Сенбі, 23 Қараша 2024
Бірлік 4308 12 пікір 22 Маусым, 2017 сағат 03:22

Әуежайға Елбасының аты берілуі туралы. Елдіктің келісті көрінісі

Ел табалдырығы әдетте әуежайдан басталады. Қай елге бағыт алғанда да алдымен ел астанасының әуежайы аталады, сол әуежайдың атауын жадымызда жаттап қаламыз. Сондықтан да Үкіметтің Астананың халықаралық әуежайына Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беру туралы қаулысы бұл нысанның ел өмірі үшін де, елдің әлемдегі орны үшін де қандайлық ерекше мәні бар екенін дөп басудың көрінісі деп білеміз.

Бұл шешімнің орындылығын дәлелдеп шаршап-шалдығудың жөні де жоқ. Біздің ел ретінде қаз басуымыздан бастап, қалыптасуымыз, қанат қатайтуымыз, Қазақстан қыранының әлем аспанына парлап ұшуы, алысты да, жақынды да мойындатуы, ерен істерді атқаруымыз, экономикамыздың қуаттануы, халықтың әл-ауқатының артуы, жаһандық, жалпыадамзаттық маңызды мәселелерді шешуге тікелей араласатын,  қиын түйіндерді тарқатуға тікелей ықпал ете алатын мығым мемлекетке айналуымыз ... – қысқасы, ел болуымыздың, ел болғанда да ширек ғасырлық уақыттың ішінде алдымен әлемдегі дамыған елу елдің қатарына қосыла алған, ол белесті бағындырған соң озық отыздықтан ойып орын алу міндетін ойдағыдай шешіп келе жатқан еңселі ел болуымыздың бастаушысы, ұлтты ұлы мақсаттарға ұйыстырушы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екендігін айтып жатудың өзі бүгінде артық. Сондықтан да Парламент депутаттары Тәуелсіздіктің  25 жылдығы Декларациясында Тұңғыш Президент – Елбасының ерен еңбегін Конституцияда атап көрсету, Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін елдің айтулы нысандарында айшықтау қажеттігін ұсынған болатын. Көптің көкейінен шыққан ол ұсыныстар жүзеге аса бастағаны қуантарлық.

Әлемде әуежайларға әйгілі тұлғалардың атын беру тәжірибесі талайдан бар. Бұған мысал жеткілікті. 57 елде болдым. Кейбіріне ғана өз бетіммен бардым. Бәріне дерлік соңғы ширек ғасыр ішінде журналист ретінде жол түсті, яғни ел көру, жер көрудің мол мүмкіндігі тәуелсіздік жылдарында ғана ашылды. Сонда көптеген елдерде осындай құрмет көрсету мысалдарына жолықтық. Ондай әуежайлар тізімін Наполеон атындағы, Бен-Гурион атындағы, Ататүрік атындағы, Вашингтон атындағы, Фредерик Шопен атындағы, Даллес атындағы, Коперник атындағы,  Лех Валенса атындағы, Моцарт атындағы, Джон Леннон атындағы, Сент Экзюпери атындағы, Гейдар Алиев атындағы, Джон Кеннеди атындағы, Индира Ганди атындағы, Федерико Феллини атындағы, Хосе Марти атындағы, Христофор Колумб атындағы, Шарль-де-Голль атындағы ... деп жалғастыра беруге болады. Тек мемлекет басшыларының атымен аталған әуежайлардың санының өзі отыздан асады екен. Демек, Үкіметтің бұл шешімі – уақыты жеткен, өркениеттік үрдісінде қабылданған, асылымызды ардақтайтын, басымыздағы бақты бағалайтын ел екенімізді кемел көрсететін келісті шешім.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына алғашқы қонақтар  қасиетті Қадір түнінде келгені қандайлық ғанибет болды десеңізші!

Сауытбек АБДРАХМАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттың тобының басшысы

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354