өкілі. Мәтін орыс тілінде жазылғандықтан қазақ тіліне мағынасына қарай ықшамдалып аударылды. Қайталанып келген ойлар аударылмай, көп нүктемен белгіленді.

ҚР Президентінің Мұрағаты. 719-қ. 1-т. 125 іс, 132-134-п. Көшірме. Орыс тілінде. Машинамен басылған.

Материалды өңдеп, баспаға дайындаған Сейсенбаева Айнаш, ҚРПМ бас сарапшысы

[Сәуір] 1930 ж.

Социализм құрамыз - пролетариаттың әлемдік диктатурасының бекінісін саламыз. Бесжылдықты ленинше 4 жылда орындаймыз! Іске олақтық пен қысым жойылсын! Алға тоқ қарын!

С Т А Л И Н жолдас !

Олақтар социализмді қалай орнатып жатқаны туралы айту [дат]

(Ақмола округының Социалистік ауданы)

Ұлы өзгеріс жылы халықтың езілген және зорлық-зомбылық жылы болды. Бай-құлақты жоямыз деп кедейді, орташаны, кәсіподақ мүшесін, коммунистерді жойды. Жалпы кеңес үкіметінің пайдасына шешілмеді.

Астық дайындау науқаны кезінде өткен жылы неге аз адам сотталды? Өйткені, егін шығымы жақсы болды және таза құлақтарды соттады, халық мұндай жапа шекпеді, сатылымда нан мен тауар болды. Ал, бұл жылы құлақтарды соттағанда орташаларды да шарпыды, ендігі кезек кедейлерге келді. Құлақтардың бақылау сандарының жоспарын кедейлер мен орташалар орындады. Құлақтар астықты күні бұрын жасырып, өткізіп жіберді. Шаруашылықтарын таратып, ақшаға аударып алды. Тәркілеуге мүлкінің қалдықтары ғана түсті. Құлақ кедейлерді сатып алды. Алдын ала айтқандары келді. Ал билік пен партия ұйықтап жатты: көпірген ұрандар тастаумен және құлақтарға қарсы үгіттеумен айналысты. Көптеген жақсылықтарға уәде берді. Барлығы бос сөз болып шықты. Құлақ айқай астында өзінің ісін жасап алды да, киім-кешектерін жинап-теріп, қашып кетті. Тек құлақтың қол астындағылары мен аңқаулары ғана қалды. Астық дайындаудың бүкіл ауыртпалығы халықтың қалған бөлігіне тиді: шаруаларды (тәркіленіп түрмеде отырған, қашып кеткен құлақтардан басқасы) айдап, ауыр салық салып азаптады, кәсіподақ мүшелерін шаруаға, коммунистерді тазы-төбеттердің отарына айналдырды: зәрленген уәкіл деревняны ойсыратуда (жалпы олар деревняда өздері патша, өздері құдай. Деревняның тағдыры солардың уысында). Сол үшін олар үкіметтен жақсы атақ алады. Дегенмен, әділдік пен қайрымдылық сезімі бар адамдар егер мұны орындамасақ «оңшыл уклон», «құйыршық», «қашқын» тағы басқа модаға енген ұғымдармен атақ тағылады, партиядан шығарады, түрмеге жабады» - деп дәлелдеуге тырысады.

Партияның күресте шыныққан адал мүшелерінен айырылған кездері көп емес пе? Құлақ болса, қазір мысқылдап отыр. Ол тоқ, астықты пұтын 15-30 сомнан сатып, кедейлерді және басқаларды астық қоқымына сатып алады. Оның халық арасында да, партияда да мықты сүйеніші бар. Билік мұны құйыршық деп атайды, бірақ өзі билік тоқ болуға құқық бермейді, тек уәде береді. Кім құлақпен істес болса, сол еркінше нан, кейде жарма жейді, ал кеңес өкіметіне күдікпен сенетіндер 300, 200, 150 гр. нан, 250 гр. ет жарнасында ғана отырады. Міне, 2 апта болды ет мүлдем жоқ. 300 гр. нан - барлық өмір. Көпшілігі кебек, талқандалған сүйек жейді де аш отырады. Ұн қадағын алу құқығынан айырды. Егер бір кедейдің үйінен 15-20 сомға сатып алынған пұт тауып алса, жарнадан айырады. 24 сағат жұмыс істеуге мәжбүрлейді, малдарды арбамен ары-бері тасып аздырды, базда жем-шөп жоқ. Сұлыны береді де, қайта тартып алады, ол тұқым қоры салығын төлейтіндерге жасырын сатылады. Аттар қырылып жолдарда жатады, діттеген жеріне жете алмайды. Өйткені, малдар аш.

Конституция балалар ойыншығына айналдырылған: сайлау құқынан кім болса соны айырады. Ал, кейбіреулер мұндай құқықтан айырылмайды. Енді міне, астық толық өткізбегені үшін айырды. Астық дайындау науқаны кезінде: барлығын өткіз, ал саған жарна, тұқым беріледі - деді. Көпшілігі оған сеніп, бақылау саны жоспарын артығымен орындады, оларға тағы салық салынды, тағы орындады, тағы салынды. Осы соңғы салықта барлығы ойсырады, өйткені, күштері таусылды. Орташаларды соттады (Новоселовка п.). Астық дайындау барысын күшейту үшін бригадалар құрылды, кейбір поселкелерде олар патшаның жазалау отрядтарына ұқсас болды. Есік алдына баса көктеп кіреді, біреулері шұңқыр іздейді онда астық тығып қою мүмкіндігі болды, басқалары қаздарды, тауықтарды, шошқаларды қуалап жүріп ұстайды, қаймақты, сүтті, піскен нанды жеп, таптайды, талқандайды. Нәтижесінде тіске басар түк те қалған жоқ. (Красная поляна п.). Толық өткізбегендерді атуға алып кетті, үстілеріне суық су құйды, түнде ішкиімімен аязға айдап шығарды, көшеден көшеге желкілдетіп жүгіртті, қамшымен шықпыртты. Көрші поселокты (Макаевка п.) тонады, қамбадан астық тартып алынды. ... Қарауылда постыда тұрғандарды мылтықпен қорқытты (Атбасар, Азат аудандарында). Осы тартып алынған астықты барлығы Азат ауданында бөлісіп алды. «Қалдық астықты» өткізудегі осындай «еркіншілік» нәтижесінде бақылау сандары (жоспары) артығымен орындалды. Сен, Сталин жолдас, астық дайындаудағы үлкен табыстар туралы жазасың. Көрдің бе, оның қалай алынғанын? Сондықтан мұндай «жеңіске» көп қызықпа!

Тұқым себу науқанында партияның бірінші нұсқауы мынау болды - «Қазір деревняда тұқым қоры жоқ, өйткені тұқым береміз және азық-түлікпен қамтамасыз етеміз деп астықтың бәрін алып кетті - деп айтады. Оған сенбеңдер, бұл құлақтық үгіт. Тұқым бар, жоспарды орындаймыз. Шұңқырларды іздеңдер, табандылық көрсетіңдер, құлазымаңдар». Осылайша жергілікті жауапты коммунистерді әкімшілік тәртіппен деревняларға қуалап бақылау сандарын «жалпы жиналыста қабылданды» деп күштеп таңды ... «Кедейлерге мемлекеттен тұқым, жарна, трактор т. б. береміз, тек жоспарды қабылдаңдар» - деп бақты. Егер бұл әрекет әсер етпесе, қырып-жоямыз деп қорқытты. Шаруалар ауыр күрсініп қабылдады. Азап басталды: соттар, тәркілеу, тұтқындаулар. Ал нұсқамада ерікті іс деп көрсетілді. Поселоктардан шығуға тыйым салынды, Кімдерге тыйым салынды? Кедей, батрақтар мен орташаларға. Ал құлақтардың поселоктан шығып кетуіне тыйым салынбады. Орташалардың астық дайындаудан аман қалғандары тұқым қорын өткізуде бар нәпақасынан толық айырылды. Сорына қарай ½ ондық десятина жерге егін еккен қызметшілерге де салық салынды. Бірақ егіннің көп бөлігі шықпай қалды. Ал салық салғанда оны есепке алмады. Билік бұйрығы бойынша егін шығымы 100 пұтқа жоспарланған. Бұл ондық салық қыста өндірілуі тиіс болды. Жарна 8, 10, 15, 20, 25 пұтқа белгіленді. Жарна 1 д., ½ д. тұқым сеуіп, 15, 25, 30 пұттан өткізгендерге де түсті. Қайдан алады? Олар 15-20 сомнан нан сатып жейді. Оның өзін күндіз-түні іздеп жүріп табады, өйткені ашық сатылмайды, сатса тартып алады. Кейбіреулер 1, ½, ¾ ондық жерге ғана бақша ексе де оларға тұқым қоры салығы салынды. ... тапсырмайсың ба? - «кәсіподақ мүшелігінен, жұмыстан шық, қасақана тапсырмаған адам ретінде түрмеге отыр» - делінеді. Халық сарқыла отырып тапсырады. Қайдан алады? Құлақтан 15-20 сомнан. Қанша ақша керек екенін есептеңіз! Кімді ойсыратады? Құлақты ма? Жоқ. Барлығы құлақтың мүддесіне және басқаларының өліміне жасалып жатқан нәрсе. Тұқым қорын орташа есеппен 25 пайызға жинады, ал деревняларды 100 пайызға жойды. Қаншама ерлердің өмірі ойрандалды, бишаралық халге түсті, кеңес өкіметі атына қаншама лағынет айтылды?! Мақтан партия, мақтан билік! Жеңдіңдер. Деревняда социализм орнаттыңдар.

Ұжымдық шаруашылық құрылыс. Сенімді, саналы түрде құрылған бірде бір ұжымдық шаруашылық жоқ. Астық дайындау және тұқым себу гүрсілінің астында ұйымдастырылды. Әкімшілік қысым жасау фактілерін білмеймін, бірақ экономикалық қысым айдан анық. Мұндағы зор табыстар дегенің сабынның көбігі ғана. Жағдай жеңілдегенде әскери коммунизм кезеңіндегі коммуналар сияқты бытырап кетеді. Кейбіреулері тарап кетпейді деп сенгісі келеді, бірақ бұл сенім әлсіз. Қалғандары басыбайлы және жалдамалы болып жұмыс істейтін болады.

Азық-түлік мәселесі және жалақы. КСРО халқын туған ұл мен өгей ұлға бөлді. Жұмысшыларға бәрін берді, ал, қызметшілер мен шаруаларға ештеңе жоқ. Жұмысшылар тамақ жегісі келеді, ал соңғыларын ашттыққа үйреткісі келеді және олардың соңғы нәпәқасын сыпырып алады: «заем сатып ал, трактор бер, самолетке бер, су асты қайығына бер, танкіге бер, тұқымға бер, қызыл эшалонға бер, индустриялауға бер, үлес бер, жалақыңды түгел жарнаға сал, ауылшаруашылығы машинасына бер, диірменге бер. Бер, бер, бер». Ал, бермесең - жаусың. «Барлығын бер де, 24 сағат жұмыс істе, негізгі жұмысыңды да, науқан жұмысын да істе». Саған демалыс та, тыныштық та жоқ, Тек тастан су сығып шығара алмағаның үшін түскен түрмеде демаласың. Түрме астық дайындау және тұқым қоры үшін қамалған құлақтарға, қызметшілер мен коммунистерге лық толы. Жалақыдан 25 пайызға дейін ұстайды, қалғаны отбасына тамаққа әзер жетеді. Бір үзім нан үшін жұмыс істейсің ..., жарна жұмысшыға 30 қадақ ұн мен ет, т.б. азық-түлік береді, ал қызметшіге 300 гр., оның отбасы мүшелеріне 250 гр., ... нан береді. Кейбіреулерге (кедейлерге) ол да жоқ. Егер қандайда бір пұт нан тауып алса жарнадан айырады. Ал жарна - барлық өмір. Нан сатып алуға болмайды, ет бермейді, сатылымда да жоқ. .... Ал, өмір сүріп көр!

Билік әл-ауқатты көтеруге әрекет жасамады, есесіне оқ, винтовка, пулеметтер дайындап қойды, өйткені аш адамдар кез келген мезетте көтеріліске шығуы мүмкін. 1905 жылдың қаңтары қайталанбай ма?* Робеспьердің өлімі естеріңізде ме?**

Қалалық тұтыну қоғамы. Сауда тоқтап тұр. Тауар жоқ. Олар қайда кетті? 1926, 1927 жылдары тауардан дүкендер қайысып тұрмап па еді? Зауыттар неге тоқтап қалды? Қазір тұтыну қоғамы темір, үсақ-түйек сатады. ... Қантты әр түрлі мөлшермен - 250, 300-400 гр. сатады, дәл белгіленген мөлшер жоқ. Мануфактураны жыл бойы көрген жоқпыз. ... КСРО бойынша тамаққа мөлшер әртүрлі. Әсіресе жұмысшылар аудандарында мөлшер жоғары. Неге тамақ мөлшері барлығы үшін бірдей емес. Жұмысшылар тамақ жеу керек те, шаруалар жемеу керек. Одан да «өле беріңдер, тек жұмысшылар тоқ болса болды» - деп ашық айтқан дұрыс емес пе? Жұмысшылар пан, ал сендер олардың құлысыңдар. ... Алдарқатудың не керегі бар? ЛЕНИННІҢ ұлы есімімен мақтанудың не керегі бар? Социализм күрескерлерінің жасанды бетін жамылып не керек??? Кеңес өкіметі «өмірінде азап шеккен адам аш болады және қайыршылықта өмір сүреді және наразылық білдіре алмайды, өйткені ол күнә» - деп сендірген жаны жаннатта болғыр поп библиясына айналды. Кеңес өкіметі бесжылдықтардың (жоспарлар) қызыл плакаттарын, көпірген ұрандарын шашады, қолдан жасалған күреспен құлақтарды тап ретінде жойып жатыр, халықты аш отырып, наразылық білдірмеуге мәжбүрлейді. Халық қажып бітті (одан да байларды бірден жойғандай бар азық-мүлікті бірден тартып алмас па?!). ... Социалистік патшалықтан күткеніміз осы ма еді? Басқа, басқа, бесжылдық жоспар болса, қан сасиды. Наразылықтар бой көтере бастады. Мысалы, біздің коммунистер басып тастаған Қостанай көтерілісі. Бұл туралы неге үнсіз? Өйткені, бұл ұнамайды. Бұл бесжылдық үшін масқара ғой.

Балалар үйі. Онда жағдай аһ ұрғандай: суық, лас жерде аш отыр.

Білім беру. Оқу тоқтатылған. Мұғалімдер науқандарға қуылған. Жұмыс тоқтап тұр, мектептер аңқиып тұр. ... астық себу, тұқым қорының бақылау сандары мектепке дейін жеткен. Балаларды науқан жұмыстарына салып, тоздырған. Осы оқу ма? Оқушылар оқу оқымай шаруашылықпен айналыса ма? Балаларда қандай сезім? Тек «жүректері айналады, құсқылары келеді».

Жалпы, барлық сала бойынша жұмыс семіп қалған. Билік бір-ақ нәрсені біледі - астық дайындау мен тұқым қоры. Бар күш осы науқанға салынып, басқа сала жұмыстарына нұқсан келтірілген. ... мал 30 пайыздай ғана қалды, оның өзі арбамен әрі-бері айдалып әлсіреген. Азық әлім-жітім, жем-шөп жоқ. Енді тек айқай салу ғана қалды: бәрі құрып бітті, ...! Кім кінәлі? Шындық жоқ. Сөз бостандығы жоқ.. Ығына қарай сөйле, қарсы сөйлесең, Мемлекеттік саяси басқармадан, түрмеден бір-ақ шығасың, «контреволюционер» деген таңба басады. Осыдан барып қалай шындыққа жетесің? Бір сөзбен айтқанда, патшалық құрылыс жүйесі кеңес үкіметі алдында басым болып шықты. Аштықтан өлген немесе ісіген адамдар. ... Кім кінәлі? ... Эх!!!

Сталин жолдас! Тіке және кеңестік емес, әсіресе партиялық емес рухта айтқаныма, кешір. Басқаша жазсам, жалған болады. Бір рет шындықты айтқым келеді. Жергілікті жерлерде нұсқаулар аз және оның бұрмаланатыны ауыр қынжылтады. Үш жыл бойы жеке өзім қолымдағы винтовкамен капиталистік жанжал басқыншылығын тойтардым. Өлім аузында қалдым, жаралы болдым. Болашақ берекесі үшін ең қымбат өмірімді қия жаздадым. Не үшін? 300 гр. нан үшін бе, әлде ашығу үшін бе? Біз сияқтылар аз емес, қаншамасы азамат соғысынан оралмады, шейіт болды.

Мен 1918 жылдан партия мүшесімін. Кезінде отты да, суды да, аштықты да бастан кештім. Ал, қазір бейбіт заманда аштықтан балалардың ыңыранғанын, әйелдің жылағанын әрбір қадамда бұралып жатқан кедейлерді көріп тұрып, өтірік айтып, жалған уәдемен ауыз толтырып, іс жүзінде дым бермеуге мәжбүрлене отырып, өзі аш, қарғыс атқыр коммунистер мен кеңес өкіметі, социализм орнатады - шыдамым жетпейді. Ең болмағанда толық күйзелістегі аш адамға социализм не керек екенін түсінетін уақыт жетті.. ... Елде адамзат тарихында болмаған жаңа социалистік шаруашылық пен мәдениет келе жатқанын жақсы түсінемін. ... барлығын бердім - қоғам үшін өмір сүріп жатырмын, меншігімдегінің бәрінен айырылдым, қиындықтар мен қателіктер - осының барлығы менің табандылық рухымды нығайтты, ... Шындықты БК(б)П ОК-нен табамын деп үміттенуге күш берді. ... Азық-түлік мәселесінде тұрақты таптық саясат жүргізу керек. Батрақтарды, кедейлерді және қызметшілерді азықпен қамтамасыз ету керек, ең болмағанда социалистік құрылыс мүддесі үшін. Біздің олақтар болса тұқым қорын құру үшін жарнаны кесіп тастауға дейін барды ... бірақ қазір мәселе ашық тұр. Дәл осылай айту мен үшін партияны жоғалту және түрмеге отыру.

 

* Максимильен Мари Изидор Робеспьер (06.05.1758-28.07.1794) 1789-1794 жж. Француз буржуазиялық төңкерісінің қайраткері. Халық мүддесі мен демократия қағидаларын қорғады, саяси теңдікті дамытты. Ұлттық Конвенттің депутаты ретінде төңкерістік соғысты насихаттаған жирондистер саяси ағымымен күресті. Демократиялық конституцияны қабылдаған Якобин төңкерістік саяси ағымының басты дем берушілерінің бірі болды. Конституциялық режімнің орнына, төңкерістік-демократиялық диктатураны орнатты. Қоғамдық құтқару комитетін басқара отырып, ішкі және сыртқы төңкеріске қарсы күшті жеңді. Алайда Якобин диктатурасының табиғатындағы қарама-қайшылықтар М. Робеспьердің саяси қызметіне әсерін тигізді. Ол төңкерістік үкіметті оң жағынан атқылаған дантонистерге (Ж. Ж. Дантон жақтаушылары) ғана емес, П. Г. Шометт бастаған солшыл қоғамдық күшке де қарсы күресті. Ұлтты жаңа, республикалық дінге (Жоғарғы иеге табыну) біріктіру әрекеті де қате болды. 1794 ж. 27-28 шілдеде халық наразылығы шегіне жетіп, термидориандық (Францияда 1793-1805 жж. күнтізбе бойынша жылдың 11-ші айы) төңкерісімен Якобин диктатурасын құлатты. М. Робеспьердің және оның жақтаушыларының сотсыз бастары алынды.

** 1905-1907 жж. империализм кезеңіндегі алғашқы орыс буржуазиялық-демократиялық төңкерісі. 1905 ж. 9 қаңтарда Петербург қ. Қысқы сарай алаңына әлеуметтік-саяси талаптармен бейбіт шеруге шыққан жұмысшылар жаппай атылды.

«Ақиқат» журналы

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366