Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 12415 41 пікір 30 Маусым, 2017 сағат 09:54

Бұқаларға күйлеген құнажынша бөксесін беру саясаты

Бүгінде Қазақстанда тұратын қазақтардың сөзі, яғни, тілі орысшаның көшірмесіне айналып барады. Осылай боларын жоғарыдағылар  25 жыл бұрын білді. Олар бұл жымысқы саясатты жүзеге асыру үшін бар-жоғы екі-ақ тәсіл жеткілікті екенін де ұқты. Ол екі тәсілдің біріншісі - қазақ тіліне қағаз жүзінде мемлекеттік тіл деген атақ бере салып, оған көшуге асықпау керек деп қазекемдерді алдарқата беру. Әуелі 3-4 жыл деп белгіленген бұл алдарқату міне, 25 жылға созылды. Екінші және ең қауіпті тәсіл Қазақстанның бүкіл телеарнасын күндіз-түні орысша сампылдатып қою. Міне, қазір оған да 25 жыл болды.

Жан-жақтан өлімтікке үймелеген құзғындай қаптап келген кім көрінгеннің иелігінде кеткен жер асты, жер үсті байлығын, жер-суды айтпағанда қазақты қазақы бет-бейнесінен, ұлттық намысынан айырып, анаған да мынаған да «братан», «брат» дегізіп санасыздандыру үшін әлгі екі тәсіл әлі де қолданылып келеді. Осы жымысқы бейнамыс саясаттың салдарынан бүгінгі қазақтың ішінде мынау  қазақтың елі, мына жер, оның байлығы қазактікі, бұл елде қазақ тілі, қазақтың ұлттық салт-дәстүрі салтанат құруы керек дейтіндей ұлттық санадан, ұлттық намыстан айрылып қалған мәңгүрттер қазір жүз мыңдап саналады. Осының бәрін көзіңмен көріп отырғасын өзіңді-өзің жұбату үшін

Ең киелі кітабым бар, ол – Құран

Ата-дәстүр – сарқылмайтын мол мұрам

«Қазақстан деген елдің Иесі – Тек Қазақ!» деп күмбірлейді домбырам, - деп өлең жазасың. Әрине, орысқа деген әлі де құлмінезден құтыла алмай, құтылуды ойлауға парық-парасаты жетпей жатқан ұлтының ертеңіне ерекше бір ереңдікпен қарайтын қатепті қара нардай қазақ жастары да жетерлік. Олар алты алаштың бірі боп саналатын қазағының қанша жерден азаттық алдым деп жарияға жар салғанымен соңғы жиырма бес жылда тілінің де, ділінің де баяғы жалы күдірейген көк бөрі кейпіне қайтып келе алмай, жығылған жонын тіктей алмаған, қарны тойғанына мәз шибөрі қалпында қалып бара жатқанына ішің күйеді. Олар өз елінің Қазақ Елі немесе Қазақ Республикасы атанбай, Қазақстан Республикасы атануының да аржағында қазаққа ту сыртын беріп тұрған бір сырғаяқ саясатсымақ жатқанын да сезеді. Олар «Құдай қайдан береді дерің бар ма, күндердің бір күні түркі тектес тілі бір, діні бір бауырлас республикалар сияқты біз де қол-аяғымызды бауырымызга алып, етек-жеңімізді жинап, нағыз ұлттық мемлекет құрып алуымыз да мүмкін-ау» - деп, ертеңгі күнге үздіккен бір үрзада үмітпен қарайды. Және олар елде жүргізіліп отырған мынадай саясат жағдайында ондай күн тек Жаратушы Иеміздің ғана құдіретімен келуі мүмкін екенін де жақсы біледі. Бұл – Киелі Ислам дінінің «Тек шайтан ғана үмітсіз» деген даналық қағидасына негізделген үміт.

Енді бір қазақтар бар. Оларды осы заманның Асан Қайғысы десе де болады. Бұлар кешегі Мәскеу басқарған Кеңес заманында қазақтың басына үйіріліп тұрған қара бұлттың әлі де сейіле қоймағанын, әлі де Мәскеудің сояудай жез тырнақтары бір бүйіріне қадалып тұрғанын сезінеді. Оларды тыңдасаң да, қарасаң да көңіліңе қаяу кіріп, қара заман қазаққа таяу екен деп қаласың. Ол Асан Қайғылар қазақтың тәуелсіздік алдық деп жиырма жыл бойы шуылдап той-тойлауы да өзін-өзі алдау, алаңғасарлық, Абай ақсақал айтқан  «Өтірік», «Мақтаншақ», «Бекер мал шашпақ» сияқты үш дұшпанның бір көрінісі дейді.

Сондықтан сол Асан Қайғылар:

Азаттық таңы атқанда

Алдымнан шығып кіл егес,

Алақан жайып аспанға

Біз күткен бақыт бұл емес, -

Есті алып ерге қондырып,

Егемен деген бір елес

Қолдағы барды қор қылып

Біз күткен бақыт бұл емес, - деген сияқты жыр жазады. Олар азаттық алып үстіме торқа киемін деп ем, жұрқа кидім, баяғы бабалар айтқандай күміспен күптелген көксауырдың орнына жұлығы жыртық көн етік кидім, қызым көрпесін әркім көтерген күң болды, ұлым әркімнің есігін күзеткен құл болды, ата тіліммен сөйлесем, сөзімді шонжар ұқпайды, қымыз құятын күбіге кола толтырдым, аруанам үлектен емес қоспақтан қайитын болды, аймүйізді ақ қошқарынан айрылған жайлауымды доңыз жайлады

Құлмінез болған құлыным

Шаттығын іздеп шет елден,

Сұмырай болды сұлуым

Көрпесін әркім көтерген

Қараймын оңға солға да

Күңгірттеу боп тұр келешек,

Біз күткен бақыт, сонда да

Дәл мына бақыт емес ед, - деп күңіренеді. Құдай күңіренгеннен сақтасын! Үмітсіз шайтан ғана, - дейікші. Алайда, сырт көз сыншы, сен өз мініңді өзің байқамасаң да, қанша жерден бүркемелеп, жуып-шайсаң да сенің титімдей мініңді үйіңнен дәм татып кеткен мейманың да әп дегеннен аңғарып кетеді. Әнебір жылы Қазақстан Республикасына келіп, бір-екі күн жата-жастана кеткен италиялықтың әлемдегі мемлекет атаулыны түгелге жуық аралап жүріп, дәл қазақтар сияқты өз тілінен, бүкіл болмыс-бітімінен айрылған халықты көрген емеспін деді. Қарапайым қитабан қазақ та, қабат-қабат «харом» салып, көркіне көз тоймайтын көлік атаулыны мінген көсем қазақ та естіді сол сөзді. Мынауымыз масқара екен, оянайық ұйқыдан деген жоқ. Оның есесіне орыстілді қазақтардың «Ну, и что!»,  «Казахстан не только для казахов это общий дом!» деп доңайбат шеккенін де көрдік. Әшейінде, «Қазақстаннан орыстар көп кетіп жатыр» «Орыс тілі қағажу көре бастады, бұның арты не болуы мүмкіи?» деген сыңайдағы сұрқылтай сауалдар қойып жататын орыс газеттері бұл туралы ләм деген жоқ. Бәрінен де жанға бататыны бүгінгі қазекем осындайдан кейін есімді жинайын, демейді.

Осындайда баяғы Жан-Жак Руссоның орыстар туралы айтқаны еске түседі. Ол орыс халқы ешқашан өркениетті бола алмайды дей келіп, оның себебін былайша дәлелдемек болады. І-Петрдің істеген жақсы істері көп. Бірақ ол ең әуелі  орыс ұлтын өз қалпына келтіріп алмай, орыстарға ағылшын, неміс сияқты өзгелердің мәдениетін тықпалағаны, соларды көптеп енгізгені зор қателік болды» - дейді.  Сол Руссо айтқандай қазіргі қазақ басшылары 300 жыл Ресей бодандығында болған қазақты қазақ қалпына келтіруді ойламақ түгіл оның қазақ атауын "казахстанец" қып өзгерту керек деген әнебір жылғы пиғылынан әлі де айни қойған жоқ. Соның салқыны ма қайдам, қазір «Қазақтар балаларына қазақша ат қоюдан да қашатын сияқты». Бұл сонау Кеңес заманында да шаң беріп қалған мәңгүрттік құбылыс болатын. Сол кездердің өзінде-ақ кейбір Ертісбайлар өзін - Егор деп, Сағынтайлар - Саша, Ақыштар - Акиш, Саудабайлар - Саша, Жақсыбектер - Женя, Зағипалар - Зоя деп таныстыруды дәреже көретін. Олар сол орысша есімдерін қолының сыртына, саусақтарына көкпеңбек қып инемен (татуйровка) жазып алатын. Тіпті, бір-біріне «Коля», «Алеша» дейтұғын. Ауылдарда Совхозбек, Колхозбек, Фермебай деген сияқты, «ауылшаруашылық» есімдер Советхан, Социал, Ауданбек, Коммунар "формациялық" есімдер, Сайлаубай, Съезбек, секілді «саяси іс-шаралар» есімдері толып кетті. Өз жеріндегі небір заңғар шыңдарды қомсынып, баласының атын Эверест, Эльбрус қойғандар да болды. Атлант мұхитының арғы бетінен өз елімен сиыспай қашып келген Луис Корваланның атымен аталған Корвалан деген баланы қыздар Қорболған, Көрбала деп мазақтап жүргізбегесін әлгі байғұс талай мекеменің табалдырығын тоздырып жүріп әзер дегенде Қорғанбек атанды. Сталиннің қанды қанжар саясаты қылкеңірдекке тақалып тұрған қара заманның өзінде бүкіл мәжіліс, мәслихатты тек қазақ тілінде өткізу керек деп ұрандаған, қазақтың тілін, дінін, салт-дәстүрін, ұлттық тәрбиесін саф күйінде сақтау үшін жан алып, жан беріп арпалысқаны үшін халық жауы атанып, атылып кеткен Ұзақбай Құлымбетовпен аттас болып жүрмеймін деп Ұзақбай деген есімін өзгерткен ағамыз да болды. Дөкейлер баласының атын бірі Эрнест, бірі Тельман қойды. Бұрынғының Төле, Қазбек, Әйтеке, Сартай, Жетес, Майқы, Мөңке билердің атын қою артта қалушылық боп саналды. Олардың орнына  Патристер, Иосиф, Титолар туып, бүгінде сақалы жоқ ақсақалдарға айналды. Осыдан бірер жыл бұрын қазақ телеарнасының бірі бір қазақ отбасы баласының есімін Альберт Гор қойыпты деп жаһанға жар салды. Ол кезде Альберт Гор АҚШ-тың вице-президенті болып қызмет істейтін еді. 2000-жылы дүниеге келген Миллениум, Милен, Милена деген қарадомалақ, тәмпіш танаулар қазір өріп жүр. Бұл үшін де жалпы қазақты жазғыру – жала, күнә. Егер елді әуелі өз ұлтын, яғни, қазақты ойлайтын азаматтар басқарып, отырса солар Миллениум емес Жаңа мыңжылдық келді деп ұрандатар еді ғой. Әлде Конгрес Холл деген еуропаша аты бар ғимараттың ішінде қазақша «Жаңа ғасыр», «Жаңа мыңжылдық» деген сөздердің айтылуының өзін қазаққа көп көрді ме кім білсін, солар сол кезде «Миллениум Патти» деп екі ай бойы ұлардай шулады. Міне, қазақтың бүгінгі қаратәмпіш құлыншақтары мен қошақандарының Милен, Милена атануына басшыларымыздың Еуропа, АҚШ деп аталатын нән бұқаларға күйлеген құнажынша бөксесін беру саясаты осылайша сеп болды.

Иә, тұтас бір ұлтты не жағымпаз, еліктегіш ұлт деп, не түп-түгел басқыншы, қанаушы ұлт деп кінәлау ағаттық. Мысалы, сонау жылдары тұлабойынан самогон мен махорка сасып, «Я русский!», «Я представитель великого русского народа» деп кеудесін сабалап жүрген мас орысты талай көрдік. Бірақ соған қарап, бүкіл орысты ақымақ деуге болмайды. Өйткені, сол тұста Кремльде ол байғұстарды  «Біз ұлы халықпыз!», «Біз басқаларды үйретуші халықпыз» деп есіртіп қоюшылар отырды. Мәскеу ол  саясатынан әлі де айни қойған жоқ. Мәскеудегілер бүгінде заман өзгеріп, әлем басқаша жолға түсе бастағасын енді әлгі ашық үстемдік саясатын өзгертіп, Қазақстанда орыс тіліне қысым жасалуда, орыстар көшіп кетіп жатыр деген сияқты мүттәйім, байбалам саясатқа көшті. Бұл әсіресе, Қазақстандағы орыстілді газеттерде  өте жиі жарияланатын болды. Сол үшін де Қазақстанда орыс мектептері мен орыс тілді телеарналардың үлес салмағы басым болып тұр. ТМД елдерінің ішінде тек Қазақстанда ғана орысша мектеп саны жетіп артылып жатыр, тек Қазақстанда ғана бүкіл телеарна орыс тілінде сарнап тұр. Міне, қазақтың өзі де, сөзі де, аты да, заты да әлі орысшаның шырмауынан шыға алмауы, шықпақ түгіл шырмалып баратқаны осыдан.

Айтпақшы, қазір қазақтардың ішінде есімі орысша, фамилиясы қазақша, ұлты кім екені беймәлімдер өте көп. Мысалы, Валерий Жұманов немесе Евгений Сақыпжанов дегендер ше? Рас, ондайлар кейде өзін қазақпын деп те атай береді. Қазіргілерді қайдам, бірақ, КСРО заманында  Қазақстан басшыларында құлмінез басым болды. Біз соның зардабын әлі тартып келеміз. Солардың құлмінезінің кесірінен қазіргі қазекемде ата-бабасының  аты-жөнін орысшаға бейімдеп, бұрмалап жазатын ғадет әлі қалмай келеді. Мысалы, Акишев, Сагинтаев, Джанбуршин, Сатувалдыев, Чукаев, Акчалов, Кучуков, Чукуров деген сияқты адам түсінбейтін фамилиялар шықты. Жақында газеттен Умирьяев деген қазақты көрдік. Балалы болған қазақ Аллаға мың да бір шүкір, Алла есіркеп, мүсіркеп берді ғой деп атын Шүкір, Есіркеп деп қояды.

Ал сондай бір Аллаға деген игі, ниетпен берілген Есіркеп атасының атын орысшаға бейімдеп өзін Есергепов деп атап жүрген адамға не дейсің? Есер деген әумесер, дөрекі, бұзақы деген жағымсыз мағынаны білдіреді. Ендеше, өз атаңның атын орыстың айтуына ыңғайлап соншама бүлдіруді санасыздық пен намыссыздықтың қай түріне жатқызар едіңіз?

Қазір қазақтарда Тарғын, Қамбар, Алпамыс, Қобыланды, Абылай, Әбілхайыр, Оразмұхаммед, Құлмұхаммед, Нәдір, Бәкір, Мамай, Тоқтамыс, Сартай, Жәңгір, Махамбет, Исатай сияқты бұрын жиі кездесетін айбынды есімдерді емге табу қиын. Оның орнына не мағынасы, не мәнісі жоқ Ернұр, Еркебұлан, Диас, Жасұлан, Нұржас, Олжас екінің бірінде бар. Сонда балалы болып жатқан сол қазекем ау «Нұр қалай ер болады, Нұрдың жас, кәрісі бола ма екен. Ал Диас деген не деп бір сәт ойлану қабілетінен де айрылып қалғаны ма? Мысалы, бұлан деген жылқы тәрізді, бірақ ашатұяқ жабайы аң. Қазақта «Бұлан, бұлан, бұлан сан, бұлан санын оқ тесер, Бұлықсып жүрген жігіттің жомарт қолын жоқ кесер» деген жыр жолдары бар. Бұланның орысшасы – лось. Сондай баласын қошақаным, құлыншағым, ботам деп еркелететін қазақ енді баласын ерке бұланым яғни, шаловливый лосым деуге шыққаны ма? Ал зу етіп өмір құрғыр өте шығып жетпіске келгенде әлгі Жасұлан қай ұлан болады.

Қазақтағы құлмінездің қалмақ түгіл өршіп баратқаны әсіресе, қазақ қыз-келіншектерінің өз есімдерін бұрмалап айтуынан айқын көрінуде. Қазір Баянымыз, өзін - Баяна, Шолпан - Шолпана, Қымбат - Кымбата, Айнұр - Айнура,  Нұргүл - Нургуля, Әсем - Асема деп атайды. Бұл да барып тұрған құлмінездің нақты көрінісі. Өйткені, бұл қыздар өз есімінің соңына орысша «женский родтың» «а» деген «окончаниесін» жалғап, орысшаға бейімдеп айтады. Тіпті, Беркут деген жігіт (сірә, Бүркіт шығар?) жанындағы Айшасын теледидардан Аи-и-ша деп, екпінді «и» дыбысына түсіріп яғни, орысшалап айтуға шықты. Сонда неміз қалды, енді? Бүйте берсе, қазекем енді бір күндері қазіргілерше айтқанда «инновацияның» көмегімен көзіміздің қарашығын көгертіп, кірпігімді ағылшындардікіндей аққылшық қып беріңдер деп Ресейге, Еуропаға тапсырыс бере бастауы да мүмкін-ау. Қазір қазақтың қызы - күйеу, жігіті - келіншек табу үшін «КТК» телеарнасындағы «Давай поженимся» сияқты жобаларға жүгінетін болды. Оған барған қазақ қыз -жігіттерінің бас жеңгетайы - А. Бабаева да, бас «құдағайы» - Н.Ермолова. Мұндай соқыр «өркениеттілік», мұндай соқыр «мәдениеттілік» қазақтан басқа бірде-бір түркі тілдес, бірде-бір ислам дінін ұстанған көршілерімізде жоқ. Қазақ осы күні біреуі түшкіріп жіберсе «Сау бол!» дейді. Бұл түшкірген орысқа айтатын «будь здоровтың» көшірмесі. Әйтпесе, атам қазақ мұндайда бір-біріне «Жә, рахым Алла!» дейтін еді ғой. Бір таңданатынымыз – өмір бойы қалың қытайдың ортасында келе жатқан қытай қазақтары бір ауыз қытай сөзін араластырмай сөйлейді. Ал біз бас-аяғы жетпіс жылдың ішінде бір ауыз сөзінің жартысы орысша, не орысшаның аудармасы болып келетін дүбәра ұлтқа айналдық. Өйткені, орыс отаршылығының ең басты ерекшелігі сол - орыстар сенің жеріңді, байлығыңды басып алумен ғана қоймай, бірден тіліңнен, ұлттық мәдениетіңнен, ұлттық санаңнан айыруға кіріседі. Өз ұлтыңды өзіңе жеккөрінішті етіп көрсететін небір сұрқия саясатты қолданады. Миы, санасы 70 жыл емес, 700 жыл отарланса да шын тәуелсіздік, шын азаттық алған ұлт бұлайша, мас адамша ләйліп, алжасып сөйлемейді.

Қазір қазақтар арасында «ң»-ды «н» қып айтуды дәреже көретіндер өте көбейіп барады. Олар «жаңа дегенді - «жана», «мың теңге» - «мын тенге», «өлең дегенді - «өлен»  дейтін болды. Көліктегі бақылаушылар «Оңай» картасы дегеннен гөрі «Онай» дегенді сән көреді. Неткен сорақылық?! Біз қазір өйтіп-жатырмыз да бүйтіп жатырмыз, жетілдік, жетістіктің шыңына шықтық деп өз лепірмесінен өзі ләззат алып «Мың бір түнше» айтқанда кәйфке түсетін көбіккеуде ұлтқа айналдық. Ал кәйфке түскен адам өзінің мүлде басқа адамға айналып баратқанына мән бере бермейді. Қазір көшелердегі «Продаются квартиры» дегеннің қасындағы «Сатылады пәтерлер», сырахана маңдайшасындағы «Пиво холодноеның» тұсындағы «Сыра салқын» дегендерді оқып-ақ қазағыңның өзі де, сөз саптауы да орыстың көшірмесіне айналып баратқанын байқай бер! Бұл қазақтың тіліне дейін орысшаға тәуелділігі бұрынғыдан күшейе түскенінің анық айғағы!

Осыдан бірер жыл бұрын кореялық жап-жас профессордың қазақ журналисіне берген сұхбатын оқыдым. Оның әңгімесінің ұзын-ырғасы: біз–корейлер бас-аяғы 40 жылдай ғана жапондардың езгісінде болдық. Бірақ біздің үлкеніміздің де, кішіміздің де кеудемізде жапондарға деген үлкен ашу-ыза бар. Ал қазақтар 300 жылдан астам Ресейдің езгісінде болды. Сөйте тұра, сіздер ылғи орыстардың ығына жығылып сөйлеп тұратындарыңызды байқадым. Бұл әлде өз тарихтарыңызды дұрыс оқытпаудан ба, жоқ әлде басқа себебі бар ма білмеймін» депті. Осы сөздің жаны бар. Біздің тәуелсіздік алдық дегеннен кейінгі жазылған мектеп, жоғары оқу орны  шәкірттеріне арналған тарихымызда қазақ халқына патшалық және кеңестік Ресейдің көрсеткен шетсіз-шексіз қорлық-зорлығы, қырып жоюы атүсті ғана айтылады немесе мүлде айтылмайды деуге де болады. Бұл да қазақтың намысын ұлттық санасын оятпай, ұрпақты мәңгүрт қалпында сақтаудың бір амалы. Қазір аутобус, троллейбустың есігінен басын қылқитып біреу атуға алып баратқандай «Прямо по Абая до конца», «Вниз по Толле би» деп бақырып-шақырып бара жатқан кондуктор қазақ қыз-жігіттерін көресіз. Өздері сол өміріне дән риза. Оларға «Соны қазақшалап хабарламайсың ба, орыстар адасып кететіндей орманда жүрген жоқ қой!» десең, «какая разница!?» деп өзіңе ажырая қарайды. Олар елдегі тыныштық дегеніміз бір-бірімен орысша сөйлесу деп ойлайтын болуы да мүмкін. Ұрпақтың, тұтас ұлттың санасыздануы  дегеніміз осы. Ал санасыз адам өзім де, сөзім де орыстың ксерокопиясына айналын жойылып кетпейін деп емес, ұлтшыл атанып кетпесем болар еді деп «уайымдайтынын» көрдім. Өткен жылы сондай бір жиенім маған: «Сен ұлтшылсың! Абайласайшы, ұлтшыл болам деп Гитлер не болды?!» деді. Мынау шынымен мені Гитлермен салыстырып тұр ма, әлде қалжыңы ма деп бетіне қарасам, шын риясыз көңілмен, мені Гитлер болып кетпесін дегендей сондай бір аяушылықпен айтып тұр екен. «Қой, Гитлер болмай-ақ, ең болмаса Сапармұрад Ниязов, Ислам Каримов сияқты ең әуелі өз ұлтының  тілі мен дініне қамқорлық жасайтын хұзіретім, болса жетеді» деп күлдім де қойдым.

Осының бәрі аз десеңіз, Қазақстандағы орыстілді газеттер «кім шалақазақ, кім нағыз қазақ, кім мәмбет қазақ, олардын қайсысы өркениетті, мәдениетті» «қазақ қай дінді ұстануы керек?» деген сияқты небір сайқали сауалдар қойып, оған орысша сөйлейтін қазақтарға жауап бергізіп, қазақ арасында алауыздықтар туғызуға ашықтан-ашық кірісті. Бұл Мәскеудің тапсырмасы ма, әлде өзіміздің билік басында отырғандардың ішінде осындай іріткіні қоздырып отырғандар бар ма, біз оны білмейміз. Бірақ олар бұны дереу тоқтатпаса, бұның түбі үлкен бір қасіретке, қантөгіске апарары сөзсіз.

Осының бәрі әлдебіреулердің алдағы уақытта Қазақстан – Казахстанда үлкен бір аласапыран жасау үшін өткізіп жатқан репетиция, яғни, әзірлігі емес пе деген үрейлі бір ой туғызады. Көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан сонау Балтық елдері Қазақстандағы осының бәрін көріп те, біліп те отыр. Олар жаңағы корей жігіті сияқты қазақтарға мүсіркей қарап, аяныш білдіретінін талай-талай сөздерінен де аңғарғанбыз. Қазақ шонжарлары да бұны байқамай отырған жоқ. Олар күні ертең әлгіндей бір аласапыран бәле басталып кетсе, (Алла оның бетін әрмен қылғай!), қазақты ғана кінәлап, қазақтың ішінен ғана тыныштығымыздың, тәуелсіздігіміздің дұшпандары, «бұзақылар», «экстремистер» ұлт араздығын қоздырушылар тіпті «террористер»  «тауып алуы» да мүмкін. Қалай десеңіз де бүгінгі қазақтың өзіне де, сөзіне де, яғни, тіліне де ешқандай қауіп-қатер жоқ дей алмайсыз. Қысқасы, ұлт болып өзін-өзі аман сақтап қалуы үшін жоғарыдағы орыстілді шонжар қазақтың да, қора-қопсы маңындағы қитабан қазақтың да ұлттық намысы мең ұлттық санасына қозғау салатын кез жетті. Бұл мәселеде біз көп жыл кешігіп қалдық. Енді кешіксек, мың өліп, мың тірілген қазақ мың бірінші мәрте тірілмейді.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Abai.kz

 

 

 

41 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963